Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 5650 2 пікір 30 Мамыр, 2020 сағат 11:41

Өлмегені үшін қорлау...

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жатырмыз ғой. Соған орай бір жағдай еске түседі. 1992 жылдың жазында біздің «Халық Кеңесі» газетінің редакциясына аягөздік Зейнел-Ғабиден Темірғалиев деген жасы жетпіске таяған үлкен кісі келді. 1942 жылы 17 жасында өз еркімен сұранып майданға аттанған екен. Көптеген шайқасқа, оның ішінде Курск иініндегі әйгілі текетіреске қатысқан. 1943 жылы 2-маусымда ауыр жаралы күйде немістердің қолына түседі.

Есін жиған бозбаланы Полтава қаласындағы тұтқындар лагеріне қамайды. Ары қарай қорлық пен азап. Топ болып ұйымдасып бірнеше рет тұтқыннан қашады. Қайта қолға түседі. Жаза! Өлімші етіп ұрып соғу, тепкілеу. Аузындағы күллі тісін тепкілеп сындырған. Польша жерінде ауыр жер қазу жұмыстарында жүргенде іріктеуден өткізіп Чехословакияның Мияуа деген жеріндегі Алимов деген біреу басқаратын мұсылман полкіне әкеледі.

Желтоқсан айында полктен жаппай қашу ұйымдастырылып, Зейнел-Ғабиден әзер дегенде украиндық партизандар қатарына қосылған. Бұл кеңес офицері, подполковник А.Снежицкий басқаратын партизан бригадасы еді. Жас қазақ жауынгері партизан отрядында өзін жақсы жағынан көрсетеді. Тапқырлығы мен адалдығы үшін жолдастарының арасында беделді болады. Аймақты кеңестік тұрақты әскерлер босатқан кезде айырықша бөлім мұқият тексеруден өткізіп, Украин майданындағы 239 полкке қатардағы жауынгер етіп бекітеді. Бірнеше жауынгерлік медальдарға ие болады.

1947 жылы денсаулық жағдайымен демоблизацияланып, елге қайтып оралғанда КГБ қызметкерлері тұтқындап, әйгілі 58 статьяның бірінші тармағымен 25 жылға соттап жіберген. Тергеушілердің қорлығы, адам айтқысыз қинау мен зәбірлеу неміс лагерлерінен де асып кеткен.

Анадырдағы алтын өндірісінде жұмыс істейді. Жолда параход трюмінде сықастырылған 3700 тұтқынның біразы қаза табады. Зейнел-Ғабиден Сталин өлген соң, 1956 жылы ғана ақталып, елге оралады. Бейбіт еңбекке араласады. Бірақ майдангер ретінде төрге шығарып, құрмет көрсетілмек түгілі босағаға жолатылмайды. Қолында Украина мемлекеттік архивінің Снежинский басқарған партизан бригадасында жауынгер болғандығын растайтын анықтамасына да қарамайды. Тоқсаныншы жылдардың өзінде Таскескен аудандық әскери комиссары Орысбай Мұқажанов деген «сен сатқынсың» деп майдангердің куәлігін де тартып алған. Сол Зекең соғыста өліп қалмағанына қатты өкінетін. Қазір өмірде бар ма, жоқ па білмеймін. (Зекеңнің майдандық және тұтқындық тағдыры менің 2010 жылы жарық көрген "Жеңіс қайғысы" атты кітабымда баяндалған).

Міне, осы саяси қуғын-сүргінге жата ма, жатпай ма? Сол 58 статья! Совет-герман соғысында орыс командирлерінің әскери сауатсыздығынан немесе сатқындығынан бес миллиондай қызыл әскер тұтқынға түскен. Солардың ішінде 50 мыңдай қазақ солдаты мен офицері болған. Тұтқыннан қашып шетелдік Қарсыласу қозғалыстарына қатысқандары қаншама?! Елге тірі оралғандарының көбі Зекеңнің кебін киген. Алды 25, арты 10 жыл арқалап кете берген. Тәуелсіз Қазақстан жағдайында солардың тағдыры да бізді бей-жай қалдырмағаны дұрыс.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының тізіміне осы Зейнел-Ғабиден ағаларымыз тәрізді қуғынға ұшыратылған майдангер есімдері де қосылуы керек деп ойлаймын!

Марат Бәйділдаұлы Тоқашбаев,

Жазушы, публицист.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5269