БҰҰ: Азық-түлік қымбаттады
БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы бүгін жариялаған баяндамада сұраныстың тұрақталуы мен АҚШ долларының әлсіреуі әсерінен жаһандық азық-түлік бағалары тамызда қатарынан үш ай бойы көтерілгені айтылған.
Қант, өсімдік майлары мен ірі дәнді дақылдарға халықаралық баға белгіленімдері шілде айынан бері өсіп келеді, ал дүниежүзінде жиналатын егін болжамдары жыл сайынғы рекордтық көрсеткішке жететін көрінеді.
Ең кең таралған азық-түлік шикізаты тауарларының дүниежүзілік бағаларындағы өзгерістерді қадағалайтын ФАО Азық-түлік Бағаларының Индексі тамызда орта есеппен 96,1 ұпайды құрап, өткен аймен салыстырғанда 2,0 пайызға артқан. Бұл ақпан айынан бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш.
ФАО Астық бағаларының индексі шілдеден бастап 1,9 пайызға көтеріліп, 2019 жылдың тамызындағы мәнінен орта есеппен 7,0 пайызға жоғарылады, бұл өсімнің басты жетекшісі ірі дәнді дақылдар болды. Құмайдың бағасы 8,6 пайызға көтеріліп, бір жыл бұрынғы деңгейден 33,4 пайызға көрсеткіште тіркелді, бұған негізінен Қытайдың импортқа деген сұранысының артуы себеп болды. АҚШ-тың Айова штатындағы дақылдардың зақымдануы ұсынысқа әсер етуі ықтимал деген алаңдаумен, жүгерінің бағасы 2,2 пайызға өсті. Халықаралық күріш бағалары да маусымдық ұсыныстың қысқаруы мен Африкадағы сұраныстың артуы әсерінен қымбаттады.
ФАО Қант бағалары индексі алдыңғы аймен салыстырғанда 6,7 пайызға өсті, бұл Еуропалық Одақ елдері мен әлемдегі екінші ірі қант экспорттаушы Таиландтағы ауа райының қолайсыздығына, сондай-ақ Қытайдың импортқа деген сұранысына орай өндірістік жоспарлардың қысқаруын көрсетті.
ФАО Өсімдік майларының индексі әсіресе пальма майына, сонымен қатар соя, күнбағыс және рапс майларына қатысты аса жоғары көрсеткіштер әсерінен 5,9 пайызға артты. Бұл өзгерістер импортқа деген әлемдік жаһандық сұраныстың тұрақты қалыпта сақталуы жағдайындағы пальма майын өндіретін жетекші елдердегі өндірістің болжалды бәсеңдеуін айқындайды.
ФАО Сүт өнімдері бағасының индексі шілдеден бастап айтарлықтай өзгеріске ұшырамады, ірімшік пен құрғақ сүт ұнтағы Океания елдерінің маусымдық экспорттық мүмкіндіктерінің қарқындауы аясында төмендеді. Майдың бағасы тамызда күннің аса ысуы әсерінен сүт шығымының азаюына тап болған Еуропадағы экспорттық мүмкіндіктердің шектелуіне байланысты қымбаттады.
ФАО Ет бағасының индексі шілде айынан бастап елеулі өзгерістерге ұшыраған жоқ – 2019 жылдың тамыз айынан бастап 8,9 пайызға төмендеді – өйткені ірі қара мал, құс еті мен қой етіне сұраныстың төмендеуі Қытайдан келетін шошқа етіне деген сұраныстың өсуімен өтелді.
Дәнді дақылдардың болжамдары жаңартылды
ФАО сонымен қатар 2020 жылы дүниежүзілік дәнді дақылдар өндірісі бойынша болжамды шілде айындағы көрсеткіштен 25 миллион тоннаға төмендетті, бұған Америка Құрама Штаттарында жүгері өнімінің азаюы туралы болжам негіз болды. Алайда, аталмыш қысқартуға қарамастан, мұндай нәтиже бұрын-соңды болмаған ең жоғары деңгейге жетпек, себебі 2019 жылғы өндіріс көлемінен 58 миллион тоннаға артық.
Аргентина мен Бразилияда жүгеріден рекордтық өнім жинау болжанып отыр, ал дүниежүзілік құмай өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға өседі деп күтілуде. 2020 жылы бүкіл әлемде күріш өндірісі жаңа рекордтық көрсеткішке - 509 миллион тоннаға жетеді деп күтілуде.
Бағалау жайлы толығырақ ақпарат бүгін жарияланған Дақылдар сұранысы мен ұсынысының ақпарында қолжетімді.
2020-2021 жылғы маусымда ФАО дүниежүзілік дәнді-дақылдарды тұтынудың жаңа болжамы 2 764 миллион тоннаны құрайды, бұл жылдық есеппен былтырғы көрсеткіштен 2,0 пайызға жоғары.
Дүниежүзілік дәнді дақылдар қоры 1,7 пайызға артып, 2021 жылғы маусым аяғында 895,5 миллион тоннаға дейін өседі деп болжанып отыр, әлемдік дәнді дақылдар қорлары мен оларды тұтыну арақатынасы 31,8 пайызды құрап, шілдеден бері сәл төмендесе де, салыстырмалы түрде жоғары болып қала бермек.
Күріш пен ірі дәнді дақылдардың көбірек сатылуы мен жеткізілуі жайлы болжамдарға орай, 2020-2021 жылдары дәнді дақылдардың дүниежүзілік саудасы 441,4 млн. тонна деңгейінде, яғни 2019-2020 жылғы деңгейден 1,6 пайызға жоғары болмақ.
Abai.kz