Жарқырайды Теміртаудың оттары
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ:
Магнитка тарихы, Теміртау тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағдырымның ажырамас бөлігі.
Іргелі жоба іске асады
Біздің Теміртау металлургиялық комбинатын алыпқа теңеуге әбден лайық. Ал оны былай қойғанда, алыптың алыбы деудің де еш артықтығы жоқ. Болат, шойын, қаңылтыр өндіру жөнінен елімізде ғана емес әлемдегі көшбасшы өндіріс ошағы екені баршаға аян. Отандық индустрияның қажымас қара нарындай кәсіпорын еліміздің экономикасын алға ұмтылдыруымен орны бөлектігін әрдайым айғақтап келе жатса, дамудың жаңа кезеңіне дем соқтыруы да ерекше. Сол тынысына қарай қазақстандық өндіріс өрісі кеңейіп, соны серпін есіп келеді. Алыптың адымы оның құлашын одан сайын қанат жайдырып, іргелі жетістіктерге арқаландыра түсуде. Елбасы тапсырмасына сәйкес, бұл күнде өзінің күш-қуатын барынша арттыруға бет түзеген комбинатта жаңару арқылы ертеңгі биік белестерге берік негіз үстемеленіп жатыр. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы облыстағы ең ірі инвестициялық жобаның бірі де осында іске асырылуда.
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ:
Магнитка тарихы, Теміртау тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағдырымның ажырамас бөлігі.
Іргелі жоба іске асады
Біздің Теміртау металлургиялық комбинатын алыпқа теңеуге әбден лайық. Ал оны былай қойғанда, алыптың алыбы деудің де еш артықтығы жоқ. Болат, шойын, қаңылтыр өндіру жөнінен елімізде ғана емес әлемдегі көшбасшы өндіріс ошағы екені баршаға аян. Отандық индустрияның қажымас қара нарындай кәсіпорын еліміздің экономикасын алға ұмтылдыруымен орны бөлектігін әрдайым айғақтап келе жатса, дамудың жаңа кезеңіне дем соқтыруы да ерекше. Сол тынысына қарай қазақстандық өндіріс өрісі кеңейіп, соны серпін есіп келеді. Алыптың адымы оның құлашын одан сайын қанат жайдырып, іргелі жетістіктерге арқаландыра түсуде. Елбасы тапсырмасына сәйкес, бұл күнде өзінің күш-қуатын барынша арттыруға бет түзеген комбинатта жаңару арқылы ертеңгі биік белестерге берік негіз үстемеленіп жатыр. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы облыстағы ең ірі инвестициялық жобаның бірі де осында іске асырылуда.
Металлургия өндірісінде домна пештері аса маңызды буын саналады. Жұмыс ауқымы көп ретте солардың ісіне тікелей байланысты болады. Кезінде қуаттылығы, жарақтандырылуы жағынан озық болған бірқатары ескірді, үздіксіз үдеріске мүмкіндігі төмендеді. Сондықтан қайтадан күрделі жөндеуден өткізіліп, толықтай жаңғыртылуын уақыт талабы алға қойды. Биылғы жазда « Арселор Миттал Теміртау» АҚ осындай жобаға өтініш беріп, атқарылуын өз мойнына жүктеді. Ел индустриясын дамытуға арналған маңызды құрылыстардың қатарына қосылды. Бүгінде күннен-күнге түрленіп, түлену үстіндегі № 2 домна пеші осы құрылыстың қыз-қыз қайнаған орны.
Ол енді аз уақыттан кейін жаңаша екпін-қабілетпен жұмысқа кіріскен кезде шойын өндіруді тәулігіне 3 мыңнан 3,7 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осыны жылға шаққанда 1,3 миллион тоннаға дейін жеткізіледі деген сөз. Бұған дейін де үлкен сұранысқа ие өнім көлемінің өсуі кәсіпорын табысын молайтумен бірге ел экономикасына пайда түсіреді. Аталған жобаның белгіленген мерзімде іске қосылуына бар күш-қабілетті жұмылдырып отырмыз.
Сөз орайында айтқанда, комбинат бойынша қолға алынған жобалар бір бұл ғана емес. Сорттық илек өндірісінде әзірлемелерді үздіксіз құю мәшинесі қолданыла бастады. Соның арқасында өндіріс мәдениеттілігін жақсартуға, еңбек өнімділігін арттыруға жақсы жағдай туды. Мұның алдында да кәсіпорынды қазіргі заманғы технологиямен жасақтауға көп күш пен қаржы арнаған инвестордың сол үрдісті жалғастыруының жарқын нышанына аталған екі жоба толық айғақ. Таяу жылдар ішінде болат өндіруді жылына 6 миллион тоннаға жеткізуді көздеуші «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы теміртаулықтарға осылайша берік тірек болатындығын танытуда.
