Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 12132 0 пікір 2 Қараша, 2020 сағат 12:44

Алаш арысы - Қалимолла Бекторлин туралы...

Ақын, тарихшы, фольклорист Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ  1944 жылы ҚХР-да туып, 2016 жылы Талдықорғанда қайтыс болды. 3 жыр жинағының және Қытайдағы ел мен жердің тарихы туралы 10 кітаптың авторы. Шығармалары қытай, ағылшын және түркітілдес ұлттардың тіліне аударылған тарихи және өлкетану бағытындағы зерттеу еңбектері бойынша 2010 жылы ҚХР мемлекет дәрежелі сыйлығымен мараптталған. Қазір зайыбы Әуесхан Мажайқызы қаламгерлердің көптомдық еңбектерін жинақтап, баспадан шығару ісімен айналысуда. Соның ішіндегі қытайдағы Алаш арыстары жайлы еңбектері өз алдына бір төбе. Осыған орай автордың мол мұрасын оқырмандарға жеткізуді жөн көрдік.


Қара дауыл қанша ұрғылап, қатыгез қанды шеңгелін қадағанмен халықтың іші алтын бесік. «Елді жерде ер өлмейді» дегендей, халық өзі сүйген ұлдарының маңдайынан күн өткізіп, табанын шөгірге тілдіріп, жат жалаға жем етіп берген емес. Азаматтарын ардақтап, «Ел үшін туған ер» дегізіп, атын аймаққа жайып, ұрпағының ұрпағына жыр етіп таратады. Міне, осындай күндерді кешке халықтың қалаулы ұлдарының бірі әйгілі ағартушы Қалимолла Бекторлин еді.

Қалимолла 1890 жылы Қазақстанның Ақмола облысында дүниеге келген. Руы алшын. Қалимолла туада жалғыз болып, ата-анасы ерте өліп, жастайынан жетім қалады. Жан ашыр жақын туысы болмағандықтан бірнеше аталас ағайынның арасында жас өмірі ауыр азаппен, сергелдең бейнетпен өтеді де жастайынан шетендей шымыр, қатырған мойылдай қатал, қиындыққа көнімпаз болып өседі. Өзінің ынталы зерделілігімен бұта басын сындыруға жарағаннан бастап-ақ ғылымға, білімге қабағат құштарланып, бір жағынан істеп, бір жағынан тімтініп іздене жүріп Орынбор қаласындағы училищені үздік бітіріп, біраз уақыт мұғалымдік қызмет атқарады. Ол бұған да қанағат тұтпай жұмыс істей жүріп үйренуін жалғастырады. Пәни және діни білімді қатар меңгерген оқымысты адам болып шығады. Оның көзі ашық, көкірегі таза болғандықтан сол тұстағы теңсіз қоғамдық түзімге наразы болып, Николай патшаның дара билігіне, террорлық зорлық-зомбылығына қатты өшігеді әрі қазақты оятуға үндеп, теңсіздікті тереңге батыру үшін күресуге шақырады. Елге ақындығымен де жаршы болады. Ол өзінің күрескер, жалынды жырларының бірінде былай толғайды:

Арғы атам – ер Түрік,
Біз – қазақ еліміз.
Самал тау, шалқар көл,
Сары арқа жеріміз.
Біз жүрген Алаштың,
Шын кемеңгеріміз.
Егессек ел бермес,
Еңіреген еріміз.
Бұғауға шырмалған,
Біз – долы арыстан,
Қатайсақ қарпымай
Қоймайтын періміз.
Ат мінсек желдетіп,
Ду беріп шабамыз.
Леп тисе ерленіп,
От болып жанамыз.
Ерліктің жалауын,
Ақырып қолға аламыз,
Аттандап шапқанда,
Жауға ойран саламыз.
Ежелден біз қазақ,
Оққа өлген етіміз,
Қаймығып қайтпаған,
Еш жаудан бетіміз.
Ұраным – ер қазақ,
Абылай – ханымыз.
Бостандық жолында
Құрбандық жанымыз.
Тисін оқ, ақсын қан,
Шықсын жан, қорқу жоқ,
Азаттық жолында
Жан қимақ – ниетіміз.
Сөз бе екен біздерге,
Жауыңның көп-азы.
Өлсек хақ шейітпіз,
Өлтірсек – біз қазы.
Айқасқан жауларды,
Өлтіріп сау қайтсақ,
Боламыз халықтың
Шын ұлы, сабазы.
Жебесін, қолдасын,
Ақсақал, бата бер,
Сапарды оңдасын!
Жасаған сақтасын,
Халқымның ордасын!
Уа, халқым, ардақты,
Құрбандық мал мен бас,
Аттан күреске,
Азамат, алға бас!

