Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 9201 20 пікір 3 Маусым, 2020 сағат 13:02

Президент: Ешбір Одаққа қосылмаймыз...

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев орыстағы «Комсомольская правда» гәзетіне сұхбат беріпті. Эксклюзивті сұхбат. Елдегі қос билік туралы, орыстар мен орыс тілділер туралы, «Қырым сценарийі», «Қытай қаупі» т.б. туралы айтыпты. Президент басқа тағы не айтты? Рет-ретімен жазайық...

Ресей стратегиялық серіктес ел

Казахстан и Россия могут противостоять геополитическим играм в ...

«Біздің елдің азаматтары үшін Ресей ең жақын мемлекет болған және солай болып қала береді. Біздің халқымыздың арасындағы өзара түсіністік пен сенім ғасырлар бойы жалғасып келеді. Біз ең ауыр да, қиын кезеңдерде бірге болғанбыз. Көп қазақстандық пен ресейлікті өзара туыстық, достық, кәсіби қарым-қатынастары байланыстырады.

Мұны әлеуметтік сауалнамалар да растап отыр. Қазақстандықтардың сіздердің елге деген сенімі көп жылдан бері 75 пайыздан түспей келеді. Бұл өте жоғары және ең маңыздысы тұрақты көрсеткіш. Біздің қоғам үшін Ресей стратегиялық серіктес ел».

Ешбір Одаққа қосылмаймыз

«Қазақстан Ресей және Беларусьпен екіжақты форматта да, интеграциялық бірлестіктер (ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД) аясында да тығыз жұмыс жүргізіп келеді. Ресей мен Беларусь сияқты Одақтас мемлекеттің құрамына қосылу біздің жоспарымызда жоқ. Жоғарыда аталған ұйымдар аясында әріптестікті одан әрі дамыту басым бағытымыз.  ЕАЭО әлеуетін тек экономикалық одақ ретінде күшейтуге мүдделіміз. Кооперациялық байланыстарды дамыту, тауарлардың, қызметтердің және жұмыс күшінің ортақ нарығын құру, аталған одаққа мүше мемлекеттердің инвестициялық тартымдылығын арттыру арқылы ЕАЭО-ны жаһандық ауқымдағы тиімді құрылымға айналдыра алар едік. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде ілгерілеуде. 2025 жылға қарай ортақ энергетикалық және қаржылық нарық қалыптасады. Әсіресе, цифрлық ықпалдастық перспективалы бағыт болмақ. Кейде ЕАЭО-да, тіпті ең жоғары деңгейде, қызу пікірталастар болады, бірақ бұл талқылаулар одақты неғұрлым табысты, беделді, тартымды етуге деген ортақ талпынысты білдіреді. Ал оған немқұрайды қарау – анық деградацияның белгісі».

Ешқандай қос билік жоқ

Президент Казахстана Касым-Жомарт Токаев: «Первый президент Нурсултан Назарбаев – фигура исторического масштаба, основатель современного Казахстана.» Фото: РИА Новости

«Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев – қазіргі Қазақстанның негізін қалаушы, ауқымы кең тарихи тұлға. Жақында (6 шілде) біз Елбасының 80 жасқа толған мерейтойын атап өтеміз. Әрине, оның еліміз бен халықаралық қауымдастық алдындағы еңбегі жөнінде айтамыз. Біз үшін оның тарихи және саяси мұрасын сақтап қалу маңызды. Бұл Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту үшін аса қажет. Сондықтан, менің сайлауалды бағдарламамның алғашқы пункті сабақтастық деп аталды. Қазіргі күрделі жағдайда Н.Назарбаев менің дағдарыстан жедел шығу, жаңа экономика құрып, азаматтарға материалдық көмек беру жөніндегі бағытыма нақты қолдау көрсетті. Ешқандай қос билік жоқ. Бұл туралы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі де бірнеше рет айтты және қоғамды қазіргі Президенттің айналасына бірігуге шақырды».

