Бейсенбі, 5 Желтоқсан 2024
Күбіртке 6387 11 пікір 28 Қыркүйек, 2020 сағат 14:45

Біздің заңдарымыздан ұлттық мүдденің иісі де шықпайды!

Бұған дейін әлеуметтік желіде қазақ тілі мен қазақ ұлты туралы ауызына келгенді көкіп, кейін кешірім сұрап, мүләйімсіген Қостанайлық Кирилл Божко туралы егжей-тегжейлі жаздық. Желі қолданушылары оның жазасыз қалмауы керектігін айтты. Артынша, бүлік шақырған Божконың 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені хабарланды. Алайда, ҚР Бас Прокуратурасы провакатордың әлгі әрекетіне қатысты «ләм-мим» демеді. 

Жалпы, қазақ тілін, қазақ ұлтын, оның ділі мен ұлттық құндылықтарын аяқасты еткен жалғыз Божко емес. Бұған дейін де бірнеше оқиға болды. Бірі домбыраны жерге теуіп сындырды, енді бірі тұлғалардың ескерткішін қорлады. Олар туралы сол кезде жаздық. Қайталап жатпайық...

Алайда, қоғам қызу талқылап жатса да, сол оқиғаларға қатысты Бас Прокуратураның үні бәсең шығып жататын. Неге? ҚР Бас Прокуратурасы ұлттық мәселелерге келгенде неге үнсіз? Оларда қандай құзырет бар? Біз бұл сұрақтарды бұрын прокурор болған, белгілі заңгер Абзал Құспанға қойған едік...

Редакцияның үш негізгі сұрағы:

1. ҚР Бас Прокуратурасы осындай ұлтараздық мәселелерінде не істеу керек? Оның құзыретінде қандай мүмкіндіктер бар?

2. Қазақстанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын Қауіпсіздік кеңесі деген орган бар. Осы кеңес ұлтаралық, провакациялық мәселелер кезінде не істеуі керек?  

3. Сіз Прокуратурада істеген, содан кейін адвокат болған адамсыз. Сіздің жұмыс тәжірибеңізде осындай ұлтаралық провакацияларға қатысты қатаң жазалау шарасын қолданған оқиғалар болды ма?

Абзал Құспан: 

1. ҚР Конституциясының 83-бабына сәйкес, Прокуратура Қазақстан Республикасындағы Жоғарғы қадағалаушы орган. Ол – тек қана Прокуратураға тән. Демек, бізде Прокуратураға айрықша құзыреттер берілген. Яғни, ол Қазақстандағы бүкіл мемлекеттік және құқық қорғау органдарының төбесінен қарап, қадағалайды.

Айталық, Америкада Прокуратура бар-жоғы Әділет министрлігінің жанындағы мекеме ғана. Ал, бізде ол өз алдына бөлек ұйым. Тек қана Президенттің алдында есеп береді. Қалған жағдайлардың бәрінде елде болып жатқан кез-келген оқиғалардың, құбылыстардың Қазақстанның заңдарына, Конституциясына қайшы келмейтіндігін қадағалайды.

Демек, бүкіл ел болып талқылап жатқан дәл осындай оқиғаларда, (Божконың мәлімдемесі Қазақстанның Тәуелсіздігіне, қазақ халқының ар-намысына, мемлекеттілік институтына қайшы), 100 пайыз заңсыз әрекет болған жерде Прокуратура міндетті түрде бірінші кезекте үнін шығаруы тиіс еді.

Яғни олар Божконың әрекеті заңсыз екенін, провакациялық әрекетке жататынын дәлелдеп, қамауға да, қылмыстық іс қозғауға да, қоғамдық маңыздылығын ескере отырып, тергеуді өзіне алуға да, сөйтіп, сотқа дейін тергеп, сотқа мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысып, соттап жіберуге болар еді. Себебі Прокуратураның құзыреті өте кең. Ал, біздің бас прокуратура сол құзыреттің әзірге бірде-біреуін пайдаланып отырған жоқ.

Бірақ, ең маңыздысы – Прокуратура: «осындай провакациялық әрекет жасағандарға келесі жолы осындай жаза қолданылады», деп барша қазақстандықтарға мәлімдеме жасау керек еді. Алайда олар мұны да істемеді.

2. Мұндай жекелеген жағдай Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібінде қаралатын мәселелерге жатпайды. Бірақ, Қауіпсіздік кеңесінің ең негізгі функциясы – Қазақстандағы құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру. Яғни, қауіпсіздік кеңесінде «осы жағдайға орай, бас прокуратура немесе ішкі істер министрлігі неге үнсіз», деген мәселені қарауға болатын еді деп ойлаймын.

