Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2185 0 пікір 12 Желтоқсан, 2011 сағат 03:14

Бейбіт Қойшыбаев. Мұстафаны оқығанда...

Мұстафа Шоқайды мұқият оқыған сайын кешегі тоталитарлық жүйе душар еткен қасіретті терең түйсініп, бүгінгі ахуалымыздағы кейбір келеңсіздіктердің түп-тамырын айқын ажыратамыз және оны дұрыстаудың жолдарын бажайлаймыз.

Бастау

Коммунистік партияның шырмауынан азат болғалы бері Қазаннан тәуелсіздікке дейінгі ғұмырымызда әдемі ұран мен өтіріктің көп орын алғанына көзіміз жеткендей-ді. Алайда, бізге ықпалды кісілер: «Өткеннің бәрі бірдей жаман болған жоқ, ірі жетістіктерге жеттік, тарихты сызып тастау жарамайды, оны қайта жазбау керек, тарихты болған күйінде қабылдау керек», - дейді. Жаны бар сөздер. Жаман болсын, жақсы болсын - өз тарихымыз, демек оны дұрыс түсінген жөн, өзгертіп жазу шарт емес. Әйтсе де оны түрлі боямадан аршып жазу қажет. Сөйтіп қаз-қалпында, шын, әділ, таза түрінде оқу ләзім.

Ал табыстарымызға келер болсақ - әрине, олар да өткен жолдарымыздың жемісі. Тек, қасіретті бұрмалаулар азырақ болғанда - олардан да зор толайым табыстарға кенелер ме ек, қайтер ек...

Жә, әңгімеміздің негізгі арқауына оралайық: бізге жетпіс үш жыл кешігіп жеткен шындық Мұстафа Шоқайұлына кезінде-ақ мәлім-тін.

Мұстафа Шоқайды мұқият оқыған сайын кешегі тоталитарлық жүйе душар еткен қасіретті терең түйсініп, бүгінгі ахуалымыздағы кейбір келеңсіздіктердің түп-тамырын айқын ажыратамыз және оны дұрыстаудың жолдарын бажайлаймыз.

Бастау

Коммунистік партияның шырмауынан азат болғалы бері Қазаннан тәуелсіздікке дейінгі ғұмырымызда әдемі ұран мен өтіріктің көп орын алғанына көзіміз жеткендей-ді. Алайда, бізге ықпалды кісілер: «Өткеннің бәрі бірдей жаман болған жоқ, ірі жетістіктерге жеттік, тарихты сызып тастау жарамайды, оны қайта жазбау керек, тарихты болған күйінде қабылдау керек», - дейді. Жаны бар сөздер. Жаман болсын, жақсы болсын - өз тарихымыз, демек оны дұрыс түсінген жөн, өзгертіп жазу шарт емес. Әйтсе де оны түрлі боямадан аршып жазу қажет. Сөйтіп қаз-қалпында, шын, әділ, таза түрінде оқу ләзім.

Ал табыстарымызға келер болсақ - әрине, олар да өткен жолдарымыздың жемісі. Тек, қасіретті бұрмалаулар азырақ болғанда - олардан да зор толайым табыстарға кенелер ме ек, қайтер ек...

Жә, әңгімеміздің негізгі арқауына оралайық: бізге жетпіс үш жыл кешігіп жеткен шындық Мұстафа Шоқайұлына кезінде-ақ мәлім-тін.

Сексен алтының әйгілі толқуынан соң қайта тұтаса бастаған тоталитаризм тұсында, ұлттық намысы жоғары жас ғалым Самат Өтениязов шет елден Шоқайдың бір еңбегін жасырын әкеліп таратқан еді. Бүгінге дейін әлденеше рет қайта басылып, көп игілігіне айналған сол бір кішкене кітапша өзімізді өзіміз танудағы елеулі белеске айналған-ды.

Қазіргі таңда кеңестік  шын тарихымыздың маңызды беттерін Мұстафаның  жазып қалдырғанына күмәнданбаймыз. Бізге енді сол ақиқатты оқып үйрену ләзім. Болашақ үшін, жас тәуелсіз қазақ мемлекетін отан еткен барша ұлт өкілдерінің өзімізбен ниеттестігін қалыптастыру үшін, ел бірлігі үшін.

Мұстафа Шоқайұлы Түркістан өлкесін билеген большевиктердің сөзі мен ісі арасында жер мен көктей алшақтық барын Европадағы демократиялық қозғалыс қайраткерлері алдында тұңғыш әшкереледі. Ол бұрынғы Ресей империясының әміршіл құрылымының орнына жәдігөйлігі патша отаршылдарынан асып кеткен қатыгез, аяр билеушілер жүйесінің келгенін нақты деректермен жан-жақты ашып көрсетті.

Біз оның «Кеңес билігі астындағы Түркістан» («Туркестан под властью Советов») дейтін монографиясы туралы айтпақпыз. Сол бір шағын кітапша өзінің ағартушылық мәні жөнінен көп томдық, ғылыми аппаратпен жабдықталған, ең егжей-тегжейлі шежірені баяндайтын тарих оқулықтарынан артық, пәрменді де өтімді. Ол ел санасына, ұлттық санаға, әркімнің азаматтық айқын позициясын қалыптастыруға игі әсерін шапшаң тигізе алады.

