Бейбіт елімізге бірлік керек
Атырау мен Маңғыстау - бағзы заманнан біте қайнасып, бірге дамып келе жатқан іргелес аймақ. Ерлігімен көзге түсіп, елдік дәстүрін сақтап келе жатқан екі өңірдің бөліп-жарып алары жоқ. Содан да болар, әр қазақ үшін қастерлі мереке - Тәуелсіздік күні Жаңаөзендегі болған қайғылы оқиғадан көңілімізді мұң шалып, бізді қатты қапаландырды.
Атырау мен Маңғыстау - бағзы заманнан біте қайнасып, бірге дамып келе жатқан іргелес аймақ. Ерлігімен көзге түсіп, елдік дәстүрін сақтап келе жатқан екі өңірдің бөліп-жарып алары жоқ. Содан да болар, әр қазақ үшін қастерлі мереке - Тәуелсіздік күні Жаңаөзендегі болған қайғылы оқиғадан көңілімізді мұң шалып, бізді қатты қапаландырды.
«Киелі Маңғыстау жерінде неге өзіміздің азаматтар егемен еліміздің іргесін шайқалтатын қимылға барды, ұйып отырған жұрттың көңіліне қаяу салды»,-деген сауал көкейімізде тұр. Арамыз ажырамаған ағайын едік, үлкен бассыздыққа, қантөгіске, өз бауырын өлімге қиған қиянат қай атамызда, қашан болып еді?
Осы оқиға үстінде өзіміздің қаракөз қазақтың жап-жас балалары көктей солып, қыршын қиылғаны жүректі жаншып, өзекті өртейді.
Ауызбіршілік болмай, іштарлық пен бақталастық белең алып, алауыздыққа жол берілген жағдайлар да, ынтымақ ыдырап, бірлік азып, халық тозған кездер де болған. Бірақ Еліміздің басынан қаншама қиын-қыстау кезеңдер өтсе де, бабаларымыз байтақ жерді, елдің елдігін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізді.
Үш ғасыр бойы армандап өткен Тәуелсіздігімізді осындай жағдайға беріп қоямыз ба? Жоқ. Ешқашан оған жол бермейміз.
Қазір көптеген елдер басына күн туған сын сағаттар, талай революциялар өтіп жатыр. Осының бәрінің соңы неге әкеліп соқты. Египетте, Ливияда, Иракта не болып жатыр? Нәтижесінде, қарапайым қара халық қырылып, балалары жетім қалып, қайғыдан қан жұтып, бар әлеуметік нысандар: мектеп, аурухана, емхана, жолдар, спорт кешендері бәрі-бәрі қаңырап, қирап, кезінде жамандаған ел басшыларының бәрі кеткенімен проблема шешілді ме екен? Әлі күнге дейін қыршынынан қиылып жатыр, соғыс жүріп жатыр, ол қашанға дейін жалғасатыны белгісіз. Әлеуметтік-экономикалық дамуы ондаған жылдарға кері кетті. Қазір ол соғыстың бірі де керек емес екендігін сол жердегі халықтың өзі ашық мойындап отыр.
Сол сияқты Ауғанстан, Пәкстан өмір бойы соғысты бастан кешіруде.
Кеше ғана бәріміз бірлесіп діни экстремизмге қарсы шығып, көзқарасымызды, оған қарсы екенімізді білдірген едік.
Бүгін міне, мынадай жағдайға тап болдық. Біздің алдымызда бұдан басқа проблемалар жеткілікті.
«Ынтымақ жүрген жүрде, ырыс бірге жүреді» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Бірлігіміздің арқасында, Елбасының сарабдал саясатын ұстанып, тәуелсіздік жылдары іргелі мемлекет болып қалыптастық, өзгемен тереземізді теңедік, тұрмысымызды түзедік, бұрын қиял болып көрген жетістіктерге қол жеткіздік.
Ұлы дана халқымыз айтқандай: «Бақыт - бірлікте, байлық - еңбекте» - деген.
Біздер, атыраулықтар, бұны көріп-біліп отырмыз, жемісін жеп отырмыз. Өзіміз ғана қызығын көрмей, келер ұрпақтарға жетер игіліктер жасап жатырмыз.
Алайда бұның барлығы аяқ астынан, өз-өзінен пайда болған ризық емес. Бейбіт өміріміздің, мемлекеттік саясаттың, облыс халқының күш-жігерінің, қажырлы еңбегінің нәтижесі. Осы қалыпты сақтап, ынтымағымызды нығайту - біздерге әрі парыз, әрі келісті өміріміздің кепілі.
«Еңселі елдің іргесін есер ағым бұзар» деген бар. Халықтың санасын улап, билікке қарсы қойып, бүлік салуға тырысушылар бар.
Халықтың қамын жеген болып, жалған ұран көтеріп жүргендердің бірде-біреуі шын мәнінде сол халыққа жаны ашымайды. Олардың ойы тек қана билікті алу. Билікті алғанда не болатынын Сіздер де, біздер де білмейміз. Ең бастысы, айдан анық ақиқат - арамдық оймен жүргендер, қарапайым халықтың қантөгісін пайдаланған адамдар ешқашан жақсылыққа апармайды, міне, сол кезде нағыз елдің түбіне жетерлік қанқұйлы соғысқа жол берілуі мүмкін. Оны жүрегіміз сезінеді.
