Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 19024 0 пікір 12 Желтоқсан, 2011 сағат 03:29

Ақеділ Тойшанұлы. Айтыс: рулық кезеңі, жіктелуі, бүгінгі жай-күйі

Айтыс - фольклор, ауыз әдебиеті, ақындар шығармашылығымен терең байланысып тұрған ерекше синкретті жанр. Мұнда театрлық әрі драмалық өнердің басы қосылған, сондықтан айтысты - фольклорлық театр, немесе фольклордың драмалық жанры десе де болады (С.Қасқабасов).  Айтыс түрік тектес халықтардың барлығында бар, С.Сейфуллиннің тілімен айтсақ «Қазақ болған түрік-моңғол руларының ескіден келе жатқан ауыз әдебиетінің бір саласы ­ - айтыс сөздер». Алайда түрік-моңғол халықтарының көбінде  айтыс  негізінен топтық түрде айтылатын әдет-салт айтысы деңгейінде  ғана қалған, ал қазақ, қырғыз (айтыш), әзербайжан (дейішме, мейхана), түрікте (атышма) екі әріптес бірін-бірі халық көпшіліктің көзінше ашық жеңуді мақсат ететін суырыпсалма ақындар айтысы дәрежесіне жетіп, кемелдене дамып, ХХІ ғасырға жеткен өміршең өнер. Сонымен, әдет-салт айтысы түрік халықтарының бірлігі дәуірінде ел ішіне жайылған байырғы құбылыс болғандықтан бауырлас елдердің барлығына ортақ, ал ақындар айтысы болса әсіресе қазақ халқында классикалық дәрежеге жетіп дамығандықтан ол қазақ хандығы заманына тиеселі, нақтырақ айтқанда отанымызда рулық-патриархалдық қоғамның қайшылығы шығандаған кезеңде үдеп толыса түскен деуге болады.

Айтыс - фольклор, ауыз әдебиеті, ақындар шығармашылығымен терең байланысып тұрған ерекше синкретті жанр. Мұнда театрлық әрі драмалық өнердің басы қосылған, сондықтан айтысты - фольклорлық театр, немесе фольклордың драмалық жанры десе де болады (С.Қасқабасов).  Айтыс түрік тектес халықтардың барлығында бар, С.Сейфуллиннің тілімен айтсақ «Қазақ болған түрік-моңғол руларының ескіден келе жатқан ауыз әдебиетінің бір саласы ­ - айтыс сөздер». Алайда түрік-моңғол халықтарының көбінде  айтыс  негізінен топтық түрде айтылатын әдет-салт айтысы деңгейінде  ғана қалған, ал қазақ, қырғыз (айтыш), әзербайжан (дейішме, мейхана), түрікте (атышма) екі әріптес бірін-бірі халық көпшіліктің көзінше ашық жеңуді мақсат ететін суырыпсалма ақындар айтысы дәрежесіне жетіп, кемелдене дамып, ХХІ ғасырға жеткен өміршең өнер. Сонымен, әдет-салт айтысы түрік халықтарының бірлігі дәуірінде ел ішіне жайылған байырғы құбылыс болғандықтан бауырлас елдердің барлығына ортақ, ал ақындар айтысы болса әсіресе қазақ халқында классикалық дәрежеге жетіп дамығандықтан ол қазақ хандығы заманына тиеселі, нақтырақ айтқанда отанымызда рулық-патриархалдық қоғамның қайшылығы шығандаған кезеңде үдеп толыса түскен деуге болады.

Айтыстың жазба ескерткіштерде белгілі болған ескі түрлеріне Махмұт Қашқаридың "Диуани лұғат-ит-түрк"  атты  кітабындағы «Қыс пен жаздың айтысы», Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" дастанындағы Күнтуды Елік (Әділдік), Айтолды (Дәулет), Өгдүлміш (Ақыл), Одғүрмыш (Қанағат) арасындағы  бастан-аяқ сұрақ-жауап түрінде келетін талас-тартысты үлгілер, Қожа Ахмет Иасауидің "Диуани хикметінде" кездесетін ұжымақ пен тозақтың айтысы жатады (М.Жармұхамедұлы). 