Енді бірер ауыз сөзді оның жазылу тарихына арнайық.

Негіздемесі

1927 жылы Қазан революциясының он жылдығын тойлауға қатысқан француз жұмысшылары делегациясының бір тобын КСРО үкіметі Мәскеуден Орта Азиядағы Кеңес республикаларына саяхатқа жіберіп алады. Француз меймандардың бұрынғы Түркістан өлкесі орнындағы совет жолына түскен республикаларды аралаудан жақсы әсермен оралуы, әрине, большевиктік үлгіде ұйымдастырылып, қамтамасыз етіледі. Қонақтар көріп-білгендерін өте жоғары бағалайды.

Ал Мұстафа олардың түркістандықтардың нағыз тұрмысын көрмегенін, «москвалық агенттер» нұсқаған жерлерде ғана болып, жалған да жасанды «жарасым мен бақытқа» мәз болғандарын айтады. «Шын мәнінде, барлық большевизмге берілгендер үшін қасиетті ақиқат тәрізді есептелетін сөздерді: Совет елінде бәрі жақсы, әсіресе, Кеңес өкіметінің ұлттық саясаты кіршіксіз таза екен дегенді айту үшін осынау қымбат тұратын саяхатқа шығып алыс Түркістанға барудың ешқандай қажеті жоқ болатын, - дейді Мұсекең. - ...Олар Францияда отырып-ақ сол сөздерін айтып та, жазып та берер алар еді. Оларға қажет анықтаманың бәрін Европадағы кез келген кеңес өкілдігі алдарына қояр еді».

Шет елдіктердің сол сапарының сыртта да, іште де атқарар насихаттық рөліне зор мән берілгеніне күмән жоқ.

Шоқайұлы олардың «бәрін өз көздерімен көру үшін» шалғайға саяхатқа шықпай-ақ қоюларына болар еді деген пікір айтты. Өйткені француз делегаттары Советтік Қазақстан аумағымен тоқтаусыз өте шыққан-тын. Тек Қызылордада ғана олар мінген пойыз түнгі сағат бірде жеті минутке аялдады. Сол қас-қағым уақыт ішінде, ресми сәлемдесулерден кейін, Қазақстан революцияшыл кәсіподақтарының бастығы Ізмұқан Құрамысовтан олар альбомдар алды. Қазақстанның революциялық жетістіктеріне «иланып», «әлемдегі асқан бақытты» республика еңбекшілерінің тіршілік жайына естері кете шаттану үшін француз делегаттарына пойыз үстінде танысқан альбомдары жеткілікті болып шықты.

«Еңбекші қазақ» газеті «Француз жұмысшыларының Қазақстан еңбекшілеріне хатын» жариялады. Онда олар өздеріне «қазақтардың жолымен жүруге» ант берді. Сөйтіп, «бақытты қазақтар» өмір сүріп және жұмыс істеп отырғандай мәдени тыныс-тіршілік пен табысты еңбек жағдайына өз отандары Францияда да қайткенде қол жеткізуге белді бекем буып, табанды түрде шешім жасады...

«Мәскеу үкіметінің француз қонақтары» дүйім жұртқа жария еткен декларацияға жауап беруді өзінің түркістандық азамат ретіндегі парызы әрі отандастарының тапсырмасын орындау деп білген Мұстафа Шоқай «Кеңестер Орта Азияда» деп аталатын полемикалық рухта орындалған кітапшасын жазды.

Бұл жұмысын ол 1928 жылғы ақпанның басында бітіреді де, едәуір қиындықтардан соң, сол жылдың шілде айында баспадан шығартады. Мұсекең еңбегінде тек кеңес өкіметінің әдебиеттерін, орыс, қазақ, өзбек тілдеріндегі түркістандық газеттер мен журналдарды, партия және үкімет мәжілістерінің хаттамаларын, кеңес мемлекеттік баспалары басылымдарын пайдаланады.

«Мен деректер туралы, оның үстіне, жоққа шығарылмайтын деректер туралы әңгімелеймін, - дейді ол, - өйткені бұлардың бәрі кеңес баспасөзінің өзінде тіркелген. Оларды тек қана қабылдап, мойындау қалады. Бұл реттегі қабылдау дегеніміз - оларды түрлі саққа жүгірту мүмкін емес деген сөз. Ал бұл қорытындылардың мәні - кеңес өкіметі ұстанған ұлт саясатының теориясы мен ұрандарын олардың Түркістанда жүзеге асырылуынан бөліп тұрған орасан зор шыңырауда жатыр».

Сол «шыңырауды» алыс Париждегі Шоқайұлының бұлтартпас дәлелдермен күллі батыс демократтарына айқара ашып көрсеткені сондай, Мәскеудегі большевиктер оны КСРО Орталық Атқару Комитеті мінбесінен «ұлтшыл» деп таңбалап, ғайбаттап жатты.  Ғажабы, «кеңес өкіметі идеялары, оның директивалары мен олардың атқарылуы арасында белгілі бір қашықтық барын» өздері де түйіндеп, Мұсекең таққан айыпты - «шыңырауды» - іс жүзінде мойындады. Тек большевиктік бетбақтыққа салып, деректерді «ұлтшыл» Шоқаев жалақорлықпен тергіштеп жинаған дегенді уағыздады...

