Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 18616 44 пікір 18 Маусым, 2020 сағат 12:08

Қазақтың нағыз досы АҚШ екен...

2020 жылдың 27 мамырында АҚШ Конгресі 413-ке қарсы бір дауыспен қабылдаған «Ұйғырлардың кісілік құқық саясаты туралы» Заңына 17 маусым күні Президент Доналд Трамп қол қойды.

Бұл – адамзат тарихындағы шын мәніндегі таңғажайып тарихи оқиға болды. АҚШ Конгресі бір ауыздан қолдап, президент Доналд Трамп қол қойған осы заңның қабылдануына және бұл заң жобасына қазақ пен қырғыздың аты аталып тұрып енуіне   қазақтың да зор үлесі бар екенін мақтанышпен атап өткім келіп отыр.

Естеріңізде болса, Шыңжаңдағы қазақтардың басына қара бұлт үйіріліп, оларды Қытай құқық қорғау органдары фашистік концлагерьлерге қамау зобалаңы алғаш басталғанда, мұндағы қазақтың шу ете түскені рас.

Бірақ, мәселені шешуге келгенде, сол азаматтық қауымның пікірі де, ұстанымы да екіге жарылды.

Бір топ, «Мұны Қытайдың қазақтарға әдейі жасап отырған қысымы, империялық саясатының бір көрінісі деп дабыра қылудың өзі ұят. Бұл жергілікті әкімдіктің мәселенің арғы өзегіне үңілмей, біржақты қарауынан туындаған дүние» - деп, қарады.

Ары қарай, «Қытайдың тарихында көп нәрсе үстел басында бітеді. Сол үшін біздің дипломаттар шеберлік көрсетіп, сөйлесуі керек. Дастархан басында дос болып сөйлессе, Қытай да көнеді ғой...» - деп, кәдімгі дәстүрлі дипломатиялық жолды ұсынды.

Олар тағы, «Бұл мәселені бір шешсе Қазақстан Президенті мен СІМ ғана шеше алады. Ал басқалардан үміт күту бекер. Қытайдың ішкі ісін айқай-шумен шешу қиын. Мысалға тағы да ұзақ жылдар бойы халықаралық сотқа арызданып жүрген ұйғырлар мен тибеттерді айтуға болады...» -деген ұстанымын ортаға салды.

Қысқасы, «Түйткілді дипломатиялық жолмен шешу керек» - деген ұстанымда болды. Және осы ұстанымдары бойынша біраз әрекеттер де жасап көрді. Бұл топ өздерін «Бұқаралық дипломатия өкілдері» деп атады.

Дау жоқ, ең дұрыс және өте тиімді жол осы еді.

Қазақ көші Дэн Сяопин дәуінің аяқталар тұсында басталды. Дэн Сяопин мен Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мемлекеттің негізін қалаған, мемлекеттік құрлымды жаңа формацияға сәтті көшіре алған әлемдік деңгейдегі көшбасшылар.  Ал, одан кейін Қытай билігінің  тізгінін ұстаған  Цзян Цзэминь мен Ху Цзиньтао да, тәлейімізге қарай, Нұрсұлтан Әбішұлымен тең тұрып сөйлесе білетін саяси мәдениеті жоғары тұлғалар  болды. Сол үшін де екі ел арасында жақсы қарым-қатынас орнады, мәселелер өте сәтті шешіліп отырды. Әсіресе, Нұрсұлтан Әбішұлы мен Цзян Цзэминь арасындағы адами достық пен сыйластықты ерекше атап өтуге татиды.

Цзян Цземинь байқұстың бекер обалы кәне, «Қытай Қазақстанға залал келтіретін ешнәрсе де істемейді!» - деуден жазған жоқ (Қ.Тоқаев. «Беласу», 217-бет). Және ол осы уәдесінде тұрды да. Жоғары  деңгейдегі сол байланыстың  арқасында  Шыңжаңдағы қазақтардың Атажұртына көшу мәселесі де кедергісіз жалғасты.

