Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 3644 8 пікір 30 Мамыр, 2020 сағат 15:19

Алаштан бүгінге жалғасқан игілікті істердің басында біз тұрмыз!

????????????????????????????????????

Тарих дегеніміз - қарап отырсақ, «тар жол тайғақ кешулерден» кейін жазылады екен. Әйтпесе ол тарих бола ма? Тарих және барлық уақыттың, заманның, дәуірдің басы, бірақ соңы емес. Араға көп жылдар салып халық өзінің шын тарихын оқуға, өзінің өткенінен сабақ алуға қайта оралып жатады. Солайы солай болса, Алаш ардагерлерінің күреспен өткен тағдыры біз үшін кітап бетінен оқып, жайбарақат жаба салатын тарих немесе тарихи бір кезең ғана емес, тұтас ұлт болып түлеудің, жаңғырудың мүмкіндігі, яғни әуел бастағы ұлттық идеяға оралып, азат халық болып өмір сүрудің сәтті жалғасы. Бұндай мүмкіндікті енді қолдан жіберіп алсақ, келер ұрпақтың алдында кешуі жоқ күнәһар боламыз.

Бүгінгі Қазақстан жұрты 1920-шы жылдардың басында Алаш ардагерлері белгілеген мемлекеттік шекара ауқымында өмір сүріп отырмыз. Бұл ақиқатты ешкім жоққа шығара алмайды. Бұған қосып айтуға тиіс тағы бір ақиқатымыз: Қазақстанның көрші мемлекеттермен шекара бөлісі 1991 мен 2000 жылдардың аралығында аяқталып, БҰҰ деңгейінде рәсімделіп, мойындалды. Бұл да ақиқат, бұл ақиқатты да жоққа шығаруға болмайды. Кейде біз әлеуметтік көңіл-күйдің ауанымен өзіміз өмір сүріп отырған дәуірдің келбетіне шіркеу сала береміз, барымызды бағалаудың орнына бәрін мансұқтай береміз. Иә, Тәуелсіздігімізді алғаннан бергі бел-белестеріміз бір адамның есімімен - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Расында солай. Сіз бен біз қалайық-қаламайық, алашордашылар армандаған қазақ елінің бостан өмірі мен бостан, азат елдің мемлекеттік, ұлттық талап-тілектері Назарбаев дәуірінде біртіндеп жүзеге аса бастады. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов: «Мен өз отанымның ішкі істерімен өмір сүремін, мен үшін оның тағдыры бәрінен артық… Егер ол қандай жағдайда екенін білмесем, ұйықтай алмаймын» деп жазған екен елден алыста, орыстың әйдік қаласы Петерборда жүрген кезінде.

1929 жылы қаңтарда Міржақып Дулатов Бутыр түрмесінде болғанда, тарихқа әйгілі «Ұрпаққа хатында» Алаш зиялыларының басты мақсаттары жайлы жаза келіп, «Азаттық таңы атады, ол таңды біздің ұрпақтарымыз көреді», — деп саяси болжам жасады. Ал Нұрсұлтан Назарбаев «Халық тарих толқынында» атты еңбегінде алашордашылардың мұрат-мақсаты Тәуелсіз Қазақстанның күн тәртібінде ерекше болып тұрғанын екпін түсіре айтады. Елбасы ел тұтастығы мен түркі бірлігін қамтамасыз ету идеясын да алашордашылардан алатынын жасырмайды. 1990-шы жылдардың басында Президент Нұрсұлтан Назарбаев ортаазиялық одақ құру идеясын ұсына отырып, ортаазиялық мемлекеттердің бірлік идеясын тұңғыш рет Мұстафа Шоқай ұсынғанын атап өтті. Сөйтіп түркі тілдес халықтардың Кеңесі, Түркі академиясы құрылды. Көрдіңіз бе, бүгінгі түркі бірлігі мен бүтіндігі дейтін идеяның бастауында да Алаш тұр, ал, Алаштан бүгінге жалғасқан игілікті істердің басында біз тұрмыз.

Амал кем, ХХ ғасырдың басында бір халықтың ғана емес, тұтас адамзатқа ортақ ізгілікті ойлар мен жасампаздық істердің жалынды күрескерлері болған сол ғазиз ағалар қуғын-сүргінге ұшырап, ел үшін құрбан болды. Олар бізге алқарақ аспандағы Темірқазық жұлдызындай мәңгі бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп жарқырап тұра бермек. Осыны терең түсінетін бүгінгі президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі мақаласында: «Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым.

Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады.

Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», - депті. Мың тағзым сендерге, аяулы Алаш арадақтылары.

Дәурен Қуат

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270