Мұндай уағызын большевизм қайраткерлері ұйымдық шаралармен - Мұстафаның еңбегін еліне жеткізбеу арқылы тиянақтады. Осындай жолмен кеңес өкіметі Мұсекеңді ұлы бетбұрыс шоқпарынан және репрессиялардан қорқып-үріккен, санасы озбыр саясатпен шырмалған халыққа жау етіп көрсетті.

Алайда, большевиктердің пиғылы сөз бостандығы мен демократия іс жүзінде орын тепкен елдерде оңынан таныла қоймады. «Өздеріне көрсетілген «Потемкин деревнялары» бойынша фантастикалық мәлімдемелер жасағандар, әрине, Түркістандағы кеңес өкіметінің ғажайыптарын әшкерелеген кітапшаның авторы олардың адалдығына жала жабады деп шағымданар. - Шоқайұлының еңбегін мұқият оқып, кітапшаға алғысөз берген белгілі француз социалисі Пьер Ренодель осылай жазды. - Олардың сорына қарай, Шоқаев мырза ең жақсы, ең сенімді тәсілді қолданған. Ол оқырманды өз байқаулары мен пайымдарының жәрдемімен иландыруға тырыспайды. Ол мұны большевиктік құжаттардың өздерінің көмегімен жасайды».

Кітапшаны оқығандардың бұған көздері жетеді. Өйткені, Ренодель айтқандай, «нағыз орыстық империалистік және ұлтшылдық отарлау тәсілдерінің» Түркістанда қалай қолданылып жатқанын Мұсекең кеңес коммунистерінің газет-журналдарынан алынған деректер арқылы батыс социалистік қозғалыс қайраткерлері алдына жайып салады.

Француз коммунистік делегациясына өтірікті шындай етіп айтқызу арқылы әлемдік қоғамдық пікірді өз пайдаларына бұрмақ болған большевиктердің әрекетіне Мұстафа Шоқайұлы аталмыш ғылыми және публицистикалық жұмысымен осылай дер кезінде батыл тойтарыс берді.

«Бостандық» астары

Қазан төңкерісінен кейінгі он жылдың шындығын - француз большевиктік-коммунистік жұмысшы делегациясы мүшелерінен жасырылған ақиқатты - Мұстафа кеңес басылымдарының өзінен іздеп тауып, қорытып ұсынған. Сондықтан да Мұсекеңнің бұл кітапшасы, Ренодельдің әділ атап көрсеткеніндей, жүздеген мың түркістандықтың аштан өліп, режим құрбаны болғанына куәлік етеді. Жергілікті әкімшіліктің негізінен орыстармен толтырылғанын, ондағы туземдіктердің саусақпен санарлық екенін дәлелдейді. Елді белгілі бір дәрежеде надандық билеп отырғанын әшкерелейді. Маркстік ленинизм дегеннің, большевиктік мекемелердің көбі тәрізді, тек фасад-фарс екенін айтады. Метрополияның ішкі-сыртқы мұқтаждарын өтеуге қажет мақтаның, аграрлық революция желеуімен, ұжымдаса, кең көлемде қалай күштеп, қанаушылықпен өндіріліп жатқанын көрсетеді.

Мұстафа осы еңбегінде, сондай-ақ, француз коммунистік партиясы өкілдерінің Түркістанда «ұлттар теңдігі жүзеге асырылды», «өзбектер - өз елінің қожайыны» деп куәлік етуіне байланысты, оның жалғандығын ашады. Бұл үшін - «тәуелсіз кеңес республикасы» Өзбекстан құрылған кезеңдегі, масқаралығы жағынан мәдениетті елдер тарихынан іздеп табылуы қиын кеңес өкіметінің бір шарасын ашына келтіреді.

«1925 жылғы 21 қаңтарда, Лениннің өліміне жыл толғанда, көне Ташкент шаhарының туземдік халқы, өкімет жарлығы бойынша, тізерлеп отырғызылды, - деп жазады ол. - Осынау туземдіктер бірнеше минут бойы шынайы отар құлдары жағдайында қалдырылды... Сириялық Али-Мира мынаған дайын болу керек: Лениннің немесе Кашеннің өлген күніне орай сириялық шаруалар тізерлетіп қойылады (француздар бұл кезде түрегеп тұрып: Ленин мен Кашен өлді, бірақ олардың істері жасай береді! - деп айқайлайды), ал мұндай  әрекетке қарсылық жасауға ниеттену - қатерлі «ойдағы қателік» болып табылады».

Бұлармен қатар, әйелдердің пәрәнжі киюі мен «орыс-түркістан коммунизмінің»: Ленин пайғамбар ма, жоқ па? деген мәселені анықтауға тырысқанын суреттеген саяси комедиялар да еңбектен орын алған. Ренодельдің пікірінше, идеалдарына осынша ерсі де мұңды нәтижелердің телінуі - социалистерді ұялуға мәжбүр етеді.

