Пандемия кезінде қалай білім алуға болады?
Коронавирус пандемиясы өмірдің барлық салаларына теріс әсер етті. Соның ішінде, білім беру жүйесі де ең көп зардап шеккен салалардың бірі саналады. Алайда, пандемия бізге жаңа тығырықтан шығып, жаңа мүмкіндіктерді игеруге де жол ашты.
Осы орайда «JASTAR: ózekti másele» пікірталас алаңы кезінде сарапшылар жаһандық пандемия аясында қашықтан білім беруді ұйымдастыру мәселелерін талқылады. «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма Төрағасы Данияр Есиннің айтуынша, карантин білім беру процесіне жаңа технологияларды енгізді.
«Коронавирустық инфекция пандемиясы кезінде біз білім беру саласына мәжбүрлі түрде әсер еткен жаппай цифрландыруға тап болдық. Артықшылығын д айта кеткен жөн. Мәселен, білім беру процесіне жаңа технологияларды енгізудің катализаторына айналды. Бүгінде онлайн-технологияларды дамытудың арқасында әлемнің үздік университеттерінде оқу үшін шетел асудың қажеті де жоқ. Сондай-ақ, білім беру функциясы да өзгеріп жатыр. Сонымен қатар, сарапшылар болашақта оқу жүйесі онлайн курстармен шектеліп қалмай, қызметкерлердің жұмыс процесінің ажырамас бөлігі болады деп болжайды. Сондықтан Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында «Білімнің салтанат құруы» қағидасы тұрмыстың барлық саласында қолданылуы тиіс екендігін атап өтті», - деді Данияр Есин.
«JASTAR: ózekti másele» алаңында сарапшылар мен қатысушылар отандық білім беру мекемелеріндегі қашықтықтан оқыту проблемаларын талқылап, жаңа жағдайда білім алу мәселесі бойынша шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасты. Айта кетейік, онлайн-пікірталасқа қашықтықтан білім беру технологияларынан тәжірибесі зор мамандар қатысты. Олардың қатарында Ресей, Қытай және Өзбекстанның да сарапшылары бар. Мәселен, Н.Г. Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университетінің Халықаралық қатынастар және Ресейдің сыртқы саясаты кафедрасының доценті Марина Лапенко былай деді:
«Қашықтықтан білім беру форматына көшудің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі – профессор мен оқытушылар құрамын даярлау. Студенттер жаңа технологияларды жылдам игеріп кете алады. Алайда, жаңа трендтерді меңгеруде кейбір егде ұстаздар бірақ қиыншылықты көретіні жасырын емес. Сонымен қатар, қашықтан оқыту курстарын бұған дейін өткізгендер онлайн жүйеге оңай көшіп кетті. Алайда бұрын-соңды мұндайды көрмегендер курстарды қайта дайындау, қосымшаларды жүктеу сынды кедергілерге кезікті. Бейне дәріс пен вебинарлардың аудиториядағы классикалық дәрістерден біраз ерекшелігі бар. Мұнда басқа әдістемелерді қолдану керек, материалды беруді басқаша құрасың, студенттерді тартудың және олардың назарын аударудың әртүрлі жолдарын қарастырасың», – дейді Марина Лапенко.
Талқылау барысында барысында қашықтан оқыту жүйесі мен электрондық білім беру ресурстарын пайдалану жөніндегі барлық ұсыныстар ескеріліп, жауапты құрылымдарға жеткізілетін болады. Өз кезегінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов мұндай кездесулердің Қазақстандағы білім беру жүйесін одан әрі жақсартудағы маңыздылығын атап өтті.
«Пандемия кезінде білім алу мәселесі барлық қазақстандықтарға ауыр тиді. Әсіресе жастарға қатты әсер етті. Себебі әлемде жастардың 70 пайызы оқуынан айрылды және жер бетіндегі әрбір бесінші жас адам жұмыссыз қалды. Әрине, бұл тұрғыда мемлекетіміз жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Сонымен қатар, елдегі жастар спектрін жақсарту жөніндегі түрлі бағдарламаларды да қолдайды. Жалпы Қазақстандағы білім беру жүйесін жақсарту үшін сараптамалық талқылаулар өте маңызды», - деп қорытындылады Шахмардан Байманов.
Abai.kz