Болат Бақауов 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды
Қызмет бабын асыра пайдалану фактісі бойынша іс қозғалған Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігі 3-тармағы («Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану») бойынша айыпты деп танылды. Соттың үкімімен ол 3,5 жылға бас бостандығы шектелді. Сондай-ақ, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды»,- деді №2 соттың судьясы Нұрлан Қайырбеков.
Cот үкімімен оған көңіл көтеру орындарына баруға тыйым салынды. Одан бөлек, 100 сағат уақыт қоғамдық еңбекке жұмылуға міндеттелген. Және ол 10 мың долларды қайтаруы тиіс.
Еске сала кетейік, бұған дейін прокурор Бақауовқа 3,5 жылға бас бостандығын шектеу туралы өтініш жасаған болатын. Прокурор сотталушының кінәсі тергеу арқылы дәлелденгенін атап өтті. Сотталушы Бақауов процессуалдық келісім жасасуға келісіп, кінәсін толық мойындады.
Ал, осыған дейін Болат Бақауов ҚР Қылмыстық кодексінің 362 бабы, 4 тармағы, 3 бөлігі бойынша, яғни, «өзінің жеке бас пайдасы немесе басқа жеке тұлғаның, ұйымның пайдасы үшін қызметтік мансабын немесе билік құзыретін пайдалану» бойынша күдікті деп танылған болатын.
Заңда бұл бап бойынша, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, дүние мүлкін тәркілеу, өмір бойы белгілі бір қызметке тағайындалу немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқынан айыру жазасы көзделген.
Abai.kz