Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3102 0 пікір 12 Қазан, 2020 сағат 17:54

«Волонтерлық бастамаларды жүзеге асыруға мемлекеттен қолдау аз емес!»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Birgemiz» атты еріктілердің фронт-кеңсесін ашу салтанатында «еріктілер» деген ұғымның ел санасына сіңуі қажеттігін, ерікті болудың маңыздылығын баса айтқан болатын.

«Ерікті болу, игі істермен айналысу, жұртқа жақсылық жасау – қазақ дейтін халықтың қанына сіңген қасиет. Халқымыздың көнеден келе жатқан дәстүрі. Бүгінгі біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек! Қазақта елді бірлікке, берекеге шақыратын «асар» дейтін жақсы дәстүр бар. Бұл ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан, құндылығын жоймаған асыл дәтүр, ата салтымыз. Қазақ: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Волонтерлік еңбектің де басты девищзі осы! Күш біріктіре отырып хаыққа қызмет ету», деген еді Президент.

Ал биыл ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» еріктілер ұйымдарын қолдау бойынша бірқанша шаруалар атқарып келе жатқанын айта кеткеніміз жөн болар. Сөзіміздің бір мысалы, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» «Birgemiz Qamqor» жобасының аясында 68 ерікті азаматқа 300 000 теңге көлемінде гранттар бөлген екен. Аталған грант иегерлерінің қатарында Тараз жастарының «Ақ сұңқар» қоғамдық бірлестігінің волонтерлері де бар. Осы ретте біз аталмыш бірлестік төрағасы Еркін Қайырбекұлы Әбдиевті аз-кем әңгімеге тартқан едік.

 

- Еркін Қайырбекұлы, «Ақ сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігінің еріктілері жуырда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ынталандыру грантын ұтып алды.  Сіз басқарып отырған «Ақ сұңқар» қоғамдық бірлестігі дәл қазір қандай бағытта жұмыс атқарып жатыр?

- Бастапқыда қоғамдық бірлестіктің мақсаты - қарапайым халық пен жергілікті атқарушы органдар арасында байланыс орнатуға, жастардың бастамаларын қолдауға, жастардың қоғамдық, құқықтық, саяси сауаттылығын арттыруға, жастардың бойында көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру мен олардың арасында патриоттық сезімді қалыптастыруға бағытталған еді. Соңғы жылдары бірлестіктің мақсаты мен міндеттеріне толықтырулар енгізіп, волонтерлық бастамаларды жүзеге асыруға, мемлекеттік гранттарды жастарға кеңінен насихаттап, оны жүзеге асыруға көңіл бөліп келеміз. Қазіргі уақытта бірлестіктің жанынан «Сұңқар» волонтерлық қозғалысы құрылып, еріктілер жұмысы ұйымдастырылды.

- Не үшін осы волонтерлік жолды таңдадыңыз? Алғашқа кездер қандай болды? 

- Жалпы волонтерлық қанымызға сінген қасиеттің бірі деп санаймын. Ата бабамыздың  «Қайырымы бар  қазақпыз», «Жетім көрсең жебей жүр» деген сөздері жадымызда сақталған. Еріктілікке колледжде 1 курста оқып жүрген кезімде келдім. «Жас Отан» жастар қанатынан ардагерлер жайлы ақпарат алып, оларға қолқабыс етуге бардық. Қар еріп жатқандықтан аяқтарымыз малмандай су болды. Түс ауа күн кенеттен суытып кеткендіктен қарттардың үйіне әбден тоңып бардық. Ардагерлеріміз бізді жылы шыраймен, ыстық шәй, кәмпиттерімен қарсы алды. Біздің жасаған қамқорлығымызға алғыстарын айтып, баталарын берді. Шаршағанымызды ұмытып, ойнап күліп бізге берілген тапсырманы орындап қайттық. Сол күні кеудемді менің қоғамға пайдам тиді деген мақтаныш кернеді. Осылайша волонтерлық жолға келіп қазір неше түрлі әлеуметтік осал топтағы адамдармен жұмыс жасап, халықтың батасын ала отырып, өзімізге үлкен жігер алудамыз.

- «Сұңқар» волонтерлық қозғалысының құрамында қазір қанша адам бар? Волонтерлік қызметке бөлінетін гранттар жөнінде не айтасыз?

- Қазіргі кезде бірлестікте 50 адам волонтерлық қызмет атқаруда. Болашақта олардың санын 300-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл ұйымның жұмысын оңтайландырып, әлеуметтік осал топтарға арналған көмектерді жүйелі, әрі кеңінен жасауға мүмкіндік береді. Осы уақытқа дейін волонтерлардың көбі мемлекеттік гранттарды жеңуге күдікпен қарайтын. Алайда, табанды жұмыстардың арқасында жетістікке жетуге болатындығына олардың көздері жетті. «Birgemiz Qamqor» жобасының аясында біз бірқатар жұмыстарды атқаруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта шала туған балаларға тоқылған киім табылмайды. Сол киімдерді тіккізіп таратамыз. Қарттарды саябақтарға апарып серуендету, медициналық орталықтарға қан тапсыру сияқты жобалар жүзеге асырылады.

- Әңгімеңізге рахмет!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5454