Сенбі, 23 Қараша 2024
Дат 5257 19 пікір 14 Шілде, 2020 сағат 13:50

Заң шығару ісіне Президент әкімшілігі араласпағаны жөн!

ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы

Е.Ж.Қошановтың назарына!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың карантин режимі мерзімін тағы екі аптаға созу туралы шешімін 100% қолдаймын.

Бірінші, ауырғандар санының артып, өлім-жітімнің көбейіп бара жатқаны, апаттың бақылаудан шығып кете жаздағаны жасырын емес. Оған Мемлекет басшысының дер кезінде шара қабылдап, мемлекеттік комиссия құрғанына ешкім дау айта алмаса керек.

Бірақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы сол жауапты тұлғаларға сәл сеніп қалды. Олар ол сенім мен тапсырманы өз деңгейінде атқарған жоқ. Міне, жағдай ушығып еді, Президент атқа мініп, қос тізгінді шалқая тартып, жауапты министрді ауыстырып, әкімдерге сөгіс жариялады. Сөйтіп, пандемиямен күрестің тамырына қайта қан жүгіре бастады. Карантин мерзімін тамыздың басына дейін ұзарту туралы шығарылып отырған мына шешім соның пысықтамасы.

Екінші, қажетті дәрі-дәрмектің бағасы туралы. Дәрі-дәрмектің жетіспей жатқаны шын. Өйткені, дәрі-дәрмек саласын басқарудың механизмі дұрыс жасалмағаны белгілі болып қалды.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлының Facebook-тағы жеке парақшасындағы жазбасына қарағанда, аталған салаға қатысты нормативтік құжатқа (әлде заңға) депутаттар кезінде қарсы болған көрінеді. Бірақ, ол қарсылықтан нәтиже шықпаған. Міне, сол шикі заңның кесірінен халқымызды қырып ала жаздап отырмыз,

Құрметті Ерлан Жақанұлы!

Осы жерде тағы бір күдігім бар. Мәжіліс пен Министрліктер жіберген сол заң Сіздің алдыңызға бармаған да болуы мүмкін. Тек ПА-ның Заң бөлімі тағдырын шеше салған шығар деп ойлап отырмын, бүгін.

Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Президенттің өзі де бұл мәселеге ерекше тоқталды. Өйткені, қазір бұл мәселенің мән-жайын Қасым-Жомарт Кемелұлы өте жақсы түсініп отыр. Ал, мен Көші-қон заңын талқылауға қатысып жүріп, заң шығару жұмысына Президент Аппаратының (ПА) араласатынын байқадым.

Біраз маңызды ұсыныстарымның сол жақтан сызылып қалғанын естідім.
Мысалы, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңының 16-1-бабында: «1) тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын оралмандар;» - деп көрсетілген.

Мен Осы нормадағы «Оралмандар» деген сөзді «Этникалық қазақтар» деп өзгертуді ұсынғанмын. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасаған жобаға енген болатын. Ал Заң жобасы Мәжіліске түскенде жоқ болып шықты. Іздеу салып таптым. Тұп-тура ПА сызып тастаған. Кейін талқы барысында ПА-ға Мәжіліс жіберген нормалардың да бағы жанған жоқ.

Тіпті, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 13-бабындағы ҚР Конституциясына қайшы норма сол күйінде өтіп кетті.

Қанша рет мақала, Ашық хат жаздым... Тыңдаған жоқ. Бірақ, мен айтып отырған мәселенің дұрыс екенін білді. Алда түзету жасалады деп сенем.

Ең өкініштісі, ол жақта сол саламен арнайы айналысып жүрген тәжірибелі мамандарды ең құрығанда бір мәрте болса да шақырып, сөйлесу деген болмайтын секілді.

Мәжілістегі жұмыс тобының талқысына түскен, бірақ, қаржы талап ететін кейбір ұсыныстарды Үкіметпен келісе отырып қабылдаған жөн шығар. Бірақ, оған ПА-ның киліккені мүлде дұрыс емес!

Мәжілісте 107, Сенатта 47 депутат бар. Екеуін қоссаңыз, 154!

Қалай дегенмен де, Парламентте әр саланың білікті және тәжірибелі мамандары бар. Олар осындай аса маңызды мәселе төңірегінде талас-талқы жүргізбейді емес, жүргізеді. Бірақ, Парламент - Үкіметтің, Үкімет -ПА-ның алдында дәрменсіз!

Енді білдім, бұрын да солай болған секілді. Мен байқұс Үкімет басы болып жүрген Кәрім Мәсімовты сынап жүріппін ғой. Егер, мәселе дәл осылай шешілген болса, Кәрім Қажымқанұлы мені кешірсін!

Міне, бүгінгі пандемия кезінде дәрі-дәрмек саласынан шыққан шуға сол заңнамадағы немесе нормативтік құжаттағы шикілік себеп болып отыр.

Дәрі-дәрмек саудасы бір орталыққа тәуелді болып қалған. Бәсекелестік болмаған жерде, сөзсіз баға шарықтайды... Қазақта: «Қойшы көп болса, қой арам өледі!», деген керемет аталы сөз бар! Сондықтан, биліктің әр бұтағы өз шаруасымен айналысқаны дұрыс. Заң шығару жұмысына Президент Аппараты араласпауы керек!

Үшінші, дәрі-дәрмек бағасының шектен тыс қымбаттығы жайлы. Мен әлеуметтік желідегі көп байбаламмен келіспеймін. Дәріханада бар дәріні қымбатқа сатып жатқан кәсіпкерлер бар. Бірақ, ол республиканың барлық өңірінде емес, ішінара аймақтар мен қала, аудандарда. Соны дәріге мұқтаж бір адам айтып, бейне жазба жарияласа, бүкіл желі шырылдап қоя берді.

Туыстар, бұл - дұрыс емес. Мен және әріптесім Асқар Құмарбай екеуміз Салтанат Маенова атты дәрігерге қатар емделіп шықтық. Біраз дәрі-дәрмек қабылдадық. Бірақ, содан ешқандай қымбат баға көрген жоқпыз.

Сол үшін, дәрі-дәрмекті қымбат бағаға сатып алған, қолында түбіртегі бар азаматтардың айғай салуы орынды. Тіпті, аттандаса да артықтық етпейді. Аттанмен де тоқтамай, сотқа беріп, еселеп моральдық төлем өндіріп алуы тиіс!

Қысқасы, дәрі-дәрмек пен азық-түліктің қолдан жасалған қымбатшылығымен осылай нақты фактке сүйеніп күрес жүргізген дұрыс! Ал, дәріхананың есігін ашпаған, бір таблетка сатып алып көрмеген жұрттың сол айғайға аттан қосып, елді дүрліктіргені сауаттылық әрі әділеттілік емес. Ауру меңдеп жатқан жандардың жүйкесін одан ары тоздыру, үмітін үздіру, тыныштықты бүлдіру - бұл!

Ал, дәрі-дәрмектің тапшылығы туралы сөз - бөлек мәселе! Желіде отырған жұрттың нақты фактпен сөйлеп дағдыланғаны дұрыс!

Қорыта келгенде, індеттің бар екенін бүкіл Қазақстан халқы мойындады және және Президент тиісті шара қабылдады. Ендігі саналылық өзімізде, ағайын!
Тәртіпке бағынып, сақтанып жүрейік!

Ауыт Мұқибек,

ҚР президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522