Тегінде, алыптарға алып істер жарасады. Теміртау металлургиялық комбинаты соны ұстанады қашанда. Осыдан біраз жылдар бұрын құлдырауға шақ қалған кәсіпорын қазір даму өрінде деп айта аламыз. Сол өтпелі кезеңде Елбасының қолтықтан демеп, қамқорлыққа алып, сенімді инвестор тартуының арқасында екінші өмір біткен өндіріс ошағы келешегі кемелдігіне сенім үлкен. Өйткені, ұдайы жаңару, жаңғыру жолында. Ал жаңару бар жерде тыныс тың, қадам кең ғой қашанда.
Петр ШАТАЛИН, № 2 домна пешінің құрылыс жөніндегі менеджері.
Дерек пен дәйек
Теміртау металлургиялық комбинатында соңғы жылдарда мынандай нысандар күрделі жөндеуден өтіп, іске қосылды:
- №1 қаңылтыр қақтау цехы;
- № 1 үздіксіз болат құю цехы;
- жылына 320 мың тонна өнім шығаратын ыстықтай қалайылау және мырыштау цехы;
- №3 домна пеші;
- сортты илек өндірісінде әзірлемелерді үздіксіз құю мәшинесі;
- № 2 домна пешінің іске қосылуы жақын;
- таяу жылдарда комбинатта болат пен шойын өндіру жылына тиісінше 6 және 1,3 миллион тоннаға жеткізіледі.
Өңір өндірісі өрісті
Облысымыз үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жобаларды іске асыру бойынша еліміздің өзге өңірлері арасында көш бастап келеді. Индустрияландыру картасына енгізілген жалпы сомасы 282,2 млрд. теңге құрайтын 45 жобаның жыл басынан бері 9-ына жол ашылды. Соның ішінде өткен жылы Қарағанды құю-мәшине жасау зауыты базасында БелАЗ жүк көліктерінің қосалқы бөлшектерін шығарумен қатар, оны құрастыру да жолға қойылды. Биыл жыл аяғына дейін тағы 15-і іске қосылады. Бұлардың ішінде өңірлік қана емес, республикалық деңгейлік маңызы бары аз емес. Мәселен, Теміртаудағы №2 домна пеші, «Сары Қазына» ЖШС катодты мыс өндіретін зауыт құрылысы, «Хорм-Т» ЖШС ферроқұйма өндірісі кешені, «Қазавиаспектр» кәсіпорнының ауыл шаруашылығы ұшақтарын жасау өндірісі, Қарағандыдағы жылу-электр орталығын жаңғырту мен қуаттылығын арттыру мәні зор жобалар қатарына жатады.
Байқалып отырғандай, өңірде өндірістік салаларды дамытуға басым көңіл бөлінген. Бұған мүмкіндік пен әлеует жеткілікті. Бәсекеге қабілетті өнімдер көлемін ұлғайту, индустрия игілігін беріктендіру алға қойылған негізгі мақсат. Дамудың заманауи талғам-талабынан табылуға бет түзеген аймақ экономикасы алдағы уақытта жоғарыда аталғандай іргелі жобаларға арқа сүйейді.
Ерболат КАРГИН, облыстық кәсіпкерлік жәнеөнеркәсіп басқармасының бастығы.
Металлург болғанымды мақтан етем
Мен металлургтер қатарына кейінде қосылған жас буынның бірімін. Расын айтқанда үлкен толқыныс үстінде келіп едім. Аға әріптестерімнің көмек-қолдауы, ақыл-кеңесі арқасында бұрын бейтаныс еңбекке үйреніп кеттім. Қазір өзім де біраз ізбасарларға тәлімгермін. Домна пеші алдында шойын қорыту екінің бірінің қолынан келмесе, соны меңгеріп әкеткеніме қуаныштымын.
Ұжым мүшелерінің басым бөлігі жастар. Көбі ауылдық жерлерден ортамызға қосылған замандастар. Металлург болуды шын жүректен қалағандары, қиын жұмысқа шыдағандары белді де беделді әріптестерге айналып келеді. Жалпы бізде талпынған азаматқа кәсіби біліктілікті көтеру үшін барлық жағдай жасалған.
Кәсіпорын көз алдымызда өзгеруде. Кейде алдында барған цехқа тағы бір айналып соқсаң танымай қаласың. Бұған дейін № 3 домна пеші күрделі жөндеуден өткізілсе, енді мінеки, № 2-сі сондай жаңарған қалыпқа енгелі тұр. Күні кеше ғана өндірістің не екенін білмеген біз әлемге танымал комбинатта еңбек етуді зор мәртебе тұтамыз.
