Қуғын-сүргін құрбандарын ақтайтын мемлекеттік комиссия құрылады
Президент Тоқаевтың сталиндік репрессия құрбандарын толық ақтау туралы Жарлығы жарияланып, қоғам талқысына ұсынылды. Ол бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі бойынша арнайы мемлекеттік комиссия құрылады.
Президент Жарлығының жобасы электронды үкімет порталында жарияланған екен. Онда репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылатыны айтылған.
Мемлекеттік комиссияның ережесі мен құрамын бекіту, жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелген. Мемкомиссия Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган болады және өз қызметінде Қазақстан Конституциясы мен заңдарын басшылыққа алады, деп жазылыпты.
Ал жаңа құрылатын комиссияның қызметіне келесі функциялар кіретін болады:
1) саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру;
2) саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық заңдық және саяси ақтау үшін заң жобаларын және өзге де заңға тәуелді актілерді әзірлеу жөнінде Үкіметке ұсыныстар әзірлеу және енгізу;
3) жазықсыз сотталған және саяси қуғын-сүргінге, өмірі мен бас бостандығынан айыруға, психиатриялық мекемелерде мәжбүрлеп емдеуге, елден шығаруға және саяси нанымдар, таптық, әлеуметтік, ұлттық, діни немесе өзге де қатыстылығы бойынша құқықтар мен бостандықтары өзге де шектеулерге ұшыраған тұлғаларды ақтау процестерін ғылыми зерделеу және жүргізу әдіснамасын анықтау;
4) Қазақстанда іс жүзінде ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары санаттарының толық тізбесін айқындау (оның ішінде: қолданыстағы заңнамада қамтылмаған құрбандар санаттары; заңнамада аталған, бірақ іс жүзінде ақталмаған құрбандар санаттары);
Құқықтық қана емес, сонымен бірге, саяси оңалтуға жататын қуғын-сүргін құрбандары санаттарының толық тізбесін айқындау (оның ішінде: Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресушілер; өздерінің идеологиялық, ғылыми, шығармашылық, рухани-мәдени құндылықтары мен сенімдері үшін қуғын-сүргінге ұшыраған);
5) комиссия мүшелері, зерттеушілер мен ұрпақтар үшін Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, прокуратура органдарының және өзге де мемлекеттік мекемелердің мұрағаттарындағы жабық қорлардың саяси қуғын-сүргіндер жөніндегі материалдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету;
6) мемлекеттік органдардың саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіру;
7) Қазақстан Республикасында ақталған саяси қуғын-сүргін құрбандарының құқықтарын қалпына келтіруде әдістемелік және құқықтық көмек көрсету;
8) саяси қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткен адамдарды мәңгі есте қалдыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны қабылдауды қамтамасыз ету;
9) ақталғандардың құқықтарын қалпына келтіру мәселелері бойынша өтініштер мен шағымдарды қарау.
Мемлекеттік комиссияны Қазақстанның мемлекеттік хатшысы, яғни, Қырымбек Көшербаев мырза басқарады. Оның құрамына ғалымдар, мемлекеттік органдардың, ұлттық және мемлекеттік архивтердің басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіргізіледі делінген. Төрағаның шешімі бойынша Мемлекеттік комиссияға республикалық және жергілікті деңгейдегі сарапшылар, сондай-ақ, өзге де тұлғалар енгізілуі мүмкін.
Жарлық жобасы 5 қазанға дейін қоғам талқысына ұсынылып отыр екен.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін мамыр айында президент Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды тапсырған еді.
Біз президент Тоқаевтың биыл, 30 мамырында, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында айтқан үндеуін қаз-қалпында қайта жариялағанды жөн көрдік.
Тоқаевтың сөзі
ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастады.
1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды.
1997 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді.
Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды.
100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды.
Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар.
Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері («АЛЖИР») сол жылдардағы қатыгездік пен жауыздықтың қара таңбасындай болды. Мұнда саяси тұтқындардың жақын туыстары, әйелдері мен балалары қамалды.
Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты.
Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салды.
Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық.
Бүгінде республика өңірлерінде «Қазақ халқына – мың алғыс» монументтері орнатылған. Бұл – қазақ жұртының ақ пейілі мен даналығына деген шексіз ризашылықтың белгісі.
Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым.
Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады.
Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз.
Abai.kz