Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3942 0 пікір 9 Қаңтар, 2012 сағат 06:17

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..». «Сөзі де – ақ, өзі де - ақ» - Міржақып Дулатов (жалғасы)

Төртінші тарау:   «СӨЗІ  ДЕ - АҚ, ӨЗІ  ДЕ - АҚ...»

(Міржақып Дулатов)

1.

Жоғарыдағы Д.Әділевке тағылған:

1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн құпия ұйым құрған.

2. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған.

3. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған, - деген айыптаулар, шындығында, тікелей Міржақып Дулатовқа қарсы бағытталып еді.

«Алашорда» үкіметі кеңес өкіметі жағына шыққаннан кейінгі құпия қызмет мекемесінің күндіз-түні кірпік қақпай аңдығаны «Алашорданың» көсемдері, соның ішінде әскери кеңестің мүшелері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов болатын. Оларды Ресейде, Қазақстанда, Түркістанда, Түрікменстанда жүрсін, бәрібір, соңдарына тыңшы қойылды. Төтенше комитеттің бөлімдеріне құпия тапсырмалар беріп, қалайда ретін тауып тұтқынға алу бұйырылды. Алаш әскерін тікелей басқарған Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, М.Дулатовтың әр қадамы хатқа түсіріліп, шұғыл түрде орталыққа хабарланып отырды. Бұған алдыңғы тарауларда келтірілген Ә.Бөкейханов пен Х.Ғаббасов хақындағы «мінездемелер» дәлел.

Төртінші тарау:   «СӨЗІ  ДЕ - АҚ, ӨЗІ  ДЕ - АҚ...»

(Міржақып Дулатов)

1.

Жоғарыдағы Д.Әділевке тағылған:

1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн құпия ұйым құрған.

2. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған.

3. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған, - деген айыптаулар, шындығында, тікелей Міржақып Дулатовқа қарсы бағытталып еді.

«Алашорда» үкіметі кеңес өкіметі жағына шыққаннан кейінгі құпия қызмет мекемесінің күндіз-түні кірпік қақпай аңдығаны «Алашорданың» көсемдері, соның ішінде әскери кеңестің мүшелері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов болатын. Оларды Ресейде, Қазақстанда, Түркістанда, Түрікменстанда жүрсін, бәрібір, соңдарына тыңшы қойылды. Төтенше комитеттің бөлімдеріне құпия тапсырмалар беріп, қалайда ретін тауып тұтқынға алу бұйырылды. Алаш әскерін тікелей басқарған Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, М.Дулатовтың әр қадамы хатқа түсіріліп, шұғыл түрде орталыққа хабарланып отырды. Бұған алдыңғы тарауларда келтірілген Ә.Бөкейханов пен Х.Ғаббасов хақындағы «мінездемелер» дәлел.

Омбы қаласына барып, кеңес өкіметі жағына шыққанын ресми мойындап, оқу-ағарту мекемесіне қызметке алынған бетте М.Дулатов тұтқынға алынып, ісі төтенше комитетке беріледі. Бұл - сотсыз атылу деген сөз еді. Ол туралы Д.Әділев тергеуде:

«Кейін қандай да бір жұмыспен Дулатов Омбыға барады. Сонда қолға түсіп қалады да атуға бұйырылады. Сол кезде Дулатовқа бұрыннан таныс Омбы губисполкомында істейтін павлодарлық казак-орыс Полюдов кездесіп қалып, құтқарып алады. Соның көмегімен Оқу-ағарту комиссариатының өкілі ретінде куәлік беріліп, еркін жүріп-тұруға рұқсат алады. Сонда да оның соңына тыңшы қойылып, тынышын кетіреді. Полюдовқа айтып жүріп халықаралық вагонмен Ташкентке - Қожановқа келеді», - деп көрсетті.