«Сұмырай келсе, су құриды» демекші, Си Цзиньпин таққа отырды да, ондағы мұсылман ұлттардың басына әңгір таяқ ойната бастады. Жап-жақсы өмір салтын тас-талқан етті.

Егер, Си Цзиньпин мырза мемлекетаралық шын мәніндегі достық пен стратегиялық әріптестік дегеннің не екенін білсе, қадір-қасиетін түсінсе, мұндай тұрпайы қадамға бармас еді. Ең кемінде, біздің жанымыз бен қанымыздың бір бөлшегі болған Шыңжаңдағы қазақтарды фашистік қинаулармен азаптамас еді. Бұл – бір.

Екіншіден, «Жолдастың түрі мынау шүлдірлеген» - деп, атақты Таңжарық ақын айтпақшы, «Дастархан басында дос болып сөйлесетін» басшының сиқы Чэнь Цюаньго болса,  елшінің түрі Чжан Ханьхуэй  мен Чжан Сяо болса, не сұрайсың?! Елдестіреді деген елшілерің  Қазақстанға «Олар (Қазақстан билігі – ред.) кіммен бетпе-бет келіп отырғандарын біле ме?!», «Сендердің естерің дұрыс па?!!» - деп, кіжініп жүргені анау! Құдай-ау, бұл екі бейбақпен  қайтып сөйлесіп, қалай тіл табыса аласың?! «Дастархан басында дос болып сөйлесу» былай тұрсын, қол алысып амандасудың өзіне намысың жібере ме?!

Үшіншіден, туыстарының Шыңжаңдағы «Саяси тәрбиелеу» лагеріне  қамалғаны туралы арызданған азаматтарға Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі «Сіздің ағаңыз Қытай азаматы болғандықтан сол елдің құзыретті органдары ол кісінің мәселесін Қытайдың ішкі заңнамасына сәйкес қарастыратынын мәлімдеді» деген жауап беріп жатты. Бұған бола, әрине, Сыртқы істер министрлігін кіналу орынсыз! Себебі белгілі. 1963 жылы 18 сәуірдегі «Консулдық қатынастар туралы» Вена конвенциясының 55-бабының 1-тармағы бойынша, бір мемлекеттің  екінші мемлекеттің ішкі істеріне қол сұғуға құқығы жоқ!

Қытай билігі Шыңжаңдағы және Қазақстан Республикасында тұрақты тіркеуде тұратын қандастарымызға қанша иттік жасағанымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыр білдірмеуге тырысты. Барынша ұстамдылық танытып, екі ел арасында жасалған келісімдерді берік сақтады, уәделерінде тұрды және БҰҰ міндеттемелерін қатаң атқара білді. Шекара бұзып, пана іздеп қашып келген алты қазақтың бірде-біреуін Қытайға қайтарған жоқ. Қанша қиындықтар туындаса да ескі-жаңа екі басшымыз Си Цзиньпиннің деңгейіне түскен емес.

Есесіне, азаматтық қауым атқа мінді. Осы жағдайларды саралай келе, екінші бір топ Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы» нормаларын негізге ала отырып, Шыңжаңдағы қазақ мәселесін әлемдік аренаға шығарып, халқаралық беделді құқық қорғау ұйымдарының көмегіне жүгіну арқылы шешуге бекіді.

Жасыратын ештеңесі жоқ, бұл топтың басында Серікжан Біләшұлы екеуміз тұрдық. Негізгі жұмысты, басына төнген қауіп-қатерге қарамай, Серікжан Біләшұлы атқарды. Мен кеңесші болдым. Сөйтіп, Қытайдағы қазақтың мәселесін бүлкіл адамзат баласы білді. Қытайдың «Саяси үйрену» лагерлерінің сырын бірінші болып Серікжан Біләшұлы ашты. Көп уақыт етпей-ақ, Қытай  билігі «Саяси үйрену» лагерлерін «Кәсіби оқыту орталықтары» деп атауға мәжбүр болды.

