Сенбі, 23 Қараша 2024
5967 18 пікір 5 Маусым, 2020 сағат 12:31

Ініме хат

Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Абаев Дәурен мырзаға!
Құрметті Дәурен Әскербекұлы!

Алдымен айтарым менің Аида Балаева ханымға жазған хатыма орай Сіздің маған арнаған постыңызды оқыдым. Риза болдым. Қазақ тілінің парқына, қадіріне, сөзбен сөйлем өрген қабілетіңізге көңілім толды. Екіншіден билікте отырған Мемлекет қызметкерінің творчество адамына арнаған хаты – бұл үлкен жақсылықтың нышаны. Көктемде келген алғашқы қарлығашты көргендей қуанып қалдым. Президент әкімшілігінде істеу кез-келгеннің қолынан келе бермейді...Оған күш-қайрат, жігер, білім, шыдамдылық және Адалдық керек. Ең негізгісі – Үлкен жүрек керек. Және осы қасиеттер сіздің бойыңызда бар деп сенем.

«Жаны күйген – тәңірісін қарғайды» дегендей менікі жан айқай болатын. Онда да «оларды құрту керек, жою керек» дегендік емес. Керісінше осындай кемшін тұстардан арылсақ Қазақ Телевидениесі оңалар деген үміттен туған.
Дәурен бауырым!!! Сіз де, мен де осы Елдің азаматтарымыз. Сіз Мемлекеттің мәселесін айтсаңыз, мен қоғамның жоғын жоқтаймын. Жақсы үрдіс. Ойыма баяғыда осыдан 25-30 жыл бұрын қоғам қайраткері журналист Камал Смаилов пен жазушы Шерхан Мұртазаның бір-біріне жазған хаттары түседі. Екеуі де бүгін жоқ. Бірақ сол екі ағамның Ел үшін, қоғам үшін көтерген мәселелері қандай құнды, қандай пайдалы болатын. Мүмкін сол хаттар кейбір шенеуніктерге ұнамағаны да болар. Алайда бұл хатпен сырласу, орысша айтқанда «Эпистолярный жанр» бүгінде құрыды. Және осы дәстүрді жалғастырсақ та одан ешкім зиян шекпес деген ойдамын.

Мен сол Абайға арнасам да, Абаевқа арнасам да жаныма жақын адамға арнағаным айғақ...

Қадірлі Дәурен бауырым!

«Ойнай берсең – бала боласың, ойлай берсең – дана боласың» деген мақалды жақсы білесіз... Меніңше Бізде осы айтқан екінші ойлану процесі қазір өршіп тұрған сияқты. Гамлеттің қойған философиялық сұрағы «Быть или не быть» қазір де қоғамнан жауап іздейді. Біз – осы – қандай Мемлекет құрдық? Қайда барамыз? Біздің алған жолымыз – дұрыс па, бұрыс па? Біздің басты құндылығымыз не? Неге біздің қоғамда кедейлер көп? Неге бізде әділетсіздіктер көрініп жатады? Неге жұрттың көбі – кредитке тәуелді? Осылай мәңгі бола ма? Әлде біз де сілкініп, өзге Елдер сияқты түрленіп, өзгеріп, жаңарып, жасарып – Әлемдегі экономикасы дамыған, ғылымы – білімі, мәдениеті, өркениеті өркендеген Ұлы көштің соңында қалмасақ екен деген тілек қана. Осы тұрғыда Өзіңізге айтар ойларым бар. Ол екеуіміз де көтерген проблема - идеология. Мен идеология жоқ десем, Сіз - бар дейсіз. Жөн сөз. Бар. Бірақ осы идеология ділдалдалап төрт аяқтап әрең тұр. Иә, менде эмоция жетерлік. Творчествода эмоция алдыңғы қатарда болады. Алайда айтайын. Менің ұғымымда идеология деген Елің үшін, жерің үшін, тілің үшін, Мәдениет үшін, қоғамдағы әрбір келеңсіздік үшін – жанкештілік. Идеология ешқашан материалдық құндылықтардан тұрмайды. Яғни бұл Отан үшін отқа түс – «күймейсің» деген Баукеңнің кредосы. Назым Хикмет айтқандай «Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап, ол жанбаса лапылдап, кім жанады лапылдап?» деген қағида. Бізге қазір осындай Лапылдап жанатын Азаматтар керек.