Дәл осылай айтылғандай, ол халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, азабына ашынып, азаттығын ақсаған жалынды төңкерісшіл болып өсті. Ақ патшаның иісшіл, шпион жандайшаптары  мен қарғылы төбеттері Қалимолланың ақ ізіне шөп салып, соңына түсті. «Қалимолла қай жерде көрінсе, сол жерде өлтірілсін» деген Ақпатшаның атынан қатал бұйрық шығарып, шекараға дейін хабарландыру іліп шаптады.

Міне, осындай ауыр жағдайда Қалимолла амалсыздан жауын жаңылдыру үшін ошағында қайнап, отында маздаған күрескер достарынан қол үзіп, 1910 жылдары Қалжат шекарасы арқылы Қытайға қашып өтіп, Шапшал ауданындағы темір руына келіп тұрақтайы. Бұл Сатыбалды Нұрбекұлының Қытай-Ресей шекарасын ажыратып, бекітетін комиссия құрамында жүрген кезіне тұра келеді. Қалимолла Сатыбалдымен кездесіп, өзінің өмір кешірмелерін жасырмай жайып салады. Сатыбалды оның көп оқыған, білімді адам екенін аңғарып Демеу ақалақшының ауылынан ат міндіріп, шапан кигізіп, өз ауылы Күнеске бала оқыттыру мақсатында ертіп келеді. Ол кезде Қалимолла үйленбеген, не бәрі жиырма неше жастағы мәдениетті жас жігіт еді. Ол Сатыбалды ауылына келгеннен кейін дереу іске кірісіп, ең алдымен мектеп ұйымдастыруды, оқу-оқыту жоспарын жасауды қолға алады. Тағы бір жағынан оқу жасындағы ұл-қыздардың бәрінің де оқуға түсуі, білім алып, ғылым игеруі, сөйтіп көзі ашық аңғарлы адам болуы жайлы насихат жұмысын жүргізеді. Осы арқылы сол ауылдағы оқуға тиісті ұл-қыздары түгелімен тізімдеп шығады. Алайда, ол кезде Күнес өңірінде қыздар мектеп табалдырығын аттап, білім алуға жол берілмейтіндіктен, Қалимолланың бұл ісі естіген елге бір түрлі оғаштау көрінеді.

­ ­­– Сатыбалды шекарадан бір молла тауып келген екен, ол қыз-қатындарды да оқытамын деп жатыпты, бір шолақ етек жадігөй сияқты, ­ - деп өсек таратып, күлкіге айналдырады.

Ынталы, көкірегі ояу, жас оқытушы бұл өсекпен шатыма, шақпа тілдерге, сайқы мазақтарға төтет беріп, жасып-жабығудың орнына бұрынғыдан да қайраттанып, жігерлене түседі. Ғылым мен білімге, жаңалыққа жаны құштар Сатыбалды Қалимолланың бұл әрекетін барынша қолдан, қуаттайды. Мектеп үшін арнайы үй тіктіріп, ауылдағы оқуға тиісті ұл-қаздарды жинап, оқуға ұйымдастырады.