М.Әуезов «Айтыстың бірінші түрі - әдет-салт айтысы. Бұл көпшілік болып, топ-топқа бөлініп айтысу. Екіншісі - ақындар айтысы болады.

Халық ақындарының жіктеуі бойынша, ақындар айтысының барлық тобы, сыртқы көлеміне қарай, түр ерекшелігіне қарай, екі жікке бөлінеді. Бұның біріншісі - түре айтыс, екіншісі - сүре айтыс. Түре айтыс бір-бір ауыз өлеңмен қысқа, шапшаң жауаптасып отыратын, көбінше, ақындармен қатар, жалпы көпшілік қолданатын, жалпылық түр. Сүре айтыс - тек суырыпсалма, өлеңге әбден төселген, ысылған нағыз ақындардың әр кезекте ұзақ сөйлеп, көп жыр төгіп, көсіле жырлайтын түрі болады», - деп жазады.

Айтыс табиғи дамуына, тақырыбына, көркемдік ерекшеліктеріне, мақсаты мен міндетіне қарай отандық ғылымда төмендегідей түрлерге жіктеліп келгені әзірге белгілі:

1.     Әдет-ғұрып айтысы: а)Бәдік,  ә) Өлі мен тірінің айтысы,  б)  Жар-жар, в) Қыз бен жігіт айтысы (Қайымдасу) г) Қағысулар  үлгісіндегі айтыстар.

2.     Ақындар айтысы: а) Ру айтысы,  ә) Жұмбақ айтыс, б) Дін айтысы,  в)  Жазба айтыс, г) Қазіргі күнгі айтыс (Телевизиялық айтыс).

Әдет-салт айтысы топтық түрде, қандай бір рәсімді атқару мақсатында, жаттанды өлеңді, дағдылы әуенмен жікке бөлінген екі тарап алма-кезек хормен орындау арқылы  жүзеге асады. Бұл туралы  М.Әуезов «Бұл алуандас әдет-салт айтысы, көбінесе, өнер жарыстыру айтысы емес, тек дағдылы жолды атқару  (жар-жар), ырым, наным бойынша ем-домға арнап айту (бәдік) ретінде ғана орындалады. Ондай айтыстардың өлең сөздері де көбінше ауыздан-ауызға көшіп жүретін жаттанды сөздер болады. Сондықтан, әдет-салт айтыстарында «жеңу», «жеңілу» сияқты қорытындылар болмайды. Және өзге өнер жарысының айтысындай бір жаққа екінші жақтың жол беруі, бәйге тартуы болмайды»,- деп жазады.

Жар-жар, бәдік,  өлі мен тірінің айтысында шынымен сауықтан гөрі салттық қызмет басым, сол себептен айтыс өнерінің ежелгі арналары болып есептеледі, бұларды әрбірден кейін  жалпы сыртынан топтап ғұрыптық фольклор жүйесіне жатқызуға болады.  Аталған ғұрыптық үлгілерден жігі ашылып алшақтап, өнер түрі болып саналатын ақындар айтысына бір табан жақындап тұрған аралық буын қызметін  -    қыз бен жігіт қайымдасуы мен қағысулар атқарып тұр. Қыз бен жігіт айтысын қайымдасу деп те атаған, мұнда той-томалақта кездескен екі жас бір-бір шумақ өлең айтысып, өзара қалжыңдасады. Әріптестер бір-бірінің сырт көрінісіндегі, киім-кешегіндегі, мінез-құлқындағы, туыс-туғанының басындағы оғаш жайттарды сынау арқылы бір-бірін тапқырлықпен сөзден тосып, сүрінтуді көздейді. Мұнысы көбінде жаттанды  болып келеді, әйткенмен  қайымдасу  жас ақынды баулитын, болашақта шаршы топқа шығуға дайындайтын тәрбие мектебі деуге болады.  Көлеміне қарай айтысты түре, сүре деп екіге бөледі. Кәсіби ақындардың ұзақсонар ырғасқан жыр сайысы сүре айтысқа жатса, қысқа да шапшаң қайымдасу негізінен түре айтысқа жатады. Бұл туралы М.Әуезов «Түре айтысты - атақты ақындармен қатар, айтыс өнеріне жаңа машықтанып жүрген көпшілік те қолданады. Бұл бір-бір ауыздан қайтарылып отыратын шапшаң жауаптасу үлгісі. Осы түр жас желеңді ойын-сауықта айтысқа төселдіреді. Түре айтыстың бір ауыз өлеңі екі үлгіге бөлінеді. Оның біріншісі - бастауыш түрі, ең оңайы - қайым өлең, екінші үлгісі - қара өлең», - деп жазады. Мысалы:

Қыз:

Атымды шешем сүйіп қойған Еркін,

Той болса түзетемін камшат бөркім.

Қолыңда еркің болса мені алғандай

Неше жүз үйіңде бар сенің жылқың?

Ж і г і т:

Атыңды шешең сүйіп қойған Еркін,

Той болса түзетесің камшат бөркің.

Ер күшінен тау аударылар деген бар ғой,

Алармын, болмаса да жалғыз жылқым.

 

Дамыған өнер түріне айналған ақындар айтысында керісінше жаттандылық аз, суырыпсалмалық басты шарт болып саналады.

А.Байтұрсынов: «Айтыс - екі палуан күрескені сияқты, екі ойыншы ұтысқаны сияқты, екі батыр жекпе-жек ұрысқаны сияқты, екі ақынның бірін-бірі сөз жүзінде аңдып, бірінің-бірі қапысын тауып жеңу үшін айтатын өлеңдері. Ақындар әдісін сөз арқылы жұмсап, бірін-бірі сөзбен шаншып, жеңеді. Әрқайсысы сөзбен шаншуға қолайлы,осал-оңтай жерін іздейді. Басында, ісінде, жұртында,  ұлтында болған осалдық, кемшіліктерді айтып, сөзбен ұялтып, яки сөзбен қамап, жан-жағын бөгеп, тоқтатады», - деп жазады.

Жалпы, айтыс өнерінің композициялық құрылымында кереғарлық, қарама-қарсылық, драмалық ширыққан талас-тартыс жатқаны, бұған рулық-патриархалдық қоғамдағы салттар түпнегіз болғаны іргелі зерттеулерде дәлелденген. Бір сөзбен айтқанда, айтыс есте жоқ ескі заманда байырғы адамның санасындағы мифтік жұптық тайталас (бинарная оппозиция) құбылысына арқа сүйеп, әу баста  пайда болғаны байқалады. Әсіресе рулық-тайпалық қоғам тұсында оның өзегінде жатқан қарама-қайшылық әлеуметтік жіктердің өзара қызу тартысының айнасына айналды, айтыс сол кезеңде буыны бекіп, бұғанасы қатып, жеке жанр ретінде қалыптасты деп қорытынды жасауға негіз жеткілікті.

