Жылу жүректі жылытады...
Байқасақ, біздің қазақтың бүкіл қасиеті осындай қиын сәтте сыналады екен. Қайбір жылы елордада бес қыз өртеніп өлген кезде, Арыста жарылыс болғанда, Мақтааралды су басқанда бірінші болып қол ұшын созған осы халық еді. Қазір де сол халық ауруханаларда қат болып тұрған оттегі концентраторын алу үшін, тыныс ала алмай қиналып жатқан жандардың өмірін сақтап қалу үшін жанталасуда...
Қайырымдылыққа шақырған Қайрат Жолдыбайұлына жұрт 100 миллион теңгеден астам ақша аударыпты. Желі белсенділері Айнұр Тұрсынбаева, Дәулет Мұқаевтың оқырмандары жиып берген ақшаға 825 аппаратқа тапсырыс беріпті. Оның 125-і ендігі елге жетіпті. Сырымбек Тау бастаған жігіттер "Шұғыла" қорымен бірігіп "Өмір сыйла" акциясы арқылы 1000 оттегі концентраторын алмақшы. ҚМДБ-ның "Зекет" қоры да "Өмірге үміт сыйла" акциясын бастап, аппарат алуға ақша жиып жатыр. Тіпті өткенде бір кішкентай баланың туған күніне деп жыл бойы жиған бар ақшасын аппаратқа беріп жатқанын көргенде (видеодан), көзге жас үйірілді...
Мұның бәрі нені білдіреді? Біздің қазақ қандай қиын шақта да осылай жұмыла кетеді, аузынан жырып басқаға бергісі, өзгеге көмектескісі келіп тұрады және ең кереметі олардың ешқайсысы сол сауапты ісі үшін қайырым сұрамайды. Осы жылуға ақша қосып жатқандардың көбі – не баспанасы, не көлігі, тіпті қызметі де жоқ ең қарапайым жұрт. Қалай ғана мейірленбейсің!
Бұл қасиет бізге қайдан келді? Қан арқылы сіңді. Қазақта асар, жылу, байғазы, ерулік, кеусен, байлау, шүлен, сауын деееп кете беретін қайырымдылықтың сан атасы болды. Көбін қазір ұмытып барамыз. Оттегі концентраторына ақша жинау – осындағы жылу дәстүрі. Қазір дамыған елдерде "крауфандинг" деген нәрсе бар. Ол – осы жылу жинаудың заманауи түрі. Бірақ олар біреуге бір тиын беру үшін бүге-шүгесіне дейін сұрап, зерттеп барып береді. Ал біздің қазақ қалтасындағы барын шын сеніммен, шынайы көңілмен ұсынады.
Бұрынғы қазақ тоқ адамның аш адамға, сау адамның науқас адамға, бай адамның кедей адамға жылу беруі – Құдай алдындағы қарыз деп білген. Қуанатынымыз, қазір де солай. Алла бізді осы қасиетімізден айырмасын! Жылу жүректі жылытады. Жылуға ақшасын қосқан, дұғасын қосқан барша қайырымды жандарды Тәңір жарылқасын!
Серікбол Хасанның жазбасы
Abai.kz