Қалимолла өзі құрастырған оқу-оқытуға қатысты материалдар мен дайындаған оқулығы арқылы жүелі түрде білім беру ісін бастап кетеді. «Жұмыстың нәтижелі болуы басталуынан, халықтың жақсы болуы басқаруынан» дегендей, бұл істің сәтті басталып, жақсы басқарылып, аяқ алысының түзу екендігін көрген алғабасар адамдар оқу жасына келген ұл-қыздарын Қалимоллаға оқуға береді. Қақаң өзі мектеп директоры (мүдір), өзі сабақ мұғалімі болып, құлшына қызмет істейді. Нәтижесінде іргетасы жаңадан қаланған мектептің оқу-оқыту істері жүеленіп, сапа жағынан көзге түсе бастағандықтан Күнестің (жер аты) бас-аяғынан, тіпті көршілес аудандағы құдандалы адамдар да балаларын Қалимолланың мектебіне оқытады. Солардың ішінде қытай қазақтарына танымал Нүсіпқан Көнбайұлы, Әбеу Құдышұлы сияқты зиялылар осы мектептің алғашқы түлектері саналады. Сонымен қатар Күредегі ШуеТаңға (Қытайдағы алғаш ашылған пед училище) шәкірттері Нүсіпхан КӨНБАЙҰЛЫ, Әбеу ҚҰДЫШҰЛЫ, Нүрсейіт ЖИЕНӘЛІ, Әбдір КЕРІМБЕК, Нұрахмет САТЫБАЛДЫ, Әбдурасыл ЖАЙПАҚ; Жәлелхан БАЙЕНБЕК, Әзірбек ҚАНАТБЕК қатарлы оқушыларды жіберіп, қоғам қайраткері болып танылуына жол ашады. Кейбіреу үлкен қызметтердің тізгінін ұстады. Олардың білімді де, білікті азамат болып шығуына, халқына адал қызмет етуіне көп септігі тиген. Сол ісі арқылы: «Қандай оқытушы болса, сондай оқушы болады» дегенді ісімен дәлелдеген.

Қалимолланың сол кездегі таным, түсінікті бұзып, Сатыбалды ауылының ұл-қыздарын жаңаша бағытта оқытуы нәтижесінде ол  ауылы «Молла ауыл» деп аталады. Ауылдың ер балаларымен қатар, Күлсім, Зұбайда, Зұхрия, Әйім, Әсия сияқты қыздары да мол білімді болып, елдің мақтанышына айналады.

Сатыбалды Қалимолланың ақкөңіл, адамгершілікті, ашық-жарқын мінезді, талантты азам екендігін бағалап, оның осы өңірде, тіпті, өз ауылында тұрақтап қалуын ойлайды. Сонымен Қалимоллаға осы ойын айтады. Сатыбалдының ішкі ойын құп көрген Қалимолла да:

– Егер мені мәңгі тұрақтап қал десең өзіңе іні, әкеңе бала болайын. Кенже қарындасың Әуежанды некелеп қос, – деп ұсыныс білдіреді.

Сатыбалдының кенже қарындасы Әуежан зерек, он саусағынан өнер тамған ісімер, қолынан келмейтіні жоқ шеберлігімен ел көзіне түсіп отырғанымен 7 жасында қаражел ауруымен ауырып, тіл-құлағы кемтар болып қалған еді. Бұл жағдайды Қалимоллаға айтып, кеңес салады. Қалимолла екіленбестен оның зерделілігін ойлап, отбасын құрып кете алатындығына сенім білдіреді. Сатыбалды Қалимоллаға асықты жілік ұстатып, басына үй тігіп, баурына қазан асып, қарындасын қалыңсыз қосып, Қалимолланы Нұрбектің бір отбасы етіп орналастырады.

Қалимолла Әуежанға саңырау, сақаулар әліппесін құрастырып, оқытып, сауатын ашады. Ол кісінің 70 жастан асып, бақиға кеткенше молланың оқытқаны деп құран оқып, хат жазып, ойын толық жеткізіп отыратынын көрген ақсақалдардан жиі естігенмін.

Сатыбалды да Қалимолланы әрі іні, әрі дос, әрі ұстаз ретінде бағалап, ақыл-кеңес алып тұрған. Оның ықпалында сол тұстағы Қазақстанда шығатын газет-журналдарға жазылып, саясат пен ғылымнан хабар тауып отырған. Соның ішінде «айқап» журналының біраз сандары Сатыбалдының ұрпақтарының қолында кейінге дейін сақталған.