Қысқасы, большевиктер жүргізген солақай саясат салдарынан Түркістанда халықтың ұлттық бостандық алу хұқы да, әр адамның жеке бостандыққа деген хұқы да аяққа тапталған. - Шоқайұлы өзінің батыстағы оқушыларын осы ойға меңзейді.

Ол француз тілінде жарияланған бұл жұмысын - негізгі мақсатын дәйектей түсетін жаңа деректерге сүйеніп жазылған тараумен, қосымшалармен толықтырып, «Түркістан кеңестер билігі астында» делінген атпен 1935 жылы орыс тілінде шығарды. Қалың кеңестік көптомдықтарға бергісіз жұқа кітапша. Көл-көсір ащы шындыққа тұнған шағын көлемді үлкен тарих...

«Ұлт-азаттық саясатының»  салдары

Шығыстың отар және жартылай отар елдерінде революциялық күрес ісін, Сталиннің айтуынша, Ленин «Шаруа кеңестерін» ұйымдастырудан бастау қажет десе керек.  Сол «Шаруа кеңестерінің» лениндік «революциялық-азаттық» бағдарламасының орындалуына мысал ретінде, Сталин Түркістанды нұсқайды. Мұстафа Шоқай ондай тұжырымның ойдан шығарылған өтірік екенін дәлелдейді...

Түркістандағы кеңес өкіметі билігін жергілікті халықтың өкімет ісіне қатысу хұқын жоққа шығарудан бастады. Отарлық режим  қалдықтары - Ташкент «большевиктері», солардың билігімен Түркістанның жаңа дәуірі дүниеге келді. Жаңа өкіметтің отаршылдық сипаты Түркістан Кеңестері ІІІ съезінің қарарымен бекітілді. Ал жергілікті мұсылман кедей-кепшіктер патша заманында қалай мал сияқты болса, пролетар үкіметі тұсында да сол қалыпта қалды. Тіпті, кеңес өкіметіне қарсыласпағанмен, одан да жаман күйге түсті.

Өкімет өкілдері капиталистермен күресеміз деген желеумен момын халықтың жиған-тергенін сыпырып ала берді. Қызыл әскерлер жергілікті халықты қорғаудың орнына тонап, өлтіріп жатты. Өкімет өкілдері өздерінің орыстарын қорғаштады, жақсылап киіндіріп, тамақтандырды. Ал аш-жалаңаш мұсылман мыңдап, он мыңдап қырылып жатты. Ташкент большевиктері қазақтарды маркстік көзқараспен - экономикалық жағынан әлсіз, бәрібір өліп-өшіп жойылуға тиіс деп есептеді. Сондықтан, революция мүддесі үшін - бар күш-жігерді ашаршылықпен күресуге емес, майданға жәрдем беруге жұмсау маңызды деп білді.

Аштан өлген мұсылмандар саны тек ресми тіркелген дерек бойынша  бір миллион жүз он төрт мыңға жетті. «Мәскеудің «ұлт-азаттық саясатынан» алған біздің «ұлттық пассив» осындай», - дейді Мұсекең. Ал «кеңес активі» мынау: миллиондаған аштыққа ұшыраған жергілікті халық - большевиктер оларға тамақ тауып бермегенмен, өздері өмірден кету арқылы, олар большевиктердің жалпы жағдайын сақтап қалды...

«Мен француз коммунистерінен сұрар едім: сириялық, марокколық, үнді-қытайлық және басқа «маркстік көзқараспен қарағанда экономикалық жағынан әлжуаз» халықтарға қатысты (егер, Францияның сорына қарай, олар өкімет басына келе қалса) тура осындай саясат ұстанған болар ма еді? - дейді Мұстафа. - Ал сириялық Али-Мира Сириядағы болашақ кеңес өкіметі сириялық кедейлердің қырылуы нәтижесінде, сириялық шаруалар өліктерінің үстінде орнағанын қалар ма еді?»

Мұстафа Шоқайұлы Түркістанда орнаған кеңес өкіметінің негізінде мұсылман кедейлерінің қанына араласқан большевиктік өтіріктің лас кір-қоқысы жатыр деп есептеді. Ол Қазан төңкерісінен кейін іле-шала жүргізілген бұл аштық саясатының он шақты жылдан соң мейлінше жәдігөйлікпен қайталанғанын дәл уақытында білмеді-ау... Егер большевиктер билікке келген алғашқы кезеңде олардың іске асырған қылмысты шараларының нәтижелері түрлі жолмен тасқа басылып қалған болса, күш жинап, күллі басқару тізгінін қолдарына алғаннан кейін, олар сол кемшіліктерінен қорытынды шығара білді. 30-жылдарғы көшпенділерді аштан қыру қылмысын сырт көзге білдірмеу жағын мұқият ойластырып жүзеге асырды. Газет-журнал ашаршылық көлемі мен салдары туралы ауыз аша алмады, партия мен үкімет жиындарында да аштықтан жүз мыңдап өліп жатқандар тасада қалып, тек мал басының азаюына өкініш білдірілді.

Ресми құжаттар мен басылымдарды сүзіп оқитын Мұсекең, нақты деректерге ғана сүйенуге дағдыланған қайран Мұсекең сонау Париж түбінде отырып, алуан құжаттардан жиыстырып ала алған экономика деректерін, тек қана шаруашылық көрсеткіштерін сипаттайтын цифрларды талдады.