Бұл туралы М.Әуезов былай деп жазады: «Ру жігіне бөлінген ел кей кезде ұранмен бас құрасып, ұран атымен тіршілік еткенде рудың бәйгеге қосқан атын қызықтаса, күреске түскен палуанын қызықтап намыспен сүйсе, мынау өлеңдердің тұсында сол сияқты ру таласы, ру намысы, ру бәйгесіне сөз жүйрігін қосқандай болып, жік-жікке бөлініп, солардың тілеуін тілесіп, қызығын қызықтасады». Бұл түйінді пікірді ғалым Е.Ысмайылов былай деп дамыта түседі: «Шынтуайттап келгенде революциядан бұрынғы айтыстың көбі әсіресе жеке рулардың, ата ұлдарының өмірлік мәселелерін қозғаушы еді. Патриархалдық-феодалдық заманның тұсында жеке рулар, ата ұлдары өзара жауласып, атысып-шабысып жататын, сондықтан, сарбаз жігіттер сияқты, суырыпсалма ақындар да өзіндік шешендік өнерімен, ақындық шеберлігімен өз руының ар-намысын, мүдде-мақсатын қорғайтын, қызу айтыс-тартыстың үстінде қарсы жақты мінеп-сынап, өмірдегі шындықтың бетін ашатын». Ал халық қазынасының білгірі С.Сейфуллин айтыс туралы бүй деп байлам жасайды: «Өз руының шашбауын көтеріп, айтысқан рудың «нашарлығын» қазып, жамандап, зор ақындардың жұмыла айтысып, айтыс өлеңді қыздырған кезі - билер табы бастаған қазақ атанған рулар, руларды бастаған үстем тап шетелдермен жауласуды қойып, өзара ру таласын күшейткен заманда болған. Сол өзара қағысып, барымталасып, жауласуды күшейткен кезде, қазақ атанған елдің ауыз әдебиетінің, тіл өнерінің дені айтыс болған тәрізді. Бұл әсіресе, қазақ атанған рулар орыс патшасына бағынған дәуірде қатты қызған тәрізді». Бұндай құбылысты аңғарған Ә.Қоңыратбаев «Бір рудың аты немесе ақыны бәйге алса, құсы қасқырға түссе, ауыл ақсақалдары қайғырып, қуанысқан... Міне, айтыс поэзиясының туған заманы - осы. Дәл кешегі күнге дейін көптеген айтыс ақындары ру атынан сөйлеген. Айтыс, бәйге сияқты халықтық дәстүрлерге феодалдар мен билер рулық арқау беруге тырысқан» деп жазады.

Бұл тұжырымдарды жинақтап, қорыта айтқанда, революциядан бұрынғы ақындар айтысының барлығын тұтастай  ру айтысы деген түрге жіктеуге, топтауға берік негіз бар, расында  ежелгі заманда  әр бір айтыскер ақын тек қана өз руының өкілі ретінде сөз сайысына түсуге тиіс болған, бұл айтқан жайттарға сүре айтыстардағы мәтіндер толық дәлел бола алады. Ал  революциядан кейінгі айтыскерлер, яғни қазіргі айтыс (телевизиялық) ақындарының негізгі ерекшелігі  - олар ру-тайпасының атынан емес, енді өз облысының, ауданының, немесе фабрика, өндіріс, совхоз, колхоз секілді қандай бір ұжымның атынан сайысқа түсетін болғандығы.  Тіпті арғы кезді айтпай-ақ, бүгінгі күннен мысал келтірсек, 2010 жылы 21-22-наурызда өткен айтыста ақын А.Бұлғақов «Коммунист» партия, ал оның баласы Ж.Бұлғақов «Нұротан» партиясының атынан сайысқа түскендігі, бұл кереғар ситуацияны көрермендер қызыға бағалағаны анық.

Кеңес өкіметі алғашқы жылдардан-ақ ру ақыны болуға қатаң тыйым салған, шын мәнісінде бұл мәселе айтыс поэтикасына да елеулі өзгеріс енгізіп, ғасырлар бойы қалыптасқан көркемдік жүйеге сызат түсірген деуге болады. Советтік кезеңдегі айтыстың негізгі ерекшелігі туралы С.Мұқанов «Қазіргі айтыста бұрынғыдай рушылдық таластың, я жыныстық таластың мотиві жоқ»  деп жазады. Бұл жағдай 1920-1930-жылдардағы айтыс мәтінінде анық көрініс табады. Мысалы, Саяділ мен айтысқан Майса ақын бұл өзгеріс жайында былай деп, Советтік кезеңдегі айтыстың белгілерін ашып береді:

 

Болды  ғой бұл өзінше бір жаңа айтыс,

Мұндайда ең қызығы қару қайтыс.

