Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 6772 0 пікір 1 Желтоқсан, 2011 сағат 04:59

Жанұзақ Әкім. Қазақ рухының қыраны еді

Биыл желтоқсан оқиғасына 25 жыл толады. Желтоқсан - ол соңғы үш ғасырға жуық уақыттағы отарлау мен тоталитарлық жүйеге қарсы болған қазақ халқының 200-ден астам ұлт-азаттық қозғалыстары мен көтерілістерінің қорытындысы. Оған дейінгі қозғалыстар мен көтерілістер жеңіліс тапса, желтоқсан тәуелсіздік жолындағы алғашқы және түбегейлі жеңіс болды. Ол - кеңестік империяны күйретуде шешуші рөл атқарған ҚСРО аймағындағы тұңғыш ұлт-азаттық көтеріліс. Оның тарихи маңызы осында.

Сол Желтоқсан көтерілісі кезінде ел мен ұлттың намысын қорғауда ерекше ерлік көрсеткен қазақтың қайсар да данышпан ұлдарының бірегейі ақын Жұбан Молдағалиев болды. Дауылпаз ақын Жұбанның творчествосы мен қоғам қайраткерлігіне арналған мақалалар мен зерттеулер жазылды, әлі де жазылар. Бірақ оның ұлт мүддесіне келгенде ертегілердегі алып батырлардай болып, жолында кездескен кедергілерді жеңгенге дейін қуатының күшейе беретін қайсарлығының жөні бір бөлек. Қазақта ақын көп, бірақ Жұбан жалғыз! Қазақта батыр көп, бірақ Жұбан жалғыз!

Биыл желтоқсан оқиғасына 25 жыл толады. Желтоқсан - ол соңғы үш ғасырға жуық уақыттағы отарлау мен тоталитарлық жүйеге қарсы болған қазақ халқының 200-ден астам ұлт-азаттық қозғалыстары мен көтерілістерінің қорытындысы. Оған дейінгі қозғалыстар мен көтерілістер жеңіліс тапса, желтоқсан тәуелсіздік жолындағы алғашқы және түбегейлі жеңіс болды. Ол - кеңестік империяны күйретуде шешуші рөл атқарған ҚСРО аймағындағы тұңғыш ұлт-азаттық көтеріліс. Оның тарихи маңызы осында.

Сол Желтоқсан көтерілісі кезінде ел мен ұлттың намысын қорғауда ерекше ерлік көрсеткен қазақтың қайсар да данышпан ұлдарының бірегейі ақын Жұбан Молдағалиев болды. Дауылпаз ақын Жұбанның творчествосы мен қоғам қайраткерлігіне арналған мақалалар мен зерттеулер жазылды, әлі де жазылар. Бірақ оның ұлт мүддесіне келгенде ертегілердегі алып батырлардай болып, жолында кездескен кедергілерді жеңгенге дейін қуатының күшейе беретін қайсарлығының жөні бір бөлек. Қазақта ақын көп, бірақ Жұбан жалғыз! Қазақта батыр көп, бірақ Жұбан жалғыз!

Ақын ретінде Жұбан поэзиясының шыңы - ол «Мен қазақпын» поэмасы. Бұл поэма - өткен ғасырдың 60-шы жылдары тың көтерілген облыстардағы қазақша жер аттары орысшаға ауысып, 700-ден астам қазақ мектептері жабылып, оңтүстіктегі екі аудан Өзбекстанға беріліп, Қазақстанның біртұтастығы мен ана тіліне, яғни ұлт болашағына қауіп төнген кезде ұлттық рухты көтеру мақсатында тоталитарлық жүйенің саясатына қарсы жазылған туынды. Бұл поэманың атының өзінде осы ұлттың перзенті болғанына мақтаныш, ұлтына деген шексіз сүйіспеншілік жатыр.