Ол мұны толық социалистік қоғамда, тіпті коммунизм кезінде де көшпенді мал шаруашылығы бола беруі ықтималдығы жөнінде шығарылған жаңа сталиндік теорияға байланысты істеді. Сталин бұл теориясын қазақ даласындағы аштық саясатын ойдағыдай орындап біткен соң таратқан-ды. Сол бір ғасырлық қылмыстан бейхабар Мұстафа, тек баспасөз мәліметтерін арқа тұтқан қайран әділ ғалым Мұстафа Сталиннің жаңа теориясының  - егіншілікке жарамды жердің көбін орыс переселендеріне тартып алып бергеннен соң ғана дүниеге келгенін ескертті...

30-жылдарға дейін, тіпті 1931-1933-жылдарғы алапат ашаршылық аяқталғанға шейінгі шақтарда - кеңес режимі көшпенділік әдіспен мал бағуды еске алудың өзін қылмысқа пара-пар көретін... Қазан төңкерісінен бұрынғы қазақ алдындағы 40 миллион бас мал 1934 жылы тоғыз жарым миллион деңгейге кеміп кетті. 1916-1923 жылдарға созылған күллі апаттардан кейін Қазақстандағы Түрксіб желісіне бейімделген аймақта 1927 жылы 29 миллион мал бар-тұғын. 1935 жылы, Казкрайком секретары Мирзоян салтанатты түрде үлкен табыс ретінде хабарлаған Қазақстанның мал саны жеті миллиондай ғана болды - «мал бағушы түркістандық халықтың шаруашылықтағы «жетістігіне» бұдан өткен сендіргіш мысал келтіру мүмкін бе?»

Құқық пен қалау

Шоқайұлының кітабы күні кешеге дейін әділдігіне бәріміз құлай сеніп келген «лениндік ұлт саясаты» жайындағы бұлтартпас деректерге тұнып тұр. «Алайда большевиктер ұлт саясатының лениндік-сталиндік теориясы хақында сөйлеуді тым ерекше жақсы көреді, - дейді Мұсекең. - Ленин мен Сталин іргесін қалаған ұлттық өз тағдырын өзі айқындау негіздерінің өзгеріс-бұлтарысты білмейтін дұрыстығы жайында айта беруді, өздерін де, өзгелерді де сендіріп-иландыруды жақсы көреді. Бірақ ұлттардың өз тағдырын өздері айқындауы жөніндегі кеңестік (лениндік-сталиндік те сол) теорияның құбылуын - метаморфозасын - кім қаншалықты есінде қалдырып, біліп жүр екен?»

Бұл мәселе бойынша Ленин мен Сталин Қазан төңкерісіне дейін және одан кейін қандай теориялық пайымдар жасағанына көз жүгіртейік. 1914 жылғы сәуірде Ленин: «ұлттардың өз тағдырларын өздері айқындауы дегеніміз - олардың өзге ұлттық ұжымдардан мемлекеттік бөлінісі, дербес мемлекет құруы» деп есептеді. Лениннің бұл мәселедегі осы негізгі ойын большевиктердің бәрі қолдады. 1917 жылғы сәуірде, большевиктердің фракциялық конференциясында Сталин: «езілген халықтар Россия құрамында қала ма, дербес мемлекетке бөліне ме - өздері шешуге тиіс» деді. Конференция тиісті шешім қабылдады. Одан кейін де Ленин (1917 жылғы мамырда): ұлттардың саяси тұрғыдан өз тағдырларын айқындауын - «Россиядан бөліну еркімен қоса шешілетін мәселе» ретінде айрықша атап айтып жүрді.

Ал 1917 жылғы Қазан төңкерісін жасап, билікке келгеннен соң бірнеше жыл өткенде, большевиктер басқаша сайрай бастайды. Партияның Х сьезінде Сталин: «ұлттық өз тағдырын өзі айқындау туралы ұран ескірді, ол - империалистер өздерінің ыңғайына келтіріп пайдаланғысы келетін бос ұранға айналды, бұндай көмескі ұранды біз бағдарламамыздан алып тастағанбыз, біздің бағдарламада басқа, айқын ұран бар, ол - халықтардың мемлекет болып бөлінуге деген хұқы. Бұлар екі бөлек өзгеше дүниелер...» дейді. Ал «Ресейден жеке мемлекет болып бөлініп кету хұқы» халықтардың «өз еріктеріне» сәйкес пайдаланылмай қалды. Сөйтіп ұлттың өз тағдырын өзі айқындау хұқы - «бос ұран», халықтардың мемлекеттік бөліну хұқы - «өз қалаулары бойынша» жүзеге асырылған жоқ.

Бұлардың ішкі мәнін 1920 жылы Сталин ашып айтып та берген: «шет аймақтардың Ресейден бөлінуін талап ету - революцияның қазіргі кезеңінде өте-мөте зиянды контрреволюциялық әрекет болып табылады...» Ешкімнің «контра» болғысы келмеді - революция жалғасып жатты...

