Жексенбі, 24 Қараша 2024
Күбіртке 7068 22 пікір 27 Шілде, 2020 сағат 12:34

Педофилияға қатысты өлім жазасы керек пе?

Өткен аптадағы Қарағандының Сәтпаев қаласында болған сұмдық жағдай ел ішін дүрліктірді. Сол бір жантүршігерлік сұмдықтан кейін президент Тоқаев шұғыл кеңес өткізіп, мәлімдеме жасаған. Кейін, президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин ақпаратқа шығып, президент Тоқаевтың 2019 жылғы қыркүйектегі жолдауында дәл осы зорлық-зомбылық, педофилияға қатысты заңды қатаңдатуды тапсырғанын айтыпты. Ол заң былтыр қабылданып, биылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген көрінеді.

Стравить всех»: советник Президента рассказал о целях заказчиков ...

«Президент 2019 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан халқына арналған алғашқы Жолдауында сексуалдық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қатысты басқа да ауыр қылмыстар жазасын жедел түрде қатаңдатуды тапсырды», - деп жазған Ерлан Қарин.

Оның сөзінше, тиісті заң жобасы күзде Парламент қарауына берілген. Ал 30 желтоқсанда президент аталған заңға қол қойған. Ол заң 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген.

«Заңның жаңа нормаларына сәйкес, орташа ауырлықтағы зорлық-зомбылық қылмысы ауыр қылмыс санатына ауыстырылды. 14 жасқа толмаған балаларға зорлық-зомбылық үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы қамау жазасы көзделеді. Одан бөлек, педофилия фактілерін жеткізбеу, жасыру, бұрмалау үшін де жауапкершілік белгіленген. Бұл енді 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін ауыр қылмыс болады», - дейді Ерлан Қарин.

Десе де, өткен аптадан бері желідегі бас тақырыптың бірі – Сәтпаевтағы сұмдық болып тұр. Желі қолданушылары зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейту керек дейді. Тіпті, өлім жазасын талап етіп жатқандар да бар. Ал белгілі заңгер, Ұлттық кеңестің мүшесі Айгүл Орынбек Қазақстандағы балалар омбудсмені Аружан Саинның отставкаға кетуін талап етті.

Сонымен, желідегі бас талқының тақырыбы – «педофилияға қатысты өлім жазасы керек пе?». Біз есім-сойы елге белгілі екі заңгер, Абзал Құспан мен Камиша Есмұхамбетқызының аталған мәселеге қатысты пікірін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік...

Өлім жазасына қарсымын!

АБЗАЛ ҚҰСПАН: КҮРЕСТІҢ ҮЛКЕНІ – ӘДІЛДІК ҮШІН КҮРЕС (видео)

Абзал Құспан, заңгер:

- Педофилияға қатысты өз ойларымды қысқа-нұсқа нақтылай кетейін. Ең негізгі сұрақ өлім жазасын енгізуге қатысты... Қарсымын! Себеп:

- ҚР құқық қорғау жүйесі, оның ішінде сот қызметінің сапасы сын көтермейді. Соның салдарынан жазықсыз адамдар істі болу қаупі өте жоғары. Оған себеп;

а) қылмыстың бәрі айқын (очевидный) сипатқа ие бола бермейді. Тиісінше резонансты істерді қалайда ашу мақсатында ҚҚ органдары іске қатысы жоқ адамды құрбан ете салуы мүмкін. Және оған олар саналы түрде барады. Әдетте, ондай адамдар (құрбан/жертва) не қаржысы, не ықпалды танысы (тірегі), тиісінше сұрауы жоқ қарапайым отбасы мүшелерінен таңдалып алынады. Ал сотымыз алдына келгенді соттай салатынына күмәніңіз болмасын!

ә) қателік. Тергеуде де, сотта да адами фактор әсері тым жоғары. Сот қателігі - жемқорлық пен дилетантизм батпағында қайраңдаған ҚР тұрмақ, небір дамыған елдерде де орын алуда, оған тарихтан мысал жетеді.

б) кәсібиліктің төмендігі/жоқтығы. Басқа саланы білмесем де, ҚҚ жүйесінде дилетанттар жетіп-артылады! Оның үстіне соңғы кезде жаппай орын алған, заңгер мамандығына кез-келген жерде, кез-келген ЖОО-да дайындай беру де бүгіндері өз жемісін беруде.

- байыптылық керек. Жалпы адам тағдыры таразыға салынар тұста, дүрмекке еруге, эмоцияға бой алдыруға болмайды. Құқық ғылымы адамзат тарихындағы ең алғашқы ғылымдар қатарына жатады. Ол одан бері дамыды, жетілді, кемелденді. Сондықтан заңға өзгеріс енгізуде ең бірінші кезекте ғылыми негіздеме басшылыққа алынуы тиіс!

- қылмыс табиғаты. Қылмыс адамзат жаралғалы пайда болған құбылыс, қияметке дейін жалғасады деп ойлаймын. Азаюы, көбеюі мүмкін. Бірақ біржола жойылмайды-ау. Құранда да, Інжілде де  Адам ата мен Хауа анадан туған ағайынды Әбіл мен Қабыл бір-бірін өлтіреді емес пе?! Сондықтан ату жазасы енгізілсе қылмыс тоқтап қалады деудің қисыны жоқ.

