СЕНІМДІ СЕРІКТЕСТІК — БЕЙБІТШІЛІК БАСТАУЫ
Бұл форумды біздің елімізде өткізу туралы бастаманы Қазақстан Президенті Н.Назарбаев көтерген еді. Оны Солтүстік Атлантикалық Альянс (НАТО) қолдаған болатын. Айта кететін жәйт, ЕАӘК-тің қауіпсіздік форумы алғаш рет Еуропа ауқымынан шығып, посткеңестік кеңістік елінде, соның ішінде Азия құрлығында тұңғыш рет өткізілді және бұл Қазақстан аумағында 2009 жылы ұйымдастырылған ең ауқымды шараның бірі болып табылады. Форумның маңыздылығы сонда, ол өзінің мәртебесі жағынан НАТО-ға мүше мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының саммитінен кейінгі орында тұр және де аймақтық, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздік мәселелерін ашық та еркін талқылайтын бейресми алаң болып есептеледі. Осыған дейінгі екі форум 2005 жылы Швецияның Оре және 2007 жылы Македонияның Охрид қаласында өткізілген еді.
Форумның тақырыбы "Қауіпсіздік жолындағы әріптестік" деп аталды. Ол үш негізгі тақырыптық блоктарға бөлініп, секцияларда талқыланды. Ал форум жұмысына 50 шақты елдің делегациялары қатысты.
Бұл форумды біздің елімізде өткізу туралы бастаманы Қазақстан Президенті Н.Назарбаев көтерген еді. Оны Солтүстік Атлантикалық Альянс (НАТО) қолдаған болатын. Айта кететін жәйт, ЕАӘК-тің қауіпсіздік форумы алғаш рет Еуропа ауқымынан шығып, посткеңестік кеңістік елінде, соның ішінде Азия құрлығында тұңғыш рет өткізілді және бұл Қазақстан аумағында 2009 жылы ұйымдастырылған ең ауқымды шараның бірі болып табылады. Форумның маңыздылығы сонда, ол өзінің мәртебесі жағынан НАТО-ға мүше мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының саммитінен кейінгі орында тұр және де аймақтық, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздік мәселелерін ашық та еркін талқылайтын бейресми алаң болып есептеледі. Осыған дейінгі екі форум 2005 жылы Швецияның Оре және 2007 жылы Македонияның Охрид қаласында өткізілген еді.
Форумның тақырыбы "Қауіпсіздік жолындағы әріптестік" деп аталды. Ол үш негізгі тақырыптық блоктарға бөлініп, секцияларда талқыланды. Ал форум жұмысына 50 шақты елдің делегациялары қатысты.
Ауқымды басқосуды ашып, алғаш сөз алған Қазақстан Сыртқы істер министрі Марат Тәжин алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың форумға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Онда ел Президенті форумға қатысушылар мен қонақтарды құттықтай отырып, бұл кездесудің НАТО-ның құрылғанына 60 жыл толуы қарсаңында өткізіліп отырғандығының символикалық мәні бар екенін айтыпты. Тәуекелдердің жаһандық сипаты мен ХХІ ғасырдың қауіп-қатерлері әлемдік қауымдастықты үнқатысу арқылы оларға қарсы тұратын жауап іздеуге мәжбүрлейді. Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан Қазақстан мұндай үнқатысулардың өзектілігіне барынша мұқтаж. Біз нағыз қауіпсіздік тек барынша кеңейтілген бірлескен іс-қимыл арқылы ғана табылатынына сенімдіміз. Осы бағытты берік ұстанған Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға жүйелі түрде күш-жігер жұмсап келеді. Біздің ел ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, Орталық Азияны жаппай қырып-жоятын қарудан азат аймақ деп жариялау бастамасын көтерді. Қазақстанның осы үлгісі бүгінгі күні жойқын қарудың таралу ауқымы кеңейіп, оның халықаралық террористік ұйымдардың қолына түсу қаупі туып тұрған шақта аса өзекті болып табылады. Жуырда мен Семей қаласында ядролық полигонның менің Жарлығыммен жабылуына 18 жыл толатын 29 тамызды Жаппай қырып-жою қаруынан бүкіләлемдік бас тарту күні болсын деген бастама көтердім. Оны біз БҰҰ-ның қарауына ұсынамыз. Одан әрі Н.Назарбаев Қазақстанның "НАТО-Орталық Азия-Ауғанстан" форматындағы диалогқа оң қарайтынын жеткізіп, Ауғанстанда тұрақтылық орнатуға халықаралық күштердің араласуын қолдайтынын айтыпты. Сонымен бірге, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге сайланған 2010 жылы Қазақстан Ұйымның барлық кеңістігінде бейбітшілікті сақтауға өзінің үлесін қосатынын және Шығыс пен Батыс арасындағы диалогты орнатуды қолдайтынын жеткізіпті.