Большевизмнің жәдігөйлік мақтанышы

Мемлекеттік басқару аппараттарын «ұлттандыру» жөніндегі революция талаптарына сай қабылданған қаулының «орындалу» әдісін Мұстафа Шоқай кітабынан оқу да біраз нәрсеге көз ашады.

1919 жылы Россия Компартиясының Орталық Комитеті Түркреспублика халық комиссарлары кеңесіне «туземдіктерді халық санына пропорционал дәрежеде мемлекеттік қызметке кең тарту қажеттігін» нұсқады. Алайда Мәскеудің түркістандық агенттері орталық тапсырмасын орындаудан бастартты. Ал Мәскеу өз эмиссарларын маңдайынан да шерткен жоқ, ұзамай, «ұлттандыру» мазмұнына жаңадан елеулі өзгеріс енгізді. Мемлекеттік аппаратты жергілікті халыққа «тақалту» мәселесін көбірек айтты, орыстар үшін жергілікті тілдерді оқытатын қысқа мерзімді курстар аша бастады...

Басқару аппаратын халыққа осылай «жақындату» тәсілін ғасыр басында Түркістан генерал-губернаторы Субботич қолданған-ды. Жергілікті тілдерді жылдам үйренген әкімшілік және сот мекемесі қызметкерлеріне сыйлық та тағайындаған. Бұл шараны ақымақтау патша үкіметі «революция» деп есептеді де, Субботичті тезірек генерал-губернаторлықтан тайдыруға асықты. Мәскеулік кеңес үкіметі де енді сол тәсілді «революция» дейді!

Мемлекеттік аппаратты халыққа «жақындатуды» көздейтін осынау «революциялық» жүйе нәтижесінде онсыз да саусақпен санарлық түркістандық қызметкерді әр қолайлы сәт туған сайын орыспен алмастыру ашық жүргізілді. Аппараттың жұмыс тиімділігін арттырып, оны ұстауды арзандату желеуімен жергілікті ұлт қызметкерлерін жұмыстан шығару, яки қысқарту орын алды...

Орта Азияда 1927 жылдың ортасында 28,6 мыңнан астам жұмыссыз бар-тын, соған қарамастан, заводтарда істейтіндерді қысқартып, олардың орнына Ресейдің ішкі губернияларынан жұмысшылар шақырып әкелу жиі кездесіп тұрды. Орыс жұмысшылары жалақыны туземдіктерден әлдеқайда көп алды, азық-түлікпен де солар молырақ қамтамасыз етілді. Олар жергілікті жұмысшыларға сенімсіздікпен, астамшылық сезіммен қарады.

Ал туземдіктердің шағымын өз тілінде тыңдайтын ешкім болмады.

Көзбояушылықты жетік меңгерген эмиссарлар орталыққа: «Түркістанда мемлекеттік автономия құру жолымен толық түрде ұлттық өзін өзі басқару жүзеге асырылды» деп баяндады. Ал орталықтан арнайы аралай келген большевиктер Түркістанда жергілікті халықты отаршылдықпен қанаудың ең масқара түрі жүзеге асырылғанын көрді: «Отаршылдарға туземдік кедейлердің шынайы басшылары, өздерімен тең хұқықты жолдастар керек емес болатын. Оларға тілмәштар мен полицей атқарушылары ғана қажет еді...»

Жаңа тұрпатты отаршылдар сырт көзді алдау үшін - сауаты шамалы, бірақ айтқандарынан шықпайтын «туземдіктерге» басшылық лауазым беріп қоятын.

Француз делегациясы Түркістанды аралардың алдында ғана баспасөзде жарияланған мәлімет: «округтік атқару комитетті төралқаларының төрағалары мен мүшелері арифметиканың алғашқы төрт амалын білмейді, өз ана тілдерінде сауатты жаза алмайды. Париж бен Лондонның қайда екенін ажыратпайды, партия тарихымен таныс емес, партияның бағдарламасын оқымаған...» Кеңестік Өзбекстан өкіметінің басына хат танымайтын адам сайланды, Кеңестік Қазақстанда да өкімет басшысы шала сауатты кісі болды, екі елде де бұл жағдайды - «оқу-тоқусыз кедейдің ел басқарғанын» - мақтаныш тұтты. Большевиктердің арқасы...

Ал бірінші нөмірлі большевик Лениннің өзі сауаты ашылмаған жанның саясаттан тыс тұратынын, тек өсек-аяң, ертегі, ұзын-құлақ жетегінде ғана жүретінін тұжырымдаған болатын...

Жерден айыру тәсілі

Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті Қазақстан үшін бекіткен көшпенді және жартылай көшпенді аудандардағы жерге орналастыру туралы ережеде «негізгі жерге орналастыру жұмыстары аяқталғанша... сырт адамдарға қоныстандыру үшін де, жалға беру үшін ешқандай жер бөліп алуға жол берілмейді» делінген-ді.

