Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Дода 7773 0 пікір 10 Қыркүйек, 2020 сағат 13:06

Депутат кім, оған кім лайық?

Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет.
Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз.
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кезінде Ұлыбританияның премьер министрі, тарихшы әрі Нобель әдебиет сыйлығының иегері   Уинстон Черчилль: «Ұлыбританияның мәңгілік досы да, қасы да жоқ. Тек мәңгілік мүддесі ғана бар»,  - деген екен. Дала даналығымен айтқанда: Бетеге кетер, бел қалардың өзі. Осы ағылшындарда: «Ағылшындар мақсаты биік, бірақ саны аз халық», -деген ұлағатты сөз де бар.

Жер ауданы 243 809 км², халық саны 63 млн-нан артық, әлемнің ең бай, қуатты елі осылай деп айтса, Қазақстандықтардың мақсаты одан да биік тұруы керек-ті. Ол үшін не істеу керек? Бұл бүгінгі күннің ең басты әрі шешуші мәселесі. Бірақ, жетуге болмайтын тылсым дүние емес. Оған қол жеткізудің жолы бар. Ол - ел азаматтарының біліктілігі, жасампаздығы, адалдығы, бір-біріне деген сенімі мен  билік тарауларының сапалы бірлігі. Халық пен билік бір-бірімен шарттас әрі мағыналас ұғымдар. Бірінде болған енжарлық екіншісін тежейді, бірінде болған белсенділік екіншісін алға сүйрейді. Ал екеуі бірдей, бір бағытта жылжитын болса, онда ағылшындық мақсатқа жету көрінген тау есепті болады.

Парламент - Президент пен Үкіметтің ортасында тұрса да, шындап келгенде,  ел тағдырына қатысты шешуші рөльді ойнайтын құрылым. Біраз жыл ілгері Үкіметті жасақтау да, Министрлер кабинетінің жұмысын бақылау да  Парламенттің құзіреттілігін кеңейтті. Болашақта бұдан  ары дами түсері анық.  Соның бір бастамасы - праймеризм. Праймеризм - партияішілік сайлау болып, білікті, белсенді және бастамашыл азаматтарды іріктеу.  Алғаш Құрама Штаттарында 1842 жылы қолданысқа енген. Осы реткі додада 3300-ден астам депутаттық орынға 11 мыңнан артық үміткер өтініш білідірген. Бұдан неге сонша көп адам үміткер, - деген сұрақ туындары анық. Менің ойымша, себебі мен үміткерлер де әртүрі. Оларды былайша жіктеуге болады:

- Шынайы белсенділер. Елімізде қордаланып қалған мәселелер көп. Соларды  билікпен бірлесе отырып шешкісі келетіндер;

- Орайшылдар. Жеке басының немесе бизнесінің қамы үшін биліктің бір бұтағында жүргісі келетіндер; 

- Әуесқойлар. Белгілі салда табысқа жеткен, енді атақ пен мансапқа  құмартып жүргендер.

- Жайлылық іздегендер. Депутаттықты жауапкершілік емес, жақсы тұрмыс пен жақсы жалақының бір каналы деп қарайтындар.  Кандидаттар 7 қыркүйек пен 3 қа­зан аралығында үгіт-насихат жұ­мыстарын өткізеді. Нәтижесі 5 қазанда жарияланады. Осы кезеңде өзіміздің дауысымызды сенімді, белсенді  депутаттарға табыс етуіміз керек. Олар ертең халық  алдында жауапкершілік арқалайды.

Идеальный парламент. Каким он должен быть в условиях Казахстана? | Новости Центральной Азии на Camonitor.kz

Олай болса, депутат деген кім?

