Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Өзгелер 4895 12 пікір 25 Қыркүйек, 2020 сағат 13:46

Израильдің ядролық қаруы һәм аймақ қауіпсіздігі

Қазіргі таңда әлемде жаппай қырып-жою қаруына ие 9 мемлекет бар. Солардың бірі Таяу Шығыста орналасқан Израиль мемлекеті. Израильдің ядролық бағдарламасы 20-ғасырдың ортасында басталды. Оның инициаторы еврейлер мемлекетінің бірінші премьер-министрі Дэвид Бен-Гурионның өзі болды. Мұндай ауқымды, әрі әдеттен тыс жоба туралы ойлануға мәжбүрлеген жағдай – 1948 жылы Израиль мемлекеті құрыла сала басталған араб-израиль соғысы. Бен-Гурион араб күштерінің саны жағынан басым тұрған жағдайында тек атом бомбасы ғана еврейлер елінің тыныш өмір сүруіне кепіл бола алады деген қорытындыға келді. Ол бірде бүкіләлемдік еврейлер конгресінің президенті Наум Голдманмен кездесуінде: «Олар (арабтар) тек бір нәрсені ғана көреді: біз келіп олардың жерлерін тартып алыппыз» деген әңгімені айтты.

Арабтар тарапынан ұдайы төніп тұратын қатер, арабтардың адами ресурстарының басымдығы мен өзара бір-бірін жеккөрушілік жағдайында ядролық тоқпаққа ие болу - тірі қалудың бірден-бір мүмкіндігі еді. Сол себептен де ол, 1949 жылдың басында Парижден келген физик-ядрошы Морис (Моше) Сурдинмен кездесті және осы кездесуден соң ядролық физика бойынша жаңаша білім алу үшін израильдік жас ядролық физиктерге Батыс университеттерінде оқуға мүмкіндік беретін бағдарламаны қаржыландыруға тапсырма берді [1].

Қырымда дүниеге келіп, Палестинада ер жеткен осы бір талантты ғалым ерлі-зайыпты физиктер Фредерик және Ирен Жолио Кюрилердің оң қолы саналатын. Ядролық қарудың қандай құдіреті бар екенін де, оны дайындауға қандай технологиялардың қажет екенін де Бен-Гурионға жақсылап түсіндірген дәл осы Морис Сурдин. Осыдан соң 1949 - 1951 жылдары Израиль ядролық қару жасауға қажетті уран қорын табу мақсатында Негев шөлінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізілді. Алайда уранның айтарлықтай қоры табылған жоқ, нәтижесінде Израиль Негев шөлінен табылған фосфаттардан уранды бөліп алу технологиясын жасауға мәжбүр болды [2].

