«Қайрат» Қазақстан чемпионатында топ жарды
Футболдан Қазақстан чемпионатының 17-турында «Қайрат» шымкенттік «Ордабасыны» 3:1 есебімен жеңді. Осылайша алматылық клуб араға 16 жыл салып Қазақстан чемпионатында топ жарды.
«Қайрат» биыл 17 ойында 44 ұпай жинап, басты бәсекелесі «Астанадан» 17 ұпай ұзап кетті. Елордалықтар соңғы бес ойынды жеңсе де, «Қайратқа» жете алмайтыны сөзсіз еді. Осылайша, алматылықтар мерзімінен бұрын ел чемпионы атанды.
Қазақстанның «Халық командасы» атанған «Қайрат» осының алдында 2004 жылы чемпион болған. Содан бері 16 жыл бойы чемпиондық атақ алматылық командаға бұйырмай келді. Әсіресе 2013 жылдан бері чемпиондыққа әбден лайық өнер көрсетті. Соңғы 8 жылда 5 рет күміс, 2 рет қола жүлдегер атанды.
КСРО кезінде көршілес республика командаларымен терезесі тең өнер көрсетіп, ел еңсесін көтерген «Қайраттың» Қазақ сүйіспеншілігіне бөленгені шындық болатын. Содан да болар қазақ футболында «Қайраттың» алар орны ерекше. 29 жылда ел чемпионатында үш-ақ рет топ жарса да, тіпті бір жылдары ойынынан сән кетіп, төменгі лигаға түсіп қалса да, жанкүйерсіз қалған емес. Қазақстандағы жанкүйері ең көп командалардың бірі. Тіпті Еурододаларда жетістікке жеткен «Астананың» өзінде мұндай жанкүйер жоқ.
Орталық стадионға ағылған алматылықтардың арасында сонау жылдарда Тимур Сегізбаевтің сиқырлы өнеріне тамсанып, Құралбек Ордабаевтің қақпа алдындағы қимылына тәнті болған, бүгінде алпысты алқымдаған аға жанкүйерлер де, аладопқа енді ғана әуестене бастаған бала жанкүйерлер де бар.
Шынын айтқанда, Қазақстанда нағыз еуропалық футбол көрсетіп жүрген осы «Қайрат» қана! Елдегі жеке қожайыны бар жалғыз клуб, 100% бюджеттің бүйірін сорып отырған жоқ. Клубтың ресми дүкені жұмыс істейді. Маркетинг жүйесі де тәуір. Билет сатудан да қаржы таба алады. Заманауи академиясы тағы бар.
Ең маңыздысы, қазақ футболшыларына, қазақстандық футболшыларға көп сенім артады. Қазіргі таңда қазақ футболының қаймағы «Қайратта» деуге негіз бар. Ұлттық құраманың көп ойыншысы «Қайратта» өнер көрсетеді. Көбі өрімдей жастар. Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат, Рамазан Оразов, Ян Вороговский сынды бірқатар футолшылар «Қайратта» көзге түсіп, шетел чемпионаттарына ауысты. Қазірдің өзінде командада Нұралы Әліп, Айбол Әбікен, Абат Айымбетов, Еркебұлан Тұңғышбаев секілді өз ойыншыларымыз өнер көрсетеді. Салыстыру үшін «Астанада» көбіне шетелдік шеберлер доп тебетінін, биыл тіпті алаңға көбіне жалғыз ғана қазақстандық ойыншы шығарып жүргенін айтуға болады.
2020 жылы Қазақстан чемпионы атанған «Қайрат» елордалық «Астананың» 6 жылға жалғасқан жеңісті сериясын бұзды. «Астана» 2014 жылдан бері чемпиондықты ешкімге бермей жүрген. Алайда елордалықтардың үздіксіз жеңіске жетуіне футболдан тыс жағдайлардың әсер еткен кездері де болған секілді. Тіпті бір жылдары жанкүйерлерарасында «саясат чемпион болды» деген әңгімелер де болған.
ҚПЛ. 17-тур
«Қайрат» – «Ордабасы» - 3:1 (2:0)
Гол соққандар:Вагнер Лав 36, Нұралы Әліп 39 (пенальти) – Жоао Пауло 77
«Қайрат»: Покатилов, Миканович, Дугалич, Әліп, Сүйімбаев (к), Гуральский, Косович, Оганесян, Әбікен, Аймбетов, Вагнер Лав.
«Ордабасы»: Шайзада, Клещенко, Фонтанелло (к), Симчевич, Хаджиев, Досмағамбетов, Диакате, Махлангу, Астанов, Бадибанга, Жоао Пауло.
Қуаныш Қаппас
Abai.kz