«МЕН ҚАЗАҚПЫН» деп, мақтанышпен әлемге жар салған қасиетті сөзді Жұбанның айтуы заңды құбылыс. XV ғасырдағы ұлы ақын, әрі батыр қарға бойлы Қазтуғаннан басталып, Досмамбет, Жиембет, Махамбет, Марабай, Ақтамберді, Қожаберген... Сүйінбайлар жалғастырған қазақтың талай сөз зергерлері - арынды ақындар өткені белгілі. Солардың ішінде Махамбет «Мен, мен едім, мен едім, Исатайдың барында екі тарлан бөрі едім ...» деп жырласа, «Мен қазақпын», яғни осы ұлттың перзентімін деп мақтанышпен айту Жұбанға бұйырған екен. Ол осылай деп жырлайтын ақыны бар ұлттың және солай жырлай алатын ақынның бағы. Себебі қазақтың ұлттық намысын аяқ асты етіп, жерін тұтастығынан, ұл-қыздарын ана тілдерінен айырып жатқан тарихтың жолайырық кезінде найзағайдай жарқылдап, мың өлген ұлттық намысты оятып, мәңгі өлмейтін жолға салып, елдің еңсесін көтерген Жұбағаңның «Мен қазақпын» поэмасы болды.

Мен қазақпын, мың өліп,

мың тірілген,

Жөргегімде таныстым

мұң тілімен ... -

деген жолдар әрбір қазақтың қасиетті Құранмен бірдей күнделікті қайталап айтатын жолдарына айналды. Себебі нүктеге дейін қысқарып, сөз арасынан қыл өтпейтін осы қысқа жолдарға ақын қазақтың мақтанышы мен мұңын, тарихы және тағдырын сыйғыза білді. Бұл жолдардың екінші қасиеті - оларды қанша қайталасаң да, оның мәні қасиетті Құран сүрелері сияқты, өзгермейді. Керісінше, «Мен қазақпын» деп қайталаған сайын әрбір алаш баласының ойы мен санасына қайсарлық, Ана тіл мен Атамекенге деген сүйіспеншілік мәңгіге ұялайды.

Сондықтан да бұл поэма өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақтың ұлттық идеясы болып табылады. Жұбағаңның халқын, елін сүюге келгенде басқалардан айырмашылығы - ол өгей анасын сынағандардай халқын сынамайды, оны шексіз перзенттік махаббатпен, алып жүректің тұңғиығынан шыққан таза бұлақтай мөлдір мейіріммен сүйеді. Біз оны

Жұбаным деші Жайығым ...

Отан да сенен басталған ... - деген жолдардан көреміз.

Жұбағаңның кіндік кескен жері - ол Өлеңті өзені жағасындағы Жыланды деген қазақ ауылы. Ол аймақты Азнабай-Тайпақ дейді. Ол Жайықтың шығысында Тайсойғанмен арада орналасқан, Махамбеттің:

Уа, Исаеке, Асаеке!

Біз кетелік, кетелік,

Жайықтан әрмен өтелік.

Атаның ұлы хазірет,

Басына зиярат етелік, -

дегеніндегі талай тұлпарлардың ізі қалған қасиетті жер. Осы топырақта дүниеге келген Жұбан да өмір бойы қазақтың намысын ту етіп өтті.

Жұбан ақынды біз жақын білмегенмен, Қадыр ағамыз (Мырза Әли) ол туралы жиі еске алып отыратын. Сондай әңгіме-естеліктер 2000 жылы Орал қаласында Жұбағаңның 80 жылдығы кезінде көп айтылды. Сонда Қадыр ағамыз бір әңгімесінде былай деген еді:

«Адамның мінезі де жануарларға ұқсас келеді. Мен Жұбағаңның мінезін, әсіресе харизмасын жолбарысқа ұқсатамын. Аңдардың ішінде жолбарыс қорқу дегенді білмейтін жүректі, өзіне сенгендіктен болар, аңға жалғыз шығатын ерекше жануар. Бір фильмде жолбарыстан қашқан елік жаны қысылғанда суға түсіп, бір жағынан жолбарыс, екінші жағынан қолтырауын тартқылап, айналғанда терең суға тартқан қолтырауын алып кетеді. Қолтырауын өз олжасын тереңірек жерге апарып суға батырады. Өзінің алдындағы азығынан айырылып, амалы құрыған жолбарыс жағаға барып манағы қолтырауынның киікті суға батырған жеріне қадалып тапжылмастан жатып алады. Оның алдынан су ішуге келген әртүрлі жануарлар кезек-кезегімен өтіп жатады. Бірақ жолбарыс олардың ешқайсысына және аптаған ыстыққа да көңіл бөлмейді. Қолтырауын өзі ұстаған азығын бірден емес, бірнеше сағат өлі күйде сақтап, ол бұзыла бастағанда жейтіні белгілі. Жолбарыс соны білетін болуы керек. Ақыры тоғыз сағат өткенде жолбарыс күткен киіктің аяқтары су бетіне шыққан бойда жолбарыс гүрілдеген дауысымен айналаны күңірентіп барады да, еліктің денесін тістеп алып арқасына салып, жағаға алып шығады. Жолбарыстың айбынды дауысы мен арынының мысы басқаны сондай, қолтырауын ол жерде еш амал істей алмай қалады. Бұл жердегі бірінші қорытынды жолбарыс өзінің жыртқыштардың ішінде күштілігін дәлелдеді.

Әрине, терең суда ол қолтырауыннан әлдеқайда әлсіз. Бірақ оның намысы мен рухы жоғары. Осындай шайқаста қара күш емес, рухы мықты жеңеді. Жұбағаң да Отан соғысының майданында болсын, жалпы өмірде болсын, өз әріптестерінен ұлттың өзекті мәселесіне келгенде еркектік, ерлік мінез көрсетіп, қажет болса, жан беруге дайын тұратын.

Ол осы бір батыр мінезін кез келген жерде емес, ең бір жауапты, тарихи маңызды кезде көрсететін. Жұбағаңның ұлт патриоты ретіндегі тұлғасының ерекшелігі де осында.

Жұбанның әрбір туындысы - ол поэма болсын, немесе «Еділ мен Жайық» сияқты өлеңі болсын, қай-қайсысы да заман мен ұлт талабының қажеттілігінен туындаған батырлар жырлары сияқты эпикалық туындылар. Жұбағаңның тағы бір ерекшелігі - ол тақырып таңдауға өте жауапкершілікпен және жыдағаттылықпен келетін. Оның жазған негізгі тақырыптары - ұлт тағдыры, ұлттық намыс, ар мен тектілік, ерлік пен елдік болды. Оның өмірі де өзі жазған тақырыптардай еді».

Желтоқсан - ол қазақтың көп қайғысы мен қасіретінің, елдігі мен ерлігінің жарқын бейнесі. Ол - мың өліп, мың тірілген қазақтың мәңгі өлмеске тірілген сәті. Желтоқсан көтерілісінің кульминациясы - ол сол кездегі Г.Колбин бастаған республика басшыларының зиялы қауым өкілдерімен кездесуі кезінде айтқан Жұбан Молдағалиевтің сөзі болды. Ақынның осы тарихи сөзінің қысқаша мазмұны мынандай:  «... біз фашистермен соғысқанда осындай Отанды қорғаймыз деп ойладық па? Сол соғыста қан кешіп жүріп біз осындай күнді армандап, осындай жағдайда боламыз деп ойлап па едік? ...қазақ жастарына қарсы басынан бақайына дейін қаруланған әскер пайдаланғанын көргенше, сол Совет армиясы қатарында фашистермен соғысқан кезде өлгенім артық еді». Ақын және батыр Жұбанның бұл сөздері «Ер Тарғын» жырындағы:

«Кілегей қара бұлтпын,

Келе де жаумай ашылман.

Мен атадан кескентті

туған аюмын,

Кескілеспей басылман!

Алдыңа кеп тұрмын деп,

Дұшпаным саған бас

ұрман», -

деген батырдың сөзімен, немесе бетпе-бет келгенде дұшпанынан қаймықпаған Махамбеттің,

«... Мен кескекті ердің

сойымын,

Кескілеспей басылман.

Келелі қара бұлтпын,

Келе жаумай ашылман.