Солай болуы тиіс еді. Мүмкін бұл қаралып та жатқан шығар. Бірақ, біз ештеңе білмейміз. Бұл ұйым бар жоғы «кеңес» деген статусқа ие. Яғни, бұл жерде бас прокуратурадан бастап барлық құқық қорғау органдарының басшылары, Үкімет мүшелері қатысады. Олар жеке адам ретінде емес, мекемелердің атынан сөйлейді. Ол жерде қаралған жағдайда хаттамалық тапсырмалар беріледі. Демек, бұл мәселе осы жерде қаралып, тиісті органдарға тапсырма берілуі тиіс бола-тұғын. Ал, ондай тапсырма берілген-берілмегенін біз қазір айта алмаймыз. Себебі ол өте жабық ұйым.

Сондықтан бұл жерде қауіпсіздік кеңесі әрекетсіз отыр деуге де, әрекет жасап жатыр деуге де негіз жоқ. Бірақ, жалпы мемлекет органдарының үнсіздігіне қарап, сол қаукеңес әрекетсіз отыр ма деген ой туындайды.

3. Бірді-екілі болды. Кезінде: «жеке бөлініп кетейік», деп араздық тудырған Өскеменнен шыққан бір орыс болды. Ол қазір түрмеде отыр. Сосын Атыраудан шыққан бір адам бар. Ол: «Кіші жүз бөлек мемлекет болуымыз керек. Президентіміз Тасмағамбетов болу керек», деп шатпақтап жүрген. Ол қазір түрмеден шығып, діни жазбалар жариялап жүр.

Бірақ, бұл жердегі жаза массалықты қамтамасыз етуі тиіс. Яғни, жалпы көпшіліктің талқысына түскен адамдарды, сол көпшіліктің алдында жазалау керек.

Мысалы, ауылда бір ұрлық болатын болса, сол ұрлықты тыю мақсатында сот, прокурор қамаудағы адамды алып келіп, клубқа бүкіл елді шақырып, оның сотын клубта өткізетінбіз. Неге? Сол ауыл адамдарына ұрлық түбі қорлық екенін түсіндіру үшін.

Сол сияқты мына жерде де сондай жағдай болып отыр ғой. Бүкіл ел назар аударып отыр. Сол себепті де оны көпшілік алдында жазалау керек еді. Мәлімдеме жасап, арыз жасалуы керек еді. Сөйтіп оның жазасы кең аудиторияны қамтуы тиіс болған.

Мен бір нәрсені айтқым келеді, тіл ұлттың жан-дүниесі. Ал, салт-дәстүр деген - біздің құқықтық заңымыздың бастауында тұрады. Мысалы, 19 ғасырда орыстың ғалымдары «право адад» деп айтты. Ол дегеніңіз – әдет құқығы. Бүкіл ұлттың, халықтың бастауында әдет-ғұрып, салт дәстүр тұрды. Біз көптеген тыйымдарды жай ғана салт-дәстүр деп қараймыз. Ол шын мәнінде бүкіл заңның, құқықтың бастауы еді. Мұны неге айтып отырмын?

Мысалы, сіздің қазір Германияға барып Рейн өзеніне түкіріп жатқаныңызды біреу көріп қалса, сізге айыппұл салады. Өйткені олар үшін Рейн өзені қасиетті. Әрине сіздің түкіргеніңізден ешкім зардап шекпейді. Бірақ, сіз неміс халқының ұлттық қадір-қасиетін қорлаған боласыз.

Көп елдерде өзінің салт-дәстүрін қатты сақтайды. Қорғайды. Қолдайды. Тек бізде ғана мұндай жоқ. Себебі біздің заңдарымыздың бәрі еуропадан көшірілген, шала-шарпы жазылған заңдар. Бұрын да айтқанмын, біздің заңдарымыздан ұлттық мүдденің иісі де шықпайды. Бізде ұлттық мүддені қорғау мемлекеттік деңгейде жолға қойылмаған. Бірақ, мұны жолға қоятын не саясатта, не заң саласында тұлғалар жоқ. Барлығында советтік тәрбие, еуроцентристік көзқарас. Заң деген қазір пайда болғандай қабылдайды.

Заң деген сол халықпен бірге өсіп-өніп, дамып келе жатқан табиғи процесс қой. Ол халықтың салт-дәстүрінен бастау алады. Ол жалғыз қазақ та емес, ағылшындарда да, испандарда да солай. Осының бәрін түсіндіруіміз керек.

Сондықтан қазақтың салт-дәстүріне мақсатты түрде қарсы бағытталған кез-келген әрекет заңнан тыс, құқыққа қайшы әрекет болып табылады.

Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1147