Көршідегі көкбет саясатшы тағы да қазақ жеріне шүйлікті
Тағы да Жириновский. Қазақстанның территориялық тұтастығын әм Тәуелсіздігін мойындамайтын ресейлік шенеуніктер көшін Думаның дүмше депутаты Владимир Жириновский бастайтынын әріп танитын әр қазақ біледі.
Ол - Кремльдің ауласындағы байлаулы көп шәуілдектің бірі. Ол - «орыс әлемінің» жақтаушысы, насихаттаушысы. Ол - «сенікі рас» деп берсе, күнді батыстан шығарғысы келетін қубас зәнталақтың нақ өзі. Ендігі елесі де жоғала бастаған ескі одақтан шыққан елдердің етегінен тартып, аяқтарынан шалуға жанықұмар, орыс, Ресей шовинизмінің бір мүйізін ұстап жүрген нағыз керауыз.
Қазақстанды Ресейдің «мәңгілік боданы» деп, елдің солтүстіктігін РФ құрамына қосу керектігін айтып алашапқын болып жүрген Жириновскийдің Әзірбайжан-Армения қақтығысына қатысты «Комсомольская правда» радиосына берген мына сұхбаты кезекті талқының тақырыбына айналды.
Рас. Владимир Жириновскийдің өңірдегі территориялық қақтығысқа ұрандайтын арандату пікірлері әркез қазақ қоғамының наразылығын тудырып жүр. Қайбір жылдары оны «нон грата» тұлғасы деп танып, Қазақстанға аяқ бастырмау керек деген басталамар да көтерілді. Алайда, әркез әлдінің торына түсіп қалмау үшін, әліптің артын бағатындар бұл провакацияны елемегенсіп келді.
Кесір тілді, кемпірбет, Кремльдің көкбет саясатшысы Жириновскийдің бұл жолы дегендерін де елемей қоюға болар ма еді... Бірақ...Бірақ ол - Мемлекеттік Думаның депутаты. Орыстағы кез келген саяси доданың алдыңғы үштігіне енетін, елдегі ең ірі партиялардың бірі - ЛДПР партиясының төрағасы. Ресей саяси билігінің ресми өкілі. Сондықтан, орыс билігінің ресми өкілінің одақтастар жайлы ойын қазақшаға қотарып бергенді жөн көрдік.
Сонымен, жуырда Жириновский «Комсомольская правда» радиосына сұхбат беріпті. Әзірбайжан-Армения арасындағы жанжалға қатысты пікір білдіріпті. Білдіріпті де, «Ресейдің әскери базалары болмаса, бүкіл Орталық Азия баяғыда-ақ, қызыл қанға бөгіп отыратын еді», - деп сөйлепті. Жириновксийдің әлгі айтқандарын орыс тілді Caravan.kz сайты жариялапты.
Жириновский не дейді? Міне, қараңыз:
- Әзірбайжан өздерін Түркия әскері қорғайтынына сенеді. Ал, Армения өз аумағындағы біздің әскери базамыздың көмегіне жүгінеді. Қазірдің өзінде ресейдің 201-ші базасы Тәжікстанның Душанбесінің түбінде тұр.
Жақсы, ол аймақтан әскери базаны шығарайық. Бәрін. Бүкіл Тәжікстан қанға боялады. Одан кейін Қырғызстан, Өзбекстан, Оңтүстік Қазақстан, Түркменстанда қан төгіс болады. Сондықтан да біздің әскер Орталық Азия мен Қап тауында орналасқан. Демек, әзірге ресей әскері сол жерде болғанда, Армения мен Тәжікстан арасында үлкен соғыс болмайды.
Бірақ, арандату сөздер жиі айтылады. Мәселен, тәжік-ауған шекарасында күн сайын екі-үш тәжік шекарашысы мерт болуда. Сіздер бұл туралы білесіздер ме? Жоқ! Ал, Армения мен Әзірбайжан шекарасында бірінші рет адам қайтыс болып еді, бүкіл әлем шулап кетті. Ал, Тәжікстан... бандылар Ауғанстаннан өту үшін күн сайын тәжік шекарашыларын өлтіруде... Хроника... Бұл жерде де хроника болады. Бір-біріне оқ жаудырады...
