Мұхан Исахан. Жаңаөзен дүмпуі: дақпырт пен ақиқат
Алалай да бұлалай... Бас жарылды. Қол сынды. Қан төгілді. Айдың, күннің аманында азаматтарымыз мырышқа түйрелді. Жаңаөзенде жеті айдан бері ереуілдеткен жұрт, дұрысы, кернеуі запыранға толы, кетеуі кеткен мұнайшы қауым қасиетті жұма күні осы күнге дейін жүні жығылмаған жергілікті билікті жүндей түтті. Жеті айдан бері нәпақа таппаған аш-жалаңаш жұрт сөз ұқпайтын шенеуніктерді ақыры болмаған соң төзімі таусылып, тезге салмақ болды. Жарты жылдан астам уақыт нәумез күйде наразылық жасаған мұнайшылардың жанайқайы ақыр аяғында қылша мойны талша кесіліп, жанпида-жәнтәсілім етуімен тыншыды. Иә, «Шаш ал десе, бас алатын» жандайшаптар өз халқына қарсы оқ атты. Бұлғақ аяусыз қанды қасап қырғынмен жаншылғанымен, дүйім ел дүрмекке еріп, айқайға сүрең қосты. Жаңаөзен жарылысының жаңғырығы Шетпе мен Ақтауға ұласып, Алматыға дейін жетті. Көтеріліс рухы асқақтаған үстіне асқақтай түсті. Дегбірі ұшқан билік өкілдері амалсыздан көптің ығына жығылды. Ханымыздың өзі үлкен басын кішірейтіп, халқының алдынан өтті. Халық талабына көндігуге мәжбүр болды. Сонымен, қанды қырғын «Жаңаөзен оқиғасы» бізге қандай сабағын қалдырды?