Сол «тыңшылық» қашан Дулатов Соловецкі түрмесінде көз жұмғанша соңынан қалмайды. Ал Омбыдағы оқиға туралы М.Дулатовтың өзі:

«Сол кезде маған кеңес өкіметіне қарсы күрескеніне қарамастан алашордашыларға ВЦИК-тің кешірім жасағаны туралы мәлімет келді. Мен 1920 жылдың қыркүйек айында Омбы қаласына келдім де, бірден губерниялық атқару комитетіне кірдім. Міне, тура сол кезден бастап менің кеңес өкіметінің жағында істеген үздіксіз еңбек жолым басталады. Өзімнің атқарған лауазымдарым мен істелген жұмыстарымды тізімдеп шықпай тұрып, мына жайды айтқым келеді: мен Омбы қаласында шығып тұратын "Кедей" газетінің бетінде (1920 жылғы 7 қараша күні) өзімнің кеңес өкіметіне деген көзқарасым баяндалған және біздің өткендегі қайраткерлігіміздің тұсында жіберілген кемшіліктерімізге тоқталған мақаламды өз атыммен жарияладым. Бұл мақаланы ешкімнің зорлауынсыз, ешқай жақтың мәжбүрлік ықпалынсыз және қорқып емес, арыма жүгіне отырып жаздым. Өз сөзімнің шын көңілден шыққандығын бұдан кейін іспен дәлелдеуге тырыстым. Омбыда мен бар-жоғы екі ай ғана болдым, онда Ақмола ГуОНО-сы мен Сібір ОНО-ның нұсқаушысы қызметін атқардым. Қараша айында Ташкентке ауыстым, онда "Ақ жол" газетінің жауапты хатшысы боп орналастым», - деп баяндайды.

Ташкентке келісімен, Д.Әділевтің көрсетуі бойынша: астыртын ұйымға жетекшілік еткен және «Ақ жол» газетінде кеңес өкіметінің саясатын әшкерелейтін мақалалар жазған. Оны жауапты қызметке тартқан С.Қожанов еді. Д.Әділевтің айғағы бойынша:

«Екінші бүкілқазақ құрылтайынан кейін, 1917 жылы ғой деймін, Дулатов «Алашорда» орталық үкіметінің тапсырмасымен Түркістандағы қазақтарды «Алашордаға» қосу мақсатымен Түркістанға барған. Ол кезде Қызылорда, Жетісу облыстары Қоқан үкіметіне қарауды жөн көрген болатын. Дулатов Түркістандағы құрылтайда сөз сөйледі. Қожанов екеуі сонда танысқан екен. Кейін Дулатов Ташкентке келгенде Қожанов қатты қуанып, оған газет шығаруды ұйымдастыруды тапсырады. Бірнеше күннен кейін ол «Ақ жол» газетін ашты. Ресми редакторы Қожанов болғанымен де, сол кездегі бар жұмысын Дулатов жүргізді. Сол тұста Жетісуда жер реформасы жүргізілді. Оған Сафаров пен Қожанов қатысты. Орынборлықтар Дулатовты Қожановтың жақын тартқан қызметкері деп есептейтін. Сондықтан да орынборлықтар Ташкенттегі астыртын ұйым құруды Дулатовқа тапсырады».

М.Дулатовтың батыл да ұшқыр қаламымен, ұлтжандылығымен, баспагерлік тәжірибесімен тең келетін журналист ол кезде қазақ арасында жоқ болатын. Сондықтан да сөз бен істің қадірін білетін, өзі де қаламгер С.Қожановтың қалауы М.Дулатовқа түсуі заңды. Алайда адамнан бастап аллаға дейінгі кеңістік тұтасымен саясаттанып тұрған тұста С.Қожановтың бұл шешімін өкімет те, өкіметтің өкілдері де, тіпті, Сталин де тітіркене қарады. Қайшылығы мол қатерлі кезеңнің тұлғасы Т.Рысқұлов «партиялық тазалау» науқанында Сталинге екінші рет жолдаған құпия хатында:

«(...) Мұның барлығы кездейсоқ кемшілік емес, өйткені жолд. Сафаров пен жолд. Петерс баяғыдан-ақ - 1920-1921 жылдардан бастап «Алашорданың» қамқоршыларының қатарына кірген (дөрекі болса да айтайын). Түркістанды жақсы білетін «білгір» ретінде жолд. Петерс қарапайым ғана нәрсені шатастырып алды: большевик қазақтарды - ұлтшыл, ал «Алашордашыларды» - кедейлердің қамқоры ретінде қабылдады. Қысқасын айтқанда, біз отставкаға шыққан соң (яғни Сафаров пен Петерс басқарған кезде) Орынбордағы контроревоюциялық «Алашорданың» барлық жетекшілерін (батыс «Алашорда» үкіметінің төрағасы Ж.Досмұхамедовті, мүшелері Х.Досмұхамедовті, М.Дулатовты, А.Байтұрсыновты т.б.) шақыртып алды. Олар барлық қазақ оқу орындарын, «Ақжол» газетінің редакциясын басып алды және Жетісудағы жер реформасын жүргізуді қолдарына алды. «Ақжолдың» (ТКП(б) мен Түркістан орталық атқару комитетінің органы) редакторы Дулатов: «Ақ жол» дегеніміз - қызылдардың қанды қызыл жолы емес», - деп түсіндірді және «жер реформасын жүргізіп жатқан кеңес үкіметі емес, біз - қазақтың ескі ұлтшылдары», - деп жазды.

М.Дулатовтың «Ақ жолға» келуін Т.Рысқұлов сол тұстағы Түркістанның басшылары Сафоров пен Петерстен, С.Қожановтан көреді. Ал С.Сейфуллин:

«1920 жылы, Москва қаласында РСФСР кеңесінің ҮІІІ құрылтайы өтіп жатқан кезде бір жолдасыммен жолд. Жангелдиннің бөлмесіне бардым. Онда Рысқұлов, Төреқұлов және тағы біреу отыр екен. Төреқұлов: сол кездегі Түркістан АССР-нің астанасы Ташкент қаласында «Ақ жол» деген атпен қазақ тілінде газет шығарып жатқанын, ал ол газетті басқаруға белгілі, беделді (оның сөзі) Міржақып Дулатовты шақырғанын айтып, мақтанып отыр екен. Ол тамсана отырып осыны айтып болған кезде, мен мысқылдап: «Газетіңнің аты да ақшыл (белогвардейское), авторитетті жазушы Міржақып Дулатов та ақшыл (белогвардейский) екен!», - дедім. Рысқұлов қарқылдап күліп жіберді, ал Төреқұловтің өңі түнеріп кетті. Міне, содан бері ол менің меншікті «сыншым» болды, ал оған дейін алашордашыл редактор болды... Халел Досмұхамедов, Мырзағазы Исполов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгеров, Аймауытов, Ғазымбек Бірімжанов сияқты шірінді және контрреволюциялық әрекеттері үшін біз Қазақстаннан қуып жіберген контрреволюционер жазушыларды Төреқұлов пен оның жолдастары Ташкентке жинап алды, қолтығына алды, қасақана жауапты қызметтерге қойды, негізінен, ташкенттік қазақ басылымдарына, қазақ пединститутына, қазақ-қырғыз ғылыми кеңесіне т.б. орналастырды", - деп көрсетті.

Әрине, Төреқұлов та, өзі де тізімде аталған адамдардың тағдырын құшты. Ал М.Дулатов бұл кездегі өзінің қаламгерлігі туралы тергеушіге:

"Қараша айында Ташкентке ауыстым, онда "Ақ жол" газетінің жауапты хатшысы боп орналастым. "Ақ жолда" 1921 жылдың мамыр айына дейін істедім және өзіме көрсетілген сенімді толық ақтадым, кей кездері бас мақала жаздым, оларды қазір санап бере алмаймын, алайда Кронштад оқиғасы туралы бас мақаланы менің жазғаным есімде. "Ақ жол" газеті және оның ішінде саяси мазмұндығы ұстамдықтар туалы көп сөз қозғалып, баспасөздерде түрлі таластар жүріп жатыр, оның барлығының мен істеген кезге ешқандай қатысы жоқ", - деп жауап берді.