Алайда бұл құжат та большевиктік екіжүзділіктің тағы бір ескерткіші болып қала берді - арнайы әдебиетте Қазақстандағы жерге орналастыру жұмыстарын «артық жерлерді анықтау мен ол жерлерге қоныстандыруды бір мезгілде және қатар жүргізу» туралы ой тасталды. Әйпесе жер-су көздері қате және тиімсіз пайдаланылуы ықтимал екен. Қалай дейсіз ғой? Жақсы жерлер сонда отырған халықтың қарамағына бекітіліп беріліп қойылады да, артық-ауыс қалғандардың құны жойылады. Мұсекең мұның астарында: «таңдаулы жерлер қазақтарға тиіп қалмасын», - деген, кеңес орталығының «қаупі» жатқанын, әрі сондай «сескеністің» тікелей салдары ретінде - қазақтардың шұрайлы жерлерден қуылып, тастақта, шөлде, ұйымдастырылған колхоздарға апарылғандарын бұлтартпас мысалдармен дәлелдейді.

Қазақтардың өздерін жерге орналастырып болғанша Ресей тұрғындарын Қазақстанға көшіруді доғара тұру жөнінде РСФСР Орталық Атқару Комитеті 1924 жылғы 17 көкекте және 1925 жылғы 14 қыркүйекте арнаулы қаулылар қабылдаған-ды. Алайда бұлар жәй ғана, қазақ өкіметін алдаусырату іспетті құжаттар болып шықты - жұмаққа ұмтылғандай сезінген переселендер қазақ жеріне толассыз ауа берді, ал оларға Ресей үкіметі тыйым салмады.

Бір мезет өзін азат та тәуелсіз мемлекет басы санап қалған Қазақстан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Орталық Атқару Комитеті қазақ жеріне өз беттерінше 1925 жылғы 31 тамыздан кейін қоныс аударған орыстарды жер алу хұқынан айыру жөнінде шешім шығарды. Олар келген жақтарына оралуға, немесе жерді жалға алу хұқына разы болуға тиіс-тін.

Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекин өзіне ұнамсыз бұл шешімді жою үшін - әуелі большевиктік қулықтың сыннан өткен тәсілмен комиссия құрғызады. Сосын комиссияға келіп, мұндай қаулыны орындауға болмайтынын, оның күшін жою керектігін айтады. 200 мың орысты кері қайтарып жібере алатын қарулы күші бар ма екен қазақтың? Оларды келген жерлеріне кері тасымалдауға жұмсалатын шығынды жабарлық ақшалай қаржысы бар ма екен қазақтың?..

Әрине қазақта әскер жоқ, байлығы да шамалы... Қазақ өкіметінің қаулысы қабылданар-қабылданбастан күшін жойды.

Сөйтіп, Компартия келімсектердің өз беттерімен ағылуына тоқтам салмау былай тұрсын, құлаған режимнің жер-су хақындағы әділетсіздігі түзелетінінен үміттендірген бұрынғы қағаз жүзіндегі әділ шешімдерін жиып тастап, қазақ жерін жаңаша отарлауды ашықтан-ашық жоспарлауға кірісті.

1928 жылы Бүкілодақтық Переселендік Комитет 1928-1933 жылдарға арналған қоныс аударту шараларының бесжылдық перспективалық жоспарына Солтүстік Қазақстанның жеріне ішкі Ресей облыстарынан 400 мыңдай переселен апаруды қосты.

Революцияға дейін 6 миллионнан асқан қазақ 1927 жылы 4 миллионға жетпей қалды... Республика аумағын мекендеген халықтар ішіндегі үлесі 90 проценттен 60 процентке түсіп кетті...

Кеңес үкіметінің Қазақстандағы аграрлық саясаты 20-30-жылдары да, бертінде де - 17-жылы құлаған царизмнің ескі отарлау саясатын еске салып тұрды: тың өлкесін игеруге байланысты айтылған Хрущевтың әйгілі сөзін ойлап қойыңыз - патшалық тәсілмен істей алмағанды большевиктер кеңестік әдіспен жүзеге асырды...

Ізбасарлар әзірлеу шындығы

Шоқайұлын оқи отырып, патша әкімшілігі мылтық, арақ, айланы астастыра жұмсап жаулап алынған ел-жұртты «біртұтас та бөлінбес» мемлекеттің кәдімгі мұжық секілді боданына айналдыруды көздеген орыстандыру жұмысын кеңес өкіметі туу бастан-ақ ең өтімді жолмен сабақтастыра ілгері бағыттағанына көзіміз жетеді.

Қазан төңкерісінің он жылдығы қарсаңында (1927 ж.) қазақ мектептерінің саны 1600 болыпты.  Бірақ, сабақ өткізетін ғимараты бар мектеп - 40-қа жетер-жетпес екен. Демек, мектептің іс жүзіндегі саны да 40 болғаны ғой... Қазақ мектептерінде бір шәкіртке 7 сом 70 тиын, орыс мектептерінде - 16 сом шығындалады... Яғни қазақша оқу - сапасыз, сауат ашарлық қана білім алу деген сөз, «есі бар» ата-ана баласын орысша оқытады...

Бұған Қазан төңкерісі, большевиктер дүниеге әкелген Қазақ мемлекетінде негізгі халықтың тілімен қатар орыс тілінің де ресми мәртебеге ие болғанын, саяси-қоғамдық тыныс-тіршіліктің орысша жүруі биік дәрежеге саналғанын қосыңыз...

