Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2358 0 пікір 4 Қараша, 2011 сағат 14:07

Үлгі болар ауыл іздесең, “Асарға” кел

Бұл өте жақсы бастама. Ел мұндай бастамаларды қолдайды. Біз сіздердің тәжірибелеріңізді зерттеп, соның негізінде  Ташкентке жақын жерлерде, Тараз, Алматы және Талдықорған түбінде, сол сияқты елдің солтүстік облыстарында осы сияқты қалашықтар салуды бастаймыз. Бұл мәселені мен жеке өз бақылауыма аламын.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті.

Оңтүстікте кейде гректер салған қалашық, немістер салған ауыл деп аузының суы құрып жататындар бар. Тағдыр талайымен Қазақстанға бас сауғалап келіп, кейін өзінің тарихи Отандарына қайтқан ол ағайындар мықты-ақ шығар, бірақ қаланы олардан қазақтар кем салады деген ой артық-ау.

Шымкенттің шығыс жақ беткейінде маржан тастардай тізіліп, қыздың жиған мүлкіндей шып-шырғасы бұзылмай тұрған "Асар" ауылы осының айқын дәлелі. "Асар" - атажұртқа оралып жатқан, салқар көші тоқтамайтын бауырларымыз салып жатқан ауыл.

Бұл өте жақсы бастама. Ел мұндай бастамаларды қолдайды. Біз сіздердің тәжірибелеріңізді зерттеп, соның негізінде  Ташкентке жақын жерлерде, Тараз, Алматы және Талдықорған түбінде, сол сияқты елдің солтүстік облыстарында осы сияқты қалашықтар салуды бастаймыз. Бұл мәселені мен жеке өз бақылауыма аламын.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті.

Оңтүстікте кейде гректер салған қалашық, немістер салған ауыл деп аузының суы құрып жататындар бар. Тағдыр талайымен Қазақстанға бас сауғалап келіп, кейін өзінің тарихи Отандарына қайтқан ол ағайындар мықты-ақ шығар, бірақ қаланы олардан қазақтар кем салады деген ой артық-ау.

Шымкенттің шығыс жақ беткейінде маржан тастардай тізіліп, қыздың жиған мүлкіндей шып-шырғасы бұзылмай тұрған "Асар" ауылы осының айқын дәлелі. "Асар" - атажұртқа оралып жатқан, салқар көші тоқтамайтын бауырларымыз салып жатқан ауыл.

Әлемде тарыдай шашылған қандастарын алғаш рет бауырына жинай бастаған үш іргелі ел болса, соның бірі -Қазақстан. Алыста жүрген ағайынды елге шақырып, шаңырағын көтеріп, алдына мал салып беріп жатыр. Алайда, барлық жауапкершілікті мемлекеттің мойнына салып қойып, сырттай тамашалау әркімнің қолынан келеді. Ал шын азаматтар осындай сын сағаттарда көріне­ді. Сондай елге ел қосқан әулеттердің бірі - үш мыңға тарта жұмысшысы бар "Корпорация АҚ ордасы" серіктес­тігінің басшысы Қалыбековтер әулеті дер едік. Тағдырдың жазуымен Өзбекстан жерінде өскен бұл жігіттерді ол жақта маңдайынан шерткен ешкім жоқ. Ибадулла Қалыбеков әрі-беріден соң көрші ел мемлекет басшысы сеніміне ие болып, үлкен агроқұрылымды басқарған азамат. Қарақан басын ойласа бақыр бастан тобыққа дейін алтынға шомылатындай мүмкіндік қой бұл. Бірақ, жақсы әке-шеше тәрбиесін көрген жігіттер "басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болуды" ойлаған екен. "Қазақ­тың баласы өзге ұлтқа айналып кетпесін" деп елге жеткізуді көздеген азаматтар әуелде өз күш­терімен әрекет еткен. Ұлтымыздың жанашыр аза­мат­тарының бірі Серік Үмбетовтің қолдауымен Шым­кент­те ауыл шаруашылы­ғына бөлінген жерден екі мыңға тарта оралманға жер телімдерін алған. Өзбекстанның қазақтар көп шоғырланған үш облысына астыртын сауын айтып, оған Қазақстанға өз бетімен келгенімен ұлтарақтай жер алуға шамасы жетпей жүргендерді қосып, Садулла бастаған жігіттер айлап Шымкентте жатып тізім жасаған.