2019 жылғы 24 қарашада Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) Пекиннің Шыңжаңдағы лагерьлерге қамалатын адамдарды анықтау жолы, саяси тәрбиелеу орталықтарының қалай басқарылатыны жазылған «Қытай билігіне тиесілі» «Телеграмма» деп аталатын құпия құжатты жариялады.

Бұл әркеттің, «Бұқаралық дипломатия өкілдері» айтқандай, /Шыңжаңдағы/ «жергілікті әкімдіктің мәселенің арғы өзегіне үңілмей, біржақты қарауынан туындаған дүние» емес, нағыз империялық жаныштау  саясаты екені бірден белгілі болды. Бүкіл дүниежүзі оны «Адамзатқа жасалған қиянат» - деп  бағалады және оған батыл қарсы тұрды. Қытай  билігі сол қарсылықтан сескеніп, алғашы жылы-ақ «Саяси үйрену» лагерлерін «Кәсіби оқыту орталықтары» деп атауға мәжбүр болды.

Сөйтіп, «Дастархан басында дос болып сөйлесу...» жайына қалды. «Қытайдың қазақтарға әдейі жасап отырған қысымы, империялық саясатының бір көрінісі деп, дабыра қылудың өзі ұят...» - деп жүргендердің үні өшті.

«Бұқаралық дипломатия өкілдері» Қытайдың жүні жығыла бастағанын байқаса керек, соңғы кезде «Қазір ҚХР мен АҚШ арасындағы сауда соғысының шиленісуіне байланысты Қытайдың энергетика, жасыл ауыл-шаруашылық өнімдеріне сұранысы арта түсуде. Бұл сұранысты Қазақстаннан шешуге мүдделі. ҚХР-дағы қандастарымызды бірден көші-қон шақыртуымен көшіріп алу жөнінде үкіметаралық келісім жасалса. Бұл мәселені түпкілікті шешудің ұтымды жолы. Бұған келісуге ҚХР-дың жағдайы мәжбүрлейді» - деп, сайрай бастапты.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин жақында Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлескенде «Басыңа іс түскенде достың кім екенін білесің» деген мақалдың дұрыс екенін айтып, қазақтың кім екенін енді мойындаған көрінеді.

Бірақ, Сидің шын досының кім екенін өте кеш түсінгені – өкінішті-ақ!

Сонымен, күрестің соңы, міне, АҚШ-тың «Ұйғырлардың кісілік ұқық саясаты туралы» Заңын қабылдауымен аяқтады.

Бұл жағынан алғанда, қазақ та, Қазақстан билігі де ұтпаса, ұтылған жоқ! Қазақ батыр, сауатты ұлт екенін танытты, Қазақстан әлемдік саясатта үлкен ойыншы мемлекет екенін дәлелдеді.

Осы жерде баса назар аударатын бір мәселе бар.

Ол – аталған Заң жобасына қазақ пен қырғыздың атының арнайы аталып тұрып енуі. АҚШ Конгресі алғаш қараған жобада қазақ пен қырғыз болмаған. Бұл екі ұлттың аталған заң жобасының соңғы нұсқасына Серікжан Біләшұлының ықпалымен кіргізілгенін шегелеп тұрып айту – маған парыз.

Әрине, Серікжан Біләшұлының бұл еңбегі қазақ тарихына алтын әріппен жазылады. Сонымен бірге, оның осы жолдағы берген бодауы да аз болған жоқ. «Біз бұл мәселені халықаралық дауға айналдырмайық. Бізді ұйғырлар ісімен немесе Тибет, Тайван ісімен араластырып жатқан адамдар бар. Олар арқылы қазақтың дауын халықаралық дауға айналдырып жатыр» - деп, жалалаған топ оның үстінен қылмыстық іс қозғатуға дейін барды. Тіпті, Серікжан Біләшұлы Доналд Трамптың күшімен Си Цзиньпинді тұқыртып жатқанда, мұндағы аталмыш «Бұқаралық дипломатия өкілдері» Мұхтар Шахановтың қолымен оны  жеті жылға соттатып жіберуге бар күшін салып бақты. Көмекке тағы да АҚШ бастаған Батыс елдері келді. Соңында, бұл дауға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласып, оны белгілі шартпен бостандыққа шығарды.

