Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 11941 43 пікір 2 Қазан, 2020 сағат 13:48

Тоқтар Әубәкіров. Қазақ қашан Байқоңырды өзі игереді?..

1991 жылдың 2 қазаны. Дәл осы күні Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, әскери ұшқыш Тоқтар Әубәкіров аспан әлемін, ғарыш кеңістігін бағындырған. Экипаж командирі Александр Волков және австриялық ғарышкер Франц Фибекпен бірге «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ұшқан. Ғарышта бір аптадай уақыт болған.

Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа сапары бүтіндей түркі әлемінің, әрі күллі қазақтың тарихындағы толағай оқиға іспеттес. Ол – ең қуатты кеңестік 50 әскери ұшақтың тұсауын кескен атақты сынақшы-ұшқыш. Әскери авиациядағы айрықша жетістігі үшін Гиннестің рекордтар кітабына һәм Дүниежүзілік авиация мұражайына енген.

Өз ісінің тұңғышы Тоқтар Оңғарбайұлы қазақ қоғамдағы түйткілді мәселелерге келгенде де тасада қалмай, өз пікір-ұсынысын ашық талқыға салып келеді. Белгілі бір кезеңде ол еліміздің билік құрылымында да, оппозициясында да болды.  Ол (Тоқтар Әубәкіров) билік «Байқоңырды» жалға беру туралы шешімге келгенде қарсы шыққан адам. Сол үшін де оның өмірінде түрлі қиындықтар орын алғаны рас.

Осы орайда қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің әр жылдары баспасөз бетінде айтқан өткір-өзекті ой-пікірлерін топтап, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.


«Ғарышқа халқың үшін ұш», деді. Келістім!

«Ғарышқа бірден ұшқам жоқ. Алғашқы екі ретінде бас тарттым. 90-шы жылдары Кеңес үкіметі құлағасын «қазақтардың арасынан ғарышқа кім бірінші болып ұшады?» деген мәселе өткір тұрған. Сол кездері менің кандидатурамды Нұрсұлтан Назарбаев қолдады. Разымын.

Мені ғарышқа ұшыруға Дінмұхаммед Қонаевтың өзі мүдделі болатын. Ол тұстары бізде кадр тапшы еді. Штаттағы бірнеше тәжірибелі ұшқыш қайтыс болған. Осы себепті бірден келіскем жоқ. Алдымен жас ұшқыштардың арасынан таңдау жасадық. Бірақ, көпшілігі дайын болмай шықты.

Тек Талғат Мұсабаевтан ғана жылт еткен от көрдік. Оны ғарышқа ұшыруға дайындай бастадық, алайда кәсіби білігі аз болғандықтан бұл мақсатымыз орындалмады. Бұдан кейін тағы да менің кандидатурамды ұсынды. Екінші ретінде тағы бас тарттым. Себебі, өзім жұмыс істейтін А. Микоян атындағы тәжірибелік-конструкторлық бюроны тастап кеткім келмеді.

Үшінші ретінде президент Назарбаев мені жеке қабылдауына шақырды. «Тоқтар, халқымыз бұл күнді 30 жыл күтті. Әзір қолымызда тұрған ғарыштық технологияның барлығы біраз уақыттан кейін ешкімге керексіз күйінде қалады. Ғарышқа халқың үшін ұш!» деді. Келістім».

Барлығының түбінде қазақтың намысы жатты

«Аржағын айтар болсам, ол – қазақтың намысы. Біз де жұмыс істей аламыз! Ісіміз ешкімнен кем болмайды деген намыс болды. Ресейдің маңдайалды әскери мектебінде оқыдым. Маған Ресей «Қиыр Шығыстың ең мықты ұшқышы» деген баға да берді. Мұның түбінде қазақтың намысы жатты. Менен басқа ол өңірде бір қаракөз жоқ. Кезінде бізді олар қалай мазақ қылғанын сіздер жақсы білесіздер. Сол сөздер маған қатты бататын. Үнемі осыны ойлап, намыстанып жүрдім. Тіпті көбісі ғарышқа ұшқанымды көре алмай жатты. Алғашқы әскери ұшақты бағындырған орыс емес, қазақ болғанына әлі күнге дейін өкінеді олар».

Қазақ болғаным үшін КСРО Батыры атағын бергісі келмеді

«Әрине, етектен тарту саясатын мен де көрдім. КСРО Батыры атағын маған екі жыл кешіктіріп берді. Не үшін? 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы үшін. Горбачев қазақ болғаным үшін маған атақты дер кезінде қиғысы келмеді. Қол қоймай, бұлталақтап жүріп алды».

Өз ана тілімде сөйлемесем кім болғаным?!