- қылмыскер табиғаты. Әдетте қылмыскер қылмыстық кодексті ашып: «мен ұсталып қалсам, қандай жаза күтіп тұр, одан қалай құтыламын», деп отырмайды. Барлық қылмыскерге тән ортақ нәрсе өздерін ешқашан ұстатпайтын «Фантомас» сезінетіндері. Әйтпесе, қазіргі өзгеріс бойынша ең кемі 10 жыл айрықша (особый) режимге сотталу + кастрацияға (піштіру) ешқайсысы қуана қоймасы анық.

- статистика. Мен педофилия елде көбейіп кетті деген пікірмен әзірге келіспеймін, Себебі еш жерден нақты дәлел-дәйек көре қоймадым. 21 ғасыр ақпарат заманы, бұрын естіле бермейтін жаманат хабар, қазір сәуле жылдамдығынан тез таралады.

- педофил, ол бірінші кезекте ауру адам, сосын барып қылмыскер! Сондықтан кез-келген ауруды емдегендей оны емдеп, сосын жазасын беру керек, оның ішіне әрине кастрация да кіреді.

- гуманизм. Ол жайлы айтпай тұра тұрайын әзірге...

Түйін. Көп балалы ата-ана ретінде Сәтпаев тұрғындарын толық қолдаймын! Қиратса да, бүлдірсе де мүлік - адам өмірі, адам тағдырынан жоғары болмау керек! Тек осындай шаралар арқылы «мясниктер» басқаратын антихалықтық ІІМ жүйесін өзгертерміз, мүмкін...?!

Өлім жазасын қолдаймын!

Камиша Есмұхамбетқызы, заңгер:

- Мен зорланған, қорланған жасөспірімдерді қорғайтын заңгер ретінде педофилдерге, бұрын «рецедив» жасаған, бірақ, өз ісіне өкінбестен қайта қылмысқа барған қылмыскерлерге ату жазасын заң жүзінде қабылдауды талап етемін! Себебі, бүгінгі уақытта ұлттың болашағына қауіп төндіріп отырған осы - педофилдер.

Заңгер ретінде жасөспірімдерді қорғау мақсатында ҚР үкіметіне менің ұсыныстарым:

1. Зорланған, қорланған, ауыр тағдыр тәлкегіне ұшыраған жасөспірімдерге арналған салауатты өмір салтын қалыптастыру, бейімдеу орталығын жаңа форматта ашу қажет. Әрі зорланған балалардың тәні мен жан жарасын емдеу үшін, кем дегенде үш жыл мемлекет өз бақылауына алу керек.

2. Жаңа форматағы жасөспірімдерді қорғау мобильді полициясын құрып, оған заңгерлер, психолог мамандар және жасөспірімдер ісі бойынша білікті тергеушілер мен оперлерді тарту қажет.

3. ҚР Балалар омбудсменінің қызметі кеңейтіліп, Үкімет тарапынан қолдау табуы керек. Полиция әрбір жасөспірімге қатысты «сводканы» омбудсмен назарына жеткізіп, олардың құқығының толыққанды қорғалуын жіті бақылау керек.

4. Жасөспірімдерге қатысты барлық тендерлерге бақылау жасау керек. Себебі осы уақытқа дейін бөлінген қаражаттың нәтижесін көрмедік.

5. Жасөспірімдердің тергеу методикасын әрі істі жүргізу спецификасын заң жүзінде бекіту қажет.

6. ҚР Бас прокуратурасы әрбір жасөспірімнің ісін бақылауға алып, жасөспірімнің құқығы қорғалуын толық қадағалап, есеп беру қажет.

7. Жасөспірімдерге қатысты сот-медициналық және сот-психиатриялық сараптаманың қортындысын жүргізуге белгіленген бір ай уақыт - көп деп санаймын. 2 аптаның ішінде қортындыны дайындауды қамтамасыз ету қажет.

8. Жасөспірімдерге қатысты идеологиялық рухани тәрбие сағаттары жүргізіліп, жыныстық қатынас бойынша қыздар мен ұлдарға бөлек түсіндірмелі жұмыстар жүргізілу керек. Сонымен қатар, жасөспірімдерге құқығын түсіндіру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастыру қажет.

9. Жасөспірімдердің ата-аналары балаларға қатысты қылмысты уақытылы хабарламаса заң жүзінде жауапкершілікке тарту керек.

10. Ата -аналардың балаларды бас пайдасына пайдаланып қайыршылыққа, жезөкшелікке, кез келген заңға қайшы әрекетке итермелеуі, жасөспірімнің қылмыс жасауына манипулация жасауы, зат сату, білім беруден бас тартуы, дінге мәжбүрлеуі, аборт жасатуға қатысты ата-ана құқығын асыра пайдаланса қылмыстық жауапкершілікке тартылу қажет.

Қорыта айтсам, ату жазасы ең қиын жаза түрі. Осыған қарамастан белгілі бір уақыт (3-5 жыл) бұл заңды қабылдап көру керек. Себебі кастрация еш нәтиже беріп отырған жоқ. Осы мақсатта жасалатын барлық жұмыстарға, заңнамаларды жетілдіруге өз көмегімді көрсетуге әзірмін. Ең бастысы балалардың балғын шағын ұрлауға, жеке басына қастандық жасауға ешкімнің құқығы жоқ!

Түйін. Біз «педофилияға қатысты өлім жазасы керек пе» деген сұраққа қатысты қос бірдей заңгердің аргументті пікірі мен ұсыныстарын білдік. Ал сіз не дейсіз, мәртебелі оқырман? Аталған қылмыс түріне қатысты (зорлық-зомбылық пен педофилия) өлім жазасы керек пе?

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5662