Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 9547 0 пікір 24 Қаңтар, 2012 сағат 05:18

Алмахан Мұхаметқалиқызы. Қазақ пен қамшы

Ұлттық бұйымдарға, қолөнер шеберлігінен шыққан дүниелерге ерекше ықыласпен қарайтын оқырманға порталымыздың тұрақты авторы Алмахан Мұхаметқалиқызының қамшы туралы этнографиялық, танымдық мақаласын ұсынып отырмыз. Қамшының түрлері мен қасиеті, киесі туралы баяндай келе авторымыз «адамзат, ұлт тарихы туралы  жазба деректерге қарағанда мұрағат, жәдігерлік айғақтардың  айтары мол» дейді.
«Абай-ақпарат»

Ұлттық бұйымдарға, қолөнер шеберлігінен шыққан дүниелерге ерекше ықыласпен қарайтын оқырманға порталымыздың тұрақты авторы Алмахан Мұхаметқалиқызының қамшы туралы этнографиялық, танымдық мақаласын ұсынып отырмыз. Қамшының түрлері мен қасиеті, киесі туралы баяндай келе авторымыз «адамзат, ұлт тарихы туралы  жазба деректерге қарағанда мұрағат, жәдігерлік айғақтардың  айтары мол» дейді.
«Абай-ақпарат»

Қазақ мәдениетінің қол қаруы ретінде әлі күнге дейін маңызын жоймай келе жатқан  бұйым - қамшы. Қамшының түрлері  Абай жинаған мұралардың қатарында да кеңінен аталады. Қамшы - азаматтардың сән-салтанат бұйымы ретінде де, қанаушы озбырлардың жеке басының мүддесі үшін де, тіпті үй жасауларына да көрік беріп тұратын  қол қаруларының бірі болған. Абай заманында мал өсіруші қауымға  малдың жүнінен, терісінен өндірілген дүние-мүліктер мен киім-кешектер қандай қажет болса, ат саймандары, ер-азаматтардың болмысы іспеттес қару-жарақ түрлері: қайыс, таспалар, қамшы түрлері де мал жайылым отарларына  сондай қажет болды. Аталу түрлеріне, жасалуына, қолданылуына  қарай қамшы -  қайыс қамшы, өрме қамшы, соқа қамшы, ат қамшы, дойыр қамшы, дырау, бұзаутіс қамшы, т.б. бөлінеді. Ат қамшының өзі - салт қамшы, ат соғар, ат жүргізгіш, шыбыртқы сияқты түрлерге жіктеледі. Өрілген таспасына қарай төрт, бес, алты таспа, сегіз өрім, он екі таспадан ширатылған еспе қамшы, бір таспа қайыстан жасаған сапалық өзек салған дырау, дойыр бұзаутіс қамшылар да бар.

Ат қамшының ұзындығы алты тұтам келеді. Көбінесе тобылғымен сапталады. Қамшының сабы, алақаны, өрімі, бүлдіргесі болады. Қамшының өрімін сабына шегелегенде темірден бүркеншік салып, алақанына сән үшін таспадан кекілдік тағады.

М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясындағы бірінші томның  60-шы бетінде: «Қараша қолындағы тобылғы сапты жуан қамшыны сермеп жіберіп, атқып тұрып, Қамысбайды бастан тартып-тартып жіберді» дейді. \ «Қат-қабатта» 60 б.\

Абай өткізген мұралардың ішінде қамшы болмағанымен, ақын заманындағы қамшының түрлері роман желісінде молынан айтылады. Жоғарыдағы үзіндіде тобылғы сапты жуан ат қамшы айтылса, «Қараша мен Үркімбайдан бастап жас жігіт атаулының барлығын тысқа шығара сала, бес-он кісіден жабыла түсіп, торсылдатып дүре соға бастады» \61 б\ деген үзіндіде дүре қамшыны тілге тиек етеді.

Таспадан өрілген, көлік айдауға ыңғайлы қамшы қашан да ер-тұрман құрамымен бірге жүреді. 

Дүре қамшы - Шығыс халықтарының  әдет-шариғат заңдары бойынша  қылмыс жасағандарға қолданылатын ауыр жаза құралы. Дүре соғу денеге жарақат салу жазасына жатады. Қылмысы мен күнәсі анықталған жағдайда соғылатын дүре ел алдында көрінеу жасалатын болған. Дүре қамшы - жіңішке таспалы, тобылғы сапты, қолға ұстауға ыңғайлы, аса ұзын емес, қысқа сапты болады.