Азды-көпті айтыстың Саяділім,

Бұрынғыдай болған жоқ ру тартыс.

Талайлардың мұқалып көңілдері,

Майсаның өлеңінен болған запыс.

Бұл айтыс та жеңілген, жеңген де жоқ,

Осымен еліңе қайт ақын байғұс.

Бұндай жайтты байқаған М.Әуезов былай деп жазады: «1922 жылы Семейдің екі ақыны Байзақов Иса мен Баймұратов Нұрлыбек айтысады. Ол кезде Нұрлыбек ауылда, Иса Семейде болады. Екеуінің айтысындағы жаңалық - бұрынғы айтыстардай ру таласы жоқ. Оның орнына қала мен ауыл жайларын бұлар тың тақырып етіп алысады. Иса қаланы жақтап, ауылды сынай мінесе, Нұрлыбек ауыл еңбегін бағалаушы болып, Семейдің қалың құмын мінейді».

Сонымен, рулық-патриархалдық қоғамның құрылысы біржолата сетінеген соң рулық айтыс та өмір сүруін тоқтатып, яғни, дәстүр үзіліп, қазіргі айтыс басқаша мазмұнда, өзгеше бітімде қалыптасқаны аян.

Ғалымдар тарапынан «халықтық роман»  (Б.Кенжебаев), «сюжетті поэма» (Е.Ысмайылов) деп бағаланған, елдің тұрмыс-тіршілігі, өмір-салты, рухани мәдениетінен мол мағлұмат беретін  революциядан бұрынғы дәстүрлі түре мен сүре айтыстар жанрішілік түрлерге, мазмұнға, көркемдік тәсілдерге аса бай болатын. Негізінен қыз бен жігіт айтысының, сонымен бірге кейбір көлемді сүре айтыстың жанрішілік түрлеріне жұмбақ айтыс, дін айтысын жатқызуға болады. Жұмбақты айтыста ақындар білім сынасу үшін тәсіл етіп те қолданған, ондай кезде сауал мен жауап тосын да күрделі болған, ал кей жағдайда жас ақындар қайымдасу кезінде үлкендерден құлақ түріп үйренген жұмбақтарды, діни философиялық сұрақтарды бір-біріне қоятын болған және оған дағдылы жауап берілетін. Мәселен, «Қыз Болық пен Елентайдың айтысында» әлемнің жаратылысы туралы жауап-сұрақтарда сол дәуірдегі адамдардың космос туралы байырғы дүниетанымы (мифологиясы) таңбаланады, бір сөзбен айтқанда жұмбақ айтыс пен дін айтысы белгілі дәрежеде тыңдаушының таным көкжиегін кеңейтуге, олардың білім деңгейін ұштауға қызмет еткен деуге болады.

Жұмбақ айтыс туралы М.Жармұхамедұлы «Әсіресе қыз бен жігіт айтыстарында әуел бастан айтыс түйіні жұмбақпен шешіліп келген. Мұнда көбіне-көп айтқан жұмбақты жігіт шешіп, қыз жол беру (жүзік, сақина, орамал) дәстүрімен аяқталатын болған. Бұл - ара-тұра ақындық қағысулардан да бой көрсетіп отырады («Шөже мен Кемпірбай»). Бұлардан тыс бізде бастан-аяқ бірыңғай жұмбаққа құрылатын айтыстар да мол. («Әсет пен Ырысжан», «Әубәкір мен Құлымбет», «Сапарғали мен Нұржан», «Шәкей сал мен алты ақын», «Ырысты мен он алты ақын», т.б.) Сондықтан бұл күрделі мәселе айтыстағы көркемдік құрал, бейнелеу тәсілі ретінде арнайы тоқталуды қажет етеді», - деп жазады.  (Жармұхамедұлы М. Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуы. Алматы, 2001. 232-б.) Сонымен, жұмбақ айтыс көбінде қыз бен жігіт айтысының, қағысулардың құрамына енетін көркемдік ерекше  бір тәсіл деуге болады.

