Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2392 0 пікір 17 Қаңтар, 2012 сағат 05:35

Әміржан Қосанов: ««Парламентке енбеген саяси күш алаң мен көшеге шығары хақ» »

Әміржан Қосанов, «АЗАТ» ЖСДП партиясының бас  хатшысы

Әміржан Қосанов, «АЗАТ» ЖСДП партиясының бас  хатшысы

-Әбеке,  ЖСДП сайлауалды штабын басқардыңыз. Сайлау қорытындысы туралы не айтасыз?
-Не айтайын? Белден  басу! Көпе-көрінеу қарақтық! Саяси  арандату!
Білесіз бе, бұл сайлаудың қазіргі қоғамдағы билік пен оппозиция арасындағы арақатынасқа әсерін тигізер бір үлкен салдары бар. Осы күнге дейін ел ішіндегі мәселелерге үлкенді-кішілі сын айтылғанда, көбіне-көп президентке биліктің барлық тармақтарынан бөлек те биік тұрған институт ретінде жүгінуші еді көпшілік. Енді мынадай масқарадан кейін сол сын оның өзіне тікелей бағытталары хақ.
-Неге  сайлау бұрмалаушылықпен өтті  деп айтасыз?
-Оның төрт нышаны  бар.
Біріншіден, заңнамалық. Осы күнге дейін заңға барлық сайлау комиссияларының құрамына додаға түсуші барлық партиялардың өкілдері енуі тиіс деген бап енгізілмей тұр. Ал мұндай шартсыз  дауысты дұрыс санауға мықты бақылау жасау мүмкін емес.
Екіншіден, саяси  нышан. Яғни, жалпы алғанда президенттің «Парламент көппартиялы болуы керек» деген сөзі толыққанды жүзеге аспай  отыр. «Ақжол» мен ҚКХП-ның «билікке оппозициямыз, баламамыз» деген сөзін  естідіңіз бе? Яғни, ол формальды  түрде үшпартиялы болғанмен, онда шын  мәніндегі парламенттік пікірталас пен талқылау орын ала алмайды.
Үшіншіден, ақпараттық нышан. Біздің партияның дауысты көп алып кететінін сезді ме, соңғы он күнде «Хабар» мен «Қазақстан» басқа шаруаларын ысырып тастап, күні-түні біздің партияны қаралаумен болды! Қазақстан өмірінде басқа маңызды жаңалықтар құрып қалғандай. ЖСДП-дан шықтым-мыс дегендерді тіпті президенттің өзінен жиі көрсетіп кетті емес пе теледидардан! «Артық қыламын деп, тыртық қылды» ондағы жігіттер.
Төртіншіден, моральдық, имандық қиянат! Жаңаөзендегі қанды  оқиғадан кейін «қырқын бергенше, қылмыскерлерді тапқанша сайлауды кейінге шегерейік» деп ұсындық билікке. Оған да құлақ аспады. Өлі риза болмай, тірінің сайлауы оңа ма?!
-Мұндай  сайлау елге не  береді?
-Не береді дегеннен  гөрі, не бермейді деген дұрыс  болар.
Білесіз бе, елде тұрақтылық болу үшін, қарапайым адамдар билік  институттарының заңдылығына күмән  келтірмеуі тиіс. Ол биліктің ел алдында  беделді болуы үшін қажет. Осылайшы ұрлық-қарлық жолымен құрылған Парламенттің қандай абыройы болмақ?!
Оған қоса, ел ішіндегі балама ойлар мен пікірлер билік  партиясынан басқа партиялар  арқылы Парламентте айтылып жаста, несі айып? Ал ол партия Парламентке ене алмаса, алаң мен көшеге шықпай қайда барады?!
-ОСК  «бәрі дұрыс болды», Бас прокуратура  «шағым жоқ» деп  жатыр ғой...
-Барлық облыстардан  бақылаушылар жинаған хаттамаларға  қарасақ, біздің партия екінші орыннан төмен түспеген. Осыдан кейін 1,6 пайыз дегенге қалай сенесің?! Немесе әлеуметтік жүйенің көшбасшысына айналған бюллетеньдерді ұялмай дауыс беру жәшігіне тыққыштап жатқандар туралы бейнероликтер ше? Ал біздің әріптестер «қолға түсірген» бірнеше учаскеде кезекпен дауыс беріп жүрген адамдар толған автобустар ше? Айтып айтпай не керек...
Ал прокуратураға  келсек, Сізге өтірік, маған шын: сайлау күні біз штабта отырып, түстен кейін Астанадағы Бас прокуратураның бір де бір телефонын ала алмадық! Саботаж емей не бұл енді?!
-Енді  не істемексіздер?
-Заң бойынша, барлық  арыз-шағымды сотқа беру керек.  Көреміз. Бірақ өз басым біздегі  сот сайлау комиссиясын кінәлі  деп тауып, жауапқа тартады  дегенге сенбеймін!
Сондықтан жалған жеңістен басы айналған билікті тәубасына  келтіру үшін саяси қадамдар керек. Оның бірі - наразылық акциялары. Әрине, толыққанды митинг өткізу үшін жан-жақты дайындық пен уақыт  қажет. Сол жағын ақылдасып жатырмыз. Мәскеуде, мәселен, билік Болотная мен  Сахаров алаңдарында митинг өткізуге рұқсат берді. Бәрі бәйбіт түрде өтті. Бізде де неге солай жасамасқа?
Ал әзірше алғашқы  қадам ретінде бүгін Алматы қаласында  Республика алаңындағы Тәуелсіздік  Монументінің жанында әділетсіз өткен сайлауға наразылық білдіру акциясын өткіземіз деп шештік. Оған ЖСДП Төралқасының мүшелері қатыспақшы.
-Бірақ  ол шараға рұқсат  берілген жоқ қой...
-Иә, Алматы әкімшілігі  баяғыша бізге Сарыарқа кинотеатрының  артындағы саяжайдан орын беріп  отыр. Бірақ біз дәл орталық  алаңға шықпақшымыз. Ата Заң  бойынша оған толық қақымыз  бар. Қалай болғанда да 15 қаңтардан кейін саяси оппозицияның да тактикасы өзгерері сөзсіз.
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588