Ал, Серікжан Біләшұлын сол қамақта жатқанда басталған қаралау мен жалалау әлі жалғасып келеді. Қазірдің өзінде мойнында тағы екі бірдей қылмыстық іс қозғалуы тұр...

Ұлт мүддесі сынға түскен сәтте атқа мінген  топтар арасында ұқсамаған пікірдің болуы, екі немесе одан да көп бағыттағы жолдардың таңдалуы – бұрыннан бар қалыпты құбылыс. Мұндай жағдай Алаш Орда көсемдері мен коммунист қазақтар ортасында да болған. Міне, бір ғасыр өткенде сол тартыс пен айтыс тағы қайталанды.

Біз Мағжан Жұмабаев пен Мұстафа Шоқайдың бағытымен кеттік. «Бұқаралық дипломатия өкілдері» мойнына қызыл беиджик тағып, Сәкен Сейфуллин жолын таңдады.

Өз басым «Бұқаралық дипломатия өкілдерін» айыптаудан, жазғырудан мүлде аулақпын. Бірақ, олардың ұлт мүддесі жолында алып империяға қарсы арыстандай атылған өз бауырын ата жауының аяғына жығып беруге ұмтылған қатыгез әрекетін, жаймашуақтап айтқанда, жігіттік деп есептемеймін. Серікжан Біләшұлы атқарған осынау ерлікпен салыстырғанда, сол аттандап жүрген айналасы он шақты адамның салған байбаламы – маған алыстан бірде естіліп, берде естілмей тұратын масаның ызыңындай ғана болып сезіледі! Аталған «дауды» тек, сол екі топтағы азаматтардың ұстанымы мен саяси сауаттылығының деңгейіне  байланысты туындаған аздаған пікір келіспестігі деп қана қабылдаймын...

Империяға қарсы соғыс ашу оңай шаруа емес, ол тек ұлт мүддесі жолына өзін басы бүтін арнаған тұлғалардың ғана қолынан келеді. Серікжан Біләшұлы осы жолды саналы түрде таңдаған азамат. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте Замана жүктеген ауыр міндетті басын бәйгеге тігіп, абыроймен орындаған батыр. Ол соңғы кезде етек-жеңін жия бастады. Артық сөз бен оғаш қылықты доғарды. Қысқа әрі нұсқа сөйлеуді әдетіне айналдырып келеді. Қарсы айтылып жатқан жала мен қаралауларға бола от алып, қопаға түсетін мінезден айығып, өзін барынша  салмақты ұстайтын болды. Шамасы, әлемдік саясатта өз салмағының артқанын, қазаққа керек тұлға екенін жақсы серізген секілді. Серікжан Біләшұлы босқа айғайлап жүрген жоқ. Оның дауысы Алатауды шырт  ұйқысынан оятып, Гималайды теңселтіп, алып құрлықтың арғы бетіндегі АҚШ-қа жеткен дауыс. Оны қолдаушылар мен тыңдаушылардың саны күн санап көбеюде. Қазақ буржуазиясының азат ойлы жаңа толқыны Серікжан Біләшұлын жақсы көреді.

Егер, Серікжан Біләшұлы осы қалпынан таймаса,  қазақтан шыққан «Әлемдік деңгейдегі тұңғыш құқыққорғаушы» болып, тарихқа қалады. Болашақта оның атында қор құрылып, ұлттық мүдде жолындағы күресте өзі секілді әлемдік  деңгейге жеткен тұлғаларға ғана берілетін «Серікжан Біләшұлы» атындағы сыйлық пен қомақты сыйақы да тағайындалады.

Оған менің сенімім кәміл!

Негізі, Си Цзиньпин мырза «Басыңа іс түскенде достың кім екенін білесің» деген мақалды есіне дұрыс алған. Шыңжаңдағы қандастарымыздың басына күн туған сәтте біз де нағыз досымыз пен жауымыдың кім екенін тіпті де әбден танып жеттік.

Есіңізде болсын, қазақтың нағыз досы Қытай емес, АҚШ екен!

Қазақ пен АҚШ-тың бір-біріне деген қамқорлығы бүгін ғана басталып отырған жоқ. АҚШ пен қазақтың өзара жасасқан адами көмегі мен ізгі ниеті туралы әңгімені арыға бармай-ақ, осы Си Цзиньпин мырза басшылық етіп отырған коммунистік партияның жаныштауы алғаш жүргізіле бастаған өткен ғасырдың сонау қырқыншы жылдарының аяғынан бастасақ та жеткілікті.

Шыңжаң ғасырлар бойы қанталапайдан көз ашпай келе жатқан өлке. Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін ондағы қазақтар да еркіндік жолындағы Ұлт азаттық күресін бір сәтке де тоқтақан емес. Қарулы соғыстан  жеңілсе, идиологиялық күресті үзбей жалғастырып отырды. Сол күрестің соңғы тұяқ серпері – «Үш аймақ төңгерісі» деген атпен тарихқа қалды.

Ол төңкерістің тұңғыш оғы 1944 жылы қыркүйек айында  ағайынды Әкпар мен Сейттің мылтығынан

Іленің Нылқы ауданында атылды. Сол ұлт азаттық соғыс Алтайда Рысхан, Ақтеке, Сұлубай батырлар бастап, Оспанға жалғасса, Еренқабырғада Қалибек, Тәкіман, Нұрпай батырлар атажауына қару кезеніп, қарсы шықты.

Гоминдаң үкіметі билік жүргізіп тұрған мезгілде Үрімжіде АҚШ-тың консулдығы болған. Сол консулдың вице-консулы Mr. Douglas Maskernen мен бас хатшысы Frank Basseic Үрімжі қаласына жақын орналасқандықтан Сауан ауданының әкімі  Қалибек Райымбекұлымен тығыз байланыста болған. 1950 жылы коммунис қытайлар Шыңжаңға басып кіргенде, олар Үрімжіден қашып шығып, Оспан батырдың ауылын паналайды. Оспан Исламұлы оларға көлікке ат, түие береді, жігіттері қорғап  Гаскөлге дейін  жеткізіп салады.  Тибетті бетке алған АҚШ депломаттары Гаскөлде отырған Қалибек хакімнің ауылына кез болады. Бұл туралы көрнекті қоғам қайраткері, Алаштың соңғы тұяғы Хасен Оралтай ағамыз өзінің «Елім-айлап өткен өмір» кітабының 103-бетінде «1950 жылдың ақпан айында біздің ауылға қарай түйеге мінген бірнеше бөгде кісінің келе жатқанын көрдік. Олари не қазаққа, не қытайға ұқсамайды. Алдында келе жатқан біреуі, мінген түйесін шөгерген бойда, қарғып түсіп, құшағын ашып, Қалибек Хакімге қарай ұмтылып барып құшақтады. Ол 1949 жылдың көктемінде Үрімжіде Қалибек хакіммен кездесіп, үйдің шамын сөндіріп қойып, қараңғыда отырып сөйлескен, кейін Оспан батыр, Жанымхан қажы, және Қалибек хакіммен Көктал-Толы жайлауында жиналыс өткізбек болған АҚШ-тың  Үрімжідегі  вице-консулы Mr. Douglas Maskernen еді» деп жазады.