Жазба айтысты негізінен бір-бірінен жырақта отырған оқыған  ақындар өзара білім дәрежесін сынау, ел өміріндегі қайшылықты мәселені қозғау  үшін қолданғанымен айтыстың басты қасиеті суырыпсалмалық сипаттан, ән-әуезден  ада болғандықтан бұл түр халық бұқара арасына аса кең жайыла қоймаған.  М.Әуезов тілімен айтсақ «Осылайша, жазып алып айтысу түрінде: «Дайыр молда мен Мәшһүр Жүсіп айтысы», «Қожахмет пен Әубәкір айтысы», «Нұржан Наушабаев айтыстары» сияқты жазба айтыстар туады. Бірақ бұл үлгілер жазба әдебиет мұрасы болғандықтан біз таза фольклор көлеміндегі, жанрындағы айтыстарға оларды қосып тексермейміз».

Тегінде, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Міржақып Дулатұлы секілді ақындар әдеби шығармаларында айтысты көркемдік тәсіл етіп қолданған, мұндайды авторлық әдеби шығарма деуге болады.  Ал, мысал айтыс түрінде иесі хайуанмен, немесе ақын домбырасымен айтысады. Мысал айтыста  екі ақын жекпе-жекке түспейді,  тек бір адам екі кейіпкердің атынан өзі сөйлейді (С.Қасқабасов). Әлбетте, бұнда  екі кейіпкер бар, екі  айтыскер жоқ, яғни айтыс формасы мысал жанрында әдіс ретінде қолданылып отыр, сол себептен бұны ғалымдар шартты түрде ғана айтыс үлгісіне енгізеді.

Сонымен, осы айтқан жайттарға сүйене отырып, айтысты былайша саралап, жаңаша жіктеуді  ұсынамыз:

1. Әдет-салт айтысы: а)Бәдік,  ә) Өлі мен тірінің айтысы,  б)  Жар-жар, в) Қыз бен жігіт айтысы (Қайымдасу) г) Қағысулар  үлгісіндегі айтыстар.

2. Ақындар айтысы: а) Ру айтысы (Революцияға дейінгі айтыс) ә) Қазіргі күнгі айтыс (Телевизиялық айтыс).

 

Ескеретін елеулі жайт, жұмбақ айтыс, дін айтысы ­- бұлар жеке дара жанрлық түр емес, негізінен  айтыс ішінде кездесетін жанрішілік түршелер, нақтырақ айтқанда көркемдік тәсілдер деуге болады. Мәселен,  қыз бен жігіт айтысында немесе қағысуда жұмбақ айтыс та, дін айтысы да қолданылады. Бұл үлгілерді көбінде оқыған шайырлар білімін байқату үшін жазбаша айтыстарда көп пайдаланғаны байқалады. С.Мұқанов «Бертін, қазақ елі ісләм дініне еркін араласқан кезде, араб әрпімен хат таныған кезде, бұрынғы ауызша айтысқа жаңа түр қосылды, ол - қағазға жазып айтысу» деп жазады. Бұл туралы фольклортанушы ғалым Ш.Керім  «Айтыстың бір іргелі тармағы хат арқылы дамыды десек,  олардың ішінде жұмбақпен келетіндері де аз емес. Мұндай жарасымды дәстүр әсіресе, Қаратау бойы мен Сыр сүлейлері арасында кең өрістеген. Хатта кейде бір жұмбақ келсе, кейде бірнеше түйдекті жұмбақтар болады. Мәселен, Қожахмет Кердері Әубәкірге бірден жеті жұмбақ жолдаса, Малабай Рахымжан 1923 жылы Мырзаұлы Ыбырашқа үш өлең жұмбақ жібереді. Сапарғали мен Нұржанның қақтығыстары да хатпен болғандығына екі ақынның сөз саптастары куә. Нұржан -­ жасырушы, Сапарғали - шешуші. Бұл айтыстың алдыңғылардан өзгешелігі - бірнеше жұмбақты бірақ жазып жібермеуі, өзінің жұмбағының дұрыс шешілгеніне көзі жеткен соң ғана келесісін жазуы. Хатпен келген жұмбақ астарын тап басу үшін ақынның ойлап-толғануына мүмкіндік мол. Демек, айтыстың бұл түрі ауызша суырып салумен болатын айтысқа қарағанда жеңіл», - деп жазады.