Бірақ, қаржы дағдарысы Қалыбековтердің ойын аяғы­на дейін орындауына мүмкіндік бермеді. Тұйықтан Ел­ба­сы шығарды. Осындағы қиын жағдайды баяндап, көмек сұрап хат жазған Ибадулла Қаныбеков. Жұмыс сапары­мен Оң­түс­тікке келген Нұрсұлтан Әбішұлы "Асардағы" әдемі әрі арзан үйлерді көргеннен кейін мемлекеттік "Нұрлы көш" бағдар­ламасына ұластырды. Мемлекет үй мен жылыжай салуға несие берді. Инфрақұрылымдар мен әлеуметтік нысандар әлімсақ­тан Үкімет есебінен салынып келе жатқандығы белгілі. Үш жылға жуық уақыттың ішінде 2 мыңға тарта үй салынды.

"Асарда" үй неге арзан, мемлекеттен алынған несиенің қайтарылу реті қалай? Біз осы сауалды "Корпорация АҚ ордасы" ЖШС-нің бас директоры Садулла Қалыбековке қойғанбыз.

Садулла Жантөреұлы "Асардағы" үйлердің шаршы метрі 368 доллар болғанын, бұған Үкімет басшысының орынбасары күмәнмен қарап, осындағы шығынды есептеткенде өзіндік құны 837 долларға тең болғанын айта­ды. Бұл қалай мүмкін болды. "Корпорация АҚ ордасы" серіктестігінде құрылысқа қажетті материалдардан металл мен цементтен басқасы өздерінде шығарылады. Шағын зауыттары, цехтар, қажетті техника толық. Оған үй салуға сол оралмандар балаларының өздері қатысып жатқанын қосыңыз. Қаржы осылай үнемделеді.

"Асарға" барғанда біраз үйлерді аралап көрдік. Екі қабатты коттеджде отырған ағайынмен әңгімелес­се­ңіз, серіктестік жайлы сөз болса, ауыздарынан алғыс ақтарылады. "Корпорация АҚ ордасы" үй салумен шектелмепті. Алысты ойлайтын жігіттер тәуекелдің қайығына мініп, қыруар несие алып, ауыл іргесінен 5 ірі өндіріс орнын ашып жатыр. Бұл өндіріс ошақтарының мақсаты "сатып ал да, қайта сат" емес, елдің әлеуетін, тұрмысын көтеретін кешенді жобалар. Ол - көкөністі сақтайтын, сұрыптайтын, қаптайтын алып қойма. Ол - әлемдік тәжірибеден, сынақтан өткен арзан әрі тұрмысқа қолайлы құрастырмалы үйлер, арзан әрі сапалы құрылыс материалдары. Ол - бар керек-жарағы қамтылған жылыжайлар. Әрқайсысы бір-бір облыстың серпінді жобаларына татитындай өндіріс орындарынан жылыжайын ғана мысалға алайық. Қазақстан Кеден одағына кірді. Мемлекеттің алдында үлкен мүмкіндік, алып рынок жатыр.

Оңтүстік - осы кеңістікке бау-бақша, көкөніс өнімдерімен кіруге әбден қабілетті. Ал, "Корпорация АҚ ордасы" орта есеппен 5 мыңдай жылыжайды бар керек-жарағымен сервистік орталығын да дайындаймыз деп отыр. Сонда 40 мыңға тарта отбасы кәсіп пен нәпақа табады.