1920 жылдың қарашасынан 1921 жылдың мамыр айына дейін, яғни, тура алты ай қызмет істеген кездегі М.Дулатовтың шығармашылық мұрасы кеңестік идеологияға жетпіс жыл «азық» болды. Бұдан көсемсөз иесінің қаламгерлік қуатының қаншалықты қасиетке ие екендігі анық танылады. Міне, алты айдың ішінде артына «осыншама өлмейтін сөз қалдырған» М.Дулатов (Д.Әділев пен Х.Болғанбаев Бұқараға кеткен күні) тергеушіге:

«1921 жылы үйелменімнің соңынан Семейге бардым да, үй-ішімнің жағдайына байланысты сонда қалуымы тура келді. 1921 жылы Семей уезінің халық тергеушісі боп істедім, ал сол жылы күз айында заң қызметкерлерінің губерниялық құрылтайында Семей губерниялық халық сотының төрағасының орынбасары боп сайландым. 1922 жылдың мамыр /май/ айына дейін осы міндетті атқардым. Асырып айтқандық емес, осынау қысқа мерзім ішіндегі менің жігерім мен адал еңбегім губерниялық сот мекемелерінің беделін қазақ тұрғындарының арасына ерекше көтеріп кетті (Мен қазақ бөлімін басқарған болатынмын). Бұл жайды сол кезде Семейде істеген жолдастардың бәрі де жақсы біледі", - деп түсінік берді.

Қазақстанның жеріне өткеннен-ақ М.Дулатовқа қырын көздер сұғын қадады. Сол кезде Ә.Бөкейханов та Семейге келді.

«Бөкейхановтың Семейге кетуінің себебі: бастапқыда Монғолия мен Қиыр Шығыстағы жағдай қалай бетбұрыс жасайды, соның аңысын байқап отырғысы келді, кейін Бакичтің бандыларының әскери әрекетін күтті, енді міне, оның Унгернмен байланысы баспасөзде жарияланды. Мұның барлығы Бөкейхановтың кеңес өкіметін құлату үшін жатпай-тұрмай күресіп жүргендігін байқатады»,- деп хабарлады тыңшылар.

Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова: «Әкем 1921-1922 жылдары Семейдің Губсотында жұмыс істеді. Қызмет бабымен ел ішінде жүріп, көбіне үйде бола бермейтін, біз де соған үйренгенбіз. Біз осы жылдары Семейдегі Әнияр Молдабаевтің Комиссар көшесіндегі екі қабатты жеке меншік  үйінде тұрдық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында Дулатовтар, біріншісінде Әлихан Бөкейхановтың үй-іші жайғасқан еді. 1921жылдың жазында әкем бізді: шешем, мен, Гуля тәтемді Шыңғыстаудағы Ақбердиннің ауылына жеткізіп салды. Ондағысы шипалы таза ауада жүріп, қымыз ішіп, шешемнің денсаулығын түзетуді ойлаған. Біз бұл ауылда бір жаз, бір қыс тұрғамыз. Өміртай мен Міржақып Абай атамыздың ауылында Тұрағұл арқылы танысып, туыстай жақындасып кеткен кісілер», - деп еске алады.

 

Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, М.Дулатов сияқты «Алашорда» үкіметі әскери кеңесі мүшелерінің үшеуінің бірдей бір қалада бастарының қосыла қалуы төтенше комитетті қатты алаңдатты. Олар үшеуіне де бақылау қойып, оның нәтижесін үздіксіз жоғарыға:

«Дулатов Міржақып Торғай уезінің Сарықопа деген жерінде туған. Арнайы педагогикалық классты бітірген, мұғалім болған және әдебиетпен айналысқан. 1917 жылдан «Алашорда» үкіметінің мүшесі, «Қазақ» газетінің бас қызметкері. Кеңес өкіметіне қарсы соғысқан 1918 жылғы І және ІІ жалпықазақ атты полкін ұйымдастырушылардың бірі. Соңғы төңкеріске дейін Түркістанда болған, ондағы «Ақ жол» газетінде істеді, 1921-1922 жылдары Семейге ауысты, Семей губерниялық халық сотында істеді, соңғы кездері Аштарға көмек комиссиясының жетекшісі болды. Дулатов жігерлі, алғыр. Ғаббасовқа қарағанда өте батыл қимылдайды. Ғаббасов, Бөкейханов үшеуі қазақ қызметкерлерінің ішіндегі ең баскөтерерлері, жоғарыдағы көрсетілген бағытта істелетін жұмыстардың барлығы да осы үшеуінің ақылымен істеледі», - деп хабарлап отырды.

 

Бұл мәліметтің біз үшін құндылығы - алаш ардагерлерінің өмірінен, іс-әрекетінен, мінезінен қосымша мағлұматтар береді. М.Дулатов өзінің Семейдегі қайраткерлігі туралы:

«1921 жылы Торғай, Ырғыз, Қостанай уездері мен Орал губерниясының бір бөлігі жаппай ашаршылыққа ұшырады. Мен Семейдегі "Қазақ тілі" газеті арқылы ол туралы ең бірінші боп мақала жазып, мынадай ұсыныстар жасадым: темір жолдан 400-500 шақырым шалғай жатқан әрі шашыраңқы қоныстанған далалық аудандарындағы елді мекендерге мемлекеттің көмегі дер кезінде жетіп үлгермейді, сондықтан губерниялардағы қазақ қызметкерлерін жаппай іске тартып, оларды ел арасына жіберіп, жұрттан ерікті түрде мал жинауға жіберу керек, сөйтіп, жылудан құралған малды ашаршылыққа ұшыраған аудандарға жеткізу қажет - деген ұсыныс жасадым. Мен бұл ұсынысымды көпшілік қауым қызу қолдады және осы мәселе туралы шығарылған мәжілісте де менің жоспарым мақұлданды, кейіннен оны губерниялық аштарға  көмек комитеті мен ашаршылыққа ұшырағандарға көмектесетін орталық топ қолдап, іске кірісу туралы нұсқау берді. Осы жұмыстың нәтижесінде 2-3 айдың ішінде 15 мыңға жуық ірі қара мал жиналып, олар ашаршылыққа ұшыраған аудандарға жеткізіліп, тұрғындарға таратылып берілді. Ұйымдастырушы әрі үгітші ретінде үш уезді жаз бойы аралап шықтым", - деп мағлұмат береді.

Иә, бұл арада атақты адвокат Плеваконың:

"Сорлы Ресей бәрін де кешіре алады, бірақ бір кемпірдің кірлік ұрлағанын кешіре алмайды. Оған намысы жібермейді", - деген қанатты кекесіні еске түседі.

Кеңес өкіметі 1921-1922 жылғы бір жарым миллион қазақтың аштықтан қырылғанына жол берген большевиктердің дәрменсіздігіне төзе алатын, ал оларды ажалдан құтқарып, адамгершілік пен азаматтық парызын өтегендердің «қастандығын» ешқашанда кешіре алмайтын. Аш адамға «құрғақ жасасындатқандардан» көрі, бір тілім нан берген «дұшпан» артық болатын. Алаш ардагерлерінің беделі асып бара жатқанын анық сезінген олар «шыдамастық жасап», халықтың шынайы достарын «халықтың нағыз жауы» ретінде көрсетуден басқа амалдары да қалмап еді.

Қазақстан чекистерінің «көсемі» Каширин мен тергеу бөлімінің бастығы Якубовский бұл туралы:

«Бөкейханов пен Дулатовты Семей губерниялық бөлімі жолдаған ақпараттарға сүйеніп, солардың  сұрауы бойынша тұтқындауға рұқсат беріп едік, мұның барлығы да кейін өтірік болып шықты. Губаткомның бұрынғы төрағасы Әуезовтің қазіргі губаткомның төрағасы Досовтан  талап еткеніндей, бұл тұтқындау Қарқаралы мен Семейдегі қазақ қызметкерлері арасында қажетсіз керіс туғызуы мүмкін. Мұны ГПУ қызметкерлері кездейсоқтық деп түсіндіруі қажет. Соңғы уақытта бірінші топтың мүшелері Орынборға жиналып жатқаны байқалады», - деген мағлұмат берді.