Ағайынды ағайынға шағыстырып, аласапыранда пайда көретін олар, ал зардабын шегетін - біздер, біздің туғандарымыз. «Күл болмаса, бүл болсын» деп, өздерінің арамза ниеттерін жүзеге асырса, қалтасын қалыңдатса болды оларға. Осыны ойлайық, бауырлар. Түсіне білгенге, бұқара халықтың мүддесі олардан мүлдем бөлек. Біздер, қарапайым адамдар, нені ойлаймыз !
Атырау мен Маңғыстау ежелден бір өңір, төскейде малы, ауылы аралас ағайынды, «тонның ішкі бауындай араласқан» жұрт. Рухы күшті, тарихы мол, дәстүрі таза, тілі мен ділі дамыған өңірлер ретінде бүкіл алашқа атымыз аян.
Маңғыстауға қарағанда Атырауда мұнайшылар саны екі есе көп. Осы азаматтардың бәрі бірауыздан тыныштық пен тұрақтылықты басты мақсат етіп отыр.
«Алға тартқан озады, кейін кеткен тозады». Осындай қадамға бармас бұрын, кез келгеннің сөзіне ермес бұрын, анық ақиқат - кеше мен бүгінді неге салыстырып қарамаймыз. Күні кеше 10-15 жыл бұрын бүкіл ауылға 1-2 көлік болса, қазір әр үйде кемінде 2 машинадан. Жағдай жақсарды, тұрмыс көтерілді. Ауылдарға су, газ, жарық, жылу жол - не керектің бәрі жетті. Жалақы, зейнетақы жыл сайын өсіп келеді. Барлық әлеуметтік қолдаулар көрсетілуде. Бұрын арман болып көрінген көп нәрсеге бүгін қолымыз жетіп отыр. Бұның бәрі - Тәуелсіздігіміздің сыйы. Қазақ қазақ болғалы мұндай биік мәртебеге жетіп көрген емес!
Осының бәрін жоққа шығарсақ, қиратып, өртесек болашаққа не қалдырамыз! Келер ұрпақ бұны ешқашан кешірмейді.
Біз білеміз, мұнайшының еңбегі әр кезде де оңай болған емес. Қыстың аязына, жаздың аптабына төзіп, жеті қат жер астынан «қара алтынды» өндіру тек нағыз ерлердің ғана қолынан келеді. «Жаңаөзен», «Жетібай» атаулары халық санасында ерен еңбектің символы ретінде қалыптасқан. Осы өңірде қажымай еңбек етіп, ел байлығын еселеп жүрген маңғыстаулық әріптестерімізді біз әрқашанда мақтан тұтып келеміз.
Дау-дамай, текетірес ешқашанда жақсылық әкелген емес. Қандай да болмасын түйінді мәселені таразылап, артын ойлап, ақылмен шешу - халқымыздың дәстүрі.
Барлық мәселелер бейбіт жолмен шешілуі тиіс. Барлық акциялар, наразылықтар, митингілер келісу, сөйлесу арқылы шешілуі қажет. Заң бар, ол - баршаға ортақ.
Маңғыстаулық ағайынды, бүкіл облыс халқын біздің үндеуімізге құлақ асуға, сабыр сақтауға, жігімізді ажыратпай, арандатушыларға қарсы тұруға шақырамыз.
Ардақты ағайын!
Тыныштық болсын, айналамыз аман болсын, еңбек етіп, отбасымды асырайын, балаларымды жетілдіріп, білім берейін, үй қылайын, азамат қылып өсірейін деп армандаймыз. Осы арманымызды іске асыруға қазір барлық жағдай да жасалған. Болашағымыз жарқын.
Алайда әзәзілдің сөзіне еріп, теріс жолға түссек, бұның бәрі көзден бұл-бұл ұшады, барымыздан айырыламыз.
«Кемедегінің жаны бір». Барлығымыз да бір елдің азаматтарымыз, бәріміздің де ризығымыз, балаларымыздың болашағы ел тыныштығына тікелей тәуелді.
«Тәртіпке бас иген құл болмайды». Берекелі бірлігімізді, жарасты тірлігімізді бүлдіруге жол бермейік, азғырушыларға ермейік, бірлігімізді сақтайық, биліктің айналасына топталайық. Бұл - әр отбасына, әрбір адамға керек.
Қазақта: «Бетеге кетсе - бел қалар, бектер кетсе - ел қалар, берекең кетсе - нең қалар?!» деген қанатты сөз бар. Ынтымақ кеткен жерден - ырыс, бірлік кеткен жерден - береке кетеді. Ен даланы еркін жайлаған еліміз бостандық жолында басын бәйгеге байлаған. Әйтсе де, олар ешқашан бас еркіндігін Баянды Елдіктен жоғары қоймаған. Бауырлар, біздер Қазақстанның дамып, өркендеуіне, халықтың ауқатын арттыруға айрықша үлес қосып отырған ерек кәсіп иелерісіздер. Сіздерге бүкіл жұрт үлкен үмітпен қарайды. Ел үмітін ақтайық, сабыр сақтайық, адаспайық!
Өздеріңізді бірлік пен тыныштыққа шақырушы Атыраулық бауырларың.
http://www.aikyn.kz/