Қалимолла тұрмысы орныққанан кейін оқу-оқытудың жаңа бетін ашып, бұрынғы көшпелі киіз үйлі мектепті тұрақты, кемелді оқу орнына айналдыруды қолға алады. Ол 1919 жылы Алмалыдағы (жер аты) Жіңішке сай аузынан ағаштан 6 бөлмелі мектеп салдыру мен топырақтан қорған айналдыра қорған соқтырады. Кірпіштен бес бөлмелі үй салдырады. Қоршалған аулаға беде егіп, сол өңірдегі жұрт біле қоймаған көкөніс, көктаттардың тұқымын тауып әкеліп, өсіріп, елді отырақтанып тіршілік етуге бастайды. Ағаш егіп, бау-бақша өсіріп, қарапайым монша салып, қыр қазағын таңғалдырады. Қалимолла отырақтасудың пайдасын осылай көрсетумен қатар, оның пайдалы жақтарын жалынды жырларымен де өрнектейді. Ол «Қазағыма» деген өлеңінде:

Күнес, Текес, Қастағы,
Көшпелі қазақ баласы,
Ақылдың көзін жіберіп,
Ақуалыңа қарашы.
Қатардан қалып қор болмақ,
Бірлік жоқ елдің баласы.
Көп еді қазақ жерінің
Өзен, су, адыр, даласы,
Орнамадық қала сап,
Жоқта ешкімнің таласы.
Бұл жерден қазақ айырылса,
Содан соң қайда барады,
Жоқ болып кетер қаңғырып
Кейінгі бала-шағасы.
Ойланар мезгіл болды ғой,
Бар болса жұрттың санасы.
Білерсіңдер қандай деп,
Менің айтқан мұнымды.
Ұғындырып көрейін,
Ойлаған ішкі сырымды.
Әуелі мықтап ұста ғыл,
Өзіңнің тұтқан дініңді.
Басқадан мықты боласың,
Көп оқысаң ғылымды.
Медресе, мектеп салдырып,
Жақсартқын тірлік күніңді.
Заманаға үйлесіп,
Үйренгін өнер, білімді.
Біздерден басқа халықтың,
Есепке бәрі ілінді.
Біздерде тұрмай ізделік,
Табуға өнер, білімді.
Ақылыңды салып қазағым,
Жасырмай айтшы шыныңды.
Ноғай, орыс жарылма,
Қалада өсіп, туылды.
Көшпенді қазақ көрсетші,
Миллионға жеткен пулыңды (ақша).

Қалимолла мұғалім мұндай өлеңдердің өрнегін тоқып, талайын толғап оқушыларына жаттатып, мектепте жиын-топтарда мәнерлеп оқытып, орындатып, жұртты ынтықтырып отырған.

Қалимолланың мектебінде бірнеше сынып болып, жүзден астам оқушы оқыған. Оларды сынып, сыныпқа бөліп, барлығын күн-түн демей өзі дайындалып, тапсырма беріп, оны тексеріп отырған. Жақсы жаза алатын, оқуға ынталыларын таңдап алып, білімін сатылап көтеруге күш салған. Аталған мектепте оқығандар тек сауат ашып қалмастан, сол тұстағы жоғары оқу орындарына түсіп, қоғамдық-әлеуметтік қызметтерге белсене араласқан. Сол қатарда Нүсіпқан КӨНБАЕВ, Әбек ҚҰДЫШ, Сарқытбек СӘДУАҚАС, Медеу ҚҰДЫШ, Оспанқан БАЗАРБЕК, Қалибек САУРЫҚ, Есімқан ЖЕТПІСБАЙ сияқтыларды айрықша атауға болады. Бүгінге Күнес ауданындағы Алмалы мектебінің арғы тегі, түп төркіні 1910 жылы Қалимолда БЕКТОРЛИН құрған мектептен бастау алған.