Иә, идеологияның мінбері «оның фундаменті – негізі әрине партиялар. Ал, бізде ше? Бар ма? Бар... Бірақ, олардың саны бар да, сапасы жоқ. Барлық партияның программалары бір-бірінен аумайды. Пасхадағы пісірген қызылды-жасылды жұмыртқадай. Бірақ ашсаң іші бірдей. Кейбір партияның көсемдерін, яғни лидерлерін көрсең таң қаласың. Біреуі – комик, біреуі –трагик, біреу – романтик артистер секілді. Оны өзіңіз де біліп отырған боларсыз. Есіме Юлий Райзманның «Коммунист» деген фильмі түседі. Урбанский ойнайды. Неткен жанкешті герой. Фильмнің соңында көрермен жылап отырады. Міне идеология деген осы. Мен Коммунистік идеологияны жоқтап отырғам жоқ. Мен идеологияның Мемлекеттік тұрғыда қалай шешілгенін меңзеп отырмын. Бізге қазір, яғни партияларға жаңа тыныс, жаңа дем, жаңа серпін керек. Түптеп келгенде Президенттің алға қойған жоспарын іске асыратын – жанашыр саяси ұйым қажет. Ол – «Нұр Отан» бола ма, «Ауыл» бола ма, Коммунистер бола ма білмеймін. Білетінім бізге қазір Елі үшін бас қатыратын Ұландар қажет. Былай қарасаң – Сол партиялардағы» азаматтардың басым көбі жас, жігерлі сияқты. Алайда сол жігіттерді кешке кафе, спортзалда - қала берді тойларда көзің шалып қалады. Менің оларға кафеге, тойға неге барасың дегенім емес... Олар да адам, жас барсын... Бірақ былтыр бір үйден 5 сәби ұланын өлгенде олар неге сонда жүрмеді деп қынжылам.

Айналайын Дәурен бауырым! Меніңше, Елге, Халыққа қызмет уақытпен өлшенбеуі керек. Отанға деген махаббат адамның қанында, жанында болуы тиіс. Тағы да,«Тәке, жақсылықты көрмейді екенсіз?» деуіңіз мүмкін... Неге? Көрем. Оқимын. Өткен жолы «Мақтаралды су алып, ел дүрбелеңге түскенде, көмекке келгендердің ішінде «Нұр Отан да» болды. Рахмет! Риза болдым.
Бірнеше миллионды халыққа көмекке берді.Алғысын алды. Былтыр Арыстағы жарылыста да солай болған. «Көрмес түйені де көрмес» дегендей мен көрмейді емес-көрем. Бірақ, бұл жеткіліксіз. «Тәп-тәуір-ақ ән еді – пұшық айтып қор қылды» дегендей Партия құру жақсы идея. Ол Мемлекеттің де қоғамның да дамуына зор әсер ететін, катализатор. Бірақ, менің ойым осы партиялар неге көбінде үнсіз деймін? Неге осы ұйымдар тек сайлаудың алдында ғана тіріледі? Неге осы жігіттер басқа кезде тып-тыныш жүр? Неге олар ауыл мәселесінен бастап кедейшілік тақырыбына дейінгі салаларға тіс жармайды? Қандай партия болмасын оның Лидері – бір-ақ адам, жалғыз. Алайда, оның ісін, идеясын, ойын халыққа жеткізетіндер солар емес пе? Партия тек сахнадағы айтыста ғана емес, өмірдегі тартыста да Елмен бірге болу керек деп ойлаймын. Мен ешкімді кінәлағым келмейді. Мен тек «Шіркін-ай, сондай болса екен ғой.» деп ойлайтын жанмын. Иә, және сізде дәл мендей ойлайды деп үміттенем. Себебі екеуміз де осы елдің ұлымыз... Біреуіміз билікте, біреуіміз өмірде, біреуіміз саясатта, біреуіміз өнерде. Жолдарымыз басқа да, мақсат –мүддеміз бір. Ол – өзіңіз айтқан – Тәуелсіз Қазақстанның Көк туының қай салада болмасын биік болуы. Жәй ғана көтерілмей – экономикасы мықты, ғылым –білімге сусындаған, адамгершілікпен өрнектеліп, мәдениетпен әрленген, бізге Ту керек. Және бұған жігер мен қайрат, ақыл мен жүрек керек. Және осындай жастар бізде бар деп сенем...

Театрда монолог деген ұғым бар. Ол тек ішкі ой. Менікі де сол монолог қана. Мұндай монолог кез-келгеннің ішінде жүр. Ал, біздің қоғам да театр сынды. Сондықтан бізге дәл қазір монолог емес - диалог керек. Сонда өмір театрының да, қоғам театрының да тек жақсаратынына сенімім мол.
P.S: Сіз маған «пульт» туралы жақсы айттыңыз. Дұрыс делік. Бірақ менікі қолдағы пульт – жолдағы пульт болмаса екен, сол пульт санада, жүректе, тәрбиеде болса екен деймін. Және сол пультті басарда, өзім сүйетін, асыға тосатын біздің каналдарда ұлттық сананы қозғайтын, жүректі тербейтін, тәрбиелі дүние болса екен деген тілек болатын. Сонда - Нұр үстіне нұр болмай ма?

Құрметпен Талғат Теменов

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354