Қазақстанда «аз ұлттар» деген түсінік жоқ

Президент Казахстана Касым-Жомарт Токаев: Казахстанцы, независимо от их этнического происхождения, считают себя единым народом, единой нацией. Фото: Пресс-служба Президента Казахстана

«Біздің пікірімізше, этносаралық келісім – ішкі саяси тұрақтылықтың маңызды факторы. Онсыз елдің орнықты дамуы мүмкін емес. Қазақстан – Ресей тәрізді көпұлтты мемлекет. Мен мұны үлкен стратегиялық артықшылық деп санаймын. Біз «Бірлік – саналуандықта» қағидатын ұстанамыз. Шын мәнінде, қазақстандықтар этникалық шығу тегіне қарамастан, өздерін бірыңғай халық, біртұтас ұлт санайды. Қазақстанда «аз ұлттар» деген түсінік жоқ. Қазақстанда 3,5 миллионнан астам орыс тұрады. Жалпы халық саны бойынша олардың үлесі шамамен 19% құрайды. Елімізде тұратын орыстар біздің халқымыздың ажырамас бөлігі саналады және барлық құқықтарға ие. Жақында шетелдік аналитикалық материалдардың бірінен «Қазақстандағы орыс диаспорасы» деген сөзді көзім шалып қалды. Шындыққа қайшы келетін мұндай сөздерді мүлдем қолданбау туралы өзіміздің идеологтар мен сарапшыларға ескерттім. Орыстар – біздің халқымыздың бір бөлігі. Олар Қазақстанның қалыптасуына, дамуына зор үлес қосты. Оны ұмытуға болмайды. Көптеген орыс есімдері біздің тарихымызда алтын әріппен жазылған: Григорий Потанин, Павел Зенков, Евгений Брусиловский, Александр Затаевич, Александр Бараев, Сергей Луганский, Иван Шухов, Иван Панфилов, Иван Павлов, Николай Макиевский. Бұлардан бөлек, басқа да көптеген азаматтар бар. Олар – Қазақстанның мақтанышы. Геннадий Головкин, Александр Винокуров, Ольга Рыпакова секілді қаншама атақты спортшыларымыз әлемнің спорт ареналарында Қазақстанның намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүр».

Биліктің мақсаты орысша атаулардың бәрін алып тастау емес

«Тұтас елді мекендердің атауын жаппай өзгерту жүріп жатқан жоқ. Бірқатар елді мекендер мен көшелердің байырғы атаулары қайтарылып жатыр. «Тепловозная», «Приканальная» секілді Совет дәуірінен қалған және жергілікті тұрғындар арасында танымал емес, үндеспейтін атаулар, топонимдер тарих қойнауына жіберілді. Әрбір атауды өзгерту алдында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тарихи негіздеме, сауалнамалар мен жиналыстарда айтылған азаматтардың пікірлері ескеріледі. Билік орысша атаулардың бәрін алып тастауды мақсат етпейді. Жақында ғана Қарағандыда Григорий Потанин мен Александр Затаевич көшелері пайда болды. Мемлекеттік қызметке тұрғысы келетіндерді кемсіту туралы пікірмен де келісе алмаймын. Бүгінде славян және өзге де этникалық топ өкілдері үкіметтік мекемелерде, Парламентте және мәслихаттарда қызмет етіп отыр. Орыстар шағын және орта бизнесті, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосуда. Конституция бойынша орыс тілі мемлекеттік органдарда ресми түрде қолданылады».

