Сенбі, 23 Қараша 2024
Арылу 6289 22 пікір 14 Тамыз, 2020 сағат 13:34

Билік неге крематорий салуға «құлшынып» отыр?

Сурет Азаттық рухы сайтынан алынды

Еліміздің бас қаласында өліктерді өртейтін – крематорий салынады. Бұл туралы ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Ол үшін бюджеттен 1,5 миллиард теңге немесе 3,6 миллион доллар ақша да қарастырылған екен.

 «Ашық бюджеттер» порталында «Зираттары бар крематорийлер салу» деп аталатын № 373 099 құжат жарияланған. Ондағы ақпаратқа сүйенсек, бұл салынатын крематрий – бюджеттік бағдарлама екен.

Оған «жауапты адам – Сарсенгалиев С.А.»,  деп көрсетілген. Сәрсенғалиев С.А. – Нұр-Сұлтан қаласының Құрылыс басқармасының басшысы Сәрсенғалиев Самат Амангелдіұлы екен.

Бюджеттік бағдарламаның сипаттамасы – «Биологиялық және медициналық қалдықтарды жою және жою себептерін зерттеу», деп жазылыпты. Зираты бар крематрий құрылысы биыл басталып, 2022 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ол үшін жергілікті бюджет есебінен 1 миллиард 519 миллион 285 мың теңге қарастырылған.

2 адамнан басқасының бәрі қарсы

Жоба жұрт талқысына 12 тамыз күні ұсынылған. Талқылау уақыты 26 тамызда аяқталады екен. 14 тамыздағы көрсеткіштер бойынша бұл жобаны 1 адам қолдаған, 136 адам қарсы дауыс берген.

Жобаның орыс тіліндегі нұсқасы 11 тамызда жарияланыпты. Онда да 1 адам қолдап, 94 адам қарсы дауыс беріпті. 2 ұсыныс-пікір айтылған.

Айта кетейік, Қазақстанда крематорий салу туралы қызу талқы 1987 жылдан бері жалғасып келеді. Сол әңгіме биыл тағы айтылды. Бұл жолы айтылып қана қойған жоқ, «Ашық Үкіметтің» «Ашық бюджеттер» порталында арнайы жоба әзірленіп, жарияланды.

Алматы әкімдігі де крематорий салуды жоспарлап отыр

Құзырлылар биыл маусым айында крематрий құрылысына қатысты бастама жоспарды хабарлады. Сол кезде Әділет министрлігі алғашқы крематорийлер Алматы мен Нұр-Сұлтанда пайда болатынын айтты.

Төтенше жағдай кезінде мемлекеттік комиссия арнайы ведомствоға Қазақстанның мегаполистерінде крематорий салу мақсатында бюджеттік өтінімді әзірлеуді және енгізуді тапсырды.

Кейін, Алматы қаласының Мемлекеттік мұрағат басқармасы крематорий құрылысына, құрылыстың сметалық жобасына тендер жариялады. Сметалық құжатты дайындауға Алматы бюджетінен 46,8 миллион теңге бөлінген.

Далиып жатқан дархан даланың иесі қазақ десек, сол қазақтың әсіре мақтанмен айтатын бір сөзі: «Қазақтың саны аз болса да, жері кең!», «Қазақтың жері мен байлығы 18 миллион адам түгілі, бірнеше жүз миллион халықты асырауға әбден жетеді!». Рас, көңіл жұбатып, құлақ сүйсіндірер сөз-ақ! Алайда, сол дәу дала – қазақ үшін, қазаққа кеп пана тапқан өзге ұлт өкілдері (Қазақстан азаматтары) үшін енді тарыла бастағандай. Әйтпесе, Үкімет пен жергілікті әкімдіктер «зираттардың көлемін азайту үшін – крематорий салуымыз керек» деп белсенбес еді ғой.

Үкіметің есебінше, адамдарды жерлеу үшін жылына пәлен гектар жер керек екен. Ал, оны шешудің ең тиімді жолы – крематорий салу-мыс. Соның дәлелі: Нұр-Сұлтан қаласы крематорий салу үшін бюджеттен – 1,5 миллиард теңге бөлсе, Алматы крематорий құрылысының жоба-сызбасы үшін 46,8 миллион теңге бөлген.

Біз белгілі дін ғалымы Қайрат Жолдыбай мырзаға хабарласып, аталған мәсеге қатысты пікір сұрадық...

Тарихи зираттарға қарап, жердің иесі екенімізді білеміз!

Мұқаммеджан "бүй" дейді, Қайрат "өй" дейді... - Таза Ел

Қайрат Жолдыбайұлы:

- Бұл мұсылман елінде болмауы тиіс нәрсе! Осы уақытқа дейін жерлеп келдік қой. Бұл қалыпты үрдіс. Иесіз қалғандар болса да,  басқалар болса да жерлеп келдік. Сол себепті де, бұл біріншіден шығын, екіншіден керек емес дүние.