Ол - халық сайлайтын, халықтың өкілі, көзі, құлағы. Билік пен халық арасындағы ықпалдастық көпірі. Депутат бойында  білім мен тәжірибе, кәсіби деңгей мен мемлекетшілдік парасаттың болуы қажет. Бұл тұрғыда депуттар кешегі Алаш Арыстарының мінезі мен көз-қарасын және іс-қимылын өздеріне үлгі етуі тиіс.  Мысалы, Мемлекеттік Дума құрылған 1905 жылдан 1917 жылға дейінгі кезеңде Алаш арыстары халықтың мүддесін басты орынға қойып, соның жолында күресті. Мысалы,  Әлихан Бөкейхан Мемлекеттік Думаның І шақырылымында депутат болды. II шақырылымындағы сайлауға түсуден бас тартты. Себебі, оның депутат болуын қаламайтын патшалық үкімет сайлауды жарамсыз деп тауып, қазақ өкілдерінің Мемлекеттік Дума сессиясына баруына кедергі болатын еді. Ал Міржақып Дулатұлы: «Ресей Думасына қазақтан депутат сайлау мүмкіндігі болғанда, біз қазаққа шын пайдалы депутат таңдауымыз керек. Ол: 

- Ақжүрек, таза болса жұртты я сатып, я алдап кетпейтін болса;

- Халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екіталай жерде жанын қиярлық ержүректі болса. 

- Өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса. 

 - Саясат ісіне жетік болса, 

- Білімді, шешен, оқыған көсем болса» деп жазып депутаттыққа кім лайық?-деген сұраққа бір ғасыр бұрын жауап беріп кетті.

Осы орайда, шетелден келген қандастардың мәселесін көтеретін білікті, тәжірибелі, істің анық-қанығын білетін адамның да депутат болуының қажеттілігі туындап отыр. Шынтуайтында қандастар ішінде небір білікті мамандар мен ғалымдар, саясаттанушылар мен экономистер бар. Мен әзірге ашық БАҚ бетінде өзін ұсынған Ауыт Мұқибек мырза мен Дүкен Мәсімханұлын кезестірдім.

Ауыт Мұқибек: «Оралман» сөзінің «қандас» болып өзгеруі - қазақ көшінің екінші алтын дәуірінің басталуы

«Дарабоз» бәйгесінің және өзгеде мүшәйралардың жүлдегері ақын «Қоғамдық сенім» кеңесінің мүшесі,  шетелдегі қандастардың жоғын жоқтап жүрген азамат Ауыт Мұқибекұлы 27 тамыз күні Abai.kz сайытында жариялаған «Праймериз. Тұмағамның ауылында тіркелдім» атты мақаласында ашық жариялады.

Қандастардың депутаттыққа өтуі туралы әңгіме бұдан біраз жыл ілгері көтерілген, оның ортаға шығуына да осы Ауыт Мұқибек мырза мұрындық болғанын өз сөзінде былай баяндайды: «2016 жылы Мәжіліс сайлауы өтті. Сол сайлаудың қарсаңында мен «Мәжілісте Тәуелсіздік жылдары алыс-жақын шетелдерден оралып, Қазақстан азаматы атанған ағайындардан да бір-екі депутат болу керек!», - деген мәселе көтердім. Осы ойымды ғалым, жазушы Тұрсынхан Қайыркенұлы қолдап: «Келесі Парламентте Отанға оралған қандастардың өкілдері болуы керек!» деген мақала жазды. Сол-ақ екен, «Abai.kz» порталында, «Dalanews.kz» ақпараттық агенттігінде және «Facebook» әлеуметтік желісінде «Елге оралған қандастарымыздан да депутат болу керек!» деген ұсыныстар мен хаттар қарша борды да кетті», - дей келе қазақ қоғамына танымал адамдардың жазған ұсыныс-пікірлерін келтіреді.