Латын қарпіне біртіндеп көшеміз

Латынға көшу – жаңғырудың бастауы

«Бұл үдерісті біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» тұжырымдамасы аясында көтерді. Ол латын қарпіне көшудің тек қазақ тіліне қатысты екенін, орыс тілінің жағдайына әсер етпейтінін бірнеше рет мәлімдеді. Жаңа технологиялардың жедел енгізілуіне байланысты жаһандық ақпараттық кеңістік те қарқынды түрде өзгеріп келеді. Негізгі ақпараттар латын графикасына негізделгендіктен, біздің балаларымыз жаңа жағдайға бейімделуі керек. Қазақ әліпбиін жаңғырту қазақ тілінің коммуникациялық мүмкіндіктерін арттыру ниетінен туындаған. Сонымен қатар біз Орталық Азия мемлекеттерінің тәжірибесін ескере отырып, латын қарпіне біртіндеп көшеміз. Қолдан жеделдетуге жол берілмейді. Себебі, мұнда кириллицадан латынға жай ғана көшу емес, қазақ тілінің орфографиясын қайта құру жөнінде айтылып отыр. Одан бөлек, қазақ әдебиетінің классиктерінің барлық маңызды еңбектері кириллицада жазылғанын, көптеген қазақ ұрпақтарының кирилл әліпбиінде білім алғанын және қазір де оқып жатқанын естен шығаруға болмайды. Асығыс қадам жасау мұндай үлкен іске зиянын тигізіп, шалыс бастыруы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені ақылға салып, парасаттылықпен шешу керек».

Қазақстан мен Ресейдің салық жүйесі көп дамыған елдерге қарағанда оңтайлы

«Салық жүктемесін жеңілдету, бұл – Қазақстанның да, Ресейдің де алдына қойып отырған стратегиялық мақсаты. Бұл – экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, инвестициялық ахуалдың тартымдылығын қамтамасыз етудің маңызды факторы. Қазақстандағы салық мөлшерлемесі ТМД елдерімен салыстырғанда төмен. Бұл жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың табыстарына салынатын салықтарға, қосымша құн салығын, жеке тұлғалардың табыс салығын қамтиды. Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресейдің салық жүйесі көптеген дамыған елдерге қарағанда біршама оңтайлы, ең алдымен, ол шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. Кәсіпкерлердің қазынашылық органдарымен байланысының минималды деңгейде болуы – біздегі салық жүйесінің артықшылығы. Салықтық әкімшілендіру рәсімдерін ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асыруға болады және бұл қажетті шара. Қазақстандағы салық органдарына кәсіпкерлік қызметке араласуға заң бойынша тыйым салынған. Салықтың арнайы режимдерін қоса алғанда, кәсіпкерлерге түрлі салық жеңілдіктері ұсынылған. Біз микро және шағын бизнес субъектілерін үш жылға табыс салығын төлеуден босаттық, салықтық тексеру жүргізуге мораторий де жарияланды».

«Қытай экспансиясы» туралы...

Қытай астанасында Қазақстан мен ҚХР ынтымақтастығы бойынша отырыс ...

«Орталық Азия, Қытай және Ресей халықтары ғасырлар бойы бір-бірімен белсенді сауда жасасып, рухани ілім-білімдерін алмасып келеді. Сондықтан Ұлы Жібек жолы аймақтың тарихи символына айналды. Орталық Азияның геостратегиялық орналасуы мен оның ауқымды әлеуеті әлемдік қауымдастықтың және Қытайдың да назарын өзіне аудартып отырғаны сөзсіз. «Бір белдеу – бір жол» бастамасы Орталық Азияда тартымды жобаларды қолға алуға мүмкіндік берді. Олардың көпшілігі Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі мен Жібек жолы қорының көмегімен жүзеге асырылды. Әрине, «Бір белдеу – бір жолдың» құрлықтық құрамын Қытай мен Еуропаны, Таяу Шығысты байланыстырып отырған Қазақстан және аймақтағы басқа да елдерсіз елестету мүмкін емес. Қытайдан тартылған инвестиция мен екіжақты сауда көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. 2018 жылы аймақтың бес еліне жинақталған Қытайдың тікелей инвестициясы 15 миллиард долларға жуықтады. Былтыр Орталық Азияның Қытаймен жалпы тауар айналымы 33 миллиард доллардан асты. Екі тарап та сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Сондықтан «Қытай экспансиясы» туралы пікір істің нақты жағдайына сәйкес келеді деп ойламаймын».

