Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4077 0 пікір 17 Қаңтар, 2012 сағат 04:26

Назарбек Қожамсейіт, жұлдызшы: «2012. Жаңа эволюциялық кезең басталады»

Қазақта күн райын баққан жұлдызшылар, жауырыншылар болған. Ал, қазақтың «күн райы» дегені - аспан денелері, космос. Демек, ата-бабаларымыз астрология ғылымы зерттейтін мәселелерге ерте замандардан ден қойса керек. Бұрынғы ұлы аталарымыз тұрмақ, далада қиқулап жылқы қайырып, баптап бақ өсіріп жүрген бүгінгі малшы, диханшы шаруалардың өздері-ақ қай жылдың қалай болғанын, келер жылдың қалай болатындығын айтып бере алады. Бұндай кереметке бір сенбесе, ғылымның догматикасына ұрынған сарамас оқымысты мен дүмше діндар ғана сенбейді. Бірақ, көпшілік сенеді. Қазақтың қазіргі танымал жұлдызшысы - Назарбек аға Қожамсейіт. Біздің тілшіміз Назарбек Серәліұлына жолығып, дәстүр бойынша Ұлу жылына қатысты болжамын сұрап көрді. Жұлдызшы алдымен қазақша жыл атауының дұрыс айтылуына тоқталып, содан соң 2012-ге қатысты түйсігіне жетіп, түйіндеген ойларын айтты. Жұлдызшымыздың білдіруіне қарағанда,  қасиетті кітаптарда баяндалатын «Алтын заман» кезеңі осы 2012 жылдан ары қарай басталатын көрінеді.

Қазақта күн райын баққан жұлдызшылар, жауырыншылар болған. Ал, қазақтың «күн райы» дегені - аспан денелері, космос. Демек, ата-бабаларымыз астрология ғылымы зерттейтін мәселелерге ерте замандардан ден қойса керек. Бұрынғы ұлы аталарымыз тұрмақ, далада қиқулап жылқы қайырып, баптап бақ өсіріп жүрген бүгінгі малшы, диханшы шаруалардың өздері-ақ қай жылдың қалай болғанын, келер жылдың қалай болатындығын айтып бере алады. Бұндай кереметке бір сенбесе, ғылымның догматикасына ұрынған сарамас оқымысты мен дүмше діндар ғана сенбейді. Бірақ, көпшілік сенеді. Қазақтың қазіргі танымал жұлдызшысы - Назарбек аға Қожамсейіт. Біздің тілшіміз Назарбек Серәліұлына жолығып, дәстүр бойынша Ұлу жылына қатысты болжамын сұрап көрді. Жұлдызшы алдымен қазақша жыл атауының дұрыс айтылуына тоқталып, содан соң 2012-ге қатысты түйсігіне жетіп, түйіндеген ойларын айтты. Жұлдызшымыздың білдіруіне қарағанда,  қасиетті кітаптарда баяндалатын «Алтын заман» кезеңі осы 2012 жылдан ары қарай басталатын көрінеді.

- Назарбек Серәліұлы, есігімізден еніп келе жатқан Ұлу жылына қатысты қандай болжамдар айтасыз?
- Сөз басында айтарым, биылғы жыл Ұлу жылы бола тұра, кейбір адамдар қытай күнтізбесіне сәйкес «айдаһар жылы» деп жар салуда. Қазақша жыл атын олай бұрмалау дұрыс емес. Осы орайда биылғы 2012 жыл айдаһар, яки жылан жылы емес екенін халыққа түсіндіруіміз керек. Жыл санауға түйенің өзі өтпей қалғанда, жыланға екі жыл беру қай сасқанымыз?! Сондықтан осындай сырттан келетін мәдени идеологияларға тосқауыл қоюуымыз қажет. Өйткені жыл санауды бұрмалау біздің дәстүрімізге, төл мәдениетімізге қауіп төндіреді. Жалпы, қазақ үшін Ұлу жылы 21 наурызда басталатыны анық. Еліміз үшін 2012 жыл жайлы болады деген сенімдемін.