Қамшының сапалы болуы қайысына байланысты. Мейлінше жұмсақ иленіп, иін қануын қадағалап, құрыс-тырыссыз, жұмсақ етіп шығару сөз жоқ асқан шеберлікті талап етеді. Қайыстың бар ерекшелігін мұқият ескерген шеберлер иден шыққан қайысты май жағып, кептіреді. Кепкен теріні қысқыға, созғыға салып, уқалайды. Бұған қажетті аспаптарды да шеберлер өздері әзірлейді. 

Тігетін қайыстардың шетін біртегіс ұстап тұру, бекітіп қойып тілу,өру, оюлау үшін аса қажет аспаптың бірі - «қысқы» деп аталады. Оны жуан және кепкен ағаштан жасайды. Иленген қайыстарды өңіне кіргізіп алып, керек затқа арнап, таспалап тіледі де, қажетіне пайдаланады. Қайыс түйудің де бірнеше өрнектері мен түюлері бар. Олар - төрт таспадан түю, қалмақша түю, түйемұрындық, өткерме, тастүйін,т.б. деп аталады. «Ағаштан түйін түйген» деген бейнелі сөз осыдан шыққан. Қазақ кейде  тиек, бұршақ, бұлдырларды да қайыстан, таспадан түйген. Қазақ қолөнерінде ескіден келе жатқан әдемі де, күрделі істің бірі - таспа өру. Өрімі сан алуан бірнеше қамшының түрлері Абай мұражайы экспонаттарының ішінде бар.

Соның бірі - бишік. Бишік қамшыдан ұзын. Ұшына қарай бірте-бірте жіңішкере беретін, мал қайыруға қолайлы қайыстан өрілген ағаш сапты құрал. Бишік өрімі өзге өрімнен бөлектеу, араларын метал шығыршықпен қосатындай бірнеше бөлік етіп өріледі. Кейде оны «соп қамшы» деп те атайды. Ұшына екі-үш қарыс таспа, не іріктелген бірнеше жылқы қылы байланады.  

М.Әуезовтың "Абай жолы" романында жиі кездесетін қамшының тағы бір түрі - дойыр қамшы. Өрімі жұмыр, жуан,  төрт қырлы, он алты, немесе сегіз таспадан болып келеді. Дойыр - бұғының, өгіздің иленген жон терісінен таспаланып тілінеді. Әдетте дойыр - ырғай немесе тобылғыға, кейде құлжа мен текенің мүйізіне, қарақұйрық пен еліктің сирағына сапталады. Өрім мен сап алақан арқылы бекітіледі. Алақан мен сапқа бекітілетін ұшының үстіне сәндік үшін жұқа жез салынады. Қамшының сабы да күміс жезбен әшекейленіп, қолға ұстайтын жағына бүлдіргі өткізіледі. Дойыр қамшыны мал айдауға, ұрыс-төбелеске де қолданады. Сәндік үшін ұсталатын қамшы да дойыр тектес болғанымен, өрімі жіңішке, жеңіл сапты болады. Сал-серілердің серілігін танытатын, отағасының отбасының қорығы екенін көрсететін киелі қамшы - қазақ мәдениетінде өзіндік қасиетін әлі сақтап келеді.

Қазақтың кез келген азаматының қарларына қамшы іліп жүретін  уақыт кәзір алыстап кетті. Тобылғы сапты, қайыс қамшы иесінің малды, жанды екенін білдіреді. Қамшы  - ұстаған адамының қайрат-қуаты артып, жамандықтан, тіл-көзден сақтап жүретінін, сал-серілердің серілігін танытатын, отбасының, отағасының  қорығы екенін білдіретін қазақ мәдениетінің киелі сыйы.

Қазақ  шаңырағының төрінде ілулі тұратын  қамшыны көргенде, таспадай тіліп өтетін тілі бар, қамшының өріміндей бедерлі берекесі бар, қазақтың қанына біткен қайсарлығы бар  азаматтың шаңырағы екенін түсіндіреді.