Президенттің құттықтауын оқып болған соң Марат Тәжин Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күнінен жан-жақты және ешқандай құрлыққа, елге немесе халықаралық ұйымға артықшылық бермейтін теңгерімді саясат ұстанып келе жатқанын айтты. Әлемдегі аса ірі проблемалар тек қана диалог арқылы шешілуі керек. Қазақстан әлемдік ұйымдардың бір-біріне қарсы тұрғанын және өзара бәсекеге түскенін қаламайды. Біздің ел ҰҚШҰ, ШЫҰ қатарына ене отырып, НАТО-мен де "Бейбітшілік жолындағы әріптестік" бағдарламасы аясында бірлескен іс-қимылды дамыту үстінде. Мұның ешқандай қайшылығы жоқ. Одан әрі министр бүгінгі күні ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ҰҚШҰ және АӨСШК ұйымдарының арқасында Орталық Азияда қауіпсіздік архитектурасы орнап келе жатқанын айтты. Ал Қазақстан осы ұйымдардың НАТО-мен байланысын ұзақ жылдардан бері қолдап келеді.
Қазақстан Сыртқы істер министрінің сөзінен кейін НАТО Бас хатшысы Яап де Хооп Схеффер баяндама жасады. Ол өзінің сөзінде ұйымның бүгінгі ахуалы мен бүгінгі форумның мақсатына тоқталды. Және Қазақстанның әлемдегі бейбітшіліктің сақталуы жолында жұмсап келе жатқан күш-жігеріне оң баға беріп өтті. Форумның жақсы ұйымдастырылғанына ризашылығын білдіре келіп, Орталық Азиядағы тұрақты даму жолына түскен бейбіт елмен ынтымақтастық жасауға ықыластымыз, деді ол өзінің сөзінде. Келесі сөз Данияның Сыртқы істер министрі Пэр Стиг Меллерге берілді. Ол аймақтық және жаһандық қауіпсіздік мәселелері туралы өзінің көзқарасын білдірді. Соның ішінде Ауғанстандағы тұрақтылықты қалпына келтіру мәселесіне жан-жақты баға берді.
Осыдан кейін ашылу салтанаты аяқталып, форумға қатысушылар секцияларда жұмыс істеуге бөлінді.
Бірінші сессияның күн тәртібі бойынша "Ауғанстан: халықаралық қоғамдастықтың жауабы", "Аймақтық мүмкіндіктер: Орталық Азиядағы ортақ қауіпсіздік проблемалары" және "Энергетикалық қауіпсіздік: Каспий және Қара теңіз аймақтарындағы әріптестік" тақырыптарындағы мәселелер талқыланды.
"Ауғанстан: халықаралық қоғамдастықтың жауабы" тақырыбындағы сессия отырысына НАТО Бас хатшысының орынбасары, елші Клаудио Бисоньеро төрағалық етті. Бас хатшы орынбасарының атап өтуінше, НАТО Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандырып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзіндік іс-қимыл жасап келеді. Бұл жөнінде стратегиялық бағдарлама жасалған. Ауғанстанды тұрақтандыруға Ауғанстан басшылығымен қатар, беделді халықаралық ұйымдар да атсалысып жүр.
Отырысқа төрағалық етуші бұдан кейін сарапшылар тобымен таныстырып өтіп, алғашқы сөзді АҚШ-тың халықаралық қауіпсіздік істері жөніндегі қорғаныс хатшысының көмекшісі Александр Вершбоуға берді. Оның айтуынша, Ауғанстанда талибандар биліктен аластатылғанына жеті жылдан асты. Бұл елдің қазіргі басшылығы халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде күш-жігер жұмсап келеді. Ал Ауғанстан жөніндегі стратегиялық шаралар тиімді жүргізілуі тиіс. Бұл ел аумағынан ығыстырылған талибан әскерлері Пәкстанмен шекаралас нүктелерде қайта бас көтеріп, лаңкестік әрекеттерін жалғастыру үстінде.
