Жұма, 14 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 101848. Жазылғандар — 78633. Қайтыс болғандар — 1269
Ел іші... 1587 20 пікір 13 Шілде, 2020 сағат 10:16

13 шілде – Қазақстанда ұлттық аза тұту күні

Бүгін, 13 шілде елімізде пандемия құрбандарын еске алу үшін Ұлттық аза тұту күні.

Қазақстанның барлық қаласында мемлекеттік тулар түсіріліп, телеарналар эфирінен ойын-сауық бағдарламалар тоқтатылды.

Елорда уақытымен 12:00-де бір минуттық үнсіздік жарияланады. Бүгін сондай-ақ, мешіттерде құрбандар рухына бағышталып дұға оқылып, шіркеулерде діни жоралғылар жасалады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 59 899 адам коронавирус жұқтырған. 375 адам осы дерттер қайтыс болған. Министрліктің бұл тізіміне тағы 100-ден аса адам енбеген. Құзырлы органдар олардың өліміне басқа дерттің себеп болғанын айтқан.

Бұған қоса, елімізде пневмония да өршіп тұр. Ресми мәлімет бойынша, 2020 жылдың алғашқы алты айында 98 мыңнан астам адам пневмронияға шалдыққан. Бұл былтырғы көрсеткіштен 55,4 пайызға артық.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустан қайтыс болған қазақстандықтарды еске алу мақсатында 13 шілдені ұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын.

Ұлттық аза тұту күні Тәуелсіздік алғалы Қазақстанда тоғызыншы рет жарияланып отыр.

Президент Тоқаев пандемия құрбандарын үнсіз еске алу рәсіміне қатысты

Жалпыұлттық аза тұту күніне орай Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясының алдында індеттен қаза болған азаматтарды еске алды.

Сонымен қатар рәсімге Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, Президент Кеңсесінің бастығы Нұрлан Онжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысты.

Індет құрбандарын үнсіз еске алу рәсімі республиканың барлық аймағында өтті.

Премьер-министрдің көңіл айтуы:

Мамин Аскар Узакпаевич Биография - Премьер-Министр РК ☀NUR.KZ

Осынау күрделі кезеңде Қазақстан коронавирус індетімен күресуде. Өкінішке қарай, қауіпті індеттің салдарынан біздің отандастарымыз да көз жұмуда. Қайтыс болғандардың туған-туыстары мен жақындарына аса қайғыра отырып көңіл айтамын.

Мемлекет басшысының шешімі бойынша 13 шілде COVID-19 індетінен қайтыс болған қазақстандықтарды еске алу үшін Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Қабылданып жатқан шаралар халқымыздың табандылығы мен ерік-жігерін және өз күшіне деген сенімін тағы бір көрсете отырып, бізге індеттің таралуын тоқтатуға мүмкіндік беретініне сенімдімін.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі.

Сенат төрағасының көңіл айтуы:

Мәулен Әшімбаев — Сенат депутаты — "Айғақ" ақпараттық порталы

Мемлекет басшысы коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялағаны белгілі. Соған байланысты бүгін барша Қазақстан халқы аза тұтуда.

Өкінішке қарай, пандемия салдарынан көз жұмған жандардың қатарында елдік мұратты ту еткен арыстай азаматтарымыз, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, өзгенің өмірі үшін соңғы сәтке дейін күресіп өткен дәрігерлеріміз бар. Біз үшін дүниеден озған әр отандасымыздың орны бөлек.

Осыған орай індеттен қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Енді ешқашан мұндай қаралы күн болмасын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Біз қабылданған шаралардың арқасында пандемияның таралуына тойтарыс беріп, індетті ауыздықтаймыз деп сенеміз. Қазақ – сан қилы тарихында бұдан да ауыр сынақтардан сүрінбей өткен және талай тар жол, тайғақ кешуден аман қалған халық. Соның бәрінде бекем бірлік пен ырыс-ынтымағымызға табан тіредік. Қазір де дәл солай ауызбіршілік танытсақ, аурудың әрі қарай асқынуына жол бермейтініміз сөзсіз.

Сондықтан әрқайсымыз жақындарымызға жанашырлық танытып, мамандар анықтап берген талаптарды орындауға ерекше көңіл бөлейік! Әр азаматымыздың амандығы үшін бірге күресейік!

Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы.

Abai.kz

20 пікір