Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 14160 2 пікір 30 Маусым, 2020 сағат 12:59

Ж.Аймауытұлы және ұлттық тәрбие

Тәрбиенің негізгі мақсаты мінезді түзеу,
адамшылыққа қызмет ету,
адал еңбек ете білуге тәрбиелеу.
Ж.Аймауытұлы

Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Ен далаға ие болудың өзі ұлттық санамен тәрбиеленген ұрпаққа қатысты болса керек-ті. Ата-бабаларымыз баланың бойында ар, ұят, намыс, мейірімділік, жомарттық, батырлық, обал, сауап құндылықтарын ерте бастан еккен. Ұлын намысты, қызын ұятты қылып өсіру мемлекеттік деңгейдегі мәселе болған. Өз ұрпағын бала кезінен даулы мәселелерді шешуге қатыстырып, төрелік айтуға, батырлыққа, елін, жерін қорғауға тәрбиелеп, қазіргіше айтқанда жеке тұлға компоненттеріне ерекше назар аудара білген.Сөзімізге дала демократиясына жол ашқан дала заңдары (Қасым ханның қасқа жолы; Тәуке ханның Жеті жарғысы) куә. Сондықтан да, батырлардан кенде болмадық. Батыры көп елдің тәрбиесінің ерекше болатындығын тарихымыз дәлелдеп тұр. Осы мәселе әр ғасырдағы зиялыларымыздың шығармашылықтарының басты тақырыбы болды.

Қазақтардың ұлттық менталитетінде «азамат», «батыр» ұғымының мағынасы өте кең әрі мазмұнды. Әрбір баланы азамат ретінде қалыптастыру ата-ананың, қоғамның ең негізгі мақсаты болған. Қазақ халқы кез-келген әлеуметтік саяси, тіпті отбасылық қарым-қатынаста дұрыс шешім қабылдап, өзінің позициясын көрсете білген,  батыл, қайратты адамға «азамат», «батыр» деп қараған. 

Азаттықтан айырылғаннан кейін ұлттық тәрбиеге сызат түсті. Ұлт зиялылары халықты тәрбиесінен ажыратпау үшін заман ағымының талаптарына сай, ғылыми еңбектер жазып, ұлтына аянбай қызмет етті. ХХ ғасырдың басында  жазылған еңбектердің ғылыми маңызы зор, халқымызға тигізер пайдасы мол. 

Ұлттық тәрбие беруде ұлттық психология ғылымының алатын орны ерекше. Ұлттық психология ұлттық сананы биіктетеді. Ұлттық психология ғылымының негізін қалаған Ж.Аймауытұлының  еңбектері жаһандану заманында бала тәрбиесінде таптырмайтын құнды шығармалар. Ж.Аймауытұлы 1918 ж. «Абай» журналының 1,2 сандарында «Тәрбие» атты көлемді мақаласында тәлім-тәрбиелік ой-пікірлері  ғылыми тұрғыдан терең баяндалған.

Ж.Аймауытұлы: «адам мінезінің, ақыл-қайратының әр түрлі болуы  тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан... Адам баласының ұрлық істеуі, өтрік айтуы, кісі тонауы, өлтіруі сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен» - деп жазған еді. Одан әрі тәрбиенің екі түрлі болатынын: дене тәрбиесі және жан (рух) тәрбиесі болып бөлінетіндігін  атап көрсетіп, білім құндылығының қаншалықты қажет екендігін жазады.

Қазақ жерінде тұңғыш педагогика, психология, көркемөнер ғылымдары саласында құнды-құнды ғылыми-зерттеу еңбектерін жазып халыққа мұра етіп қалдырған Ж.Аймауытұлы балаға әсер ететін нәрсе медресе (мектеп) және тәрбиеші (мұғалім) деп ерекше атап көрсетеді. Ғалым «Кейде белгісіз себептермен күшті ықпал ететін, әсер  туғызатын жағдайлардың  да болуы мүмкін. Ол замандастары (құрбы -құрдастары), туған ауылы, өскен ортасы, оның діні, тілі һәм басқа да нәрселер», - деп, тәрбие мәселесіне  ықпал ететін  факторларды тізбектеп талдайды. Автор ең алдымен бала тәрбиесіндегі  отбасының  рөліне ерекше тоқталады. «Баланы бұзуға, яки түзеуге  себеп болатын бір шарт  жас күнде  көрген өнеге. Ол өнеге  әке-шешенің тәрбиесі арқылы қалыптасады. Ата-ананың  берген тәрбиесі  баланың  мінезіне салған ізге байланысты» - деген тұжырымдары атан-аналардың есінде болуы тиіс. Баланың  бойына  жастайынан сіңген мінезді қайта түзету  қиын мәселе. Ғұлама ғалым Ж.Аймауытұлы бала мінезінің дұрыс қалыптасуындағы  ата-ананың  рөлін анық, айқын ашып көрсеткен. Адамның отбасында көрген тәрбиесі өмір бойы адам бойынан көрініс беретіндігі сөзсіз. Сондықтан да, Ж.Аймауытұлының  ата-ананың  бала тәрбиесіндегі рөліне қатысты  идеялары  бүгінгі күнде де өте өзекті. Қазіргі ғаламтор билеген заманда кітап оқу ісі шетке ысырылғандығы белгілі. 