Сөз арасында, сондай-ақ ол Ауғанстанда АҚШ-тың қанша әскері қызмет етіп жүргенінен де хабардар етіп өтті. Оның келтірген мәліметтеріне қарағанда, онда америкалықтардың 38 мыңдай жауынгері және жүздеген сарапшы азаматтары бар. Ауғанстандағы жағдай тұрақтанған соң, АҚШ әскерилері мен онда қызмет етіп жүрген сарапшылар өз отанына оралады. Сөзінің соңында ол Ауғанстанға бейбіт мақсаттағы транзитті жүктерді жеткізуге дәліздер беруге ниеттеніп отырған Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріне алғыс білдірді. Сонымен қатар, ол Ауғанстанда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тағы қосымша әскери күш қажет екенін айтып өтті.
Ал Ауғанстан сыртқы істер министрінің саяси істер жөніндегі аға кеңесшісі - ақпараттық орталықтың бас директоры Давуд Морадиан өз елдеріндегі жағдайға басқаша пікір білдірді. Д.Морадианның атап өткеніндей, телеарналар Ауғанстандағы орын алған лаңкестік әрекеттерді көбірек насихаттайды. Ондағы оң нәтижелерді БАҚ-тар көрсете бермейді. Осыған байланысты шешен мынадай деректерді көлденең тартты: Талибан режімі құлаған 2001 жылдан бастап кезінде өзге елдерге кеткен 5 миллионнан астам босқын Ауғанстанға қайта оралды. Халықаралық қоғамдастықтың араласып, қолдау-көмек көрсетуінің арқасында балалар өлімі едәуір азайды. Мектептер ашылып, партаға отырған оқушылар қатары көбейе түсті.
Сонымен қатар, ол биылғы жылы Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалай болатыны жайлы болжамын алға тартты. Ауғанстандағы жағдай біршама тұрақтана түседі. Оған халықаралық қоғамдастықтың көмегі әлі де қажет. Өйткені, есірткі өндірісі азаймай отыр. Сондай-ақ, есірткі өндірісі осы өңірмен қатар, әлем жұртшылығын да алаңдатуда. Жаһандық осы проблеманы халықаралық қоғамдастықтың ықпалынсыз шешу мүмкін емес.
Финляндия миссиясының НАТО-дағы өкілдігінің басшысы Аапо Польоның сөзіне қарағанда, Финляндия - Ауғанстаннан шалғайда орналасқан шағын ғана ел. Бұл мемлекет үш жылдан бері Ауғанстанды тұрақтандыру шараларына қатысып келеді. Финляндия парламенті мен халқы елдің Ауғанстанға қатысу мәселелері туралы пікірлер білдіруде. Осы мәселе жөнінде ел парламенті мен үкіметінде баяндамалар тыңдалған. Ал Ауғанстанда қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, ел экономикасын тұрақтандыру бүгінде өткір тақырыптың біріне айналып отыр. Бұл проблемалар ұзаққа созылатын болса, ол көптеген аймақтарға кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан ондағы есірткі өндірісі мен есірткі тасымалына тосқауыл қою керек. Бұл мәселеде Финляндия қолдау көрсетуге дайын.
Сессия отырысында оған қатысушылар сөз алған шешендерге тақырыпқа қатысты сұрақтар қойып, өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Негізінен олар Ауғанстанды тұрақтандыру, бөлінген қаржының қандай жобаларды жүзеге асыруға жұмсалып жатқандығына байланысты айтылды. АҚШ өкілі Александр Вершбоудың қайтарған жауабына қарағанда, Ауғанстанда қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына жылына 5 миллиард доллардай қаржы бөлінеді екен.