1952 жылы қорғаныс министрлігіне қарасты атом бомбасын жасау үшін қажетті техникалық әлеуеттің қалыптасуы мен құрылуына тікелей жауапты «Атом энергиясы жөніндегі комиссия» ресми түрде құрылды. Комиссияға кезінде фашистік Джерманиядан Палестинаға қашып келген көрнекті ғалым, органикалық химия саласының маманы Эрнст Дэвид Бергман жетекші болып тағайындалды. Бүгінде Израиль ядролық қаруының әкесі саналатын Бергман Израиль әскері ЦАХАЛ-дың ғылыми-зерттеу қызметін де қатар басқарды. Ядролық қару жасаудың теориялық технологиясы тез арада жасап шығарылды. Алайда, теорияны практика жүзінде іске асыру айтарлықтай қиын болып шықты. Ең үлкен қиындық – қажетті материалдардың, құрал-жабдықтардың болмауы және соларды сатып алуға қажетті ақшаның жоқтығы болды. 1955 жылы «Бейбіт мақсаттағы атом» бағдарламасы аясында АҚШ Президенті Дуайт Эйзанхауэрдің сыйға тартқан аз қуатты, бар болғаны 5 мегаватт, реакторы ең болмағанда бір бомбаны жасауға қажетті плутонийді де алуға жеткіліксіз болып шықты. Сонымен қатар, американдықтар израильдіктермен әскери мақсатта пайдалануға болатын ядролық отын мен жабдықты бөлісуден мүлдем бас тартты. Қазірде көптеген адамдар Израиль өзінің атомдық қаруын американдықтардың көмегімен жасап алды деген пікірде. Алайда мұның қате екенін осы жерден көруге болады. Израильдің ядролық қару өндірісі туралы алғашқы ақпараттары Орталық Барлау Басқармасының есебінде тек 1968 жылы ғана пайда болды. Американдықтар көмектесуден бас тартқаннан кейін бар үміт Франция мен Ұлыбританияда болды. Сол кезде аталған екі ел де өздерінің ядролық бағдарламаларын дамытып жатқан. АҚШ-тың кепілдіктеріне сүйенген француздар 1950 жылдардың басына дейін өздерінің ядролық қаруларын жасауды жоспарламады. Париждің ядролық бағдарламасы тек бейбіт зерттеулермен ғана шектелді. Әскери ядролық бағдарламаны бастау туралы шешім 1954 жылы 26 желтоқсанда Францияның Вьетнамдағы жеңілісінен кейін ғана қабылданды. 1957 жылы Франция Атом энергиясы жөніндегі комиссариатының көмегімен Израиль Димонда реактор салу туралы француз компаниясымен құпия келісімге қол қойды [3].

Осылайша, Израиль мен Францияның ядролық әскери бағдарламалары бір уақытта дерлік басталды. Мұндай жағдайда екі елдің ғалымдарының күш-жігері бір-бірін толықтыра алар еді. 1950-1960 жылдары Франция Израильге ядролық сынақтар кезінде алынған мәліметтерімен бөліскені анық. Олар сол кездері Францияның отары болған Алжирдің Сахара шөлінде сынақтар өткізді. Оған Израильден келген сарапшылардың қатысқаны жасырын емес.

Израильді сол кезде Франциямен және Ұлыбританиямен жақындастырған тағы сол саяси жағдай. 1956 жылы әлемдік тарихқа «Суэц жанжалы» деген атпен енген оқиға болды. Ежипет президенті Гамал Әбдел Насер Суэц каналын национализациялады. Бұған риза болмаған ескі әрі тәжірибелі колонизаторлар Ежипетке жақсылап сабақ бермекке бекінді. Олар жазалаушы рөліне Израильді таңдады. Израиль өз кезегінде осы істің қарымтасына ағылшындардан қару, француздардан «ядролық компенсация» талап етті [4].

1956 жылы жасырын франко-израильдік келісімге қол қойылды, оған сәйкес Париж Тель-Авивке табиғи уранмен жұмыс істейтін, қуаттылығы 26 мегаватт болатын ауыр су реакторын сыйға тартты. Бұл нағыз израильдіктер іздеген «ядролық өтем» болды. Осы сәттен бастап Израильдің ядролық қаруды иемдену тарихында жаңа бөлім басталды. «Арнайы тапсырмалар бюросы» немесе қысқартылған “LACAM” деп аталатын жаңа құпия қызмет құрылды. Оның міндеті ядролық бағдарламаның толық құпиялылығын қамтамасыз ету болды. Оны Бенджамин Блюмберг басқарды.

1957 жылы Францияның көмегімен Тель-Авивтен 120 км қашықтықта Димонда ядролық орталықтың құрылысы басталып, 1963 жылы аяқталды. 1970 жылдары реактор жаңғыртылып, оның қуаттылығы 75-150 мегаваттқа дейін өсті, ал қару жасауға қажетті плутоний өндірісі жылына 7-8 кг-дан 20-40 кг-ға дейін өсті.

