Әмір Темірдің шахматы
Темір шахматы – Әмір Темір дүрілдеген заманда Тұран мемлекетінде және оған қараған аймақтар мен Ислам ықпалындағы елдерде кең тараған ойын түрі. Ол шатранждың күрделі нұсқасы болғандықтан, заманында ел аузында «Шатранж-и камил» (кемел шахмат) немесе «Шатранж әл-Кабир» («үлкен шахмат» немесе «ұлы шахмат») деп те аталған.
Аңыз-әфсаналарға, сондай-ақ көптеген дереккөздерге сәйкес осынау ойын модификациясының авторы және бұқаралық деңгейде насихатшысы ұлы жаһангердің өзі болған. Айталық, бұл туралы дәрігер-ғалым әл-Әмулидің 1350 жылы жазылған «Білім қазынасы» атты кітабында бір шоғыр мәлімет келтірілген.
Шахматтың бұл түрінің ерекшелігі – әрқайсысы өздігінен қозғала алатын бірнеше сарбаз (пешка) тас бар.
Әмірдің уақытты тиімді өткізудің бір жолы ретінде шахмат ойынын құлай сүйгені жылнамалардан мәлім. Кемеліне келген шағында әдепкі 8х8 орнына ол 11х11 торшамен толғаған деседі. Бала кезінен осы ойынға қызыққаны және есімі шебер ойыншылар қатарында аталғаны да жасырын емес.
Тіптен, сол дәуірдің ең сұмдық дүрбелеңі – Анкара шайқасынан кейін тұтқынға түскен Баязитті алдына матап әкелгенде, ашуын басу үшін онымен дереу шахмат ойнауға кіріскені туралы әңгімелер айтылады. Сондықтан да таң қалатын ештеңе жоқ.
Жүз он өрісті тақта
Темір шахматының тақтасы бір түсті жүз он өрістен тұрады: онда он жол және он бір баған бар. Сонымен қатар, екі қосымша өріс бар – біреуі екінші жолдың оң жағында, ал біреуі тоғызыншы жолдың сол жағында. Бұл қосымша өрістер «қамалдар» (цитадельдер) деп аталады. Қарсыластың патшасы ойыншының цитаделін алған кезде, ойын «тең» деп жарияланады. Патшадан басқа ешқандай тас цитадельді ала алмайды.
Ойынға келесі тастар қатысады:
♚ патша – дәстүрлі шахматтағыдай патша ретінде жүреді;
(◉) сардар (генерал) – қиғаш бойымен бір торға жүреді;
♛ уәзір – бір торға тігінен немесе көлденеңінен жүреді;
(∆) жираф – қиғаш бойымен бір торға, содан кейін көлденеңінен немесе тігінен кемінде үш торға жүреді (оған тастардан секіріп өтуге тыйым салынады);
(Ώ) түйе – қиғаш бойымен бір торға және жанына қарай екі торға жүреді (оған тастардан секіріп өтуге рұқсат етіледі);
(♟) пикет (жасақ) – дәстүрлі шахмат түріндегі уәзір секілді, бірақ кем дегенде екі торға ғана жүреді;
♞ ат – дәстүрлі шахмат түріндегі ат сияқты жүреді;
♜ ладья (кеме) – дәстүрлі шахмат түріндегідей жүреді;
♝ піл – қиғаш бойымен екі өріске жүреді (оған тастардан секіріп өтуге рұқсат етіледі);
(◼) әскери машина – көлденең немесе тігінен екі торға жүреді (оған тастардан секіріп өтуге рұқсат етіледі);
♙ сарбаз – дәстүрлі шахмат түріндегі сарбаз тәрізді жүреді, бірақ өріс бойында бастапқы екі қадамсыз.
Әр тастың өз сарбазы бар: патшаның сарбазы, уәзірдің сарбазы және тағы басқа.
Ой тренажеры
«Темір шахматы қазіргі шахматтарға қарағанда тек ойын ретінде қарастырылмаған. Негізінен ол тыныс-тіршілігі соғыспен өрілген әміршінің әртүрлі әскери тактикаларды ойластыруға пайдаланған құрал, яки «ой тренажеры» қызметін атқарған» дейді тарихшылар.
Сондықтан ондағы тастар Темір әскері құрамына бірге-бір сәйкес келеді: сарбаздар – жаяу әскерді, аттар – атты әскерді, әскери машиналар – қоршау құрал-жабдықтарын білдіреді. Тақтада уәзірдің де болу себебі – уәзір мансабындағы кісі темірліктер мемлекетінде тек мемлекеттік басқару саласын ғана емес, әскерді де қамдаумен айналысқандығынан.
Шахмат логикалық ойлауды дамытушы зияткерлік жүйе. Бүгінде ол ойынның бүкіл әлемдегі алдыңғы қатарлы оқу орындары түзіліміне, мектеп бағдарламаларына енгені кездейсоқ емес. Темірдің батыс пен шығыс, солтүстік пен батыс бағыттарындағы сәтті жорықтары әскери тактика мен қолбасшы стратегиясын жүзеге асыруда шахматты практика ретінде тұтқандығының пайдасын көрсетеді.
Өз кезегінде Темір шахматының да өзіндік ішкі түрлері болғанын айта кетейік. Атап айтқанда, олардың бірі Темірдің биографы, араб жазушысы һәм тарихшы Ибн Арабшахқа тиесілі. Айырмашылықтарға келетін болсақ, Арабшах нұсқасында арыстандар, бұқалар және күзетші тастары қосымша енгізілген. Әмірдікімен салыстырғанда бұл тастардың қалай қозғалғаны туралы ақпараттар сақталмаған, сондықтан оны қазіргі таңда түпнұсқа ережелерге сәйкес ойнау мүмкін емес.