М.Жармұхамедұлы атап өткен «Сапарғали мен Нұржан», «Шәкей сал мен алты ақын», «Ырысты мен он алты ақынның» жұмбақ айтыстары Сыр сүлейлері арасында орын алған, демек белгілі болғандай негізінен  бұндай жұмбақ айтыс жазбаша орындалып әдеби қолтаңбаға ие болғандықтан да  осынау  үлгілерді ауыз әдебиетін мирас ететін дәстүрлі суырыпсалма ақындар айтысына жатқызып талдаудың, осы аяға сыйдырып жеке түрге жіктеудің қажеті тіпті жоқ екендігі түсінікті.

Әлбетте, мысал айтыс көбінде бір ақынның өзі шығарған екі дай пікірі, мұнда екі адам қатыспағандықтан классикалық айтыс деуге тағы болмайды, бұл кеңірек қарағанда айтыс үлгісіне салып  екі кейіпкерді сөйлететін әдеби  ерекше бір түр деуге болады. Суырыпсалма дәстүрден алшақтап, әдебиет туындысына айнала бастаған осынау екі үлгі туралы ғалым Ә.Қоңыратбаев «Кештеу туғаны - жұмбақ және мысал айтысы болса, онда жазба стилі басым» деп  байсалды уәж білдіреді.

Әдет-салт айтысы мен ақындар айтысы саласын жақындатып тұрған күрделі қасиетке ие аралық буын - қайымдасу (қағысу). Бұл түрдің әдет-салт айтысына жақын болу себебі - мұнда айтысу рәсімін орындауға тап болған екі жас көбінде жұртқа белгілі қалыпты қайталаулармен (рефрен), дағдылы, жаттанды шумақтармен (алғашқы екі жол ортақ болып отырады) қайымдасады, суырыпсалмалық қасиеті солғын. Тағы бір байқалатын жайт,  бұнда екі жас айтысу жоралғысын өтегенімен ғұрыптық қандай бір рәсімнен шынымен алшақ, топтық емес жеке өнерпаздыққа бірсыпыра жақындаған.  Белгілі айтыстанушы ғалым М.Жармұхамедұлы дәп басып көрсеткендей  бұл түр қасаң қалыптағы әдет-салт айтысынан дамыған еркін өнер суырыпсалма ақындар айтысына өтетін кезеңдік саты деуге әбден болады.

Ру айтысы, рушылдық айтыс деген жіктеу  М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев еңбектерінде кездескенімен  кейінгі  зерттеулерде Советтік идеология қысымы салдарынан  бұл атау, мұндай жіктеу ығыстырылған болса керек.  Расында ақындар айтысының қалыптасып даму табиғатының бірінші кезеңі ру айтысы дәуірімен шарықтау шыңына жетіп тежеліп қап, келесі кезекте осы кәсіби өнер қазіргі телевизиялық айтысқа ұласқаны көрініп тұр.

Ақеділ Тойшанұлы,

Филология ғылымдарының кандидаты,

М.Әуезов атындағы өнер

институтының ғылыми қызметкері

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502