-    Ұлу жылының Қоян жылынан ерекшелігі қандай болмақ?
-  Қоянмен  салыстырғанда  Ұлудың бір ерекшелігі, әрбір айдың басы және аяғында күн суытады. Мысалы, қаңтардың аяғында және ақпанның басында температура төмендеп, қатты суық болады. Өзіңіз хабардар боларсыз, қазір солтүстік өңірлерде боран болып жатыр. Ол бірде басылып, бірде қайта тұрып, қаңтардың 5-8-іне дейін жалғасын тапты.  Енді елімізде қаңтардың 22-24-інде және ақпанның 16-18-інде температура күрт төмендейді. Сонымен қатар, ақпанның ая¬ғында, наурыз айының басында біраз суық болады. Сондай-ақ сәуірдің 24-28-і аралығында оңтүстік аймақтарда жаңбыр жауып, арты қарға ұласады. Сондықтан биыл көктем ерте шығады деп айта алмаймын. Тағы бір айтатын ерекшелік, қыстағы күн мен түннің температурасында айырмашылық көп болады. Неге десеңіз, бұл ауада озонның азаю-ына байланысты болып отыр. Мәселен, еліміздің солтүстік өңірлерінде күндіз минус 18-20 градус болса, түнде минус 36-38 градусқа дейін төмендейді. Ал оңтүстікте күндіз 10-12 градус төмен болса, түнде минус 25-27 градусқа дейін барады.
- Ал көктем, жаз мезгілдерінде жауын-шашын қай деңгейде болуы мүмкін?
- Бұл сұрағыңа  жауап беру үшін өткен жылға аздап шегініс жасаған жөн. Көпшілікке белгілі, 2011 жылы еліміз бұрын-соңды болып көрмеген астық алды. Бұл - шұғыл континентальды климаты бар, қоңыржай белдеуде орналасқан еліміз үшін көңіл қуантарлық жағдай. Әлбетте, биылда осындай нәтижеге жету үшін кешенді түрде жұмыс істелуі қажет. Мәселен, былтыр Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов мені арнайы шақырып, елді жиып, тасаттық берді. «Көп түкірсе, көл болады» дегендей, бүкіл ел болып «жаңбыр жау¬са екен» деп Құдайдан тіледік. Ақырында диқаншының еңбегі еш кетпей, солтүстік өңірде бидай бітік шықты. «Биыл тағы да егін бітік шығады» деген үміт бар. Әрине, біз айтқанда бәрін ықтималдықпен болжаймыз. Сондықтан биылғы жылы елімізде жауынның болу-болмауы ниетіміздің дұрыс-бұрыстығына да байланысты. Егер мамыр, маусым айларында жаңбыр аз жауып, егінге керекті ылғал болмай жатса, онда арнайы құдайы тамақтар, тасаттықтар беру керек. Алдағы уақытта өңір басшылары арнайы шақырып жатса, құрғақшылық болатын елді мекендерде жаңбыр жауғызуға болады. Ең бастысы, ниет дұрыс болуы керек. Бұл - ғылыми негізде дәлелденген жайт.
- Соңғы жылдары әлемнің әр бұрышын¬да зілзала, су тасқыны және тағы басқа та-биғи апаттар, лаңкестік іс-әрекеттер көбейіп кетті. Соданда болар «2012 жылы ақырзаман орнайды-мыс», «үшінші дүние¬жүзілік соғыс бас¬талады» деген алып-қашпа үрейлі сөздер мен қорқынышты болжамдар гулеп барады. Ұлудың табиғатынан момын жәндік екенін ескерсек, аталған болжаулардың ғылыми дәлелі бар ма?