«Қатын өлді - қамшының сабы сынды» деген  аталы сөз бар. Адамның тілі айтып жеткізе алмайтын сөзді  қамшы арқылы жеткізу қазақ салтының  ертеден қалыптасқан дәсүрі. Қазақ адамның көңіліне кері әсер ететін ауыр сөзді ешқашан ашық айта салмаған, астарлап жеткізген. Сөз сұрағанда, немесе көп сөйлеп, өзгеге сөз кезегін бермегенде, болмаса орынсыз билік айтқан әумесерлікке  қамшыны пайдаланған. Алқалы қауымның алдына қамшы тастау  осындай жағдайларда пайдаланылады.

Қарапайым қара қамшының сырын аша түсу - біздер үшін әлі де терең этнографиялық зерттеуді қажет етеді. Сары ала сапты қайыс қамшымен  шайтанды қуады деседі. Қамшының ұшар басында, алақанында пәле-жаладан, ауру - сырқаудан қағатын құдірет ұялайды деп түсінген дана бабаларымыз. Құдіреттің ұялауы  қамшыны ұстаған адамның  жан тазалығына байланысты. Қамшы өзінің иесін де теріс пиғылдан тазартады. Ал, қасиеті мен құрметі ерекшеленген адамдардың киесі мен қуаты қамшыға ауысып отырады. Қамшы мен емші бірін-бірі толықтырып отыратын киелі құдірет екенін ырымшыл халық мойындаған.  Сондықтан да ел алдында жүрген жақсы адамдардың, қуатты адамдардың қамшысын ырымдап, қалап алып отырған. Жылқының тері сіңген, жылқының сауырына көп тиетін өрім ұшы тиген жерін оңдыртпайды. Бір ғана мысал келтіріп өтуге болады.

«Тақыр жерді көлденеңдей кесіп өтіп бара жатқан  жыланды ат үстінен теңге алғандай еңкейе бере бел ортасынан осып, бір рет тартып өтсең,  жетеді. Иретілген күйінде басын оқшырайта көтергенімен, денесі бірден жансызданып,  жерге жабысып қалғандай  қозғалмай, жатқан жерінде жан тапсырады.  Әйтпесе, жыланды үш кессең кесірткелік  жаны қалады. Таспен ұрып, өлтірмек болсаңыз, қаны шығып, мылжаланса да, алға жылжуын қоймай, жан-жағына басын қайқаңдата  тілін сумаңдатып, ирелеңдеуін қоймайды».\М.Омаровтың айтқандарынан\

Қамшы - кез-келгеннің  жынын қағады. Шайпау әйелдерді көргенде  "қамшымен шайтаныңды қағу керек екен"  деп жатады. Сөзде үлкен мән бар. Қамшыны ұстау, сілтеу де үлкен өнер. Нағыз қамшыгер жігіттер бір тартқанда- ақ, өгіздің төрт қабат жон терісін  қақ айырады дейді. Қамшыға да шеберлік, машық керек.

Бойжеткен қызы бар үйге құда түсу үшін келгендер, қолына қамшы іле келеді. Ол «Осы үйдің бойжеткеніне иелік еткіміз келеді» дегенді білдіреді. Төрде қамшы ілулі тұрса, ол туралы сөз қозғамай, келген іздерімен қайта қайтады. Ілулі тұрған қамшы, «Бұл үйдің қызының иесі бар» дегені.  Төрде қамшы болмаса, әкелген қамшыларын төрге іледі.

Қалай дегенмен де қамшы тілін түсіне білу де «дала данышпаны» атанған бабаларымыздың ұғымның тереңдігі болса керек.

Қазақ мәдениетіне байланысты тарихи деректерді оқып, этнографиялық құндылықтың   сыры тереңдей түсетініне көз жеткізе отырып, қаншалықты мағыналы байлығымыздан қол үзіп қалғанымызға  қайран қаласыз.

Қамшы түрлерінің айшықты асыл қазынасы  ел мәдениетінің  өткен ғұмыр шежіресінің  жанды айғақтары іспетті.
Дүние  - үлкен көл,
Заман - соққан жел" - деп  Ұлы ақын айтқан ұрпақтардың алмасуы  тоқтамаған жерде, дүние болмыс-бітімнің  сабақтастығы үзілмек емес.

Қалай десек те, адамзат, ұлт тарихы туралы  жазба деректерге қарағанда мұрағат, жәдігерлік айғақтардың  айтары мол.                                                           

Алмахан Мұхаметқалиқызы,
Қазақстан-Ресей университеті
«Абайтану» ғылыми-танымдық
орталығының директоры

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5550