"Аумақтық мүмкіндіктер: Орталық Азиядағы ортақ қауіпсіздік проблемалары" атты екінші секцияның модераторы НАТО Бас хатшысының Кавказ және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі, елші Роберт Ф. Симмоне алғашқы сөзді Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Болат Нұрғалиевқа берді. Шешен әлемдік тұрғыда ұйымға мүше елдердің алатын орнының маңыздылығына мән бере келе, бүгінгідей өзгерістерге толы уақытта барлық екіұдай пікірлер тудыратын мәселелердің тек сындарлы диалог арқасында жүзеге асырылуы керектігін айтты. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер тең құқылы, олар ІЖӨ-сінің көптігі мен аздығына, көмірсутегі, я болмаса басқа ресурстарының, қорларының көптігіне тәуелді емес. Олардың барлығының да мойнына алған міндеттері де бір текті. Алға қойылған басты мақсаттың бірі-аймақтағы қауіпсіздік мәселесі. Ұйым құрылғаннан бері бір де бір мүше мемлекеттің мүддесі сөз болғанда ол еленбей қалған емес. Әрқашан бетке ұстайтын көпвекторлы саясат өз жемісін беруде де айтуға әбден негіз бар. ШЫҰ әрқашан терроризм мен экстремизмге, есірткі саудасы мен тасымалына тосқауыл қоюды назарынан тыс қалдырып көрген емес. Біз экстремизм мен терроризмге бір де бір дін айыпты деп айта алмаймыз және ислам аты аталғанда қорқыныш туатын фобияның дұрыс еместігін білеміз.
ШЫҰ аясында экономикалық байланыстар да жандана түсуде. Энергия тасымалы, көлік, ақпараттандыру, байланыс салалары сынды түрлі бағыттардағы әріптестікке көп көңіл бөлінеді. Мұның ішінде алдыңғы екеуінің аумақтық интеграцияда маңызды рөлге ие екендігі де түсінікті, деп Болат Нұрғалиев жиналғандардың назарына ШЫҰ бойынша маңызды мәселелерді ұсынды.
Еуроодақтың Орталық Азия және Грузиядағы дағдарыс істері жөніндегі арнайы өкілі Пьер Моррельдің ортаға салған негізгі ойы заң үстемдігі жайында болды. Заң үстемдігі Еуроодақтың қауіпсіздікті сақтау жөніндегі стратегиялық маңызы бар мәселесінің бірі. Орталық Азиядағы қауіпсіздікке келгенде жаңа бір әдіс-тәсілдер қажет деген ұйғарымдағы - Еуроодақ бастамасымен Парижде осы елдердің сыртқы істер министрлері басшыларының кездесуі де өтті. Жалпы, бүгінгі күнгі Өзбекстандағы, Ауғанстан мен Пәкстандағы орын алған террористік оқиғалардың аймақтағы тыныштықтың шырқын бұзатындығы естен шықпауы тиіс. Әсіресе, Пәкстанның батысында террористік күштер белсенділік таныта бастағаны шындық. Ал Қазақстанмен жапсарлас жатқан елдерде ислам діні әсіре емес. Әсіре көзқарастағы өзгеше ықпал сырттан таңылып жатыр. Бізге осы кері ықпалдың әсерін сөз ету қажет. Әсіресе, кедейшілік етектен тартқан жерлерде халықтың түрлі кері ықпалдарға еріп кетуі, оны теріс пиғылдылардың пайдалануы оп-оңай. Сол себептен терроризм және экстремизммен күресте осы мәселе де қаперде болуы керек, деді Пьер Моррель.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Сыртқы саясатты жоспарлау және сараптау комитетінің төрағасы Марат Шайхуддинов бүгінгі күні ең бір қатты дамыды деген аймақтың өзі өте "тыныш айлақ" деген атты ала алмайтынын атап көрсетті. Өйткені, деді ол, әлемнен тысқары, болып жатқан жаһандық дауылдар мен күйзелістерден жеке қалып өзі ғана аман өтетін бір де бір ел жоқ. Ол мүмкін де емес. Бұл жағдай біздің аймаққа да қатысты. Әскери-стратегиялық маңызы бар аймақтан орын тепкен, бай минералды қорларымен әлем жұртшылығының назарын аударған өңірдің болып жатқан жайлардан тысқары қалатын жөні жоқ. Аймақ үшін маңызды мәселенің қатарында қауіпсіздік тұр. Ал ол болмаған жерде өзге құндылықтардың сақталуына да қауіп туады. Бұл тұрғыда Қазақстан бастамашылығымен құрылған АӨСШК аймақтағы қауіпсіздікті сақтауға өз ықпалын тигізуде. Болашақта осы ұйымды ЕҚЫҰ тәрізді Азиядағы ықпалды халықаралық ұйым дәрежесіне көтеру қауіпсіздікті бекемдеудегі үлкен үлес болар еді.
