Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жауап 5343 9 пікір 5 Шілде, 2020 сағат 12:47

«12 жылда мемлекеттен 2 млрд. теңге қаржы алдыңыз!»

Редакциядан: Белгілі кинорежиссер, Қазақстанның Кинематографистер одағының төрағасы Ермек Тұрсынов өзінің Facebook желісіндегі жеке парақшасында Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығына қарата сын айтқан еді. Ермек Кәрімжанұлының аталған мақаласын Abai.kz сайтында жариялаған едік.

Кейін осы жазбаға жауап ретінде ұлттық киноны қолдау орталығының қызметкері, продюссер Айдархан Әділбаев өз парақшасында жазба жариялады. 


«Құрметті Ермек Кәрімжанұлы!

Сіздің әлеуметтік желіде жариялаған «ПРЕЗИДЕНТПЕН КЕЛІСЕТІН МӘСЕЛЕМ ҚАЙСЫ?» атты жазбаңызға қатысты өз көзқарасымызды білдіргенді жөн деп санадық. Мемлекеттік саясатты жүргізіп отырған орган – Министрліктің, Ұлттық киноны қолдау орталығының жұмысына байланысты айтқан кей пікірлеріңізбен келіспейтінімізді, тіпті кейбіреуін жоққа шығаратынымызды айтқымыз келеді. Бұл ретте, тағы бір басын ашып алатын мәселе, Сіз өзіңізді еліміздегі кино өндірісінің жанашыры етіп көрсеткіңіз келеді, бірақ әңгімеңіз қаржылық есеп-қисаптан арығы бармағанын, оның өзінде кино саласындағы қыруар қаражат туралы айтқанда, өзіңізге қатысты деректерді бүгіп қалғаныңыз көңілге күдік ұялатады.

Бұған дейін Сізді мемлекет тарапынан 2 млрд теңгеден астам қолдау көрген білікті режиссер, салиқалы сценарист деп танып келгеніміз қате болып шыққаны өкінішті, әрине.

Иа, Сіз көтерген мәселе «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы»  жайында қазір уакілетті органдар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өзіңіз айтып отырған «Нартай» көркем филмі түсірілді, министрлік тарапынан бұл туындының сапасы мен мазмұнына әзірге ешқандай наразылық, сын-ескертпе айтылмады. Тағы бір айта кетерлігі, сіз шүйлігіп отырған бұл фильмді қаржыландыру туралы шешім 2019 жылдың 5 маусымында шығарылды. Ал ол кезде «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына» А. Хазбулатов жетекшілік еткен еді. Сарапшылар Кеңесіне Қазақстанның Еңбек Ері, кино және театр актері, Қазақ КСР халық артисі, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов төрағалық етті. Яғни, Г.Сарсенова ол кезде «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында» жұмыс істеген жоқ.

Сіз питчинг нәтижелерін жоюды, өтінімдерді қайта қарауды талап еткен екенсіз. Фильмдерді іріктейтін сарапшылар кеңесіне де сенімсіздік танытып, олар қабылдаған шешім қайта қаралсын деген ұран тастапсыз, жазбаңызда. Ал сол кеңес құрамында ӨЗІҢІЗ де мүше болдыңыз ғой, аты-жөніңіз кеңес құрамынан әлі күнге дейін алынып тасталмағанын айтқымыз келеді. Жалпы қазір сарапшылар кеңесінің құрамында саланың білгір мамандары, кино өндірісінің басынан аяғына дейін қамтамасыз ететін кәсіби мамандар отырғанын нық сеніммен айта аламыз.

Дәл осы «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» жанындағы Сарапшылар кеңесінде (05.06.2019 ж.) мүше болғаныңызда шалғай ауылдағы 3 шалдың қарым-қатынасы туралы баяндайтын «Выбор» (Жили-были) атты өз фильміңізге 600 млн теңге сұрап, ақыр соңында 500 млн теңге бөлгізгеніңізді неге айтпайсыз? Бұл соманың 100 млн теңгесі былтыр қолыңызға тиді. Жалпы 500 млн теңгеге өте күрделі қойылымдарды талап ететін тарихи фильмдер түсірілетінін айта кету керек.

Қалың оқырманға түсінікті болу үшін сіз 500 млн теңгеге түсіргелі жатқан «Выбор» (Жили-были) фильмінің синопсисінен үзінділер келтіре кетуді жөн санадық.

Елімізде дәл Сіз сияқты мемлекет тарапынан қолдауға ие болған режиссер жоқ шығар, сірә. 2008 жылы «Келін» фильміне 99 млн 991 мың теңге, 2012 жылы түсірілген «Шал» фильміне 387 млн 100 мың теңге, 2015 жылы жарыққа шыққан «Кенже» атты туындыңызға 505 млн теңге, көрерменге биыл ғана жол тартқан «Шырақшы» фильміне 680 млн теңге бөлініпті. Соңғы туындыңыз 2015 жылы мақұлданып, 2017 жылы жарыққа шығуы керек еді. Көрерменге 3 жыл кешігіп барып жол тартуына не себеп болғанын қалай түсіндіресіз? Өзіңіз де есеп-қисапқа жүйрік екеніңізді байқаттыңыз. Айналасы 12 жылда мемлекеттен 2 млрд 172 млн теңге қаржы алып, осыншама қолдау көрген басқа кімді айта аласыз?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 25 маусым күні ұлт басылымы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек. Қырғыз киногерлері «Құрманжан датқа» деген мәнді, мағыналы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді. Соған бар-жоғы 1,5 миллион доллар жұмсаған. Ал біздің кинематографистер бұдан әлдеқайда көп сұрайды. Ал түсірген дүниелерінің сапасы әрдайым көңілден шыға бермейді. Өкінішке қарай, бүгінде біздің киногерлер де ауызбіршілік таныта алмай отыр. Бұл – шығармашылықты тұралататын жағдай» деп еліміздегі киногерлер арасындағы ауызбіршіліктің жоқтығына алаңдаушылығын білдірген еді. Жоғарыда айтылған қомақты қаржыға ел аузында жүретін бір фильм түсіре алмағаныңызға не айтасыз?

2018 жылы «Шәкен жұлдыздары» кинофестиваліне 93 млн теңге алыпсыз. Ал былтырғы жылы «Еуразия» кинофестивалін өткізуге деп бөлінген қаражаттан өзіңізге 5 221 892,80 теңге қаламақы алып, бейнережиссерлік қызметін ұсынған А.Каменский мен А. Хазбулатовқа 10 млн теңге төлетіпсіз. Ал сол кинофестиваль шеңберінде шеберлік сабағын өткізген ұлтымыздың «Жібегі» атанған Меруерт Өтекешоваға 22 500 теңге берілгенін қалай түсіндіресіз?

Бұдан қалды біраз уақыт «Қазақфильм» киностудиясында көркемдік жетекші болып ай сайын 500 мың теңге айлық алып келдіңіз. Сол кезде ұлттық киноны дамыту, еліміздегі кино өндірісін ілгерілету үшін не істедіңіз?

Өз жазбаңызда мемлекеттен қаржыландырылу үшін фильмдерді өндіріске жіберу туралы ақырғы шешімге министрдің қол қоятынын айтасыз. Бұл жерде де «Американы ашқандай» айғайға аттан қосудың сырын ұға алмадық. Ведомствоаралық комиссия қабылдап, бекіткен фильмдерге министр қол қоймағанда, кім қол қояды?

Енді Сіз басқарып отырған Қазақстан Кинематографистер Одағының жұмысына келсек. Осыдан 4 жыл бұрын Одақтың кезекті съезді өтіп, басшылыққа ұзақ жылдар «Қазақфильмнің» директоры болған тәжірибелі маман Сламбек Тәуекел мен продюсер, режиссер Ахат Ибраев келгенде саланың көсегесі көгеретініне сенім білдірдік. Кинотанушы, киногерлер, киносыншылар «жұмыс алға басатын болды» деп қуанған тұс та осы еді.

Ал басшылыққа сіз келгелі Одақтың басынан дау арылмай қойды. Талайды әуреге салған Кино Үйінің тағдыры әлі күнге біржақты реттелген жоқ. Кино өндірісінің жұмысы, болашағы талқылануы тиіс Одақ бүгінде бық-сық әңгіменің ордасына айналып бара жатқаны өкінішті. Сіз жетекшілік еткен айналасы 2 жылдың ішінде еліміздің белгілі режиссерлары Ақан Сатаев пен Ахат Ибраев Одақтан шығып, өзіңізбен жұмыс істеу мүмкін еместігін жалпақ жұртқа жария еткенін қалай түсіндіресіз? Биылғы жылдың ақпанында еліміздегі коммерциялық фильм түсіріп жүрген жас режиссерлармен кездесуде ізіңізден ерген інілеріңіз Нұрлан Қоянбаев, Нұртас Адамбайлардың да «біз сияқты касса жинаған қандай фильміңіз бар?» деген сұрағына жауап таппай міңгірлеп қалғаныңыз ел есінде. Бұл ретте өзгенің мінін іздегенше, өз құзырыңыздағы мәселелерді оңтайлы шешуге жұмыс істегеніңіз әлдеқайда дұрыс болар ма еді.

Жазбаңыздың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзінен үзінді келтіріпсіз. Кинематографистер ортасында «дау күшейіп», оның «ішкі айтыс-тартысқа әбден бөккенін» айтқан жерімен толық келісемін дейсіз. Бірақ, сол өнбес даудың, мағынасыз айтыс-тартыстың бел ортасында өзіңіз жүргеніңізді білесіз бе? Өнерге, мәдениетке шын жанашыр жан болсаңыз 5 бет жазбаңызда киноөндірісті дамыту, өркендету жайлы емес, ана жобаға, мына жобаға бөлінген қаражаттың есеп-қисабын түгендеп, әлдекімде өші кеткен адамдай өршелене қаржылық мәселеден аса алмағаныңыз Сіздің «шөміштен қағылған жанның» кейпін көрсетуге деген талпынысыңыз емес пе?

Айта кетерлігі, бұл Сіздің бүйтіп «бүйректен сирақ шығаруға» талпынып, шырық бұзуға жасаған алғашқы әрекетіңіз емес. Соңғысы да бола қоймайтын сияқты… Өкінішті.

Шіркін, кино өнеріне шын жаны ашитын азаматтарымыз қайда екен?…»

Айдархан Әділбаев

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2252
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3505