Есмағамбетова: Маска тағы тәртібі сақталады
ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова әлеуметтік желіде ауаға белгісіз газдың таралуына қатысты жарияланып жүрген қауесеттің шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осы мәселеге қатысты сұрақ қойылды.
«Қандай да бір қоспаларды ауаға шашуға байланысты ақпарат дұрыс емес әрі шындыққа жанаспайды. Бұл тұрғыда тек тексерілген ақпаратты, сондай-ақ ресми ақпарат көздерінен алуды сұраймын», - деді Бас мемлекеттік санитар дәрігер.
Ол сондай-ақ, демалыс күндері карантин неліктен сақталатынын айтты.
«Не себепті демалыс күндері локдаунды сақтаймыз? Бірінші мақсат – қол жеткізілген көрсеткіштердің оңтайлы динамикасын сақтау. Инфекцияның таралуында басты себеп не? Ол - адамдардың қарым-қатынасы. Өздеріңіз жақсы білесіздер, демалыс күндері адамдардың өзара қарым-қатынасы көбейеді, тұрғындардың сапарға шығуы артады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен қатар, тұрғындарға қоғамдық орындарда, қызмет көрсету, демалысқа арналған үй-жайларда бетперде тағу жөніндегі талап сақталатынын мәлімдеген.
Бұдан бұрын хабарланғандай, А. Есмағамбетова Қазақстанда қатаң шектеу шаралары енгізілгеннен бастап, коронавируспен сырқаттанушылықтың тәуліктік өсімі 0,5 пайызға дейін төмендегенін айтқан.
Abai.kz