Бұл қиял емес ақиқат. Үкіметтен жеңілдікпен қыруар қаржы алып, соңынан ізін таптырмай жатқан құрылымдармен салыстырғанда өсімімен несие алып, елдің пайдасына жұмыс жасап жатқан осындай серіктестіктер ғана халықтың аузынан ақ май ағызады, мемлекеттің әлеуетін көтереді. Ауыл шеңберінен шығып, үлкен қалашыққа айналып келе жатқан, сырттағы қандастарымызды елге орнықтыруды үлкен тәжірибе жинаған "Асар" болашағы осылай дегізеді.

Лебіздер

Арман Жетпісбаев, Шымкент қаласының әкімі:

-"Асар" қалашығы Қазақстанда шағын ауылдар салудың жақсы мысалын көрсетті.  Мемлекеттік "Нұрлы көш" бағдарламасы аясында жүзеге асқан жоба өміршең­дігімен құнды. Бұл ауылдың үлкен бір өзгешелігі абат­тан­дыру мәселесі қоса жүргізіледі. Мемлекет есебінен үлкен мектеп, балабақша салынды. Инфрақұрылымдары ретке келтірілді. Әр үйдің алдында шағын жылыжайлар бар. "Кор­порация АҚ ордасы" серіктестігі азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз ететіндей үлкен жобаларды іске асырып жатыр. Мыңдаған отбасылар ешкімге жалтақтамай­тындай кәсіпке ие болады. Бұл бізді қуантады.

Нәжімеддин Әлиев, еңбек ардагері:

- Осындай ауылдар Қазақстанның барлық облыстарында болуы керек. Елге ел қосылса - құт. Елбасымыз сырттағы ағайындарды тарихи Отанына көшіріп алу үшін барлық әрекеттерді жасап жатыр. Ұлан-ғайыр жері бар қазаққа бауыр керек. Халқыңның саны көп болса, дұшпан именеді, дос сүйсінеді. Бірақ, көші-қон мәселесін мемлекеттің мойнына іліп тастамай, Қалыбековтер сияқты бақуатты жігіттер ағайындарды көшіріп алуға жәрдемдесіп жатса, бұл -  нағыз елдік нышаны.

Мансұр Әуесбаев, "Асар" тұрғыны:

- Біз Шымкентке ертеректеу көшіп келгенбіз. Әкем Қуатбек "Асарда" оралмандарға жер телімі беріліп жат­қанын естіп, тізімге жазылған. Қазір басымызда екі қабатты үй бар. Есік алдына жылыжай орнатып берді. Өзім де, жұбайым да білім саласында жұмыс жасаймыз. "Тұрғынүйжинақбанкінде" үйіміздің жарты құнын қар­жылай жинағаннан кейін, қалғанын аз пайызбен өтейміз. Жылыжай қосымша қаражат беріп тұр. Мұндай үйді басқа жерде арзан алу мүмкін емес. Сондықтан, қандастарына жағдай туғызып отырған ел ағаларына үлкен рахмет айтамыз.

Гүлшаһар Үсентаева, Батыр ана, "Асар" тұрғыны:

- Өзбекстанда жағдайымыз жаман болған жоқ. Бірақ, қазақ мектептері жабылып, жаппай өзбекшеге көше бастағанда немерелеріміздің жағдайын ойлап Отанымызға оралдық. Бәріміздің басымызды қосқан Қалыбековтер әуле­ті­не рахмет. Ал, ол жігіттер "бұл жалғыз біздің қолы­мыз­дан келетін тірлік емес, Мемлекет басшысы көмектесті. Сондықтан, рахметті Елбасыға айтыңыздар" дейді. Қаржылық жағдайдың ретін біле бермейміз. Бірақ, Нұрсұлтан Әбішұлының арнайы келіп, қаржы бөлдіргендігін ұмытуға хақымыз жоқ. Еліміз аман болсын, елдің жағдайын ойлаған Елбасымыз аман болсын.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406