Түстен кейін болған "Аймақтық мүмкіндіктер: Кавказдағы шешілмеген араздықты тұрақтандыру мүмкіндіктері" сессиясында алғашқы болып Түркия сыртқы істер министрлігінің өкілі Унал Севикоз сөз алды. Біз үшін Кавказ мәселесі өте маңызды. Себебі, біз жақын көршілерміз. Ал көршідегі тыныштықтың саған да қатысы бар. Сол себепті біздің мемлекет әркез осы Кап тауы бойындағы мемлекеттермен көршілік қарым-қатынастар орнатуға пейілді. Газ, мұнай салалары бойынша әріптестіктеріміз ауыз толтырарлықтай. Алайда, барлық мемлекеттермен бірдей дәрежеде байланыстарымыз бар деп айта алмаймыз. Абхазия, Таулы Карабах, Осетия тыншыр емес. Ал тыныштықтың тұрақтамауына бір-біріне деген сенімнің аздығы кері әсерін тигізуде. Сол себепті сенімді күшейтетін шараларға мән берген жөн. Форумдар, диалогтар дипломатиялық қызметін атқарып, бір бірімен ұғынысуға тырысу өзінің жемісін беруі тиіс, деді шешен.
ЕО-ның Кавказ бойынша арнайы өкілі Петер Семнеби қандай бір қақтығыс экономиканың дамуын тежейді, реформаларды жылжытпайды, етектен тартып, ұнжырғаны түсіреді. Еуропа Түркия сияқты емеспіз, Кап тауы бізден алыс жатыр десе қателеседі, іргемізде емес деп біз ондағы жағдайлардан тыс қалуға тиісті емеспіз, деген ойын жеткізді.
Лондондағы Келіспеушілік жөніндегі ақпараттық жүйе және мемлекеттік құрылым жөніндегі тораптың атқарушы директоры Деннис Саммут мен дипломат емеспін. Бірақ, бір нәрсеге назарларыңызды аударғым келеді. Кавказдағы тынышсыздық басылар емес, мәселе дұрыс шешілмесе, қақтығыс салдары тағы бір келіспеушілікке алып келеді. Ушығып тұрған осы бір мәселелерді зерттей келе мынаны аңғардық. Кавказ бен оның маңайындағы 6 мемлекеттің кейбірінде әлі күнге дейін дипломатиялық қарым-қатынас орнамаған. Сол себептен бұған дейінгі қарым-қатынастарды қайта қарап, олардың механизмдерін жетілдіру керек. Бұл аса қатты маңыз беретін салмақты мәселе, деді.
Форумның үшінші сессиясы "Энергетикалық қауіпсіздік: Каспий және Қара теңіз аймақтарындағы әріптестік" тақырыбына арналды. Бұл секцияға НАТО Бас хатшысының саясат және қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі, Елші Мартин Эрдман төрағалық етті.
Ауқымды мәселені өзек еткен жиында талқы таразысына түскен мәселелерге еліміздің Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі Әсет Мағауов, Чехия cыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Томас Поджар, Еуразиялық саясат орталығының директоры Зейно Бэран сарапшылық жасап, энергетикалық қауіпсіздік тетіктеріне қатысты өздерінің ой-пайымдарын ортаға салды.
Мәселен, Әсет Мағауов Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздік мәселесінде ЕАӘК жобаларының белсенді қатысушысы екендігін, НАТО бойынша ғылыми комитет мүшелерімен өзара ынтымақтастықта жұмыс жасалып жатқандығын атап өтті. Бүгінде Қазақстан экономикалық тиімділік негізінде энергетикалық қауіпсіздік мәселесі бойынша өзге елдермен тұрақты әріптестік орнатуда. Қазақстан мұнай-газ құбыры бойынша жаңа дәліздер негізінің қалануына, әріптестіктің жаңа мүмкіндіктерінің ашылуына, яғни тиімді жобалардың көптеп бой көтеруіне айрықша мән беруде. Қазақстанның таранзиттік әлеуеті мен осы бағыттағы тәжірибесі басқа елдер үшін де маңызды болатынын айтқан жөн. Бұл ретте еліміз Әзірбайжан, Түркия, Ресеймен транзиттік бағытта жақсы әріптестікке қол жеткізуде. Соңғы уақытта бізге Қытай рыногының қақпасы ашылып келеді. КТК жобасын жүзеге асыруда да нәтижесіз емеспіз. Болашақта бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді деп сеніммен айтуға болады, деді қазақстандық вице-министр.