- Негізінен алғанда, елді селт еткізіп, сенсациялық хабарларды таратуға құмар кейбір шетелдік ақпарат құралдарының соңғы кездері ақырзаман «жасағыш» болып алғаны жасырын емес. Қазіргі таңда кейбір көріпкелдер «2012 жылдың 21 желтоқсанында ақырзаман болады» деп елді дүрліктіріп жүр. Тіпті америкалық Голливуд киноөндірісі түсірген «2012» атты фильмдегі сюжеттер және ежелгі Майя өркениетінде өмір сүрген тайпалардың жасаған күнтізбесінің 2012 жылы 21 желтоқсанда аяқталуы халықты үрейлендіріп отыр. Алайда аталған жайттардың логикалық қисыны бар ма? Әлемді дүрліктірген бұл болжамды өз басым шешіп көруге тырыстым. Тарих тереңіне кеткен көне заманда Майя өркениеті болған. Оқырманға ұғынықты болуы үшін Майя өркениетіне қатысты айтылған жайттарды түсіндіріп өтейін. Қазір ғалымдар бұл өркениетке 5200 жыл болғанын айтуда. Майя күнтізбесі, расында, 2012 жылдың 21 желтоқсанымен бітеді. Бірақ бұл «әлемде ақырзаман орнайды» дегенді білдірмесе керек. Ежелгі өркениетті зерттеген ғалымдардың айтуынша, майялықтар ақырзаман турасында еш нәрсе демеген.   Мая өркениеті тұсында да жер сілкіністері, күннің тұтылуы болып тұрған. Ал ақырзаманның қашан болатыны бір Аллаға ғана аян. Сондықтан халықтың көңіліне қаяу түсіріп, жақсылыққа деген үмітін сөндіруге болмайды. Осы орайда менің айтарым, биылғы жыл адамзат үшін жаңа кезеңнің бас¬тауы болатынына сенім мол. Ғалымдардың айтуынша, 2012 жылдың 21 желтоқсанында планеталардың ұлы шеруі болып, Сатурн, Юпитер, Марс, Күн, Жер бір сызық бойына орналасады. Басқа жүйедегі планеталар да сап түзеп, әлем бір өрістен екінші бір өріске шығады. Жаңа эволюциялық кезең басталады. 2012 жылы жақсылыққа құштар, ақжүрек, кеңпейілді азаматтардың асығы алшысынан түседі. Керісінше, пейілі тар, табиғатты ластап, үнемі жаман нәрсе ойлап жүретін бейбақтар биылғы жылдың үлесінен құр қалуы мүмкін. Бәлкім, қасиетті кітаптарда айтылған «Алтын заман» кезеңі осы 2012 жылдан ары қарай орнайтын шығар. Мая күнтізбесінің 2012 жылы 21 желтоқсанда тәмамдалуы әлемде жаңа өмір сүру стандартын қалыптастыруы ықтимал. Бұйыртса оны да көре жатармыз.
- «Жаңа эволюциялық кезең басталады» деп отырсыз. Осы жөнінде толықтырып өтсеңіз...
- Бір мезет ойланып көрейікші, қазіргі кезде неше түрлі апаттар не себептен көбейіп кетті. Мен айтар едім, бұл әлемдегі халықтың жақсы нәрсеге деген сенімсіздігінен болып отыр. Адамдар қатыгездікке, жаман ойлауға, қиянатқа бой үйретіп барады. Еш нәрсеге жүректері ауырмайды. Имани, адами құндылықтарға селқос қарау белең алуда. Атам қазақ «қасқыр, қасқыр деме, қасқыр құтырады» деп айтқан. Әлемнің түкпір-түк¬пірінде болып жатқан апаттар, көбіне рухани құндылықтар аяққа тапталған жерлерде болуда. Біз өмірге бейжай қарамауымыз қажет. Бір-бірімізге жанымыз ашып, жақсылық жа¬сауға құштар болуымыз керек. Қазір әлем экономикалық дағдарыстан бөлек, рухани дағдарысты да бастан кешіріп отыр. «Жақсы сөз - жарым ырыс». Адамдарға шөкімдей болса да, жылы сөз қажет. 2012 жылды «рухани тазару жылы» деп атар едім. Сондықтан Ұлу жылында жақсылыққа бастайтын ұлы өзгерістер көп болады деп кәміл сенемін.
- Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Сұлтан Тайғарин
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592