Қоғамды өзгерту үшін саяси белсенділік қажет
Алдағы парламенттік сайлауға қай партиялар қатысатыны бүгінгі күні белгілі болды. «Баяғы жартас сол жартас» дегендей баяғы алты партия додаға түсетінін мәлімдеді.
Олар «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партисы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Адал» (бұрынғы «Бірлік») саяси партиясы, ЖСДП - Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстанның Коммунистік халық партиясы және «Nur Otan» партиясы.
Бұлардың ішінде «Nur Otan», «Ақ жол» һәм Қазақстанның Коммунистік халық партиясы соңғы екі сайлауда да жеңіске жетіп, парламенттің Мәжілісінен орын бұйырған «бақытты» партиялар.
Ең өкініштісі жаңа партиялар тіркеуден өтпеді. Додаға түспеді. Алдағы тартыс жұртқа көз сүйел болған алты партияның арасында өтеді. Кім жеңеді, қай партия Мәжілістен көбірек орын алады дегенге келсек, қазірдің өзінде билік партиясы «Nur Otan» алатыны белгілі. (2004 жылдан 2020 жылдың аралығында (16 жылда) «НУР ОТАН» партиясына республикалық қазынадан 46 МИЛЛИАРД 981 МЛН 513 МЫҢ тг немесе (долларға шаққанда) 186 МИЛЛИОН 137 МЫҢ 780 АҚШ ДОЛЛАРЫН шығындаған екен. Дерек Н. Қадырниязовтың фБ-дағы парақшасынан алынды.Егерде осы рас, болса, осыншама қаржыны «Nur Otan» ақтады ма? Бұл жеке әңгіме)
Одан кейінгі орынға «Ақ жол» және коммунистер қонжиятыны хақ. Бәлкім «Ауылмен» «Адалғада» орын тиіп қалуы ықтимал. Ал ЖСДП депутаттықтан дәм етпеседе болады. Бiрақ, ЖСДП партиясын халык қолдайды. Иә, кейбір қоғам белсенділері тарапынан бойкот жариялау керек дегенде ұран көтеріліп қалды. Бірақ одан не ұтамыз? Ештеңе. Билік ешкімді тыңдамасы анық. Сайлау бегіленген мерзімде өтеді. Сондықтан бізге бойкот емес, қалайда болса сайлаудың өткені дұрыс. Бізге керегі, саяси белсенділікті күшейту. Сайлауға барып, кім қай партияға дауыс береді соны бақылау. Тәжірибе жинақтау. Әр салада жүрген мықты азаматтар мейлі қай партияның құрамында болсада, сайлаудан өтіп, биік мінберден халықтың сөзін сөйлегені керек. Біз осы үшін күресуге тиіспіз. Баяғы жасы келген, парламентте ұйықтап отыратын, айтар ойы, көтерер бастамасы жоқ, халықтың мұң-зарын, арыз-талабын депутат ретінде билікке жеткізе алмайтындардың парламентке өтіп кетуіне бөгет болған жөн.
Демек бізге қоғамды өзгертеміз, дамудың жаңа сатысына өтеміз, халықтың тұрмысын түзетеміз, ашық қоғамда өмір сүреміз десек, дәл қазір саяси белсенділік керек. Ертең кеш болады.
Азаматхан Әміртайдың жазбасы
Abai.kz