Сәрсенбі, 9 Қазан 2024
Біздің шенеунік 5485 8 пікір 26 Мамыр, 2020 сағат 13:15

Әкімдердің жарнамасы һәм бюджеттің миллиондары

Біздің елдің шенділері орта ғасырдағы хан-патшалар секілді, құдды. Халық оларды, олар халықты көрмейді. Халыққа қызмет етуі тиіс әкім-қаралар жұртшылықтан мүлде жырақтап кеткен. Өздерін халықтың қызметкері емес, билеушісі секілді сезінеді.

Бұл бұрыннан бері жалғасып келе жатқан қағида болатын. Бірақ былтыр сайланған жаңа Президент билік басындағыларға халыққа жақындаңдар деген тапсырма берді. Ол үшін әлеуметтік желіде барынша ашық болып, халықтың арыз-тілегін тікелей тыңдау тапсырылды. Сөйтіп, бұрын сіз бен біз ғана отыратын түрлі әлеуметтік желіде әкім-қаралар қаптап кетті.

Бірақ әлгі әкімдер әлеуметтік желіні халықтың үнін тыңдап, тіке байланысқа шығатын құрал ретінде емес, жасаған жұмысын жарнамалайтын есеп беру алаңына айналдырды. Саусағының ұшы қимылдаса болды, жер қопарғандай әлеуметтік желіде жар салады. Шенділердің жасаған жұмысы әлеуметтік желіде ғана емес, ақпарат құралдарында да жаппай нәсихатталып жатыр.

Жарайды, мұның бәрін жөн делік. Жұмысына жарнама жасай ма, пиар жасай ма, халыққа қызметін дұрыс атқарса болғаны. Бірақ әкімдер жұмысын өздері жарнамалағаны аздай, арнайы қаржы бөліп, блогерлерге, жарнама агенттіктеріне жүгінгені хас масқараның өзі болып отыр.

Ақпарат құралдарында жазылуынша, жақында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі өз қызметін интернет-ресурстар, блогтар мен әлеуметтік желілерде жазып көрсету үшін 267 миллион теңгенің тендерін ойнатыпты. Қала әкімі Алтай Көлгіновтің имиджі үшін әкімдіктің ішкі саясат басқармасы 23 жастағы бойжеткен басқаратын «New Vision LTD» ЖСШ-мен келісімшартқа отырған. Бұл туралы minber.kz сайты жазды.

Енді қала бюджетінен 577 мың доллар алған жаңағы жарнама агенттігі бір жыл бойы Көлгінов мырзаның тындырған жұмысына тамсанып, оны әлеуметтік желіде және өзге де ресурстарда жағы талмай жарнамалуы керек.

Әкімдік аталған тендерді жариялаудағы басты мақсат «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Медиа-орталығының қызметін үйлестіру және ақпараттық сүйемелдеу. Жергілікті және республикалық деңгейде интернет-ресурстар, блогтар және әлеуметтік желілер арқылы мегаполистің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қызметін жариялау», деп отыр екен.

Мұнда аталған әр қызметті атқаратын қызметкер әкімдіктің өзінде бар. Халықты қаланың тыныс-тіршілігімен таныстырып, әкімнің әр басқан қадамын ақпарат құралдарында жазып отыратын баспасөз қызметкерлері, менеджерлер толып жүр. Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің көптігі жайлы бұған дейін де талай рет айтылған. Ендеше қала әкімдігіндегі қаптаған қызметкерді қайырып қойып, жарнама агенттігін жалдаудың жөні бар ма?!

Астанадағы ақ жағалылар әкімдіктің қызметін мақтап, әлеуметтік желіде жақсы пікір жазғызу үшін бұған дейін де қаржы бөлген. Ол кезде ойнатылған 125 миллион теңгенің тендерін Dasco DataCom ЖШС ұтып алған екен. Тендердің атауы «елорда әкімдігі мен құрылымдық бөлімшелердің қызметіне қатысты ақпараттық кеңістікті ЭЕМ арқылы мониторингілеу», мақсаты елорда әкімдігінің жұмысын жоғары бағалап, жағымды имиджін қалыптастыру көрінеді.

Аталған екі тендердің көздегені бір дүние. Алтай Көлгінов басқаратын қала әкімдігінің жақсылығын асырып, жамандығын жасыру үшін бюджеттен бір емес, екі мәрте миллиондаған қаржы бөлініп отыр. Мүмкін бұл ақшалар бюджет қаржысын оңды-солды жұмсауға келгенде «тәбеті» ерекше шенділер үшін түкке тұрғысыз шығар. Бірақ халықтың көзі көріп отырған кемшіліктерді халықтың ақшасын жұмсап жасырғандары шектен шыққандық. Миллион жұмсап, әлеуметтік желіде жариялаған жазбаға бола, халық әкімдіктің қызметіне оң баға береді деу бос әурешілік екенін Көлгінов мырза түсінбей ме? Әлде Көлгіновке халықтың емес, бастығының бағасы маңызды ма?

Әкімдер мен шенді-шекпенділер жеңіл жарнама үшін желіде жылтыңдай бергенше, жұртпен етене жақын жұмыс істегені жөн. Сонда ғана елдегі әлеуметтік-экономикалық проблемалар тезірек шешілер еді. Сонда ғана әкімдіктің қызметі жарнама әгенттіктері жарнамаламаса да оң бағасын алар еді. Сонда ғана Алтай Көлгіновтің оң имиджі қалыптасар еді.

Бос мақтан мен жылтырақ жарнамаға әуес әкім Алтай Көлгінов ғана емес. Бұл жалпы қазақ билігіне ортақ кемшілік. Көз бояу мен жалған есеп беру біздің шенділердің кәнігі қызметі. Арқада Алтай әкім «жақсы» атанам деп жарнама агенттіктеріне миллион шашып жатқанда, Алматыдағы шенділер блогерлердің мұртын майлап әлекке түсуде.

Пропагандаға келгенде Көлгіновтен кем түспейтінін Алматы әкімдігі «Дін саласындағы профилактикалық жұмыстарға блогерлерді тарту» деген атпен тендер өткізген. Мақсаты - блогерлерге әлеуметтік желіде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған материалдар жариялату. 10 714 285 теңгенің тендерін ұтып алған адам 1 желтоқсанға дейін кемі 80 пост жариялауы тиіс екен. Сонда қалалық әкімдік әлемжелідегі әр пост үшін 100 мың теңгеден астам ақша төлемек. Тендерді жеңіп алушы әлеуметтік желілердің біреуінде  (вконтакте, фейсбук, Instagram) 3 мыңнан кем емес жазылушылары бар кемінде 8 блогерді тартуы тиіс.

Одан да қызығы, тендерді ұтып алған «Bsquared» ЖШС-ның директоры әрі құрылтайшысының бірі Бейбіт Тұрабаев бұрын Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының қоғамдық-саяси жұмыс бөлімін басқарған екен. Бұл туралы malim.kz сайты жазды.

Ел астанасын басқарып отырған Алтай Көлгіновтің жылтырақ жарнамаға жаны құмартып кеткенін жалпы жұртшылық сынап жатыр. Президент керексіз шығынан бас тарту керек екенін бірнеше мәрте айтты. Оның үстіне бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде бюджет қаржысын пиар үшін жұмсау және жөнге сыймайды. Ал жалшы ұстап, жарнама жасатқыш әкімдер Президенттің сөзін пысқырмай ма? Әйтпесе, блогер жалдап, мақтау есту деген кім үшін жасалып жатқан тырақылық?

Abai.kz

8 пікір