Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3243 0 пікір 6 Желтоқсан, 2011 сағат 05:25

Нәдір Дәулет. Ұлт Мәжлісі

Татар-башқұрт тарихының аз зерттелген тақырыптарының бірі - ішкі Ресей мен Сібір мұсылман түркі-татарлардың Ұлттық Мәжлісі тақырыбы. Ұлт Мәжлісі әзірлеген "Еділ-Орал Дәулеті" жобасы қандай жағдайда жұмыс істеуге тура келген, бұл парламент неге сәтсіздікке ұшыраған, большевиктер ұлттық азшылықтарды қалай өздеріне тартып алған деген сұрақтарға әлі де қанағаттанарлық жауап берілмеген.

Буржуаздық идея деп тамғаланған ұлттық автономия, татар большевиктары құрғысы келген Татар-башқұрт Совет Республикасы - Еділ-Орал аймағы халқының өз дәулетін құру тілегінің шағылысы болған. Алайда бұл жерлерде жасаушы түркі халықтың мақсатына жете алмады. Нәтижесінде Еділ-Орал бойында демографиялық және басқа да көрсеткіштер бойынша үш кішірек көлемді республика құрылды - Татар, Башқұрт һәм Чуваш Совет Социалисттік Автономиялық республикалар. Большевистік төнкеріс жақсы ұйымдастырылған еді және оның нәтижесі - өз идеяларына нық берілген азшылықтардың көпшілігін өзіне бойсұндыру.

Татар және башқұрттың көпшілігі түрлі социалисттік топтарды һәм, айырып алғанда, большевиктерді  жақтап шыққан жоқ. Зиялылардың бір бөлігі ғана қызылдардың берген уәделеріне сеніп, алданғанын тым кеш түсінді. Пролетариат диктатурасы есімі астында Совет өкіметі түгіл, шынында Мәскеу өкіметі орнады.

Татар мен башқұрттың тілек-мақсаттары басында бірге болса да, уақыт өткен сайын жер мәселесі оларды айырды. Совет заманы тарихшылары керісін растауға тырысса да, татар-башқұрттар большевикттік төнкеріске қатыспады, үйткені оларда шын мағынасында жұмысшылар табы болған жоқ. Татар-башқұртта "крестияндар" халықтың көпшілігін құрғандықтан, пролетариат диктатурасы оған ешбір пайда әкелмейтінін халық түсінген. Басқа ұлттық азшылықтар сияқты, түркі халықтары да патша режимінен құтылып әділ шарттармен жұмыс жасауға ұмтылған. Бұл ұмтылыс 1917 жылдың 1-11 мамырында Мәскеуде жиылған Бүкілресей мұсылмандары құрылтайында көрініс тапты. Содан бастап әр түркі қауым куресті өзі тұрған жаққа алып барып бастады. Еділ-Орал елінде де солай болып, саяси һәм қарулы күрес жалғасын тапты.

Еділ-Орал аймағының жағрапиялық ерекшелігі, демографиялық және қоғамдық жағдайы, татар халқы ішіндегі сыныптар, түрлі пікірлер һәм саяси әрекеттеріне назар аударайық.

Жағрапиялық ерекшелік

Орта Еділ һәм Күнгей Орал өлкесіндегі түркі халықтар ( татарлар, башқұрттар, чуваштар) Совет кезінде құрылған Татарстан, Башқұртстан, Чуваш, Мари һәм Удмурт автономдық Республикаларында және оларға көршілес Орынбор, Чиләбе, Ульяновск (Сімбір), Самара, Киров (Вятка), Пермь өлкелерінде тұрады. Патшалық Ресейде бұл жақтың халықтары жеке республикаларына ие болмай, түрлі губернияларға таралып өмір сүрген. Совет өкіметі шарттарымен губерниялардың кейбірлері (немесе олардың бір бөлігі) бұрынғы есімдерін сақтады яки көршілес ұлттық республиканың құрамына кірді, екіншілердің есімдері өзгертілді. Губерния сөзін область сөзі алмастырды.

Белгілі болғандай, бұл өзгерістер нәтижесінде аймақтық бірліктердің көлемі де өзгерген. Егер Қазан губерниясын алсақ, патшалық Ресей дәуірінде онымен шектес өлкелері ретінде түн жақта Вятка, күн жақ-батыста Сімбір, күн жақ-шығыста Самара, шығыста Уфа губерниялары болған. Уфа губерниясын түн жақтан Пермь, күнжақ-батыстан Самара, күн жақтан Орынбор губерниялары тіреп тұрған.

Демографиялық жағдай

1897 жылда өткізілген халық санағы нәтижелеріне қарағанда, Қазан губерниясында 675 мың татар жасап, губерния халқының тек 31%-ін құраған (бұл санға қазіргі уақытта татар атауы астында бірлескен кряшен, мишәр һәм тептәрлар кірмейді). Татарлар көптеп шоғырланған тағы бір жер - Орта Еділ бойы аймағы, яғни Сімбір, Самара, Сарытау және Пенза губерниялары. Мұнда олар орыс, чуваш һәм мордва халықтары арасында тұрған. Орта Еділ бойында және Астархан губерниясында барлығы 560 мың татар есептелінген.

