Сенбі, 23 Қараша 2024
Өз салтың 5116 4 пікір 4 Маусым, 2020 сағат 14:51

Жұмат Әнесұлы: Салт-дәстүр, қолөнер, этнография

КИІЗ БАСУ, ТЕКЕМЕТ БАСУ

Киіз басу - қазақтың ертеден келе жатқан салт дәстүріндегі қолөнері еді. Басылған киіздің қазақ тұрмысында керек емес жері болмайтын. Киіз үйдің туырлықтары, жаппасы, түндігі түгел киізден жасалатын.

Үйдің ішіне ілінетін, төселетін текеметтер, киілетін байпақтар сол киізден басылатын. Ертерек кезде, қой жазда, күзде қырқылғаннан кейін көптеген ауылдарда киіз басу науқаны басталатын.

Менің шешемнің шешесі Күлжамила әжеміз қойдың жүнінен, түйенің жүнінен жіп иіріп, қоржын, щекпен тоқитын керемет қолөнер шебері болатын. Қоржынды оюлап, кілем сияқты тоқып шығатын. Өзімнің шешем Майдан Дощан қызыда шешесінен өнер қонған шебертін.

Ауылдағы қыз келіншектерді жинап, кілем тоқытқаны әлі күнге есімде. Шешем Майдан текемет басудың да шебері еді.Ол бала кезім болатын. Текемет басу процесінің қалай болатынын айтайын,(мүмкін осы күнгі жастарға үлгі болар).

Әуелі көлемі 2x3 метр болатын, қалыңдығы 1,5 сантиметрге жетерліктей қара қойдың жүні іріктеліп , оны сондай көлемдегі шидің үстіне жаяды. Оған дейін, ұзындығы жиырма ,отыз метрдей болатын ақ шудалар әзірленіп, сары, қызыл, жасыл түсті бояулар езілген қазанға салып, бояп қояды. Сосын бірнеше әйел (көрші , ағайын әйелдер, келіншектер) қолдарына ұзындығы біржарым метрдей сабау таяқ алып, ши үстіндегі жүнді жұмсақ , биязы қылу үшін бір, екі сағаттай сабайды. Жүн әбден биязыланғанда , бұрын даярланып қойылған түрлі түсті шудадан жүннің үстіне қазақы оюлар салады. Сосын оның үстіне ыстық су құйяды. Содан кейін ғана жүнді сол жатқан күйінде шиге орайды.

Жүннің суы әбден сарқылды ау, дегеннен кейін, әйелдер шиді айнала дөңгелетіп, одан кейін, білектеріне салып, бір сағаттай илейді. Осы текемет басу процестері аяқталғаннан кейін ғана, текемет шиімен кептіруге күн көзіне қойылады. Текемет кеуіп, пайдалануға әзір болғанша, үйде шағын той болатын. Ет асылып, самауырлар күні бойы қайта қайта қайнатылатын.

Салт- дәстүр, қолөнері (этнография)

ҚАМШЫ, ШЫБЫРТҚЫ ӨРУ

өңделген ірі қара терісінен жасалады. Менің шешемнің інісі Оразғали Дощанұлы қамшы, шыбыртқы өрудің шебері еді. 1953-Шиліге келіп, әкеме қамшы, шыбыртқы және басқада ат әбзелдерін жасап бергені әлі күнге есімде.

Әуелі тобылғыдан қамшыға сап әзірленеді. Сосын қамшының  сағағы  тобылғының бір басына кигізіледі, түп жағынан жіңішке қайыспен тартып, бекітіледі.

Кей қамшы он екі өрім, не сегіз өрім болады. Мәселен, сегіз өрімді қамшы жасау үшін қалың қайыстан өзегін тіліп алып, оны сағағына  бекітеді. Сосын шамамен үш елі қайысты мойнынан бастап, сегііз тарамға бөліп, негізгі өзегіне шамамен ұзындығы 70 сантиметрдей қып өріп шығып, аяғын түйіндейді. Егер шебер қамшының сабын әдемілегісі келсе, сапқа жіңішке жезбен бұрама салады. Сондай ақ, қамшы қолдан ұшып кетпес үшін, қайыстан ілмек жасалады. Он екі, алты өрім қамшыларда осындай тәсілмен жасалады.ЕҢ бастысы қамшының сабы оңайлықпен сынбайтын қатты ағаш тобылғыдан жасалғаны жөн. Сосын қамшының мойыны екі қабат теріден тігілуі керек.

Шыбыртқы шанада, не арбада отырып, ат айдауға арналған Ол бір жарым метрдей болып, үш өрімнен тұрады. Шыбыртқының мойнымн ұласатын жері он екі өрім болады, Ортаңғы буыны сегіз өрімнен болса, соңғы өрімі алты өрімнен болып, ұзара береді.

Менің шебер нағашым Оразғали Дощанұлының қамшы мен шыбыртқыны қалай өргенін, көзіммен көріп, көңіліме түйгендерім осылар еді.

ШИ ТОҚУ

Тоқылған ши әдетте киіз үйдің керегесі мен киіз туырлығының арасына салынады. Менің бала кезімде әке шешем екі рет киіз үйге заказ беріп жасатты. Киіз үйдің сыртқы жаппасын шешем Майдан көрші қолаңды жинап, өзі басып шығатын. Шидіде өзі бастап тоқитын. Ши тоқу тықыр кілем (кезінде біздің ауылда тықыр кілем тоқу мода болған) тоқуға ұқсас.