Ежелгі шахмат түрлерінің қайсысының болмасын бүгінгісінен әлдеқайда өрісті болғаны ақиқат. Сәйкесінше, ойнау да әлдеқайда қиын болғандықтан, олар ойыншылардан жоғары ақыл-ой дайындығын талап еткен. Ал Темір ордасы сыртқы және ішкі саясатында ұдайы соғысқа әзірлікті басты құндылық көргендіктен, өзіндік шахмат ойын түрін де ел азаматтарының барынша меңгеруіне мүдделі болған.
Отырардан табылған шахмат тасы әмірге тиесілі
2004 жылы тарихшы ғалым М. Қожа «Отырарды сақтау және жаңғырту» атты ЮНЕСКО/Жапонияның жобасы аясында Отырар билеушісі сарайының бір бөлігін тазалау барысында шахмат тасын тапқан. Ол Қазақстан аумағында Талғардан кейін екінші қалашықта табылып отырған сүйек бұйым.
Ғалымның куәлік беруінше, қазір ол жәдігер Алматыдағы Орталық музейде сақтаулы тұр. Тастың үстіңгі бөлігінің шошақтанып аяқталуы оның король, не ферзь тасы екендігін көрсетеді. Фигураның ерекше әшекейленуіне және жасалған материалына қарап, оны қарапайым халық емес, ақсүйектер ойнаған шахмат тасы деуге негіз береді.
Ғалымның өзі бұл туралы «Ойын тасы XIV ғ. екінші жартысы – XV ғ. бірінші жартысында Отырарда билік жүргізген Бердібек сарайынан табылып отыр. Осы сарайдың иесі Бердібектің әулеті қыпшақ болған. Отырарда дүние салған Әмір Темірдің шахмат ойынын жақсы көріп, ең мықты шахматшыларды шақыртып ойнағаны белгілі. Піл сүйегінен жасалып өрнектелген шах тасы сарай иелерінің бірінікі, не Әмір Темірдің өзінікі де болуы ғажап емес» деген.
Жалпы, әмірдің әрлі-берлі өткенде бұл жерге жиі қонып отырғанын, сондай-ақ 1405 жылы Қытайға бара жатқан жорығында Арыстанды-Қарабас желінен өкпесіне суық тиіп, осы Бердібек сарайында қайтыс болғанын ескерсек, сөзінің кәдімгідей жаны бар.
Шахрух пен Шахрухия
Бірде Аладдин ат-Табризимен шахмат ойынының үстінде ұлы әмір ұлды болғанын естіп, шат-шадыман болады (Ибн-Арабшах). Сол жолы Темір қарсыласына «шах рух» жасаған, яғни «шах және мат» қойған екен.
Қуанышына қуаныш қосылып, дәл осы уақытта Сырдария, тағы бір баяндарда Әмудария бойында жаңа қаланың салынып біткені туралы да хабар келеді. Осылайша, қос жағымды жаңалыққа орай дүниеге келген ұлының атын, ойын партиясы құрметіне шахматтағы – «Шах» – патша және «рух» – тура фигураларының атауларымен «Шахрух» деп, ал құрылысы аяқталған кентті «Шахрухия» деп атапты.
Әмірге қатысты осы бір айтулы оқиға турасында жазба деректерде беделді қайнарларға сілтемелер көп сақталған. Қазақ ішінде ол аймақтану шеңберінде «Ұлылар елі Отырар» жинақ кітабында кеңінен тарқатылып отыр («Шың» баспаханасы).
Мәдени қаһарман
Темірдің жеке басы – ол тарих өрінде өзінің жаулап алушылығымен ғана танымал болған жоқ. Айперен тұлға өзге оңды қасиеттерін айтпағанда, тамаша әскербасы, мемлекет қайраткері және терминдік тілмен айтқанда culture hero болды.
«Мәдениет қаһарманы» ретінде де артында көп мәдени-рухани мұра, көптеген қалалар мен сәулет ескерткіштерін қалдыра білді. Қазақ жазирасының жауһары – күмбездері көкпен астасқан Ясауи кесенесін салдырғанының өзі неге тұрады! Сондықтан Темірдің сол кезеңдегі бүкіл әлем ойшылдарымен сұхбатта бола отырып шахматтың жаңа түрін ойлап табуы әбден заңды құбылыс.
Мұндайда қит етсе, бәрін парсыға телуді әдетке айналдырған орыс әлемі және «көшпенді» десе төбе шашы тік тұратын еуроцентризм ұстанымын қабылдамау керек. Ата тарих фактологиясы көрсетіп отрғандай, түркі дүниесі де өнертапқыштардан еш кенде болмаған.
М. Қожа айтқандай-ақ, ата-бабалардың шахмат ойнағаны және бұл ойынның қазақ жеріне ортағасырда келгенін археологиялық зерттеулер қуаттайды. Оған қазақ тілінде шахматтың көне атауы «шатыраш» сөзінің сақталуы айғақ.
Темірдің тегеурінді де қарама-қайшылыққа толы өмір жолы, Ұлы дала тағдырындағы қасіретті рөліне қарамастан, ол алаш өркениетінің де ірі тұлғасы. Оның құрған империясында күнгей қазағының да қаны мен тері, зор үлесі болған. Ендеше, одан қалған айтарлықтай ерекшеліктері бар шахмат ойыны да төл мәдени құндылық. Оны қайта жаңғырту, ойын дәстүрін тірілту – парыз болса керек. Осыны ұмытпаған ләзім бе дейміз.
Абылайхан Қалназаров,
Мәдениеттанушы-лингвист
Abai.kz