Иә, «қателескенін» мойындағандарына да тәубә. М.Дулатовтың бұдан кейінгі өмірі туралы Қазақ автономиясының бас чекисі Каширин 1922 жылы 12 желтоқсан күні өте құпия түрде:

«Алашорда туралы: біздің бұдан бұрынғы жолдаған № 2265 хабарымызға қосарымыз мынау. 7 желтоқсан күні Әлихан Бөкейханов Москваға - Сталинге жолығуға жүріп кетті. Агентуралық ақпараттарға қарағанда Бөкейхановтың Москвада қалып, Ұлттар жөніндегі халық комиссариатында қызметке қалғысы келеді. Әлихан Бөкейхановтың жолға шығуына және Міржақып Дулатовтың түрмеден шығуына байланысты Дулатов келіп түскен Ахмет Байтұрсынвтың үйінде бас қосты... Әңгіме кезінде Бөкейханов өткенді еске алумен болды, бүгінгі күннің мәселесіне тоқталмады... Бөкейханов: Қазақ жер комитетінің «мамандары» Яновский мен Энгельдгардтың қазақтарды жерге орналастыру жоспары өмірі іске асырылмайтын жоба, кейінгі кезде кеңес өкіметінде қызмет ететін алашордашылар баспасөзде естелік жаза бастапты, саяси іске араласпаймын деп қолхат бергемін, сондықтан да ашық пікір білдіре алмаймын, - деп  кекете сөйлегенінен басқа саяси мәселе көтерген жоқ», - деп баяндады.

Міржақып Дулатовтың баспасөзге орналасу қажеттігі сол отырыста мақұлданыпты-мыс делінеді. Ал кәсіби журналистің баспасөзден басқа қайда барып қызмет етуі мүмкін? Соған да «Алашорда» үкіметінің қаулысы керек пе?

М.Дулатов: "Қырдан Семей қаласына қайтып келісімен тұтқынға алындым да, іле Орынбордағы ПП ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкілдігіне жіберілдім, ұзамай абықтыдан босатылдым. Орынборда қазақ мемлекеттік баспасына жұмысқа тұрып, бөлім меңгерушісі болып істедім, 2 жыл қазақ халық ағарту институтында оқытушы болып сабақ бердім. ГПУ мен Мұғалімдер курсына дәріс оқыдым. Төрт жылдан бері "Еңбекші қазақ" газетінде қызметкер болып істеп келдім, 1922 жылдан бастап мен қазақ тіліне 20-дан астам кітап пен кітапшалар аудардым».

Ал М.Дулатовтың шығармашылығын: «кеңес өкіметін қаламының ұшымен арандатты», - деп бағалағандар да болды. Мысалы. Т.Рысқұлов «партиялық тазалау тұсында», яғни, 1924 жылы сәуір айында «Бірлік туы» мен «Ақ жол» газетін ұйымдастырушылар туралы И.Сталинге» жазған отыз беттік баянында:

«Контрреволюционер Дулатовтың көптеген (саяси) мақалаларының біреуінің, соның ішінде «Ақ жол» газетінің 1924 жылғы 4 ақпан күнгі № 386 санында жарияланған ...ұлттық (әскер - Т.Ж. ) құрылым туралы мақаласының мазмұны мынадай (біз де мазмұндап береміз - Т.Ж.). Алдымен революциялық әскери кеңестің ұлттық армия жасақтау туралы қаулысы келтіріледі. Әрі қарай: бұл қаулы тек ұлттық «қызыл» армияны жасақтауға арналған. Сонда бұл хабарды кім қуана қабылдайды? Қуанса - елге белгілі қайраткерлер (яғни «Алашорданың» жетекшілері) қуанса керек еді. Қуанса: ұлттық армия (қызыл армия туралы бір сөз жоқ) - ұлттың игіліктің тұтқасы екенін білгендер қуанса керек еді. Бірақ та біз қазақ халқының қуанышында шек жоқ деп айта алмаймыз. Алайда, революцияның ықпалымен қазақ арасы таптық жікке бөлініп, ұлттық бірлікке жетуге ұмтылып жатқаны байқалады. Дегенмен ел әлі қараңғы. Сондықтан да олардан әскер жасақтай қою - «соқырға таяқ ұстатқанмен бірдей», ең бастысы армияны құрудың мақсатын айту керек... Тек ұлттық армия болғанда ғана нағыз бостандық алуға болады және сол ұлттық армияның күшімен әр адам, ең алдымен езілген тап еркіндікке жету үшін кеңес өкіметі (Дулатовтың кеңес өкіметінің ауызына алғанының өзі қаншалықты) ұлттық әскер құруға рұқсат беріп отыр. Ұлттық армия - ұлттық мүдденің тұтқасы екенін түсінгенде ғана қазақтар өзінің балаларын қызыл армияға беруіне болады, - деп жазды. Әрине мұны ауылдағы сауатсыз қазақ коммунисі де өзгелер сияқты, кеңес өкіметінің міндеті - буржуазиялық қазақ мемлекетін құру деп түсінеді. Орыс большевигі Қожановтың толықтай «қолдауымен» жазылған Мадиярдың (Дулатовтың лақап аты) кеңесіне қарапайым қазақ коммунисі  неге сенбесін, сенеді, өйткені олар Қожанов пен Дулатовтың бір адам екенін біледі», - деп «әшкерелеп», Сталинді сендірді.

Тосын бір-екі жайт: бірінші, тура осы хат жазылған кезде Т.Рысқұлов пен М.Дулатов екеуі де «Еңбекші қазақта» бірге істейтін. Әрине, ол кездегі ар өлшемі басқа.

Екінш, тосын жайт, осы деректі оқыған бір «патриот» үлкен ғылыми кеңесте: «Егер осыны Рысқұловтың жазғаны рас болса, мен атылып өлейін», - деді. Ол мінбеден түсіп үлгергенше: «Сіз атылмаңыз да, асылмаңыз да. Артыңыздағы бала-шағаңызға, ағайын-туысқа жаманатыңызды қалдырып, обал жасарсыз. Тек «Алашорда қозғалысының» үшінші томының екінші кітабындағы Тұрар Рысқұловтың 1924 жылы сәуір айында «Бірлік туы» мен «Ақ жол» газетін ұйымдастырушылар туралы» Сталинге жазған хатын оқып шығыңыз. Сонда құдай да тыныш, құда да тыныш. Сіз де тірі қаласыз», - дедім.

Қай бір жетіскеннен айтты дейсіз. Мемлекет иелерінің ұлт көсемі туралы мұндай жымысқы пікір білдіруін заманнан көрсек те, артына қалдырып кеткен «үлгісіне» ой сала жүрген абзал. Біз мұны бұдан әрі кеңейте талдап жатпаймыз. Тек тергеуге қатысты тұстарды ғана қамтыған құжаттарды назарға ұсынамыз.

Сөйтіп, «қопарылмаған қылмысты қыртыс» қалмады. Әрине, Т.Рысқұловтың өзін-өзі ақтауға, С.Қожановтан "қарымын қайтаруға" ұмтылуы түсінікті. Өйткені "тазалану" кезінде ол да аянып қалмады. Түсініксізі, Т.Рысқұловтың: 1924-1925 жылдары «Алашорда» мүшелері мен Қожановтың соңына тыңшы қойып, үйлеріне тінту, «Ақ жол» газетін жабу туралы ұсыныс айтуы.