Тоқтархан ЫСҚАҚОВ, жұмысшы.
Жаңару, жакңғыру қалыпты үрдіс
Комбинатымызда барлық өндірістік буын маңызды саналады. Жұмыстары бір-бірімен тығыз бірлесіп, ұштасып жатады. Соның ішінде біздің электрліболат балқыту өндірісінің де өзіндік орны бөлек. Құрамына оттегі конвертор цехы бар мұнда жүздеген жұмысшы еңбек етеді. Жылына 5,2 миллион тонна дайын слябинг шығарылып отыруы солардың қажырлы еңбегінің арқасы. Кейінгі кезде қатарымызды толықтырушы жастар жағы көп. Қиын да жауапты металлург мамандығын қалаған ынта-ықыластарына ризалығымызды тәжірибемізді үйретіп, шеберлік шыңдатумен білдіріп келеміз.
Басқа салалардағыдай бізде де өндірістің жыл сайын жаңарып, жаңғырып жатуы қалыпты үрдіс. Онсыз болмайды. Әлемдік рынокта бәсекелестік одан сайын күшейген уақытта озық технология көмегі арқылы алға ұмтылу аса қажетті әрекет екені белгілі. Кәсіпорынды қанатында ұстаған «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының бұл ретте келешегін ерте ойлап, дамуға дем беруде ештеңеден аянбауы көңілге көрік береді. Демек, Магниткамызды жаңа белестер күтеді. Солай боларына да сеніміміз үлкен.
Мысал үшін бүгінде өндірісіміздің тың қуат көзі - әзірлемелерді үздіксіз құю қондырғысын орнату аяқталды. Ол жылына 1,5 миллион тонна осындай өнім өндіруге мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұл - комбинат күш-қуатын күшейту бағытында іске асырылған маңызды жобалардың бірі. Мұндай қарышты даму кепілі еселенген жігермен еңбек етуге ұмтылдырмай қоймайды. Соның жарқын көрінісіне біздегі өндіріс ырғағы айғақ.
Владимир ЯБЛОНСКИЙ, электрлі болат балқыту өндірісінің бастығы.
Шойын қорытушымын
Мен осы мамандық иесі екенімді мақтан тұтамын. Бұл металлургтер арасында аса қадірленетін кәсіп болса, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Магниткасындағы еңбек жолы да содан басталғанын білемін. Шойын қорыту сияқты жауапты міндетті атқару горновойшыларға жүктеледі. Сол қатарға қосылғаныма төрт-бес жыл болып қалды.
Осы орайда, әсіресе былтырғы жылы болған мынадай оқиға ұмытылмақ емес. Алғашқы қазақстандық шойын алынуының 50 жылдығына байланысты ұйымдастырылған мерекелік шойын қорыту сенімі Нұрым Әліпбаев, Владимир Ткаченко сынды әріптестеріммен бірге маған да көрсетілген болатын. Үшеуіміз Елбасы бастаған ардагер горновойшылардың көзбе-көз қадағалауымен ісімізді атқарып шықтық. Өз міндетімізді мүлтіксіз орындадық қой деп ойлаймын. Осы рәсімге қатысушы Владимир Колбаса сынды атақты горновойшы арқамыздан қағып, қолымызды қысып, ризалық білдіргені естен кетпейді.
Магнитка, Теміртау кезіндегідей жастарға қанат бітіретін үлкен еңбек мектебі. Қазір комбинат құрамының басым бөлігі өзімдей отыздың ар жақ, бер жағындағы замандастарым. Дені Қарқаралы, Ақтоғай, Нұра сияқты аудандар мен алыс ауылдарынан келіп, осында тағдырларын тоғыстырған жастар. Қалаған мамандықтарын меңгерді. Отау тікті. Менің бес бауырым да жанымнан табылып, бір ортада еңбек етіп келеміз.
Кімде-кім тұрмысына тірек кәсіпорнының жақсы жақтарына қуанады ғой. Ондағы күннен-күнгі өркенді өзгерістерге біз де мерейліміз. Өсе беруіне үлесімізді екпінді еңбек арқылы қосу содан туған тілек.
Марат АТШАБАРОВ, № 4 домна пешінің горновойы.
Беттердегі материалдарды дайындаған «Егемен Қазақстанның» Қарағанды облысындағы тілшісі Айқын НЕСІПБАЙ, суреттерді түсірген Дмитрий Кузьмичев, Валерий Петухов.