Өкіметтің арқасында шалақазақтар саны күрт артып, түрі бір, тілі бөлек халық деңгейіне жетті... Тәубә дерің, бәрі бірдей қазақ рухын жоғалтқан жоқ.

Шындықты ашар кілт

Мұсекең аталмыш кітабында ұлттар қатынасы мәселелерін жұмысының негізгі өзегі еткен. Одан кеңес өкіметінің Түркістан өлкесіндегі билігінің он жылдық тәжірибесі нәтижелерін сипаттайтын, ең бастысы, кеңес дәуірінде бізге қаршадайымыздан оқытқан тарихқа кереғар оқиғалар мен құбылыстар суреттеліп-баяндалатын мысалдарды жеткілікті де түсінікті мөлшерде табамыз. Және осынау 20-жылдарғы «ақтаңдақтар» ақиқатын ашатын, тәтті өтірікпен көлегейленіп келген ащы шындықты әйгілейтін еңбек авторының қорытындылары ол дүниеден көшкелі бергі дәуірді де түсінуге жәрдемдеседі. Бұл кітаптан  «заманымыздың ақыл-ойы, абыройы және ар-ожданы» «ажарландырған» жалпақ қазақ жеріндегі «халықтар достығы лабораториясының» тәжірибелері мен Алматы Жаңа алаңындағы «тәртіпке түсірушілер» әрекеттеріне дейінгі оқиғалар астарын ұғу кілтін көреміз...

Қорыта айтсақ, Мұстафа Шоқайұлын мұқият оқу ләзім. Қазақ та, орыс та, күллі түркі, сондай-ақ орыс тілді жұрт біткен зерттеп оқуға керек. Мұсекең сонау қатыгез заманның уақытында-ақ қағаз бетіне ұмытылмастай етіп, өшпестей етіп жазып қалдырып кеткен жазықсыз төгілген қанның, қорлық пен қанаудың, надандықтың жан түршіктірер суреттері бүгінгі ұрпаққа зор тарихи тәрбие береді. Жаңа таным, мүлдем соны шындық арқылы барша ұлт өкілдерінің жан сарайына жаңаша ұстам, ар-ұят, иман, парыз сәулелерін тоғыстырады...

Біз бүгінгі күн ақиқатымен санасамыз, қазіргі тыныштығымызды ертеңгі тоқ, бақытты өмірге ұластырудан үміттенеміз. Бірақ көп ұлт өкілдері арасындағы келісімді қалыптылық пен бірлікті баянды етудің дәйекті бір жолы - азаматтарымызды тарихпен тәрбиелеуде жатқанын ескере бермейміз...

Қазақ 1917-1918, 1920-1921, 1931-33 жылдары миллиондап аштан өлді, төңкеріс, азамат соғысы, тәркілеу мен ұжымдастырудың асыра сілтеулеріне қарсы көтерілу, жаппай жазалаулар кездерінде мыңдап, жүз мыңдап қырылды, шамалары жеткендері шетелдерге қашты. Сөйтіп, Қазан төңкерісіне дейінгі алты миллиондық халық екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында екі миллионға жетер-жетпес болып қалды. Осы мөлшерінің төрттен бірге жуығын майдан далаларында құрбан етті.

Қазақ тек соңғы жарты ғасырдан сәл астам уақыт ішінде ғана біршама демографиялық жаңғыру құбылысын бастан кешіп келеді. Ал әлгі аталған қасіреттер салдарынан пышырап, большевиктер «Қазақстанды көтеру үшін» сырттан үстін-үстін әкеп төккен кеңестік переселендер арасында арал-арал болып қалған халықтың тілінен айрыла жаздағаны, көп құқтарының шектелгені, экологиялық күйзеліс, дағдарыстарға душар болғаны баршаға аян.

«Тарих  осылай шешті» дегенді ұнатамыз-ау, дегенмен, тарихты жақсы тұрмыс іздеген адамдардың көмегімен билеуші және қуыршақ өкіметтеріміздің жасағанын тереңірек зерделеуге тиіспіз. Барлық болған істерде жанама түрде болса да баршамыздың «үлесіміз» бар. Мұстафа Шоқайұлы осыны түсінуге жәрдемдеседі.

Түйін

Күнәңді сезіну, пиғылыңды жақсартуға ұмтылу - қазақ байрағы астында отаныңның дәулетін тасытысудың, тату-тәтті, жарасымды, жақсы өмір сүрудің кепілі. Қазақтың әлі күнгі жеткілікті дәрежеде танылмай жатқан ұлы перзентінің мұрасын, орайы келгенде еселеп айта кетейік, бүткіл қазақстандықтарға жеткізу жөн. Мұсекең қалдырған тарих қазақ мемлекетін мекендеушілердің моральдық тұрғыдан қайта жарақтануы қажет екеніне иландырады. Түсінікті етіп айтқанда, кітап өзге ұлт өкілдерінің, тілдік тұрғыда бөлектеніп жүргендердің баршасы қазақтың ұлттық мүддесін көздеуді тарихи әділеттілік деп білуіне,  қазақ төңірегіне тығыз топтасу идеясын жасампаздық деп қабылдауына қызмет етеді.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504