Алдыңа келіп тұрмын деп,

Ар-намысым қашырман.

Сүйегім тұтам қалғанша

Тартынбай сөйлер асылмын.

Кәр қылар деп тақсыр-ау,

Аяғыңа бас ұрман», -

деп ар-намысын қолдан бермейтін ел ағасының тектілігін, дұшпанын қаймықтырған рухының биіктігін көрсетті.

Өзінен күшті көп ит тобырдан биік тұрған ақынның осылай айтуы - ол ерліктің шыңы, батырлықтың үздік үлгісі. Тарихта ондай сөздерді Жұбағаңа дейін өзінің өмірлік принциптерінен айнымаған Сократ, Галилей, Махамбет, Мандельштам, Вавиловтардың айтқаны белгілі. Ондай сөздің атасын өмірдің өлімнен жоғары екенін түсініп, өлімнен қорықпайтын, «жүрегінің түгі бар» батырдың батыры ғана айтады.

Ақынның осы сөзінен кейін залда ұзақ уақытқа шыбынның ұшқаны білінетін тыныштық орнап, уақыт тоқтағандай болады. Ол ақын мен тобырдың арасындағы түсініспеуліктен туындаған үнсіздік еді. Шынымен, ол тоталитарлық жүйенің диірменіне иленіп, ұлттық санадан айырылған биліктегі ессіз тобырдың есін кіргізу үшін уақыттың тоқтаған кезі еді. Уақыт тоқтамайды емес, оның тоқтайтын кезі болады. Оны біреу біледі, біреу білмейді, біреу сезеді, біреу сезбейді. Адам мен наданның, ұлт пен тобырдың айырмашылығы осында болса керек.

Сонымен қатар бұл жерде Жұбан ақын да Абайдың «надандарға дес берме» деген өсиетіне берік, ұлтының ар-намысына адал екенін көрсетті.

Тарихтың әрбір сын сағаттарында елге қорған болып, ұлттық рухты көтерген Кенесары, Исатай мен Махамбет, Бауыржан мен Жұбандар сияқты ұлы тұлғаларды іздейміз.

Желтоқсан көтерілісі туралы мәселе көтерілгенде, Жұбан Молдағалиев туралы көп ауызға алмауымыздың себебін - біз осы уақытқа дейін Кенесары мен Махамбеттердің де ерліктерін ашық айтып, солардың рухтарымен жас ұрпақты тәрбиелей алмай келе жатқан құлдық санадан арыла алмай келе жатқандығымыздың белгісі.

Желтоқсанның 25 жылдығы, тәуелсіздіктің 20 жылдығында біз төрт құбыласы тең ел, рухы биік қазақ ұлты болып қалыптасуда қандай істер атқардық?

Ал уақыт пен заман арқалатқан жүкті түгелдей көтермегеннің өзінде Жұбандар өсиет етіп кеткен «МЕН ҚАЗАҚПЫН» деп мақтанышпен айтатын, айбынды жас буын тәрбиелей алдық па?! Бүгінгі күннің негізгі мәселелері осылар. Оларды шешу үшін біз Жұбан ақынды еске алып, оның «МЕН ҚАЗАҚПЫНЫН» мың рет қайталаймыз. Сөйтіп біз, барлығымыз қазақ боламыз! Тарап кеткен қазақтың балаларын біріктіретін құдіретті күш - ол «МЕН ҚАЗАҚПЫН» деген қасиетті сөз болса керек.

Қайта оянған Жұбанның рухы мен өсиеті барлық қазақты оятып, оны Елді сүюге, Ерлікке, жаңа күрес пен жарқын өмірге жетелейді.

Желтоқсанның 25 жылдығына орай Жұбан Молдағалиевқа «Халық қаһарманының» берілуі тарихи тұлғаларымызды ұлықтап, Желтоқсанның тарихи ролін жария етудегі елеулі іс болар еді. Жалпы, Жұбандарға берілмеген қаһармандықта қандай қадір болады? Ол жай, қалайы-қаңылтырға айналмай ма?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 41 (124) 30 қараша 2011жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544