Осылайша, Гаскөлде коммунистерден іргесін аулаққа салғысы келіп  жүрген Қалибек хакім мен Douglas Maskernan арасында жеке сөйлесулер болып, келісімдер жасалады. Douglas Maskernan бес АҚШ долларын ортасынан екіге бөліп, бір бөлігін Қалибек хакімге береді. Өзінде қалған бөлігіне Хакімнің бармақ ізін бастырып алады. «Осы жарты долларды әкелген адамды дос деп санаңдар» деп тапсырады.  Тіпті, Үрімжі маңына жасырған қару-жарақтарының орнын да айтып береді.   «Mr. Douglas Maskernen Қалибек хакіммен қоштасып тұрып, көзіне жас алды. "Сіздің еркіндік-тәуелсіздіктеріңіз жолындағы қызметтеріңіз мен өлсем де Америкаға белгілі болды. егер азат дүниеге шықсаңыз, американдық ресми бір қызметкер көрсеңіз, оған ана бес доллардың жартысын көрсетіңіз!" деді»-деп жазады Хасен Оралтай  аталған естелік кітабының сол бетінде тағы.

Қалибек хакім өз көліктерінің арық екенін айтып, бірге көшіп келе жатқан Құсайын тәйжіден АҚШ депломаттарына көлік тұрғысынан көмектесуді өтінеді. Әділеттілікті асыл қасиет деп бағалайтын АҚШ депломаттары Құсайын тәйжіден алтын беріп сегіз түйе сатып алады.

Өкінішке орай, Тибет жерінде Mr. Douglas Maskernen қаза табады, Frank Basseic аман-есен еліне жетеді. 1951 жылы Үндістанға жеткен Қалибек хакімнің еліне Делидегі АҚШ консулы халқаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамы арқылы көмек қолын созады, виза ала алмай тұрған сәтте «олар коммунист емес» деп куәлік береді.

«Қазақ өзінің ұлттық тәуелсіздігіне ие емес сонау 1949 жылдың аса қиын-қыстау кезеңінде де АҚШ депломаттарына баспана беріп, коммунистерден құтқарған адамгершілікті халық» -деп, сөзін түйіндейді марқұм Хасен Оралтай ағамыз.

Міне, АҚШ пен қазақ арасындағы байланыс пен достықтың тамыры тереңде жатыр. АҚШ президенті Доналд Трамп сол қайырымдылықтың қарымжысын қайтарып, арнайы Заң қабылдады. Қазақ баласының талабын жерге тастамай, ол заңға қазақ пен қырғыздың атын атап тұрып енгізіп отырған көрінеді.

Ал, Тәуелсіз Қазақстан мен АҚШ қатынасына келсек, ол  әңгімені, ең алдымен,  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Беласу» кітабындағы мына бір түйіннен бастаған дұрыс. Себебі, Қазақстанның сыртқы саясаты және Еліміздің депломатиялық байланыс орнатқан мемлекеттермен болған қарым-қатынасы жайлы Қасым-Жомарт Кемелұлының алдына түсіп әңгіме айту -- әбестік болады.

«Қазақстан басшысының абыройын асырған нәрсе, ол тәжірибелі тәлімгердің «шеберлік сабағына келген» тіл алғыш оқушыға ұқсаған жоқ, бірден өзара тиімділік негізінде АҚШ-пен ынтымақтастық орнатуға келгенін мәлімдеді» (258-бет).

Бұл Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992-жылғы 15-мамыда АҚШ-қа жасаған тұңғыш сапары барысында үлкен Дж.Бушпен тұңғыш рет  кездескен сәті туралы әңгіме.

Демек, азуын Айға білеген АҚШ президентімен осылай сөйлескен Назарбаевтың Қытай басшысы алдында, қазақ мәселесіне келгенде, бүгежектеп қалмасы анық. Мәселе, қарсы тараптың деңгейінің төмендігі мен жетесіздігінде  болып тұр ғой!

