«Абай алдындағы парыз»
Президент жарлығымен бүгін, 10-тамыз – «Абай күні» болып белгіленді!
«Қазағым, қалың елім қайран жұртым?..»
(Абай)
Абай алдындағы парыз
Әр әрпі - нұрлы, шуақты,
Бір көріп жүрек ұнатты.
Абайды қайта оқысам,
Қазақтың өзі сияқты.
Сезімді, көзді арбайды-ау,
Қанша оқы - шөлің қанбайды-ау.
Болмысы, ойы, мінезі,
Қазақтан титтей аумайды-ау.
Аумайды-ау, тіпті, аумайды-ау,
Оқыған бей-жай қалмайды-ау.
Сан ғасыр бұрын болса да
Бүгінгі саған арнайды-ау.
Миыңды жуып тот басқан,
Жоғыңды бірге жоқтасқан.
Бүгінгі барша қазақтың
Әр жүрек қылын дөп басқан.
Бір сәуле көктен себелеп,
Тастайды-ау тұсап, өрелеп…
Қазақтан құйып, соққандай
Қазақы байлам керемет!
Қазақ боп сынап, мінеймін…
Қазақ боп күліп, жүдеймін…
Абайды оқи берген соң,
Қазақ боп қайта түлеймін!
Айтқаны - атқан таң ба екен?
Шекер ме екен, бал ма екен?..
Қазақта болсын қанша ақын,
Абайдай бірі бар ма екен?..
Әр жолы - нап-нақ, епті ғой,
Күйдіре сүйіп кетті ғой…
Абайға тілек арнауға
Батылым да әзер жетті ғой…
Бұлықсып тұр-ау бұла түн,
Таусылды күшім, қуатым…
Өзіңе арнап сөз айтқан
Кеше гөр, мені Ұлы Ақын?..
"Болдым, - дей көрме, - ермегі…",
Қиналып, ұлың терледі…
Өзіңе жазған хұсни-хат
Кеше гөр, мендей пендені?
Бүгіннен жолдар арызым,
Қайтара да алмас қарызым,
Бұл менің Сіздің алдында
Түбі бір өтер парызым!..
Жұмаш Кенебай Көкбөрі
Abai.kz