Қытай – Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі

«Қытаймен ынтымақтастықты дамытуда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жемісті еңбек етті. Қазіргі уақытта екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастар ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Жоғары саяси деңгейдегі байланыстардың оң қарқыны қалыптасты. Былтыр қыркүйек айында Си Цзиньпинмен жүргізілген келіссөздер барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылданды. Біз халықаралық және аймақтық ұйымдарда (БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК) тығыз жұмыс істейміз. Қытай – Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі. 2019 жылы екіжақты тауар айналымы 14,5 миллиард долларға жетті. COVID-2019 пандемиясымен күрестегі ынтымақтастық пен көрсетілген өзара көмекті серіктестік тарихындағы жарқын сәт деп айтуға болады. Қазақстан Уханьға медициналық гуманитарлық көмек жіберді. Телефон арқылы сөйлескенімізде Төраға Си Цзиньпин «Дос басыңа іс түскенде танылады» деген мақалдың дәл осындай сәтте өзекті екенін айтты. Коронавирус толқыны Қазақстанға келгенде Қытай тарапы да дереу гуманитарлық көмек көрсетіп, Қазақстанға білікті мамандар тобын жіберді».

АҚШ-тың әскери базасын салу туралы...

Қазақстан АҚШ-пен ауыл шаруашылығы саласында жаңа келісімге қол қойды

«Қазақстанда АҚШ-тың әскери базасын салу талқыланып жатқан жоқ және бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Сонымен бірге, Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ынтымақтастық энергетика, инвестиция, технология сияқты стратегиялық салаларда табысты дамып келеді. Біз қарусыздану және ядролық қаруды таратпау мәселелері бойынша ұдайы байланыстамыз. Оған қоса, біз Алматыдағы бұрынғы обаға қарсы институт базасында биологиялық қауіпсіздік саласы бойынша да жұмыс істедік. Бірақ қазір келісімшарттың аяқталуына байланысты америкалықтар зертханадан кетіп, онда тек қазақстандық мамандар бюджет қаражаты есебінен жұмыс істейді. Осы саладағы зерттеулердің өзектілігін ескере отырып, біз ресейлік мамандармен де тығыз ынтымақтастық орнатуға дайынбыз».

Байқоңыр – бүкіл адамзаттың игілігі

Президент Казахстана Касым-Жомарт Токаев: «Наше взаимодействие в космической сфере и совместное развитие города Байконур – это наглядный пример многогранного сотрудничества Казахстана и России.» Фото: Shutterstock

«Ғарыш саласындағы бірлескен өзара іс-қимылдар мен Байқоңыр қаласын бірлесіп дамыту ісі – Қазақстан мен Ресейдің көпжақты ынтымақтастығының айқын көрінісі. Ғарыш айлағының тіршілігі мен оның тиімді даму мәселелерін Үкіметаралық комиссия қарастырады. Әсіресе, байланыс, телевизия және ғылыми зерттеулер саласында қолданылатын азаматтық ғарыш аппараттарын құру мәселесіне басымдық беріледі. «Гагарин старты» жобасы бойынша бірлескен жұмыстар атқарылуда. Ғарышқа жол ашқан осы тарихи алаңды жаңғыртуға Қазақстан, Ресей және БАӘ инвесторлары қаражат салуға ниетті. «Бәйтерек» бірлескен жобасының мақсаты – улы отынмен ұшырылатын «Протон» зымыранының орнына экологиялық қауіпсіз тасымалдаушы аппарат ұшыруға арналған зымыран-ғарыштық кешенін құру. Екі ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қоса алатын «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру туралы Қазақстанның бастамасын ерекше атап өткім келеді. Биыл қазан айында ғарыш айлағының салынғанына 65 жыл толады. Біздің елдеріміз бұл атаулы датаны лайықты дәрежеде атап өтуі керек деп санаймын. Өйткені Байқоңыр – бүкіл адамзаттың игілігі. Оның әлемдік космонавтикадағы тарихи рөлі зор».

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354