Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
46 - сөз 4882 6 пікір 17 Шілде, 2020 сағат 13:29

Қазақстандағы қытайлық студенттер туралы

Қытайлық бір портал (封面新闻) "Қазақстандағы Қытай елшілігінің "Беймәлім пневмонияның" өлім көрсеткіші коронавирустан әлдеқайда жоғары" деген хабарламасынан соң, 20 млн.ға жуық халқы бар ортаазиялық осы мемлекет әлемдегі коронавирус эпидемиясы бойынша баршаның назарын аудартқан дүниенің тағы бір қызу нүктесіне айналды" деп жазды.

Аталған портал эпидемия көлеңкесінде қалған Қазақстандағы қытайлық студенттердің тұрмыс-тіршілігін баяндайды:

Қазақстан-Британ университетінде оқитын Сяо Чэн жазғы демалыста Нанкинге қайтуы керек еді. Қазір оның қашан елге оралары белгісіз. Ал оқуын аяқтаған Вэй Вань белгілі компаниядан жұмысқа шақырту алғанымен, елдегі жағдайға орай ол да жұмысына кірісе алмай отыр. Қазақстанда төтенше жағдай орнағалы бері 63 күн бойы бөлмесінен шықпаған ол, визасының мерзімі аяқталып кете ме деп алаңдайды.

Сяо Чен тұрған жатақханада 200-ге жуық студент тұратын еді. Қазір бар болғаны 20-сы қалған. Олардың басым бөлігі қытайлық студенттер.

23-наурыз күні төсегінде жатқан Вэй Вань "Жатақхана науқастар қабылдайтын орынға айналады. Бір тәуліктің ішінде босатыңдар" деген шұғыл ескертпе алған соң апыл-ғұпыл жиналып, туысының үйіне көшіп кетеді.

"Жергілікті халық індеттің қатерін сезінген жоқ. Адамдардың басым бөлігі маска тақпай жүрді",-дейді Вэй Вань. "Олар масканы білегіне іліп, кейбірі мойнына асып алып жүрді. Иегіне түсіріп алғандарды, бір құлағына іліп қойғандарды немесе кеуде тұсындағы қалтасына салып алғандарды, әншейін қолдарына ұстап жүргендерді де көрдім" деп әңгімелейді.

"Менің ондағы ең жақын досым отбасымен вирус жұқтырып ауруханаға түсті. Олардың бәрі бір бөлмеде жатты. Ол жіберген видеодан тек төсек жабдығы бар үш қана кереуетті көрдім. Арнайы киімдегі медбикені көрмейінше, ол жердің аурухана екенін ажырата алмайсың...",-дейді ол.

Ертай Нүсіпжановтың жазбасы

Abai.kz

6 пікір