Томас Поджар өз сөзінде энергетикалық қауіпсіздік мәселесі бойынша өз елінің тәжірибесімен бөлісті. Біз 10-15 жыл ішінде мұнай-газ тасымалдау саласын жаңғырту мен әртараптандыру бағытына айрықша көңіл бөлдік. Бізде бір емес, бірнеше мұнай-газ тасымалдау құбыры бар. Соңғы уақытта біздің Орталық Азиямен арадағы әріптестік байланысымыз артып келеді, деді ол. Оның сөзіне қарағанда, НАТО-ға мүше елдер өзара бірлескен күш-жігердің негізінде мұнай-газ құбырын әртараптандыру мәселесіне назар аударулары керек. Егер ортада ортақ бір жүйеге негізделген ұстаным қалыптасса, энергетикалық қауіпсіздік мәселесінде кездесетін түйткілді мәселелер шешімін тауып, тұрақты жағдай қалыптасатыны күмәнсіз.
Зейно Бэран энергетикалық мәселені өзек еткен мұндай форумның маңызы айрықша екендігін айта келе, оның Қазақстан жерінде ұйымдастырылуының тереңінде өзіндік мән жатқандығына тоқталды. Каспий аймағы - экономикалық жүйенің басты тетіктерінің бірін құрайды. Каспий теңізінен Шығыс пен Батысқа ауқымды көлемде энергоресурс тасымалданады. Бұл әлемдік энергетикалық жүйеде атап өтуге тұрарлық жәйт, деді бұл жөнінде шетелдік сарапшы. Оның сөзіне қарағанда, мұнай мен газ адамзат өмірінде, мемлекеттің экономикалық дамуына айрықша орын алады.
Түстен кейін үшінші сессияның жұмысы "Энергетикалық қауіпсіздік: мемлекеттік және жекеменшік секторлар ынтымақтастығының мүмкіндіктері" деген тақырыпта одан әрі өрбіді. Осы ретте Румыния мемлекеттік хатшысы Богдан Ауреску энергетикалық қауіпсіздік мәселесінде жекеменшік секторға қолдау көрсету керектігіне тоқталса, Литва сыртқы істер министрі Аста Скайгсгирит Лиаскин бұл орайда мемлекеттік секторға айрықша талап қойылып, жауапкершілік жүктелу қажеттігін атап өтті. Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін жүйелендіруде үкіметтік құрылымдар айрықша рөл атқарады. Сол себепті, экономиканың қозғаушы тетіктерінің бірі саналатын мұнай-газ құбырларын жандандыру жобаларына ауқымды қаржы бөлінуі қажет. Сондай-ақ, ауқымды ресурстарға иелік ететін компаниялармен жоғары деңгейде әріптестік қарым-қатынас орнатуға да мән берілуі тиіс, деді өз сөзінде Литва сыртқы істер министрі.
Бұл күнгі сессияға қатысушылар өз сөздерінде "энергетикалық қауіпсіздік экономиканың бір бөлшегі саналатындықтан, бұл бағытта мемлекеттік құрылым мен жекеменшік сектор қоян-қолтық жұмыс атқаруы қажет" деген тұрғыдағы ұстанымдарын ортаға салды.
Форумның жалпы отырысының жабылуында секциялардың төрағалары басқосулардың қорытындысы туралы баяндап берді. Содан кейін НАТО Бас хатшысының орынбасары Клаудио Бисоньеро мен Қазақстан Сыртқы істер министрі Марат Тәжин секциялар жұмысын оң бағалап, қорытынды сөздерін айтты.
"Егемен Қазақстанның" тілшілер тобы. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.
«Егемен Қазақстан» газеті 26 маусым 2009 жыл