Уашингтон мен Тель-Авив арасында да стратегиялық серіктестік орнатылып, Америка Құрама Штаттары атом өнеркәсібі үшін арнайы жабдықтар мен материалдардың негізгі көзіне айналды. Кейде қажетті компоненттер заңды түрде сатып алынды, алайда олардың нақты қажеттілігі туралы күдік туғызбас үшін, көбінесе бөліктер түрінде және әртүрлі өндірушілер тарапынан тапсырыстар жасалды. Кейде алдауға, тіпті ұрлауға да тура келді. Бірде тіпті, ФБР агенттері американдық атом электр станцияларына ядролық отын жеткізетін NUMEK компаниясының қоймаларынан шамамен 300 кг байытылған уранның тапшылығын анықтады. Корпорацияның иесі, атақты американдық физик Соломон Шапиро Израильдің арнайы тапсырмалар жөніндегі бюросының өкілі Абрахам Хермонимен келісіп, уранды Израильге заңсыз тасымалдағаны белгілі болды.

1969 жылдың қыркүйегінде АҚШ президенті Ричард Никсон Израиль премьер-министрі Гольда Мейрмен кездесті. Кейін Генри Киссинджер дәл сол кезде келесідей мәміле жасалды деп жазды: «Тель-Авив өзінің ядролық қаруын мойындаудан бас тартады, ал Уашингтон Израильдің ядролық әлеуетін байқамағандай болады» [1].

Израильдің серіктестері арасында 1970 жылдары өзінің ядролық бомбасын жасаған Оңтүстік Африка Республикасы ерекше орын алды. Ынтымақтастық өзара тиімді болды. Претория Израильді қажетті уранмен қамтамасыз етті, ал Тель-Авив технология, құрал-жабдықтар және мамандармен бөлісті. Көптеген сарапшылар 1970-ші жылдардың ортасында Оңтүстік Африканың атом бомбасын израильдіктер жасаған ядролық құрылғы деп тұжырымдады. 1979 жылы 22 қыркүйекте АҚШ спутнигі Оңтүстік Африканың Принц-Эдуард аралдары орналасқан Оңтүстік Атлантика аймағында екі рет берілген әлдебір жарқылды тіркеді [6].  Қазіргі кезде, әлем елдері Израиль мен Оңтүстік Африка сол кезде бірігіп ядролық сынақтар өткізді дегенге еш күмәнданбайды. Бұл жарқылдар арнайы израильдіктер жасаған қуаты 5 килотонға дейінгі зарядтар болды деп саналады.

1990 жылдардың басында, апартеид жүйесін бөлшектеуге келген және өз елінде қайта құрудың өзіндік түрін бастаған, Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Фредерик де Клерк ядролық қарудан бас тартып, оларды жою туралы шешім қабылдады. Бұл атом бомбасын жасап алған мемлекет онда өз еркімен бас тартқан әлемдегі алғашқы және жалғыз жағдай. Асылында, көптеген сарапшылар Оңтүстік Африка Республикасы ақ нәсілдердің орнын басатын қара нәсілділердің көпшілік үкіметінің қолына қауіпті ойыншықты түсірмеу үшін ядролық оқ-дәрілерді израильдіктерге қайтарып берді деп санайды [4].

Қазіргі таңда Израиль өзінің ядролық қаруға ие екенін ресми түрде мойындамаған әлемдегі жалғыз мемлекет. Сондықтан да, ол ядролық қаруды таратпау туралы ешқандай да халықаралық келісімдерге қол қоймаған. Таяу Шығыста тек Израильдің ғана ядролық қаруға иелік етуі - оның көршілері мен аймақтық державаларды бей-жай қалдыра алмайды. Сол себептен де еврейлер елінің дәстүрлі бақталас мемлекеттерінің де ядролық қаруға ұмтылу ниеті бар екенін байқауға болады. Айталық, 2019 жылдың 24 қыркүйегінде Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясында сөз сөйлеген Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған: «Ядролық қаруға иелік етуге барлық елдерге рұқсат етілу керек не болмаса барлығына бірдей тыйым салынуы керек. Кейбір мемлекеттердің ғана иеленуі әділетсіздік» деп атады [7]. Израиль осы уақытқа дейін араб елдерімен ресми түрде 4 рет соғысқа барып, болған қақтығыстардың төртеуінде де жеңіске жетті. Бүгінде тек Таяу Шығыстағы ғана емес, әлемдегі ғылымы мен техникасы жақсы дамыған мемлекеттердің бірі. Әйткенмен де, өз қаруын жасап шығару үшін 30 жылдай уақыт кетті және көптеген қиындықтармен келді.

