Сенбі, 23 Қараша 2024
Араша 4704 11 пікір 2 Шілде, 2020 сағат 13:46

Макс Боқаевқа билік рақымшылық жасай ма?

Сурет: КазТАГ-тікі

2016 жылдың қоғамдық резонанс тудырған басты мәселесі - жер митингілері болғанын білесіздер. Қазақстанның өңір-өңірінде өткен сол митингілердің, сол митингілерге қатысқан халықтың басты талабы - жердің шетелдіктерге сатыламуы мен жалға берілмеуі болды. 

2016 жылғы жалпыхалықтық наразылықтың екі батырын атау керек болса, соның бірі Макс Боқаев еді. Билікке батыл талап қойып, Атыраудағы жұрттың алдында тұрды. Сол үшін қудаланды. Сол үшін істі болды. Сол үшін  «әлеуметтік араздық тудырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу заңдарын бұзды» деген айыппен 2016 жылдың қарашасында бес жылға сотталды.

Боқаев өзіне кесілген жазаның көп бөлігін (3,5 жылын) өтеді. Бұған дейін халықаралық ұйымдар Боқаевтың соты әділ өтпеді, деп ел билігін айыптай сөйлеген. Азаттық сайтының мәліметінше, «Amnesty International» ұйымы Боқаевты ар-ождан тұтқыны, деп атаған.

Сонымен қатар, Еуроодақ белсенділері мен «Human Rights Watch» ұйымы және БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі сарапшылары да Боқаевтың сотталғаны қателік екенін айтып, оларды қудалауды тоқтатуды талап еткенін жазады.

Ал, жуырда АҚШ конгресінің 12 сенаторы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, «сөз еркіндігі мен жиналу еркіндігіне құқығын пайдаланғаны үшін» сотталған белсенділер мен адам құқығын қорғаушыларды дереу түрмеден босатуды сұрады.

АҚШ сенаторлары өздерінің үшбу хатында екі адамның атын атап көрсетіпті. Соның бірі Макс Боқаев. Олар COVID-19 пандемиясына байланысты тұтқындарды дереу шығару керек деп санайтынын жазған. Сенаторлардың сөзінше, түрмеде вирус жұқтыру қаупі жоғары, ал жазасын өтеушілерді ертерек шығару коронавирустың тарауын тоқтатуға көмектеседі.

Ал, Боқаевтың өзі қазір денсаулығы сыр бергенін және COVID-тың барлық белгілері анықталғанын айтыпты. Бұл туралы ресми тіркелмеген Демпартия жетекшісі Жанболат Мамай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Жаңа ғана түрмеден Макс Бокаев хабарласты. Бесінші күн болды ауырып жүр екен. Температурасы 38.5 градусқа дейін көтеріледі, дәрі беріп 37-ге түсіріп, күні бойы аяқта жүреді. Иіс, дәм сезу деген жоқ. Жатып, емделіп жүрген ешкім жоқ. Абақтыда отырғандардың барлығы жаппай ауыруда. Екі күн бұрын Макс коронавирусқа тест тапсырған екен, нәтижесін әлі де көрсетпеген. Жедел жәрдем шақырса да, түрмеге келмейді. Үйінде жатқан адамдарға келмейтін жедел жәрдем, түрмеге қайдан келсін, енді? Түрменің қызметкерлері де бірінен соң бірі жұмысқа шықпай қалуда: ауырып жатыр деген күдік бар.

Макстың айтуына қарағанда, оның бойында КОВИД-тың барлық белгілері бар. Ал жерді қорғаған батырдың денсаулығы мықты емес екені баршамызға белгілі.

Осы себепті, Макс Бокаевты дереу абақтыдағы емес, бостандықтағы емханаға жатқызып, тиісті ем-дом жасауын талап етеміз!

Сонымен бірге, Макстың азаттығын сұрап, сонау мұхиттың ар жағындағы АҚШ-тың сенаторлары ара түсіп жатыр! Біздің бір депутат үндемегенде, американдық заң шығарушылар, арасында президенттікке үміткер болған атақты Митт Ромни де бар, Макс Бокаевтың бостандығын талап етіп, Тоқаевқа тікелей хат жазды. Біз де өз тарапымыздан, Максты бір күн түрмеде ұстамай, дереу бостандыққа жіберуін қажет деп санаймыз! Макс Бокаевқа бостандық берілсін!», - деп жазды Мамай.

Сонымен қатар, Боқаевтың денсаулығының нашар екенін онымен бірге жер митингісіне қатысқаны үшін сотталып, кейін босап шыққан Талғат Аян да жазды. Ол ҚР Президентінен Боқаевтың бостандыққа шығуын талап еткен.

«Қасым-Жомарт Тоқаев! Макс Бокаевты жедел түрде босатуды талап етемін!

Қазір Макс таксофонмен колониядан хабарласты, өзінің 5 күннен бері «тұмаулап» қалғанын, температура (38,2), жөтел, иіс, дәм сезбейтінін айтты. Ем алып жатыр, жағдайы бірқалыпты. Макстың денсаулығына алаңдаулымын. Колония әкімшілігі мен басқа да сотталғандар ауырып жатыр. ІІМ-нің қылмыстық-атқару жүйесінен Макстың денсаулығын жіті бақылауға алуды талап етемін!

Макс Бокаевты босатуды АҚШ-тың сенаторлары талап етіп жатқанда, біздер қарап қалмайық. Талапты қолдасаңыздар, аты жөніңізді, қалаңызды комментарийге жазуды сұраймын», - деп жазды Талған Аян. 

Айта кетейік, осыған дейін белгілі заңгер Абзал Құспан әлемді алаңдатып отырған COVID-19 пандемиясының таралуына байланысты түрмелер мен тергеу изоляторларындағы жазасы аса ауыр емес, кісі өлтірмеген, қоғамға қауіп төндірмейтін немесе жаза мерзімі аяқталуға жақын, экономикалық қылмыстар бойынша сотталған азаматтарды, әйелдер мен зейнеткерлерді босату туралы Президентке ашық хат жазған болатын.

Адвокаттың айтуынша, Қазақстан түрмелеріндегі жағдай халықаралық талаптарға мүлде сай келмейді. Бұл сәйкесінше, коронавирустың әрі қарай өршіп кетуіне себеп болатын көрінеді.

Сонымен, Халықаралық ұйымдар араша сұрап, қоғам белсенділері босатуды талап етіп отырған Макс Боқаевқа билік рақымшылық жасай ма? Сіз не дейсіз?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5349