Ата-аналардың өздері де кітап оқуға ынталы болса, бала да кітапты жақсы көріп өседі. ҚР Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов үстіміздегі жылы ата-аналарға жазған хатында: «Ата-аналардың балаларды кітап оқуға баулығаны өте маңызды. Егер, бала Сіздің кітап оқып отырғаныңызды жиі байқайтын болса, өзі де қолына кітап алатын болады»-деп кітап оқудың  маңыздылығын ата-аналарға айтқан еді. Кітап оқитын ұрпақтан нағыз білімді және тәрбиелі  зияткер ұлт қалыптасады. 

Сонымен қатар, Ж.Аймауытұлы бала психологиясына байланысты ғылыми зерттеулерінде адамның қылығын зерттеу мәселелерін терең талдап, балалардың қалай ойлайтындығын бақылаған. Жеке тұлғаның ойының ұшқырлығын, ойын кезіндегі баланың шығармашылығын, еліктегіштігін, сонымен қатар балалардың көбірек ойнайтын ойындарының қандай екендігін зерттеген. Ол үшін бақылау түрлерін табиғи және тәжірибелі бақылау деп жоспарлаған. Тәжірибелі бақылаудың артықшылықтарын талдаған. Ж.Аймауытұлы «Тәрбиеге жетекші» (1924 ж.) деген еңбегінде баланы оқытудың ережелерін баяндайтын педагогика бөлімін «дидактика» - деп атап, дидактикаға қазақ тілінде тұңғыш ғылыми анықтама берген ғалым.         

Ж.Аймауытұлы «Тәрбиенің негізгі мақсаты мінезді түзеу, адамшылыққа  қызмет  ету, адал еңбек  ете білуге  тәрбиелеу» деп тәрбиенің мақсатын тұжырымдаған. Ал, баланы еңбекке тәрбиелеудің маңызы туралы: «орта мектептерде бұл туралы жақсы табыстың бірі - қол өнерін мектеп бағдарламасына енгізу. Мұндай мектептің маңызы жас буынды үй шаруасына немесе арнаулы өнерге ыңғайлы, епті шығаратындығымен емес, ақыл жүйесі мүлде өзгеше азамат тәрбиелеп беретіндігінде. Табиғаттағы күрделі қатынастарды көзбен көреді, нағыз құбылысты тілмен суреттеп жеткізу мүмкін еместігін көріп сенеді, - осылайша бір тоқып алса, баланың жадында мәңгі қалады.Осындай жұмыстар баланы дәлдікке, шыншылдыққа үйретеді, өйткені қолмен істелген нәрсе, олай-бұлай бұлтақтататын сөз емес, өзінен-өзі анық. Ондай жұмыстар баланы өзіне-өзі сенуге үйретеді, нәрсеге баланы дәйім қызықтырып, ілтипатын салғызады. Қысқасы, қол өнері оқытушысының тәртіп сақтау (дисциплина) қызметін мейлінше азайтып, міндетін жеңілдетеді»-деп баяндаған. Осылайша, мектепте баланы шығармашылықпен тәрбиелеудің маңызды жолдарын ашып көрсеткен.

Ж.Аймауытұлы баланың ақылын, сезімін, ерік-жігерін, мінезін тәрбиелеу керектігін атап көрсетті. Балаға туған елдің салт-санасын, әдет-ғұрпын көрсетуді ұсынды. Баланың тіл байлығын арттыруға ерекше көңіл бөлді.

Қазақ тілінде тұңғыш жарық көрген «Психология» оқулығын, ондағы бала психологиясын зерттеу идеяларын  қазіргі білім беру жүйесінде қолданудың тағылымдық маңызы зор. Ж.Аймауытұлы психологияны «жан туралы білім» деп, ұлттың психологиясын ғылыми тұрғыда қарастырған.

Ж.Аймауытұлының ғылыми зерттеулеріндегі құндылықтар жоғары бағаланып өзбек, қырғыз, түрікмен, әзірбайжан, қарақалпақ, башқұрт және т.б. тілдерінде жарық көрген.

Жаһандану заманында, ақпараттық технологиялар ағымында тәрбие жұмысының мазмұны да ұлттық құндылықтарға, ұлттық психологияға сай құрылуы тиіс. Сонда ұлттық санамен тәрбиеленген ұрпақ қалыптасады.     Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Bіlіm jáne Ǵylym!» атты ұстаздардың тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде: «Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде: «Әрбір тәрбиеші баланы ұлт дәстүрімен тәрбиелеуге міндетті» дейді. Ұлттық құндылыққа  қанығып өскен  өреннің  танымы терең, ділі берік болады. Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылатын зор үміт.Кейінгі ұрпақ тәуелсіздігіміздің туын әрқашан жоғары ұстауы тиіс», - деп атап өткен еді. 

Сәрсембина Бақыткүл Қуандыққызы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290