Жоғарыдағы баянхаттарды негізге ала отырып И.В.Сталин 1925 жылы 29 мамыр күні «Ақ жол» газетін жабу туралы нұсқау берді. Әрине, ол қазақ баспасөзін оқи алмайды. М.Дулатов:

"Ақ жол" газеті және оның ішінде саяси мазмұндығы ұстамдықтар туралы көп сөз қозғалып, баспасөздерде түрлі таластар жүріп жатыр, оның барлығының мен істеген кезге ешқандай қатысы жоқ", - деп жауап берсе де, жазасыз қалмады.

Тергеушінің: "Сталиннің арнайы жарлығымен жабылған, Ташкентте шығып тұратын "Ақ жол" газетінің жабылу себебі неде?," - деген сұрағына М.Дулатов:

"Астана Қызылордаға көшті, ал оның орнына "Еңбекші қазақ" газетін қалдыру туралы шешім қабылданды. "Ақ жол" газетінде мен істеп жүргенде ешқандай идеологиялық ауытқушылық болған жоқ", - деп жауап берді.

Тергеу барысында ол өзінің «қылмысы» ретінде жалғыз-ақ мәселені мойындады:

М.Дулатов: "Осы уақытқа дейінгі істеген қызметімнің ешқайсысында кеңеске қарсы бірде-бір әрекет жасалған емес. Тек соның ішінде өзім ашық түрде қарсы болған бір мәселе - қазақ әрпін латын қарпіне көшіру жайы болды. Мен өзімнің бұл пікірімді кеңеске қарсы бағытталған іс деп есептемеймін. Мәселе әлі толық шешіліп болмағандықтан да, мен өзімнің пікірімді білдірдім, себебі, латын қарпіне көшуге әлі ерте, оған қаржы қажет, одан да сол қаражатты бұдан көрі ділгір қажеттіліктерге жұмсау керек деген ойымның дұрыстығына өте сенімді болдым".

Мәселе - қазақтың латын әрпіне көшу-көшпеуінде емес, осыдан екі-үш күн бұрын жауап берген Д.Әділевтің көрсетіндісіндегі Голощекинге қарсы ұйымдастырылмақ «террорлық әрекетте» болатын:

Д.Әділев (бұрынғы көрсетіндісінің жалғасы. Біз 1929 жылдың 3 қаңтар күнгі көрсетіндісін негізге алдық): «...Сондықтан да, 28 жылы күзде Нұрланды Қызылордаға жібердім де, оған Голощекиннің қазір қайда екенін Дулатовтан сұрап біл - деп тапсырма бердім. Осыдан-ақ ол істің мәнісін айтқызбай түсініп, не істеу керектігін айтар деп ойладым. Нұрланның не деп және қалай жеткізгенін білмеймін, бірақ та мен Нұрлан арқылы Голощекиннің өміріне нақты қандай жолмен қастандық жасаймын деген сөзді қадағалап сұрағамын жоқ. Тек Дулатовпен әңгімелесе қалған кезде Голощекиннің қайда екенін біл деп қана айттым.

Қайтып оралғаннан кейін Нұрлан маған, Дулатовтан Голощекиннің қайда екенін сұрағанын, сонда ол: Голощекин қазір Қызылорда қаласында тұрады, бірақта, Голощекиннің өміріне қастандық жасау мәселесі әзірше ашық қалды, себебі, біреуінің көзін құртқанмен, бәрібір, екіншісі келеді. Сөйтіп, жаппай жазалау басталады, ал біз мұнда үй-ішімізбен тұрғандықтан да қол-аяғымыз байлаулы, сондықтан да бұл әрекет өзінің кері нәтижесін беруі мүмкін, - деп жауап бергенін айтты.

Міне, бұл мәліметті шұғыл түрде айғаққа айналдырып, Дінмұхамед Әділовтің көрсетіндісінде аты аталысымен, 1928 жылы 29 желтоқсан күні „Алашорданың" ең белсенді көсемсөз көсемі, „Алашорда" жасағының әскери кеңесінің төрағасы болған Міржақып Дулатовты, тізім бойынша төртінші айыпкерді тұтқынға алды.

(жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562