Тосында ерте кезде ши көп өсетін. Содан биіктігі шамамен 1 метр 30 см болатындай шилерді кесіп астынан және үстінен жіңішке тақтайшаға түзейді.
Тоқылатын шидің ұзындығы екі метрдей болады.

Ши тоқушының қолында ұршық болады. Ұршықта жүннен иірілген жіп болады. Сол жіпті тықыр кілем тоқу әдісімен шилердің арасынан ағаштан жасалған жұқа аспапен кезек кезек өткізіп отырады. Шиге ою салар кезде түрлі түсті боялған жүнді иіріп, ши арасындағы жіпке жалғастырып отырады. Жүз шиге тағы жүз ши қосып, шидің ұзындығы екі метр болғанша жалғап отырады. Шидің екінші қатарындағы жіп, бірінші қатардағы жіпке қарама қарсы тоқылады, Сосын ағаш қалақпен тоқыма нығыздалып отырады.
Сол кездегі ши тоқушылардың ою салғыш өнеріне таң қалушы едім. Олар шидің артына сурет қоймай ақ, қалаған оюларын симметриясын сақтап, шиді оюлап, тоқып шығатын.

ТЕРІДЕН ТІГІЛГЕН ҚАЗАҚ КИІМДЕРІ

Тері илеу технологиясын қазақ ерте ерте дәуірде игерген.
Тері тон, байпақты етік, мәс, тайжақы, тері шалбар тері құлақшын сияқты киімдерді қазақ жылқы, қара мал, қой терілерінен жасап, киген.
Совет өкіметі кезінде республикада мал шаруашылығы дамып, терілерді өңдеу кәсібі де жақсы жолға қойылған болатын. Содан ба, кезінде облыстарда ондаған "аяқ киім" фабрикасы болған. Қазір соның біріде жоқ, біздің елге өзімізде жасалған аяқ киім керегі жоқ тәрізді, барлық аяқ киім фабрикаларын "банкрот" қылды.

Менің әңгімем "тері илеу" жөнінде еді ғой, соған оралайық. Менің әкем Әнес 45- 65-жылдары "Заготживсырье" деген мекемеде "тері, жүн" дайындаушы" қызметін атқарған. Сонда мал терілерін, аң терілерін қалай илейтінін сол әкемнен көріп едім. Әкем Әнестің қоймасына совхоздың управтары  мезгіл -мезгіл сайын ірі қара малдың, қойдың ,жылқының, терілерін тапсырса, аңшылар қасқырдың, түлкінің, қоянның,  зорманның терілерін тапсыратын. Кейбір аңдардың терілерін әкем өзі илеп жүрді.Ол аңның терілерін илегенде, терінің ішкі майлы қабатын түрлі әдістермен кептіріп сыпырып тастайтын, сосын, қолмен  илейтін. Көп илеп, иін қандыру  керек, сонда ғана  қасқырдың , түлкінің терісі жұмсақ болып, киім тігуге келеді. Ірі қараның терілеріде иленуге  дейін сыртқы жүні "жидітіледі" сосын ғана ішкі жағының майлы, етті қабаттары сылынады. Содан кейін аяқ киім, оның ішінде , етік тігуге пайдаланған. Иленген  терілер  Аяққап, қымыз әзірлейтін мес жасауғада пайдаланылған. Ірі қара мал терісінің пайдаланылмайтын жері жоқ, ат әбзелдері, жүген, қамшы, шыбыртқы бәрі иленген ірі қара мал терісінен жасалатын.

ҚОЛӨНЕР

АҒАШТАН ШАБЫЛАТЫН ДҮНИЕЛЕР

Қазақ қолөнермен ерте дәуірден айналысқан. Қазақтың ағаштан шабылып, ойылатын ең құнды дүниелерінің бірі -киіз үйдің ішкі сүйегін ағаштан жасау. Олар шаңырақ, кереге ,уық, жаппа есік.

Одан кейінгі маңызды дүниелерінің бірі -сандық, кебеже, ағаш табақ, тостаған, ағаш ожау. Тағы бір шаруашылыққа керекті дүние- шана мен арбаны ағаштан қиыстыру.

Қазақ домбыра мен қобызды да пәлен ғасырдан бері ағаштан ойып, жасап жүр. Мен өзім білетін қобызды қалай ағаштан шауып жасауға болатынын айта кетейін.

Қобыздың  ерте кезден бірнеше түрі болды. Олар Бақсы қобыз, Нар қобыз, Күй қобыз деп аталған. Бақсы қобыз бен Нар қобыздың шанағы үлкендеу болады. Бақсы қобызға қоңыраулар тағылады.  Қобыздың шанағын бөлек шуып алып, сағағын  шанаққа қиыстырып жасаушыларда бар. Күй қобызын тұтас ағаштан оюуға болады. Қобызды әдетте қарағай, емен ағаштарынан шабады. Ондай қобыздың жалпы биіктігі 76 см, шанағының диаметрі 70 см, сағағының ұзындығы  35 см болса жөн болады. Қобыз тұтас ағаштан ойылғанда оның сағағының, шанағының симметриялық теңдігі сақталуы қажет. Шанақтың төменгі жағын  ешкінің терісін илеп, жұқартып барып , сонымен қаптау керек. Қобызға шек пен тиек салынғаннан кейіін жылқының құйрық қылынан шек жасап,

тағады. Қобыздың үнінің жақсы болуы, шанақтың ағашы мен терінің астындағы ұңғыға байланысты. Сағақтың ұзындау не қысқа болуы да , қобыздың дауысына әсер етеді.

Жұмат Әнесұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351