Ши төраға кіммен соғыспақ?
Қытай солдаттары жоғарғы дайындық қалпын сақтап, соғысқа әзірленуі керек. Бұл Қытай төрағасы Ши Жипиңнің сөзі екен. Ши төраға елдің (Қытайдың) теңіз әскери күштеріне қайрыла сөйлеп, үлкен соғысқа дайындалуға шақырыпты.
«Сендер бар ойларың мен күштеріңді соғысқа дайындыққа жұмылдырып, жоғары әскери деңгейде болуларың керек», деп сөйлепті.
Ол бұл сөздерді Гуандун өлкесіндегі әскери базаға барған сапарында айтқан. Ол сондай-ақ, Қытайдың теңіз әскері ҚХР армиясының ең мықтысы екенін және олар елдің егемендігі мен қауіпсіздігін, территориялық тұтастығын қорғауы керектігін айтқан. Армияны жетілдіру Қытай биігінің алдағы бес жылдықтағы басты міндеттірінің бірі екенін білдірген.
«Біз қазіргі нақты жағдайларға сүйенуіміз, шешілмеген мәлелелерді терең зерттеп, оларды шешуіміз және теңіз әскерін күшейтуіміз керек», - деген Ши төраға.
Ши төрағаның өз әскеріне «соғысқа дайындалыңдар» деп пәрмен беруі әлемдік ақпаратта қызу тақыланып жатыр. Сонымен Ши төраға кіммен соғыспақ? Батыс және орыс ақпараттары бұл туралы не жазып жатыр? Шолып шықтық...
CNN: «Бұл әскери сапар соңғы он жылдық ішінде Қытай мен АҚШ арасындағы қарама-қайшылық үдеп, ең шыңына жеткен тұста болды. Ал Тайван мен коронавирус пандемиясы Вашингтон мен Бейжің арасын күрт алыстатып жіберді.
Ақ үй осыған дейін АҚШ Конгрессіне үш жоғары деңгейдегі қару-жарақ кешенін Тайванға беруді жоспарлап отырғанын айтқан. Олардың ішінде жетілдірілген жоғары мобильді артиллериялық зымыран жүйесі де бар.
ҚХР СІМ өкілі Чжао Лижияң бұған қатысты АҚШ Тайванға қару-жарақ сатуды шұғыл доғарып, АҚШ пен Тайван арасындағы әскери байланысты үзуі керек деген.
Тайван Қытай коммунистік партиясының бақылауына жатпайтынына қарамастан Бейжің өзін-өзі басқаратын демократиялық аралды Қытайдың территориясы деп санайды.
Қытайдың қарсылығына қарамастан Вашингтон мен Тайпей арасы Трамп әкімшілігі тұсында жақындай түсті. Тамызда АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет министрі Алекс Азар Тайванға барған. Ол соңғы 10 жылда Тайванға барған ең жоғарғы лауазымдағы АҚШ шенеунігі болды.
Бұған жауап ретінде Бейжің 18-19 қыркүйекте Тайванның маңына әскер шоғырландырды. 40-қа жуық Қытай әскери ұшақтары Тайван аралы маңында ұшты. Ал бұны Тайван президенті Цай Инвен «күш қолдану қаупі» деп бағалады», - деп жазыпты.
lenta.ru: «Осыған дейін Бейжің микроэлектроника саласында АҚШ-пен өзінше «қару-жарақ жарысына» дайындалып жатқаны хабарланған. Ел билігі протекционистік шаралар қабылдаған. Олардың пікірінше, бұл шаралар АҚШ президенті Доналд Трамп әкімшілігі енгізген санкциялардың салдарын жоюға көмектеседі-міс», - депті орыс ақпараты.
The Нill: «Шидің бұл мәлімдемесі Ақ Үй Тайванға қару-жарақ кешендерін беретінін айтқан күннің ертесінде жасалды. Ал Бейжің Тайванды Қытайдың бөлігі деп санайды. АҚШ Қорғаныс министрі Марк Еспер де Қытай мен Ресейді өздерінің әскери және «ұрлықы экономикасын» пайдалана отырып «теріс ықпал етуші» ретінде әрекет ете бастады деп айыптаған», - деп жазған екен.
ВЗГЛЯД: «Өткенде АҚШ президентінің қаруландыру жөніндегі арнайы өкілі Маршалл Биллингсли Қытайға жауап ретінде АҚШ Азия-Тынық мұхиты аумағында орта және шағын қашықтыққа жететін зымырандарын орнататынын айтқан», - депті.
National Post: Оттава Университетінің аға ғылыми қызметкері Маргарет Мак Куей: «Соңғы ширек ғасыр шегінде Қытайдың көрші елдерге агрессиясы күшейген. Соның ішінде Үндістан мен Бутанға да... Тайван – демократиялық жолмен таңдалған жеке мемлекет. Қытай оны жаулап алу межесі емес, көршісі ретінде қабылдауы керек», деген.
Альберт Университеті жанындағы Қытай институтының диекторы Гордон Хоулден: «Ши Қытайды ішкі ұлттық наразылық өршіген тұста басқарып отыр. Тайван ерекше жағдай. Тайванды қосып алу идеясынан бас тартса - ешбір Қытай президенті бір апта да өмір сүре алмайды», деген.
Өткен сенбіде Тайван президенті Цай Инвен Қытайды бейбіт жолмен келісімге шақырған. «Өңірдегі жағдайды шешуге болады деп ойлаймын», - деген. Оған джауап ретінде Қытайдың мемлекеттік телеарналары арал маңында Қытай өткізіп жатқан әскери оқу-жаттығуларды көрсетіп, Цай Тайванды Қытайдың бөлігі ретінде мойындамаса, шабуылдайтынын ескертті.
Ал Канада АҚШ-Қытай текетіресінде тағы бір ыңғайсыз позицияда қалды. Канадада «Huawei» директоры Мен Ванжоудың тұтқындалуынан кейін, АҚШ сұрауы ойынша оны экстрадициялау мәселесі қаралып жатыр», - депті.
КорреспонденТ: «Осыған дейін АҚШ антиқытайлық коалиция құрып жатқанын және президент Ричард Никсонның кезінен бері келе жатқан Қытаймен қарым-қатынас саясатын өзгертуді жоспарлап отырғанын айта кету керек. Бұған қоса президент Трамп БҰҰ-ға мәлімдеме жасап, коронавирус үшін Қытайға жаза қолдануды сұраған», - депті.
Aljazeera: «Бұл тексеріс Оңтүстік Қытай теңізі мен даулы Тайванды қоса айтқанда кез келген потенциалды әскери қақтығыстарға даяр болу жөнінлдегі сигнал болды.
Оңтүстік Қытай теңізіндегі жағдай соңғы айларда өрши түсті. Қытай мен АҚШ бір-бірін провокациялық әрекеттер жасады деп айыптап жатыр.
Тайванға қатысты Қытай қысымы 2016 жылы Цай Инвен Тайван президенті боп сайланғаннан бері жалғасып келеді. Ал әуе-әскери қимылдары қаңтарда Цай билікке қайта оралғанда басталған», деп жазыпты.
Abai.kz