Орал аймағына келсек, ол Кама өзенінен басталып, күн жақта Орынбор қаласын және әрі қарай Орал тауларына дейін жатқан жерлерді өз ішіне алған. Бұл өлкеге Уфа, Орынбор және Пермь губерниялары кірген. 1897 жылғы халық санағына қарағанда, Орал губерниясында татарлардың саны 495 мыңға дейін жетіп отырған. Жалпы санға Петербур, Киев, Мәскеу, Баку сияқты қалалардағы, Қазақстан һәм Орта Азиядағы татарлар (731 мың) ескерілмеген. Оларды қосқанда, татардың саны 2 млн 600 мыңға дейін жеткен. XIX ғасырдың соңында Еділ-Орал аймағында жасаған татардың үлкен көпшілігін, әрине, ауыл халқы құраған. Татарлардың салыстырмалы түрде көп жасаған қалалары бұл  - Қазан, Орынбор, Астархан және Уфа. Әлбетте, Санкт-Петербор, Мәскеу, Қырымдағы Симферополь (Ақмешіт), Севастополь және Одесса қалаларында да татарлар тұрған.

1918 жыл мағлұматтары көрсеткендей, Қазан губерниясында татарлар саны біраз ғана артқан. Дін жағынан христиан, тіл жағынан түркі болған чуваштар губерния халқының 25%, фин-угор халқы - марилер 5.6% (155 мың) құраған. Сөйтіп, губернадағы түркі және финугор тұқымдары барлық халқының 64% дәрежесіне жетіп, орыстардан екі есе артығырақ болған. Бұл жерде бір нәрсені ұмытпау керек: орыстар Қазан губерниясында ресми азшылық болса да, билеуші ұлттың өкілдері болғандықтан аса үлкен күш пен ықпалға ие болған.

Татарлар көптеп шоғырланған тағы бір аймақ - Уфа губерниясы. Олар башқұрттармен бірге губерния халқының жартысынан көбін құраған. Уфа губерниясында татар-башқұрттан тыс, кряшендер (340 мың - 12%) һәм чуаштар (90 мың - 3%) тұрғанын есепке алсақ, демек түркілер үлесі 60%-тен (1.717 мың) асқан деген нәтижеге келеміз. Бұларға тағы мари (95 мың - 3.2%) және басқа да орыс болмаған этник топтарды қоссақ, олардың жалпы саны 2 миллионға толып, губерниядағы орыстардан екі есе көп болғанын көреміз.

Татар-башқұрттың демографиялық халдарын кезінде Ғалымжан Шараф та тексерген. Ол земство, волосттардың орталық статистика бюросының мағлұмататарына һәм Уфадағы Мұсылман діни басқармасының, мұсылман халқымен байланысты тіркеу құжаттарына таянған. Шарафтан көргеніміздей, Ресей империясындағы татар-башқұрттың 4 миллион 140 мыңы (82%) өздерінің тарихи жерлерінде, яғни Уфа, Қазан губерниялары мен оларға көршілес Вятка, Пермь, Сімбір, Самара һәм Орынбор жерлерінде жасаған. Қысқасы, татарлар Еділ-Орал аймағында 4 миллионнан артық болғанымен, көп әкімшілік бірліктер (губерния, уезд, волость) арасында шашылып, ешбірінде де басым көпшілікке ие болмаған. Олар орыстар және басқа ұлттық азшылықтармен араласып жасаған. Шамамен бір миллион татар өздерінің тарихи аймақтарынан қашық тұрған, яғни орыс теңізінде жүзген аралдар халінде болған. Бұрынғы хандық заманындағы Қазан XVI ғасырдың ортасынан бастап орыс қаласына айналдырылған.

Сөйтіп, ұлттық азаттық үшін күрескенде, татарлар бұл фактыларды есепке алу мәжбүрлігінде қалған. Қазан татарлары 1917 жылда барлығына келген саяси мүмкіндіктерді пайдалануға ниеттеп тұрғанда, қуатты демографиялық негіздер болмағандығын ескере отыруға тиіс болған. Себебі - татарлардың тарихи отанына XVI ғасырдың екінші жартысында орыстың саяси басқарушылары, әскері һәм көшіп келушілері ағыла бастады, нәтижесінде көптеген татар отбасылары орталықтан шетке көшуге мәжбур болды немесе тұрған жерінен сүрілді. Қысқасы, демографиялық фактор татар үшін жақсы болған жоқ.

Ел жетекшілігі СССР заманында да орыстандыру саясатын жалғастырды. Сол себептен, бүгінгі күнде де, Еділ-Орал аймағындағы түркі халықтар үшін теріс демографиялық ахуал сақталуда. 1991 жылдан сон тәуелсіздік алған түркі елдердің көбінде орыстар азшылыққа айналса, Еділ-Оралда жағдай басқаша болды.

(Жалғасы бар)

Татар тілінен аударған - Аслан Егізбай
azatliq.org
«Абай-ақпарат»

0 пікір