Сондықтан олар ойлансын! Шағын мемлекеттер жеке-дара өмір сүре алмайды. Олар үлкен мемлекеттің құрамында болуы керек.
Біз оларды жаулап алған жоқпыз. Олар патшалық Ресей құрамына кіруге өздері сұранып келді. Бізге Бакуды ешкім берген жоқ. Біздің елшіміз өлтірді. Сосын Иран шахы «Өтінемін, Солтүстік Әзірбайжанды алыңыз...»,- деді. Яғни, олар бізге ол жерді патшалық Ресейдің Тегерандағы елшісін өлтіргені үшін өтемақы ретінде берді. Гүржістан да патшалық Ресейдің аяғына жалынып, жатып алды. Әйтпесе олардың да күні бітер еді. Бір бөлігі Парсыға, бір бөлігі Түркияға кетті. Бұл патшаның қателігі. Оған: «Мәртебелім, керек емес», деп ескерту жасалды...
Біздің ел Варшавадан Порт-Артурға дейін болды. Варшава қайда, Порт-Артур қайда? Большевиктер бәрін таратып берді. Әлі де таратып жатырмыз.
Хабаровскідегі шиеленістің бір себебі де осы. Тарабаров пен Үлкен Уссури аралдарын қытайларға бердік. Ол жерлерде Хабаровскі тұрғындарының үй-жайлары болған. Бір күннің ішінде ол жерлер Ресейдікі болмай шықты. Ал енді осыған кім риза болады? Ал, Даманский? Ол жерде біздің жүздеген сарбазымыз қайтыс болды. Не үшін? Сондықтан бұл шекара маңында тұратын біздің азаматтарымыздың әл-ауқаты үшін де маңызды, - депті Владимир Жириновский.
Жоғарыда айтқандай, Қазақстанда туып, 18 жыл өмір сүрген Владимир Жириновский Қазақстанды, қазақты, Орталық Азия елдерін алғаш рет тілдеп отырған жоқ.
«Қазақстан деген ел адамзат тарихында болмаған. Мына өзбектерде ең болмаса Үргеніш, Бұхара секілді қалалар болды. Хандық болды. Қазақтарда не мемлекет, не жер болған емес. Қазақстанның солтүстік облыстарының барлығы дерлік орыстың жері», деп сөйлеген де Жириновский. Қазақтың домбырасын «екі ішек, бір таяқ» деп мазақ еткен де Жириновский. «Қазақ тілі деген не өзі? Жазба әдебиеті болмаған ұлтта қайдағы тіл», деп тілімізді тілдеген де сол Жириновский. Айта берсек, бүгін бітпеспіз...
Жириновский жай адам емес. Ол Ресей билігінің ресми өкілі. Оның сала-құлаш сөздеріне қанша ирониямен қарасақ та, Ресейдің ресми позициясымен сәйкесуі мүмкін екенін ескерген де жөн!
Сондықтан, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне ресми сұрау жіберуі керек еді. Өкініштісі, Ақорда жақтан ондай реакция байқалған жоқ!
Рас, сыртқы саясаттағы сақтық мәселесін түсінуге болады. Десе де, қайсыбір жылы әлеуметтік желіде орыс президенті Владимир Путинді сынып сөйлеген Қазақстан азаматын Қазақстан соты 3 жылға соттағаны естеріңізде болар. Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Мемлекеттік Думасының дәудей депутаты қазақты, Қазақстанды қанша тілдесе де тобық жұтқан адамдай тымырайып, түк реакция танытпай отыруы қаншалық дұрыс?
Әне, бұ жолы: «Біз болмасақ, орыстың әскері болмаса, Қазақстан баяғыда-ақ, қанға бөгіп отыратын еді», - депті. Жириновский бүгінгі айтқандарын ертең де, бүрсігүні де айтады. Айтады. Айтып қана қойса, кәні?.. Кремльдік көп саясатшының «әулиесіне» айналған Жириновскийдің қақалып-шалалып отырып осы дегендерін күндердің бір күні шынға айналдырғысы келетіндер табылмасына кім кепіл?
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz