Бір қадам алға, жарты қадам артқа
немесе президенттің үндеуі туралы бір ауыз сөз
Президент телеарналардан кезекті үндеуін жария етіп, халқының алдына шықты. Онысы дұрыс болды.
Иә, ел ішінде айтылып жүрген біраз жайттарды қозғады. Ол да бір қадам болса да алға жылжу деп есептеймін.
Яғни, президент жұрттың көңіл-күйінен біршама хабардар болса керек.
Медицина саласын тығырыққа тіреген ДМ-нің "бұрынғы басшылығының жүйелік кемшіліктері" туралы да айтты. Ол да дұрыс.
Дәрі-дәрмек бағаларын жөнсіз шарықтатып жібергендердің қылмыстық дерлік әрекеті тергеліп жатқанын да айтты. Ол да орынды.
Не жетпеді?
ТЖ кезі мен карантин кезінде жұмыссыз, табыс көзінсіз қалған ағайын мен тоқтап қалған отандық бизнестің тағдырына қатысты ешнәрсе айтылмады. Не әлеуметтік көмек жоқ, не кәсіпкерлерге нақты қаржылай қолдау механизмі жоқ.
Осы күндері жұрт қоғам өмірінің көптеген саласының жазда, күзде не болатынын қызу талқылап жатыр. Мәселен, ірі және шағын кәсіпорындар қалай жұмыс істемек, мектеп пен университтердегі оқу процесі қалай жүргізілмек және тт. Оларға әлі де жауап жоқ.
Иә, тиісті мемлекеттік комиссия бар. Олар өз ақпаратын бере жатар.
Бірақ осынау ел басына күн туған тағдырлы кезеңде ең басты мәселелер жөнінде жұрт өз президентінің кесімді де шешуші пікір айтуын күтеді. Ал ол дегеніңіз жауапкершілікті төменгі жаққа сырғытпай, өз мойнына алу деген үлкен сөз.
Төрт ай бойына індетпен арпалысып, әрбір жан үшін күресіп жатқан дәрігерлер қауымына қосымша қандай көмек болады? Ол да айтылмады.
Меніңше, елдің өз президентінен күткені нақ осы, нақты көмек мәселесі еді!
Иә, бюджет жағдайы қиын. Оны түсінеміз.
Бірақ кезінде жеке банктерді дағдарыстан құтқаруға 12 миллиардтай доллар жұмсағанда аса қинала қоймаған билік неге қарапайым халыққа, өз бизнесіне көмектесуге келгенде "шық бермес, Шығайбайға" ұқсап, сондай жомарттық танытпайды?
Осындайда, шын мәнінде ел қырылып жатқан нәубет кезінде неге Ұлттық қордан тиісті қаржы қарастырылмайды? 60 миллиардқа жуық ол едәуір қорды кім үшін, не үшін сақтап отырмыз?! Өйтпесе, ертең көмекке мұқтаж адам да қалмайды ғой!
PS. Осынау сыни кезеңде президенттің ел алдына жиі шығып тұрғаны дұрыс. Халықпен бірге екенін көрсетсін.
Тек ондай жария шығысы -
тікелей эфир болса,
бүгінгідей тым келте қайрылмаса,
алдын-ала түскен сұрақтарға, соның ішінде, сыни сипаттағы хаттарға, мәселен, кешегі салютке қатысты ашулы сөздерге, жауап берсе,
қағазға қарамай, жанды әрі өз сөзімен елімен сырласса,
елдегі жағдайды жүйелі түрде қиындатып жіберген біліксіз бюрократтардың атын атап, түсін түстеп, сол сәтте қатаң жауапкершілікке тартса -
деген кәсіби технологиялық-коммуникациялық ұсыныстар бар...
PS 2. Айтпақшы, неге алдағы парламент сайлауынан дәмелі партиялар қала мен ауылда қиналып қалған ағайынның мұң-мұқтажын президентке ашық айтып, жеткізбейді? Осындай кезде халықтың сөзін сөйлесе, бәлкім, ертең сайлауда жұрттың беті бері қарар ма еді, ә? Әлде жоғары жақтың рұқсатын күтіп отыр ма?
PS 3. Неге осы біздің басшылардың орыс тіліндегі сөздері ана тіліндегі мәтінге қарағанда анағұрлым мәнді де мазмұнды, сондықтан - маңызды боп шыға береді?
Әміржан Қосановтың жазбасы
Abai.kz