«Егер менде намыс болмаса, өз ана тілім – қазақ тілін үйренбес едім. «Үйренемін» деп өз-өзіме серт бердім. Мен – қазақпын! Өз ана тілімде ойламасам, мен кім болғаным?! Бұрынғыдай басқа тілде сөйлеп, сол тілде ойланып жүре беруді өзіме ар санадым. Өз ана тілімде сөйлемегеніме намыстандым! Күнде өз-өзімді тәрбиеледім. Құпиямды айтайын, мен қазақ тілін өлең арқылы үйрендім».

Мен халыққа ғана керекпін!

«Биліктегі көп адамға менің қадірімнің құны бес тиын. Тәуба, халқыма мың рахмет! Қай жерге барайын – құрақ ұшып қарсы алған халық».

Қазақ қашан Байқоңырды өзі игереді?

«Қазақ қашан Байқоңырды өзі игеретін күнге жетеді? Игеруге болады. Алайда оған біздің басшылардың намысы мен жігері жетіспей тұр. Түбі Байқоңырдан орыстар өз еліне кетеді. Жай кетпейді, олар бәрін бүлдіріп кетеді. Қазір мүмкіндік бар кезде өзге елдерден білікті мамандар шақыра отырып, бірден өз қолымызға алуымыз керек. Сонда ғана Байқоңыр қазаққа мәңгілікке қалады».

Өз пікірі жоқтардың арасында жүргім келмейді

«Үш рет депутат болдым. Үш ретте де жолым болған жоқ. Таратып жіберді. Құдай біледі, тағы бір рет талпынып көрсем, тағы таратып жіберуі мүмкін. Ендеше ешкімге кедергі келтірмей-ақ қояйын. Менсіз-ақ жұмыс істесін, отырсын. Бұл жерге жылы орынды аңсайтындар келеді. Себебі, мұнда ешкім ешкімнің жағасынан алмайды, ешкім сені сөйлеуге мәжбүрлемейді, тек «иә» деген түймені бассаң жетіп жатыр. Егер тапсырма жоғарыдан келсе барлығы бір ауыздан: «болды, түсіндік, келісеміз» дейді. Ешқандай түзету енгізбейді. Шынымды айтсам, сөзінің салмағы, өзіндік пікірі жоқтардың арасында жүргім келмейді».

Біз түк өндірмейтін елміз

«Біз біртіндеп құлдырап барамыз. Анығында, бұл құлдыраудың басы ғана. Әзіргі құлдырауымыз баяу басталып жатыр. Әлемдік дағдарыс дендей түскенде не болады? Айтудың өзі қорқынышты.

Біз түк өндірмейтін елміз. Шикізатқа тәуелді елдің тағдыры белгісіз, болашағы бұлыңғыр. Әлем біздің шикізаттан бас тартқан күні нағыз құлдырау басталады. Анығында, біз құзға құлаймыз. Міне, сол кезде ғана халық биліктің осы уақытқа дейін түк бітірмегенін анық ұғынады».

Ешкім ұры-қары, қылмыскер немесе алаяқ болып тумайды

«Ешкім ұры-қары, қылмыскер немесе алаяқ болып тумайды. Есейе келе таңдау жасайды. Бәрі осыған байланысты. Бір жолы ел танитын аса ықпалды азаматпен сөзге келіп қалдық.

Ол: «Сіз батырсыз. Халық сізді жақсы көреді. Қолыңызда қаншама мүмкіндік бола тұра, соны қолдана білмейсіз. Демек, ақымақсыз. Себебі, бас игіңіз келмейді. Ал мен иіле білемін, осы себепті қазір миллионер атанып отырмын», – деді.

Қазір ол шіріген бай. Өте ықпалды. «Мен баймын, демек басқалары менің алдымда құрдай жорғалауы керек, бас июі тиіс» деп санайды. Неге, білесіз бе? Өйткені бір кездері өзі де сөйткен. Табан жалаған… Өзгелерді кемсіте отыра бір кездегі масқарасының орнын толтырғысы келеді. Ал мен ешқашан ешкімнің алдында бас иген емеспін».

Қазір бәрі «батыр»

«Бүгін көптеген азаматтар ата-бабалары арасынан кілең батыр іздейтін болып алды. Қай жерге бармаңыз, сол өңірдегі жігіттердің аталары батыр болып жатады. Кейінгі кездері батырлар көбейіп кетті. Біз білетін де – батыр, білмейтін де – батыр. Қара табан малай болып жүргендер де батыр болып кетті. Қойшы, бәрі батыр. Ал мен бәлен батырдың, түген батырдың ұрпағымын дей алмаймын. Тек Қаз дауысты Қазбек би бабамның ұрпағы екенімді айтамын».

