Сенбі, 23 Қараша 2024
Әңгіме 2356 4 пікір 20 Қыркүйек, 2020 сағат 13:35

Сандалған сауал (сатира)

Аллатағала адамның дене мүшелерін машинанікі сияқты неге алмалы-салмалы ғып жаратпады екен? Сонда өзімнің біраз мүшелерімді айырбастап, жөндетіп, жаңартып алар едім. Әуелі ауыздан бастар едім. Аузым барып тұрған ұятсыз. Ананы да, мынаны да, не көрінсе соны жей бергісі келеді. Ал қарным түпсіз терең әрі созылмалы, не қажеттің бәрі сыйып кете береді. Көзім тіпті тойымсыз. Қажетті дүние мүліктің бәрі болса да, тоймайды-ау, тоймайды.

Өзім әйдік үлкен қызметтемін. Қолда бірталай билік бар. Сол биліктің арқасында «өлердей» байыдым. Бірақ неге екенін қайдам, манағы ұятсыз аузым «жей бер», түпсіз қарным «жұта бер» деп түрткілейді де тұрады. Бұлардың «сөзін» естіген көзім жайнап кетеді. «Болды», «тоқта», «жетеді» деп айтатын бірі жоқ. Жей де, жұта да берер едім-ау, бірақ қазір «қақпанға» түсіп, «итжеккенге» айдалып жатқандар тым көбейіп кетті. Солардың қатарына ілігіп кетем бе деп зәре жоқ.

Дене мүшелерім алмалы-салмалы болса ғой, анау ұятсыз аузымды да, түпсіз қарнымды да, тойымсыз көзімді де монтиған, ұятты, инабатты басқа «запас бөлшектермен» айырбастап алар едім. Сонда ештеңеден қорықпай, алаңсыз жүрер едім.

Құрметті, оқырман! Менің сіздерден білейін дегенім, қазір ғылымның шарықтап дамыған кезі ғой, дүниенің «төрт бұрышында» адамның дене мүшелерін айырбастайтын ғылыми институт жоқ па екен? Болса, маған мекенжайын жазып жіберіңіздерші. Жемқорлықты біржола қойып, ұялшақ, инабатты адам болғым келіп жүр.

Құрметпен, Жемқор Жалмауыз.

Құрметті, Жемқор Жалмауыз! Сіз бүгінгі таңдағы бүкіл адамзат баласының ақылы жетпей отырған өте өткір де өзекті мәселені көтеріп отырсыз. Егер сіздің «арманыңыз» жүзеге асатын болса бар ғой, онда жалғыз сіздің ғана емес, «анау» сотталып түрмеде жатқан, сотталмаған, бірақ сотталуға «құлшынып тұрған» қолында билігі көп біраз шенеуніктердің өзіңіз айтқандай дене мүшелерін «запас бөлшектермен» айырбастап алар едік.

Сіз дұрыс айтасыз, қазір ғылым керемет дамыды. Ешқандай сымсыз қалтаңыздағы ұялы телефон арқылы дүниенің «төрт бұрышымен» емін-еркін сөйлесемін деп кім ойлаған. Компьютер деген ғажапқа қалай таңқалмайсың. Иә, адамның ақыл-ойы ғарышқа самғап кетті. Бірақ санасы сол баяғы ықылым замандағыдай өзгеріссіз қалды. Маймыл «бабаң» ішіп-жеуді ғана ойласа, біз де соның «салған жолымен» әлі тартып келеміз. Іше берсек, жей берсек, жұта берсек деген сана әбден қатып-семіп қалған. Және көзіміз де ешқашан тоймайды.

Сіздің ұятсыз аузыңызды, түпсіз қарныңызды, тойымсыз көзіңізді монтиған, ұятты «бөлшектермен» айырбастап алсам деген ойыңызды толық қолдаймын. Бірақ ондаймен айналысатын ғылыми институт бар екен деп әлі естігенім жоқ. Алайда саспаңыз, ондай заман келеді. Ойхой, сол заман тезірек туса ғой, бүкіл жемқорлардың басынан бақайшағына дейінгі  тойымсыз, жалмауыз дене мүшелерін ұятты «запас бөлшектермен» айырбастап алар едік. Сонда сіз де беті ашылмаған қыздай ұялшақ болып, арманыңызға жетер едіңіз. Әнеки, жемқорлықпен күрестің «көкесі» сонда болады. Сіз бұған өлшеусіз үлес қосасыз. Осы «жаңалығыңыздың» арқасында өлшеусіз байып, миллиардер боласыз. Бірақ оған дейін сотталып кетпесеңіз болды. Күте тұрыңыз.

Дамир Әбішев

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1481
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475