«Семинарлар мен симпозиумдарды өткізуді жағдай тұрақтанғанға дейін шегеру керек»
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин үшжылдық бюджет жобасында көзделген семинарлар мен симпозиумдарға жұмсалатын шығындарды қысқартуға, ал үнемделген қаражатты әлеуметтік қажеттіліктерге қайта бөлуге болады деп есептейді.
Осы мәселені Палата Спикері, Мәжілістегі «Nur Otan» фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын фракция отырысында алдын ала талқылау барысында жұмыс тобына мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтауды тапсырды.
- Бюджетті қарау барысында біз оның Тұңғыш Президент, Елбасы, «Nur Otan» партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттерін толық көлемде шешілуіне қол жеткізуіміз керек. Бұл ретте біз коронавирус пандемиясы салдарынан әлемдік экономикада қалыптасқан қазіргі күрделі жағдайды негізге алуға тиіспіз. Үш жылдық бюджет дәл осы жағдайларды ескере отырып қалыптастырылуы тиіс, - деп атап өтті Нұрлан Нығматулин.
Осыған байланысты депутаттар қаражаттың бір бөлігін аса маңызды бағыттарға қайта бөлуді ұсынды.
Атап айтқанда, бұл консалтингтік қызметтерге, сондай-ақ әртүрлі семинарлар, конференциялар, симпозиумдар өткізуге бөлінген қаражаттарға қатысты.
Зерттеулер мен консалтингтік қызметтердің бір бөлігі шын мәнінде қажет екендігімен келісе отырып, Мәжіліс Төрағасы қазіргі заманғы байланыс құралдары, атап айтқанда, бейнеконференция форматы көптеген іс-шараларды, соның ішінде халықаралық іс-шараларды көп шығынсыз тиімді өткізуге мүмкіндік беретініне тоқталды.
- Семинарлар мен симпозиумдарды және басқа да іс-шараларды өткізуді қалыптасқан жағдай тұрақтанғанға дейін шегеруге болады. Қаражаттарды неғұрлым маңызды әлеуметтік жобаларға бөлуді қарастыру қажет, - деді Нұрлан Нығматулин.
Депутаттар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға үш жыл ішінде ауылды фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Депутаттардың алаңдаушылығын Үкімет әлі күнге дейін осындай медициналық пункттерге өңірлердің нақты қажеттіліктері туралы деректердің жоқтығынан туындатып отыр. Осыған байланысты қарастырылып отырған үш жылдық бюджетте осындай тармақтарды құру үшін нақты қаржылық ұсыныстар жоқ.
Мәжіліс Спикері ауылдарда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер салуды жеделдету қажеттігін атап өтіп, бұл мақсаттарға қаражат көзделуі тиіс екенін айтты.
Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, Квазимемлекеттік сектормен игерілмеген және қазынашылық шоттарда жатқан қаражаттың бір бөлігін осы бағытқа қайта бөлуге болады
Ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңында қазынашылық шоттарда 78 млрд. теңгеден астам қаражат бар. Мәжіліс депутаттары атап өткендей, қазынашылық шоттардағы ақша экономикаға жұмыс істемейді және бюджеттің кіріс бөлігін толықтырмайды.
Сонымен қатар Мәжілістегі «Nur Otan» фракциясының отырысында бюджет жобасын талқылау барысында депутаттар ауылды сумен қамтамасыз ету жобаларын қаржыландыру үшін де шығыстарды ұлғайтуды ұсынды.
Мәжіліс Спикерінің пікірінше, ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету бюджет басымдықтарының бірі болуға тиіс.
- Әрбір проблеманың артында азаматтарымыз тұрғанын есте сақтау қажет. Мәжілістің жалпы отырысында үшжылдық бюджет жобасы қаралғанға дейін осы айтылған олқылықтардың орнын толтыру қажет. «Nur Otan» фракция жұмысының басымдығы партия Көшбасшысы, Елбасының және Мемлекет Басшысының, сондай-ақ партияның сайлауалды тұғырнамасының тапсырмаларын заңнамалық қамтамасыз ету. Мұның бәрі азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, - деп түйіндеді сөзін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Abai.kz