Қиыншылық көріп жатқан - қазақтар

«Ауылдағы қарапайым халықтың дені өзіміздің қара көздер. Басқа ұлттар ол жақтан баяғыда көшіп кеткен. Қиыншылық көріп жатқан - қазақтар. Оларға деген саясат неге өзгерді? Неге оларға көмек қолын созбаймыз? Құдайға шүкір, Үкіметтің бұған шамасы жетеді. Саясат дұрыс болмаған соң, біраз жерде қатты сөздер айтқанмын. Үкімет те өзіне қарсы айтқан адамды жақтамайды. Өзіне қарсы шыққан адамды кім жақсы көрсін».

Қазір қазақты мал асырап келе жатыр

«Өзгесі болмаса да ауылдағы жұрттың қолында малы бар. Тоқсаныншы жылдары құртып алып еді. Қазір, әйтеуір, бірте-біте қалпына келді. Қазір ауыл халқы сонымен күн көріп отыр.  Мен өзім бала кезімде аз ғана ауылда болып, өмір бақи қалада жүрсем де, тоқсаныншы жылдары айтқам, қазақты асырайтын мал. Малды жоймаңдар деп. Тәуба, қазір мал қазақты асырап келе жатыр.  Бір ауылда бір өнеркәсіп жоқ. Жұмыс жоқ,  қазір халықтың 40 пайыздайы ауылда. Ауылда жұмыс жоқ қой, барлығы үйде отырады. Қайта, тәуба деу керек. Өйткені, Ресейде жұрт, арақтан басын көтере алмай жатыр. Бізде де бірен-саран бар. Дегенмен, басым көпшілігі малының жағдайын жасап, сонымен өздеріне жұмыс тауып, күндерін көруде.

Ауыл халқы, «Отан - біздің анамыз. Бірақ ол неге бізге жақсылық жасамайды, бізді неге ұмытып кетті?» дегенде біз, «күте тұрыңдар, уақыт келеді» дейміз. Алайда, сол уақыт келер емес».

Қазақ бас көтерсе, оны тоқтату қиын болады

«Ежелгі заманнан бергі осы мем­лекеттің иесі - қазақ халқына қатыс­ты «момын», «жуас» деген теңеу біздің қонақжай, аузындағы асын өзгеге бөліп беретін жомарттығына ғана қа­тысты айтылған деп санаймын. Ен-бай­тақ даламызға көз тіккен басқын­шылардың «қазақ халқы жуас, не істе­сең де, көне береді» деп лепірген, үстем әрекеттерінің соңы не болғаны тарихтан белгілі. Тұқыртып, өзіне құл етеміз деген ниеттері күл-талқан болды емес пе? Шап­қын­шы жаудың жұрнағы атамеке­німізде қалды ма? Жоқ! Демек, «момын» атанған халық ешкімді басындырмады».

Конституция неге өзгере береді?

«Ел ішін аралап жүргенімде: «Конституция деген не өзі?» - деп сұраған қа­зақ­ты да көрдім. «Ол - Ата заң» деп жауап берсем, «сол Ата заң бүгін былай, ертең басқадай етіп, өзгертіп жаза беретін қамбашының кіріс-шығыс кітапшасы болып кетті ғой?!» деген қазаққа жауап таба алмадым.

Шынында да, мемлекеттің басты құжаты неше ұрпаққа арналып жазылып, өзгеріске, бұрмалауға ұшыра­майтын, бұзылмай­тын Заң болуы керек еді ғой. Бір адам­ның билігіне арнап жазылған заң енді сол бір адамның жеке билігі үшін жылда бұрмалануы көп қазаққа түсінік­сіз».

Қасқыр – қолға бағынбайды

«Табиғи түйсіктері керемет дамыған аң ғой. Қасқырдың бөлтірігі ішкі түйсікпен туады екен. Көкбөрінің миллиондаған жылдардан бері планетаны адамзатпен бөлісіп жүргені осы түйсігінің мықтылығынан болса керек.  Циркке барсаңыз, басқа аңның бәрі бар да қасқыр жоқ. Қасқыр – қолға бағынбайды. Оның намысы бар».

Өмірде мақсатың болуы керек

«Жастарға ылғи да айтып жүремін. Өмірде мақсатың болуы керек. Алдыңа мақсат қоймасаң, өмір бойы адасып өтесің. Бала кезден-ақ кім болатыныңды анықта. Өз басым, мүлде басқа мамандықты бітіріп, кейін министр болғанда өзі мүлде білмейтін саланы басқарып отыратын министрлерді түсінбеймін. Ұсынды екен, келісе салады. Олар ол жерде отырмауы керек.

Одан бұрын сен бұл жерге қалай келдің, қалай жеттің, осы маңызды. Мақсатыңа біреудің жолын кесіп, біреуге арамдық жасап жетсең, ендеше арманыңның қалай орындалғанын артыңдағы ұрпағына айтпай-ақ қоюыңа болады. Ұят».

Abai.kz

43 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048