Сенбі, 23 Қараша 2024
2122 3 пікір 21 Қазан, 2020 сағат 11:26

Нұр-Сұлтанда көп балалы аналар мемлекеттен көмек сұрады

20 қазанда Нұр-Сұлтанда бірнеше әйел биліктен көмек сұрап, Ақордаға бармақ болды. Әйелдердің сөзіне қарағанда, елде карантин күшейгелі тұрмысы нашарлап кеткен. "Пәтерақы қарызы көбейіп, қиналып кеттік" деген әйелдер "бала-шағамызбен далада қаламыз ба" деп алаңдайды.

Төрт баланың анасы Ақбаян Жалмырзаева астанада бір бөлмелі пәтерді 85 мың теңгеге жалдап тұратынын айтады. Карантин кесірінен жұмыс тоқтап, пәтерақысын төлей алмай қалған.

– Күйеуім жалдамалы жұмыс істейді. Айлығы 50-60 мың теңге. Карантинде жұмысы тоқтап, үйде отырды. Тапқаны пәтерақыға жетпейді. Сондықтан кейде кешкісін мейрамхана жағалап, гүл сатам. Бірақ қазір шектеуге байланысты ол да жоқ. Үш айдың пәтерақысын төлей алмадық. Берешегім 250 мыңға жетті. Бар құжатым мен балалардың метіркесіне дейін қожайынға кепілге беріп қойғам. "Ертең шық" десе, қайда барам? Қатты қиналып кеттік. Амалсыз осы жерге үкіметтен көмек сұрап, келіп тұрмын, - дейді көп балалы әйел.

Өзін Жанар Бидайбекова деп таныстырған Нұр-Сұлтан тұрғыны алты жылдан бері үкіметтен көмек сұрап жүргенін айтады. Сөзінше, 2014 жылы үйі өртеніп, кәмелетке толмаған үш баласы қайтыс болған. Кейін күйеуі жүрек талмасынан көз жұмған. Екі қызымен пәтер жалдайтын жалғызбасты ана "карантин жағдайымды қиындатып жіберді" деп шағынды.

– Үнемі келемін. Келген сайын өтініш жаздырып, қайтарады. Ешкім шықпайды. Билік өкілдері қайда сонда? Біз секілді аналарды қаңғыртып қойып, не істеп жүр? Мынадай қағаздың мыңын жаздым. Ешкімге жетпейді. Сонда несіне жаздырады? Қазір барады, барған жерінде қалады. Оны қабылдап, шешетін жан жоқ. Жауап та келмейді. Келсек осы ары өткізбейді. Не жоғарыдағылардың өздері түспейді. Анда бар, мында бар деп шыр айналдырып қояды, - деп налиды ол.

Әйелдер президент әкімшілігіне өте алмады. Арнайы жасақтан ақ парақ пен қалам сұрап алып, арыздарын үкімет үйіне баратын жолдағы асфальтте отырып жазды. Шағымданған тұрғындарды бірнеше арнайы жасақ өкілі мен полиция қызметкері сырттай бақылап тұрды.

Екі сағаттай тұрып, ешкім шықпаған соң наразы аналар еңбек министрлігіне барды. Азаттық тілшісіне министрліктің бір қызметкері шығып, шағымданған әйелдердің "аты-жөні мен жеке деректерін жазып алғанын" хабарлады. Ал көп балалы әйелдер "мәселеміз шешілмейінше ешқайда кетпейміз" деп отыр.

Көктемде Қазақстанда коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай енгізіліп, карантин жарияланған. ТЖ кезінде көптеген кәсіпорындар, компаниялар жұмысын тоқтатып, үкімет уақытша табыссыз қалғандарға наурыз-сәуір, кейін шілде айына - 42 500 теңгеден, тамыз айына 21 500 теңгеден жәрдемақы берген. Дегенмен көптеген адам құжат рәсімдеудің қиындығына, көмектің аздығына шағымданған.

Сарапшылардың айтуынша, карантин елде миллиондаған адамның әлеуметтік жағдайын әлсіретіп, айлығы шайлығынан аспайтындар еселеп артқан: кейбірінің кәсібі тоқтаса, көбі жұмыссыз қалған.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5416