Қалимолла тек өзі ғана Алмалы мектебін құрып, бала оқытып қалмастан, Қазақстанда тұрған кезінде бірге оқыған татар досы Әслам, Салаһи дейтін оқыған, білімді азаматтарды Күнестің әр жерінен ашыла бастаған мектептерге мұғалімдікке таныстырып, болашағына жол нұсқап отырған. Айталық, Әсламды Қуан зәңгіге таныстырып, дербіс руының сады, баян аталарында ашылған мектепке оқытушы етіп орналастырады. Мыңбай молла, Тұрысбай Әлімахын, Шиырбай сынды білімді адамдар осы мектептен тағлым алып, оықып шыққандардың бір бөлімі ғана. Ал Сәлаһиды Естемес ақалақшыға таныстырып, Естемес мектебіне мұғалім етіп жібереді. Аралтөбе, нарттағы (жер аттары) солтангелді руынан шыққан Қанатбек, Уан, Сырайылбек, Өмірбек, Омарақын сияқты көзқарақты білімді адамдар осы мектептен оқып шыққан. Демек, Қалимолла Күнес өңіріне ағартудың шамын жаққан алқаулы адам.

Өмір тәжірибесі мол, көз аясы кең ағартушы Қалимолла өзі жасаған ортадағы қоғамдық теңсіздікті, ондағы атқа мінер, парақор, жуан-жұдырықтардың зорлық-зомбылығын барынша сынап, жұртты әділеттілікке шақырып, жоқ-жітік қауымға жақтас болады. Соған орай көптеген өлеңдер шығарып, оны оқушыларына жаттатып, ел арасына таратып, көпті жаңалыққа жетелеп отырады.

Мәнсап десе, малын төккен,
Жұмысы жоқ жарлымен.
Пара десе арын төккен,
Жемеңқордың қарны кең.
Зәңгі, болыс деме қазір,
Ұрлық қылар әз бір шеттен,
Күнде, елубасы (мансап аты) құр қалама.
Шығын салып, алыс көптен,
Әділет болса қор болмас ед.
Тәкаппарсыз болып кең,
Босана алмай кедейлер жүр.
Мойнына асып күрек, кетпен,
Жаны ашымай халқына оның.
Дәнеме жоқ әділеттен,
Қайтып қазақ оңалады.
Жүре берсе осы бетпен,
Түзетер деп үміт етем,
Шағым айтып үкіметтен, – деп жазады.

Қалимолла 1930 жылдары Қазақстанға барып, бұрынғы достарының (Алаштықтар) көмегімен тағы да 2,3 жыл қайталай білім толықтырады. Сол арқылы жаңаша оқу бағдарламасын, әдісін, жолын игереді. Көптеген тәжірибе жинақтап, төрт қоржын оқулық кітабын арқалап, Қалжат шекарасынан Қытайға өтіп бара жатқан жолында бадырақтардың (тонаушылардың) шабуылына ұшырап, кітап, ат-тонынан айырылады. Ол өте намысқой адам болғандықтан жол бойындағы ауылдардан жағдайын жасырып, үш жүз шақырым алыстағы Күнеске жаяу тартады. Арып-ашқан жаяу жүргінші бір күні абайсызда ағыны қатты өзенге жолығып, терең қойға бірақ құлайды. Жанталасып жүріп, өзеннен шыққанымен қатты шошынғанның салдарынан жүрегіне зақым келеді. Ауылға аман-есен келгенімен бір ай төсек тартып жатып, жасы да, білімі де кемелденген шағында: «Ең болмаса, 3 жыл тірі болғанда қызайға, болмағанда бегімбетке, жоқ дегенде соқыртәнікке білім нәрін сеуіп кетер едім», – деп армандап жатып қайтыс болады.


Материал берген: Имаммұхамет Нұрбеков.

Материал, «Күнес тарихи материалдары» атты көптомдықтың 5-кітабынан алынды.

Ескерту: Қалимолла БЕКТОРЛИННІҢ біраз өлеңі Андас Омарақынұлының жинап, жазып алуымен бүгінге жетіп отыр. Оны алдағы уақытта ұсынамыз.

Материалды крилшеге түсіріп, ұсынған Қажет Андас.

Жалғасы бар...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5297