Тәуелсіз Қазақстанның көп векторлы сыртқы саясатындағы ең зор жетістігі-- АҚШ-пен жоғары деңгейдегі сан-салалы  қарым-қатынас пен уағдаластыққа  қол жеткізе алғандығы екенін біз өте жақсы білеміз әрі мақтаныш тұтамыз. Бұл туралы да көп сөзбай, тағы да Қасым-Жомарт Кемелұлының аталған кітабындағы «Реалист болайық – әлемнің бұл ірі державасымен тұрақты да жақсы қарым-қатынассыз Қазақстанның халықаралық қоғамдастық істеріне толыққанды қатысуын қамтамасыз ету мүмкін де емес. Себебі, қазіргі заманғы әлемдік тәртіпті белгілейтін де Америка» («Беласу», 376-бет) деген сөзімен түйіндесек, жеткілікті. Осы жолғы  Шыңжаңдағы қазақ мәселесіне келгенде қазақ билігінің «үнсіздік» танытуының сыры мен себебі енді түсінікті болған шығар деп ойлаймын.

Есесіне, біз саналы әрі жоспарлы түрде  Қазақстанның сөз бостандығын пайдалана отырып, сол Қасекең айтқан «Әлемдік тәртіпті белгілейтін» елге жүгіндік. Міне,  нәтижесі біз ойлағаннан да табысты болды!

Биыл ақпан айында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Қазақстанға келген ресми сапары қарсаңында  Чжан Ханьхуэй  мен Чжан Сяо «Өтірік!» деп бетбақтырмаған  Қытайдағы геноцидтікке ерекше назар аударып, Шыңжаңдағы  концлагерлерге қамалып,  фашистік  қысымға ұшыраған этникалық қазақтардың Қазақстандағы бір бөлім  туыстарын Нұр-Сұлтанда қазақ үйде арнайы қабылдауын, олардың қайғысына қамығып көзіне жас алуын – осы нағыз достықтың шынайы белгісі, Серікжан Біләшұлы жүргізген  күрестің нәтижесі деп қабылдадық...

Сөйтіп, адамзат тарихында коммунистік жүйенің фашистік езгісінен көз ашпай келе жатқан бауырлас ұйғыр халқының мүддесі азуын айға білеген АҚШ заңымен қорғалатын болды. Аталған заңның шапағаты тек ұйғырлар ғана емес, Шыңжаң өлкесіндегі өзінің байырғы мекенінде өмір сүріп келе жатқан қазақ, қырғыз және басқада азшылық ұлттарға да тиетіні айтылып жатыр. Осы жолдағы Ұлы жеңісі үшін Серікжан Біләшұлы бауырымды шын жүректен құттықтаймын!

Бар мәселе осымен бітті десек, жаңсақтық болады. Серікжан Біләшұлы атқаратын  жұмыстың көкесі әлі алдыда. Ол осыған дейін ауылдың учаскелік полициясына азызданудан жасқанатын жерлестерін жетелеп жүріп  партиялар мен министрліктерге, «Amnesty International», «Human Rights Watch» сынды халқаралық адам құқығын қорғайтын беделді ұйымдарға, одан ары АҚШ Президенті Доналд Трамп пен БҰҰ-ға дейін емін-еркін арыздана алатын деңгейге жеткізсе, енді «Ұйғырлардың кісілік ұқық саясаты туралы» Заңын пайдаланып, сол қандастарының Қытайдан алатын ұпайынын түгендеп беруі керек. Жұрт ренжімесін, бұл жұмыс әзірше Серікжан Біләшұлынан басқа ешкімнің  қолынан келіңкіремейді. «Бұқаралық дипломатия өкілдері» Қытайға қарсы бір қадам аттап баса алмасы белгілі. Ал, олардың  АҚШ-қа қарайтын беті тіпті де жоқ. Менің  шеттен көшіп келген ағайынның шаруасы мен партия жұмысынан қолым тимейді. Бар салмақ тағы да баяғы Трамп пен Серікжанға  түскелі тұр.

Соған дайын бол, Серікжан Біләшұлы!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

44 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1489
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529