Қорытынды. Жалпылай алғанда, ядролық қаруға иелік ету – бұл ең алдымен психологиялық фактор. Оған қол жеткізу өте қымбатқа түседі, әрі көптеген жылдарды қажет етеді. Сондықтан да, аймақ елдерінің ішінде тек Иран ғана ядролық амбициясын білдірді. Түркия НАТО-ның мүшесі ретінде өз территориясындағы Инжирлик базасында АҚШ-тың ядролық оқтұмсықтарын сақтап отыр. Бірақ оны Түркия өз бетімен пайдалана алмайды. Ал Иран ядролық қаруға иелік етсе, оның басты қарсыласы Сауд Арабиясы да ядролық қару бағдарламасын қолға алмақ. Мұны арты жанталаса қарулану дәуіріне әкелетінін ескерсек, Иранның жойқын қаруға қол жеткізуін оңайлықпен жүзеге аспайтын жоба ретінде қарастыруға болады. Оған қоса Израиль аймақта тағы бір ядролық державаның пайда болуына төзбейді. Айталық, кезінде Саддам Хусейн ядролық қару жобасын қолға алған кезде, 1981 жылы Израиль Ирактың салынып жатқан ядролық зауыттарына әуеден шабуыл жасап жойып жіберді. Сондықтан да, Израиль қолында жойқын қаруы тұрғанда, қазіргі күні де, жақын болашақта да аймақтың негізгі геосаяси ойыншысы болып қала береді және одан өз еркімен бас тартуы мүмкін емес.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Cohen Avner. Israel and the Bomb. N-Y.: Columbia Univercity Press, 1998. 26.
  2. Ефстафьев Дмитрий, Орлов Владимир. Региональные особенности международного режима ядерного нераспространения. В кн. Орлов Владимир, Соков Николай (ред.) Ядерное нераспространение. Т.1. М.: ПИР-Центр, 2002. С.177.
  3. Наумкин Виталий, Евстафьев Геннадий, Новиков Владимир. Ближний и Средний Восток. В кн.: Арбатов А., Дворкин В. (ред.) Ядерное оружие после «холодной войны». М.: «Российская политическая энциклопедия» (РОССПЭН), 2006. С. 448.
  4. «Ядерный «посох» Израиля». URL: https://zvezdaweekly.ru/news/t/201811261542-Vgbh9.html [Электронный ресурс] = (дата обращения: 16.11.2019)
  5. Norris Robert S., Arkin William M., Kristensen Hans M., and Handler Joshua. Nuclear Notebook. Israeli nuclear forces, 2002. Bulletin of the Atomic Scientists. 2002, September/October. Р. 73.
  6. “When America Caught a Nuclear Violator Red-Handed—But Stayed Silent”. URL: https://foreignpolicy.com/2019/09/22/blast-from-the-past-vela-satellite-israel-nuclear-double-flash-1979-ptbt-south-atlantic-south-africa/ [Электронный ресурс] = (дата обращения: 16.11.2019)
  7. “Turkey's Erdogan says nuclear power should either be free for all or banned”. URL: https://www.reuters.com/article/un-assembly-turkey/turkeys-erdogan-says-nuclear-power-should-either-be-free-for-all-or-banned-idUSKBN1W924L [Электронный ресурс] = (дата обращения: 16.11.2019)

Оралбек Ж. Өтеғұлов,

филолог, саясаттанушы.

Ақтөбе қаласы.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3317
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6031