Ауыт Мұқибек мырза Тұмағасының  ауылын «паналағанымен» басты көтеретін, қозғайтын тақырыбы - шетел қазақтарының тағдыры екені белгілі. Бұл туралы аталмыш мақаласында былай деп жазыпты: «...Елге келгелі үш жүзге жуық мақала жазыппын. Соның дені Көші-қон тақырыбында. Әрбір мақалада шеттегі тарыдай шашырып жүрген сол Алаш баласының тікелей тағдырына қатысты сөз айтылды. Сол мақалалардың басын қосып, «Көш, көшке кім өш?!», «Заң түзелді, қандасым, сен де түзел!» және «Оралман емес, қандаспыз!», атты көлемді үш кітап шығардым. Соның арқасында, Қазақ көшінің мәселесі бір күн де күнтәртіптен түскен емес. Қатысты заңдар мен нормативтік құжаттардағы түйткілді мәселелер Парламент, Үкімет, тіпті Президент деңгейде шешімін тауып отырды».

Автордың бұл сөзіне Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы, мәдениет қайраткері Камал Әбдірахман мырзаның «Ауыт Мұқибек бір өзі үш Министрліктің жүгін көтеріп жүр», - деген сөзі дәлел болардай.

Ауыт Мұқибек шыны керек осы салада тәжірибелі маман, бір кісілік еңбек етіп келе жатқан саясаткер. Ол осы реткі сайлау алды бағдарламасында: «2015 жылы ҚР Парламенті Мәжілісіндегі жұмыс тобының құрамында болып, «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сапалы өзгертулер мен толықтырулар енуіне ықпал еттім», - деп анық жазады және бағдарламасына өзек етіп төмендегідей 7 мәселені көтеріп отыр. Олар:

- Қағазбастылық және жемқорлықпен күрес;

- Этникалық қазақ жастарын ҚР оралту;

- Қашып келген қазақтарға «босқын» мәртебесін беру;

-Шекара аймақтарды халық санын көбейту;

-Шетелдегі қандастарды қолдау туралы мемлекет деңгейінде заң мен бағдарлама қабылдау;

- Қандастардың ҚР жердің пайдалану құқығын алу;

- Көші-қонды мемлекеттің басты заңының біріне айналдыру.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: «КӨРШІНІ ҚҰДАЙ ТАҢДАЙДЫ»--Жебеу

Ал Дүкен Мәсімханұлы да өзінің фейсбуктегі парақшасы арқылы осы реткі сайлауға қатысатыны туралы жазды және өзінің сайлау алды бағдарламасында ұсынды. Бағдарламасында төмендегідей еліміз үшін аса маңызды тақырыптарды ту етіп ұстап шықты:

1. ЕЛДЕГІ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТУ;

2. ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІР САПАСЫН АРТТЫРУ;

3. ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ.

Бәрі де өзекті тақырыптар.

Дүкен Мәсімханұлының өмір жолы, шығармашылығы және еткен еңбегі туралы «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Кенжеболат Жолдыбай: «Қытайдың Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясының ғылыми қызметкері Дүкен 1993 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің арнайы шақыруымен армандаған еліне оралды. Міне, 30 жылға жуық табан аудармай, ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді сақтауға, дамытуға серпін беруді жүзеге асыру және насихаттауды мақсат тұтып, сүйікті Отанына аянбай қызмет етіп келеді», - деп жазса,  Қоғам қайраткері, профессор Сұлтан Жанболатов «Дүкен - аса ұлтжанды, мол білімді, қайраткер ғалым» - деген мақаласында: «Дүкен – әсіресе қытайтану саласы бойынша теңдесі аз ғалым. Тек мына: «Қытай туралы қырық сөздің» өзі-ақ мұны дәлелдеп отыр. Бұл Қазақстан мен Қытай үшін ғана емес, әлем үшін де өте зәру ғылым екені беп-белгілі. Мұны ескере алу, Дүкен сықылды синологтарды мықтап қолдау, рөлін тіпті күшейту ел алдындағы былайғы борыш», - деп жазды. Бұның бәрі де азаматтың елгі сіңген еңбегінің куәсі және аға буынның берген шынайы бағасы.