Қазақстан мұсылман елі. Мемлекетті құрушы халық сонау тарихтан қарасаңыз да, мұсылман халық. Әрине, басқа ұлттар да бар. Бұл жерде қаншама дінннің өкілі бар. Кришнайды бар, басқасы бар... Енді ол аз мөлшердегі адамдардың айтқанын істей берсек, онда ел болмаймыз... Отыз жылда крематрийсыз келдік қой..

1 миллиард 519 миллион 285 мың теңгеге мәйітті өртейтін крематорий салынбақшы. Бұл қалай? Біз өлігін өртейтін Үндістан емеспіз. Мәйітін арулап жерлейтін мұсылман елінде мұнша қаражат шашып крематорий салудың қажеті қанша?! Жерлеу біздің мәдениетіміз, дініміз. Еліміздегі тарихи зираттарға қарап, жердің иесі екенімізді білеміз. Әруақ силау біздің қасиетіміз. Осынау байтақ далада мәйітті жерлеуге орын жетпейді деу ақылға сыйымсыз.

Әрине мына заманда жерлеуді белгілі бір стандарттарға келтіру қажет. Бай болсын, кедей болсын бөлінетін жердің мөлшері шектеулі болуы керек. Қалай болса, солай шашыраңқы, ыйқы-жыйқы бейіт тұрғызуды доғаруымыз қажет. Ысырап қылып зәулім-зәулім күмбезді зират тұрғызуды тоқтатуға тиіспіз. Жалпы зират аумағын ғана қоршап, белгі ретінде құлпы тасқа кісінің аты-жөні жазылса, жеткілікті. Мұның бәрін заңды түрде реттеуге болады. Мүфтият крематорий салуға ресми түрде өз позициясын білдіруге, зират тұрғызу, жерлеу тәртібін ұсынуы тиіс.

Жоғарыда Алматы қаласы крематрий құрылысына, оның сметалық жобасына тендер жариялағанын айттық. Осы ақпарат алғаш жария болғанда белгілі эколог, саясатшы Азаматхан Әміртай мырза да крематорий құрылысына қатысты пікір айтқан еді. Өзектілігін жоймаған сол пікірді тағы бір мәрте назарларыңызға ұсынамыз...

Крематорий қазаққа жат!

Азаматхан Әміртай:

- Крематорий қазаққа жат. Крематорий дегенде көз алдымызға фашистердің концлагері һәм ондағы түтіндері будақтап адамдар өртеліп жатқан пеш елестейді. Үрейлі-ақ. Енді Алматыда сол жағдай қайталанбақ па?

Айтылар уәж мынау: Алматы халқы жылдан жылға көбейіп, өсіп келеді. Өмірден өтетіндерде (жылына 7-8 мың адам) көп. Ал оларды жерлеу үшін қаншама гектар алқап керек. Қазір жер қат. Осы тапшылықты шешу үшін амалсыз крематорийге жүгіну қажет. Міне мәселе қайда жатыр!

Жалпы біз кез-келген нәрсені науқанға айналдырып жіберуге бейіл тұратын елміз ғой. Айтқымыз келгені, егер Алматыда крематорий салынса, ертең осыны көрген өзге қала басшылары жер мәселесін шешеміз деп жаппай крематорий салуға ден қойып кетпей ме, деген қорқыныш. Онда, түптің түбінде аруақтарға құран оқып, бет сипайтын молаларда қалмауы мүмкін-ау.

Бір белгілі жайт, Алматы крематорийінің қызметі: жер тапшылығын шешіп қана қоймайды, медициналық мекемелердегі биоқалдықтарды, жыл сайын жүздеп дүниеден озатын қаңғыбас бомждарды, қаңғып өлген иттермен мысықтарды т.б өлекселерді өртеп, инфекция таралмалуына жол бермеу. Бап гәп осыда жатса керек-ті.

Тағы бір мәселе, адам жерлеген алқапты қайтадан пайдалану үшін кем дегенде жарты ғасырдан астам уақыт қажет. Яғни жер қойнауына тапсырылған биомассаның ыдырауынада сонша уақыт керек. Ал крематорийде бұл мәселе бір сағаттың ішінде шешіледі. Ал қайта пайдалануға жіберілген адам жерленген алқаптар үй салуға келмейтіні белгілі. Тек саябақтар болмаса.

Осы орайда айта кетер бір жайт, мәселен Алматыдағы «Фэмили парк», «28 панфиловшылар паркі» кезінде молалардың үстіне салынғаны анық. Мұнымен біз жұртты шошындырайық деп отырған жоқпыз.

Айтайық дегеніміз өзге, яғни, крематорий жаппай науқанға айналып, аруақтарға құран оқып, бет сипайтын зираттар қалмай қала ма деген үрей.

Түйін. Конституцияда айшықталып жазылғандай, Қазақстан зайырлы мемлекет. Десек те, ел халқының 70-75 пайызы мұсылман дінін ұстанатынын сарапшылар айтып-ақ жатыр. Өзге дін өкілдерінің де крематорий салуды сұрап, мұқтаждық танытып отырғаны шамалы. Ендеше, қазақ билігі өліктерді өртеуге неге сонша құлшынып отыр?  Жалпы, Қазақстанға крематорий қажет пе?

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5533