Дүкен Мәсімхан мырзаның көп жұртқа бейтаныс тағы бір қыры - көші-қон саласындағы еңбегі. Ол туралы  Өзінің «Отан құшағында өткен 20 жыл», - атты әдебиет порталына берген 2016 жылғы сұқбат мақаласында: «1996 жылы Дүниежүзі қазақатары қауымдастығының ұйтқысымен жасалуына әлемнің  әр түкпірінен келген он шақты ынталы топ құрамында «Халықтың көші-қон заңы»   жобасының дайындауына қатысқанын осы заң жобасын депутат  Ә.Ысқақ мырзаның атынан Парламентке ұсынылғаны және  2001 жылдың шілде айында Елбасының арнайы қабылдауында болып, жыл сайынға шетел қазақатырын көшіріп әкелуге арналған 500 квотанының 2002 жылдан бастап 5000 квотаға өсуіне себепші болғанын», да тілге тиек етеді. Дүкен Мәсімханұлының еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Ол 2001 және 2011 жылы ҚР Президентінің  жарлығымен «Қазақстанның Тәуелсіздігіне  10 және 20 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталса, 2012  ж.  Қазақстан  жазушылар  одағы  Халықаралық  «Алаш»  әдеби сыйлығының лауреаты атанды. 2013 ж. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» медаліне ие болса,  2013 жылы желтоқсан айында ҚР Президентінің жарлығымен   «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»   құрметті атағына ие болды.

Ардақты ағайын, мен бұл мақаламда жалпы сайлау мен депутаттық мәртебеге қатысты ойымды білдірумен бірге, қандастар арасынан өздерін ұсынып отырған екі азаматымызға қатысты сөз қозғадым. Басқа қатысқан азаматтарды білген болсам, олар туралы да ақпарат жинап жазар едім. Себебі, мақсатым - қандастар арасынан бір, тіпті, бірнеше депуттаттың шығуына тілекші болып ақпараттық қолдау көрсету. Біз біле-білсек, бұл жерде сынға түсетін осы екі азамат емес, қандастардың өзі болғалы отыр. Себебі, қай қандас болса да көтерер тақырыбы мен айтар сөзі мазмұндас. Жасырары жоқ, кей ағайындар мәселенің түбіне, мәніне бойламай жатып, өзінің пікірін анайы, дөрекі сөздерімен білдіреді.  Бұл бізге сын.  Ал қолдау білдерген тілеулес жандардың көбі: «қолдаймын», «тілектеспін» -дегендей қысқа қайырады. Біз тілек пен қолдаудың ара жігін айқындап алғанымыз жөн секілді. Егер әлде қалай бір үміткерді қолдағыңыз келсе, бір ауыз сөзбен құтылмай, ол адамның артықшылығын, еңбегін айтып былайғы жұртқа таныстыра отырыңыз. Өз ой-пікіріңізді ашық әрі әділ жазыңыз. Ал қолдағыңыз келмесе, оның да дәлелі мен фактсын тауып айтыңыз. Текке жазғырудан, дәйексіз қаралаудан сақ болыңыз. Мінсіздікті пенде баласынан іздемейік. Дана Абай:

«Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес», - демей ме «Ойға түстім, толғандым», атты өлеңінде. Кімде болмасын мінсіздіктен ада емес. Түймедей мінін, түйедей етудің орнына, түйірдей жақсылығын бағалағанымыз жөн. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер», деген сөздің салмағын сезінейік. Рушылдықты, жершілдікті ұлт мүддесінен биік қою - құлдырауға бет алудың белгісі. Ұлт мүддесі асқақтаса рудың да, жердің де маңдайынан күн сүйетінін, ұлт тағдыры тайғақтаса, рудың да, жердің де басынан бағының таятынын түсінер кез келді. Қандастардың ауыз біршілігі мен білім-мәденеиет парасаты сынға түсіп тұрғанда  бір ауыздылық пен әділдік және белсенділік таныту бұл – нағыз қолдау болмақ.

Қастер Сарқытқан,

Абай атындағы ҚазҰПУ ұстазы, жазушы,
ҚР журналистер одағының мүшесі.

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048